Құрметті оқырман, өткен жұмада ғана QAZIR өздеріңізбен жүздесіп келе жатқанына 3 ай толғанын жариялап, арнау жазды. «Жүректе қайрат болмаса» айдарының кейіпкерлерінің сұхбаттарынан сүзіліп алынған ерекше ойлары мен өзгеше көзқарастарының топтамасы бүгін Сіздерге жол тартып отыр.
100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, мүгедектерге арналған еліміздегі ең алғашқы спорттық оңалту орталығын ашқан, 19 жасында көлік апатынан мойын омыртқаларын қатты зақымдап, арбаға таңылып қалған талдықорғандық Елдос Баялышбаев: «1. Алдымен адамның ойын оңалту керек. 2. Тән дауасынын бұрын, жан дауасын іздеп, денені шынықтырудан бұрын ерік-жігерді шынықтыру қажет. Бір қадам биіктесем, көкжиектің келесі кезеңі көріне түседі, әлі бәрі алда»!
Консалтингтік қызмет көрсету, персоналды басқару, FMCG, маркетинг және PR, қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тәжірибелі маман, ментор, білікті бизнес-тренер Арман Ақбердиев: «1. Қазір дамыған заман, ақпаратты біз емес, бізді ақпарат іздеп табатын кез. Ресурстық қол жетімділіктен ешқандай проблема жоқ. Ал қосымша білім алу үшін алатын ақпараттың қажеті мен қажетсізі болады. Соны ажырата білген абзал. 2. Білім алушыларға тәжірибе жеткіліксіз. Тренинг – бұл тәжірибе арқылы білімді меңгерту. Бұл жаттықтыра отырып оқыту. Бұл – тәжірибеден алшақтатпай үздіксіз оқыту, бұл – қосымша білім. Тренинг – бұл оқудың аз уақыттың ішінде ұзақ мерзімдік білімді меңгертуге болатын әдісі. 3. Жанды қарым-қатынас жасай отырып оқытудың дәстүрлі амалдарының бейресми білім элементтерімен толықтырылуы оңтайлы».
Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Дүниежүзілік «Сүннет» спорттық ойындар Қауымдастығының бірінші вице-президенті Құлмұхамбетов Марат:
«1. Дүниежүзілік "Сүннет" спорттық ойындар қозғалысының концепциясы, оның потенциалы мен Қазақстан үшін маңызы зор. 2. Бүгінгі таңдағы спорттың кәсіби тұрғыдан қоятын талабы да күшейіп кеткен. Спорттың да сын көтермейтін тұстары бар. Соңғы олимпиада қатысушылары төңірегінде болған допинг дауының өзі әлі күнге бітер емес. 3.Кіші олипиадалық қозғалыстың дамуы дәстүрлі Олимпиада қозғалысын сауықтыратын құрал да бола алады, себебі әрекет-қарсы әрекет қағидаты бойынша ХОК ахуалы өздігінен жақсара бастауы керек, салдарынан спорттағы бәсекелестік те адал болар еді».
Google MAP-тың беделді сарапшысы, жергілікті қызмет көрсету сапасы мен сервистің сәйкестігі бойынша тәуелсіз түрде білдірген пікірін 1,5 миллионнан астам адам қараған Қалмағамбетова Айнұр: «1. Бизнесменнің басты қағидаты – клиент компанияның табысын генерациялайтын тұлға, демек, ол ақша алып келеді, кеше келген клиенттің сұранысы бүгін келген клиенттің талабынан мүлде өзге, сондықтан алармандарға деген адалдық пен шын жүректен шынайы көрсетілетін сервис статусын үнемі арттырып отыру керек. Компанияның қолындағы «алтын сақаның» бірі осы болуы тиіс. 2. Алдыңа келген аларманның әрқайсысының маңызды, ерекше және қажет клиент екенін көрсету керек. Өзінің тұтынушы және тұлға ретінде маңыздылығын білген барлық адам келесі жолы өзіне дәл осындай баға беретін жерге ғана клиент болады. Міне, сату жөніндегі барлық менеджерлердің басының осыған ауыруы керек. Клиенттердің талғамы күн сайын үдеп отыр, ал кешегі скриптті жаттап алып, жұрттың жауырын шығарған сату амалдарын бүгін пайдалану орынсыз.3. Махаббат - бұл сезім де емес, эмоция да емес, ынтықтық пен ықылас та емес, бұл нағыз «еңбек». Кім не десе де дауласа кетуге бармын, махаббат - бұл еңбек. Қараңыз, көңіліңнен шығатын, тұла бойында бір мін жоқ жанды, жағасы жайлауда, тұрмысы оңды, түрі келісті, келбетті, ажарлы адамды сүю оңай, оп-оңай. Ал титтей кемшілігі барын байқағанда сүйіп көріңізші. Көрер едім. Қазір көпшілік мұнымен жұмыс жасауға жоқ. Қымызды піскен сайын дәмі кірмей ме, махаббат та солай, неғұрлым қарым-қатынасты құнарлы етіп, еңбектене түссең, дәмі де татымды болмақ».
Қазақстан жастары Конгресінің баспасөз хатшысы Аида Сыздықова:
«1.Елімізде қандай жаңашылдық, қандай жаңғыру болмасын Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы. Қазақстан жастарының Конгрессін құру идеясының авторы да Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бүгінгі Конгресс – бұл мемлекеттік жастар саясатының барлық қатысушыларының басын біріктірген, консолидациялаушы ұйым. Бұл орайда жастар ұйымына қолдау көрсетіліп, қызметтеріне сүйемелдеу жасалуда, жастар саясатын іске асыратын органдардың қызметтері үйлестірілуде, мемлекеттік жастар саясатының барлық бағыттары мен бағдарламаларының барынша тиімді болуын қамтамасыз ету мақсатында барлық күш-қуат біріктірілуде, еліміздің жастарын азаматтық қоғамды дамыту үшін белсенділікке бастауда, жастардың ең өзекті мәселелерін шешу үшін әлеуметтік маңызды жобаларына қолдау көрсетілуде.2. Азаматтық қоғамның болуы – бұл кез келген құқықтық мемлекеттің болуының, бола беруінің ең басты шарты деп түсінемін. Демократияның да салтанат құруы мен әрі қарай дами түсуінің тірегі осы. 3. Коммерциялық емес ұйымдар бүгінгі таңда сан алуан топтың мүддесін ұсынып отыр, біз қабылданатын қандай да бір шешімдерге қатысты қоғамның көзқарасын қалыптастырамыз. Біз дегенім – үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары да, іскерлік орта мен кәсіби топтар да бар».
Бүгінде бірнеше тілді меңгеріп және оларды өзі біліп қана қоймай сол тілдерді арнайы орталықта үйренемін деушілерге өзіндік әдістемесімен оқытып жүрген кәріс жігіт Владислав Тен: «1.Қазақ тілін үйренемін деушілер шын қазақстандық болуы керек! 2. Қазақстанда тұрып жатқаныма 8 жылдай уақыт болды. Дегенмен әлі Қазақстан азаматтығын алмадым. Бірақ болашағымды осы елмен, жермен байланыстырамын. 3. Алдымен адам дәрігерімін, екінші кезекте тіл дәрігері болып жүрмін».
Ұлттық жастармен жұмыс жөніндегі тренерлер пулының мүшесі, "Жастар қызметкерлері қоғамдастығы" ҚБ Кеңес төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев:
«1. Жастармен жұмысты да жаңғырту керек. Жастармен жүргізілетін жұмысты белгілі стандарт әзірлеп, сол стандарт негізінде жастармен жұмыс жасайтын мамандарды даярлау керек. 2. ҚБ мүшелеріне арналған «Jastalqy» ашық алаңы жастар саласының ең өзекті мәселелерін сараптап, сапалы әрекеттерді бастауға мүмкіндік береді. 3. Мемлекеттік билік органдары тарапынан жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыру мәселесінде біртұтас көзқарас қалыптастыру қажет. Бұл орайда жастардың іс жүзінде кездесіп жатқан проблемаларын сырттан айтып келгендерден емес, жастардың арасында жүріп анықтау керек. Мұндай қызметтердің барлығын атқарушы тұлға – олармен жұмыс жасайтын маман. Ал ондай маманның кәсіби дайындығының болуы шарт. Оның өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгерген, ситуацияға бейімделе алатын, сын тұрғысынан саралау мен бағалауға құзыры жеткілікті, бәсекеге қабілетті маман болуы керек».
Жаңашыл идеялардың иесі, өркениет көшінде озық елдердің қатарында жүруде көшбасшы бола білетін жастардың бірі Аңсаған Абзалұлы: «1.Етті ежелгі сүрлеу әдісімен өңдеп, вакуумдеу әдісі арқылы еттің табиғи компоненттерін сақтай отырып, ұзақ мерзімде сақтау процессін ұлғайтуға болады. 2. Ата-бабамыздан келе жатқан ұйыту әдісін әлемге танытып, қолданысқа енгізу мақсатында қорғалған патентке Голландия мемлекеті үлкен қызығушылық танытып отыр. 3. Қазір 9-сынып оқушысымын. Қазір ірімшіктің құрамындағы кальцийдің адам ағзасына беретін пайдалылығы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін.Болашақта технолог мамандығын игергім келеді».
Хартститч компаниясында зерттеу және дамыту инженері Ерқанат Нұрмаханов:
«1. Абай атамыздың керемет өмірлік формуласын ұстаған адам көптеген жетістіктерге жетеді. Ол формула ТА = А + Қ + Ж. Бұл жерде ТА дегеніміз Толық Адам, А - Ақыл, Қ - қайрат және Ж дегеніміз Жүрек. Яғни егер де адам өзінің бойында Ақылды, Қайратты және Жүректі бірдей ұстаса ол Өмірдің кілтін табады. 2. Қазіргі басымыздан өткеріп жатқан кезең - ол идеяның заманы. Уақыт тез зымырап өтуде. Біз дамуымыз керек деп отырғанда, басқа мемлекеттер де дамып отырады, олар бір орында тұрып бізді күтіп тұрмайды. Сондықтан, бізге екі-үш есе емес, n-есе жұмыс жасау керек және барлық салада. Яғни, технология, білім, киноиндустрия, музыка, өнер, мода, спорт барлығында-барлығында. Бізге қазір кванттық секіріс керек. Шын мәнісінде Барлығы мүмкін (Все возможно). 3. Әр істі бастауға ниет ету керек. Ниет дегеніміз ынталану мен әрекеттенудің қосындысы. Қазіргі кезде адамдар табыс пен жетістікке лезде, өте тез жеткісі келеді. Ол қателіктің бір түрі».
«Zhas Project» стартаптар байқауының жеңімпазы, «Сәби» қорының «Построй свой бизнес» байқауының бәйгесін иеленген, мүмкіндігі шектеулі болса да, арман-мақсаттарға ұмтылысы шексіз Қарабасов Нұрболат: «1. Мойығандарға ешкім ат мінгізбейді, шапан жаппайды. Сынаққа барынша сабырмен қарау керек. Палуан жығылса тұрмай ма – тұрады. Жамбастап атып ұрудың сәті түспесе, аяқтан шалып көреді, болмаса белдесіп көреді. Сол сияқты мен де күрестің түрлі айласын жасап келемін, жасай беремін. 2. «Ана жаққа кетсек» өмірден алғанымыз емес, бергеніміз қалады. Титтей болса да ортама пайдамды тигізсем деймін. 3. Күн сайын өзгеріс, сағат сайын жаңалық, сәт сайын жаңғыру, көштен қалмауымыз керек».
Шекесіне қандай тас тисе де талмай ізденіп, еңбектеніп, құлап-сүрініп қайта тұрған, Халықаралық «Wide World» - «Ұлы дүние» ерекше театрлар фестивалінің алғаш рет Астанада өткізілуіне мұрындық болған Арнұр Ысқақов:«1. Біреудің өмірі біреудің өмірінен қымбат емес. Уақыты келер, әр нәрсенің өз уақыты келсін деп жатқанымда, уақыт тек өте береді. 2. Адал жарымның маған артқан сенімін ақтамасқа қақым жоқ. 3. Мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулілерге барынша инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстарының жүйелі және үнемі болуы маңызды».
Qazir кейіпкерлерінің ойын топтастырған: Жәннат Манасбайқызы