«Ешкімнің көңіліне келмесін, тарихты емес, өз руының, ата-бабасының шежіресін жазу, нақты тарихи фактілерді ескермей, « бұрынғы тарихымыздың бәрі жалған екен, мынадай мәліметтер жасырылып келіпті, міне сенсация» деген дүниелер қаптап кетті. Тарих деген – гуманитарлық ғылым болғанмен, абстрактілі емес, нақты дерекке сүйенеді.Әр тарихи тұжырымды дәлелдеу үшін бізге нақты дерек көзі болуы керек» , -дейді бүгінгі «Қоғамдағы үш анық» айдарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Тілеген Садықов.
- Тәуелсіз еліміздің өткені мен бүгінін таразылай алатын, елін сүйетін ұрпақ тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасы бар, тарих ғылымын дамытуға зор үлес қосып жүрген ғалым ретінде танымал азаматсыз. Тарихи оқиғаларды да кезең-кезеңге бөліп қарастыратынымыз сияқты, сіздің өмір жолыңызда да сан тарауға жүк болар оқиғалар жеткілікті шығар, тәлім алған ортаңыз бен тәрбие берген ата-анаңыз жайлы, яғни өмір тарихыңыз жайлы білсек...
- Өмір жолыма қысқаша шолу жасайтын болсам, мен ауылдың қара домалақ, қарапайым баласымын. Әке-шешем ауылдың еңбеккерлері.Туған жерім Қарағанды облысында Ақшатау деген үлкен кент , әсіресе, соғыс кезінде ерекше стратегиялық маңызға ие болған. Әкемнің айтуынша, жастайынан жетім қалып, еңбекке ерте араласыпты. Ауылдағы артелде жұмыс істепті,егіншілікпен айналысқан, соғыс басталған кезде әкейді Қарағандыда «еңбек майданына» тартыпты.Сол кезде Қарағандыда Пархоменко атындағы зауыт, соғысқа оқ-дәрі,зеңбіректің бөлшектерін шығаратын,1944 жылға дейін сонда еңбек етіпті.Соғыстың беті қайтқасын, ауылға оралып, егіншілер бригадасының бригадирі, 1960 жылдардан бастап, алдына бір отар қой алып, алғашында «Ақшатау», одан кейін «Қарабұлақ» совхозында өмірінің соңына дейін қойшы болып, еңбек етті, 59 жасында дүниеден өтті. Жас кезінде көрген қиыншылық, соғыстың уақытындағы қара жұмыстағы ауыртпашылық денсаулығына кері әсер еткен шығар, өмірден ерте кетті...
Мен ол кезде 13 жаста едім, есімде қалғаны, бір тыным таппайтын кісі еді жарықтық.Таңның атысы, күннің батысы қойдың соңында, сенбі-жексенбі деген жоқ, кешке күпісін шешкенде бет-ауызы,қолы қап-қара, денесі аппақ, соған қарап, таңғалатынмын, бұл нағыз күнге күйіп,тотыққан еңбек адамының бейнесі еді. Шешеміздің сыртын киізбен орап, термосқа құйған шәйі мен дайындап берген тамағын алып, таң атқанда қойын жаюға кетіп, күн батқанда үйге қайтатын, қолғабыс етіп, ауыстыратын көмекшісі де болған емес. Әкейдің еңбегі бағаланып, 1967 жылы «Құрмет белгісі» орденіне ие болды.1967 жылдың жазында ауырды, 1968 жылдың қысында қайтыс болды. Шешем әкемнің жасамаған жасын жасап, құдайға шүкір,103 жасқа жетіп, балаларының,немерелерінің қызығын көріп, дүниеден өтті. Әкейдің бір жағына шығып, түнде қойдың күзетшісі, күндіз барлық шаруаны атқаратын көмекшісі болған анамыз жаз жайлауда,қыс қыстауда қасындағы серігі,отбасының ұйытқысы еді.Осы күнге дейін балаларыма,немерелеріме әжелері туралы айтып отырамын. Қолына қолғап кимейтін,әкей қайтқасын, ауылдағы азын-аулақ малына қарап, қашан барсам да үстінде жеңіл халаты, аяғына қалың жүн шұлығымен галошын іле салып, шапшаң қимылдайтын,бар шаруаны өзі істейтін еңбекқор жан болды. 80 жасқа келгенше, ауылда тұрып, шаруашылығын күйттеді, кейін өзім « осы еңбектенгеніңіз де жетер, болар енді » деп қолыма алдым.Анамның қолдарының буындары түйіншек-түйіншек,саусақтары қисайған, қолдарын сипап отыратын,соған қарап, анамның көрген қиыншылықтарын жүрегіммен сезінетін едім. Жезқазған қаласында,одан елордаға көшіп келгенде де қолымда болды, 2014 жылы менің алпыс жасқа толуыма үш ай қалғанда өмірден өтті. Отбасында менің алдымда бес апам болды, мен олардан кейін өмірге келдім, атымды «Тілеген» деп қоюының өзі сол ата-анамыз аңсап күткен жалғыз ұлы болғасын шығар.Күздің қара суығында, «Қарашілік» деген жерде дүниеге келгенде, атын кім қоямыз деп ауылдағылар ақылдасып, әкемнің досы Шәңгерей «Алладан тілеп алған баланың атын солай қояйық» депті. Қазір үш апам бар,біреуі ертерек бала кезінде дүниеден өтіпті,біреуі кейін қайтыс болды. Балалық шағым сол Ақшатау совхозында өтті.( қазір Жарылғап батыр ауылы деп аталады) Онжылдық мектепті бітіріп,1972 жылы Қарағандыда ашылған университеттің тарих факультетіне түстім. Ол кезде ректоры академик Евней Букетов болатын, бір орынға 20 баладан болды, сол конкурстан сүрінбей өтіп, 5 жыл үздік оқып, қызыл дипломмен бітірдім.
- Жоғары білім алсымен еңбек жолыңыз Сыр елінде басталып, одан кейін шежірелі өңір Жезқазғанда жалғасқан екен. Әр тасы тарих болып сөйлейтін мысты шаһарда шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ғылымға бет бұру, тарихтың аршылмаған ақтаңдақтарын зерттеуге ден қойдыңыз. «Сарыарқаның мыс алыбы», «Қазыналы өлке» еңбектеріңіз бұған айқын дәлел. Осы бір өміріңіздің бір бөлшегі саналатын жылдарда тарихымыздың елеусіз қалған тұстары,айтылмаған ақиқаттарын анықтаудағы ізденістеріңіз туралы айта кетсеңіз?
- Жұбайым Раиса Әлиқызы Байжолова, Қызылорданың тумасы, қатар оқыдық,ол экономика факультетін бітірді, қайын жұртыма барған кезде, Қызылордада Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының филиалы ашылған екен, директоры Уалихан Бішімбаев, сол оқу орнына қызметке шақырды.Сол жерде комсомол ұйымының секретары әрі мұғалім болып, бір жыл жұмыс істедім.Сонда жұмыс істеп жүргенде, Жезқазғанда да педагогика институт ашылды.Сол кезде ректоры Шапағат Юсупұлы Тастанов еді. «Ер туған жеріне» дегендей жазғы демалыста елге келіп, ректордың қабылдауында болдым, бірден жұмысқа аламын дегесін, 1978 жылдың қыркүйегінде мысты шаһарда еңбек жолым жалғасты. Өзім де, жұбайым да институтқа жұмысқа тұрғасын, студенттік жатақханадан бір бөлме берді.Алтыншы микрорайондағы пединституттың жатақханасындағы аядай осы күнге дейін есімде №13 бөлмеде тұрдық. Ұлымыз Қызылордада дүниеге келген, одан қызымыз өмірге келді, сол бөлмеде мен сабаққа дайындаламын, қоларбада кішкентай қызымыз жатады, тамақ та сонда істеледі, достарымыз да қонаққа келеді. Талапта тұратын Досалиев Қанат деген философ досымыз болды, кейде үйіне қайтуға алыссынып, әйелімен бірге бізге қонып та қалады,көңілдің кеңдігі шығар, ешкім қабақ шытпай, бәріміз сыйып кететінбіз.Риясыз жақсы көңілмен араласатын қимас,сыйлас шақтар еді...
Ек і жылдан кейін 1980 жылы қазан айында МГУ-дың аспирантурасына емтихан тапсырып түстім, қараша айында бұйрық шықты.1983 жылдың күзіне дейін оқыдым. Жолдасыма ризамын,екі баланы бағып, алаңсыз оқуыма жағдай жасады. 100 рубль стипендия аламын,жұбайым 120 рубльге жұмыс істейді,соған қанағат етіп, өмір сүрдік. Каникул,мерекелерде үйге келемін,келер жолымды ұшаққа өзім төлеп, қайтарыма билетті жұбайым әперіп, солай бәріне жеткіздік. 1983 жылдың желтоқсанында оқуым бітті, бір ай уақыт қорғауға беріліп, 1984 жылдың ақпанында кандидаттық диссертациямды қорғадым.Үйге келсімен,екі күн өткесін сол кездегі институт ректоры Мәкен Сүлейменұлы Бектұров шақырды. «Тілеген, сен филология факультетіне декан боласың» деді, бітірген оқуым тарих,ол кезде филология факультетінде қазақ бөлімі де жоқ,неміс және орыс тілі,орыс мектептеріне қазақ тілінен сабақ беретін бөлімдер ғана,750 студент болды факультетте,57 мұғалімнің 4-уі ғана ер азамат еді.1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан кейін, облыстық партия комитетіне қызметке шақырды, идеология бойынша хатшы Сырым Өмірғалиұлы Сапарғалиев жергілікті жерлерден кадрлар іздеп, сыйлас ағамыз Абай Тайырұлынан сұрастырып, ол кісі мені айтқан екен,ол кезде идеологиялық ахуалдың шиеленісіп тұрған кезі, сол кездегі тәртіп бойынша, басқа жауапты адамдардың алдынан өтіп, соңында бірінші хатшының алдына жеттім. Давыдов қабағы түксиген,түсі суық кісі,маған қарап: « кандидаттықты қайда қорғадыңыз, қайда оқыдыңыз?» деді, МГУ-дың аспирантурасында оқыдым,Мәскеуде қорғадым дегесін жүзі жылып, лекторлар тобының жетекшісі деген қызметке қойды. Екі жылдан кейін саяси-ағарту үйінде кешкі марксизм-ленинизм университетіне ректор болдым,партия тарап,Одақтың іргесі шайқала бастады, 1989 жылы қараша айында педагогика институтқа ғылым жөніндегі проректор болып, қайта оралдым.1996 жылы пединститут пен тау-кен технология институты қосылып,мен бұрынғы педагогикалық мамандықтар бойынша проректор болып тағайындалдым.Уақыт зырғып өтіп барады, өзім ойландым,қызмет емес, ғылым жолында не тындырдым деп, сол кездегі ректор Орал Әбдірахимовқа өтініш айтып, Алматыға докторантураға бардым.Ғылыми жетекшім, қазақтың біртуар азаматы,академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың қабылдауында болғанда ,менен ғылыми еңбегіңді қандай тақырыпта жазғың келеді деп сұрады. Киелі өңір, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қолтаңбасы қалған Жезқазған жерінің өндіріс тарихы жайлы жазсам дедім. Ғылыми кеңесте тақырыпты негіздеп,қорғап жұмысқа кірістім.Бұрынғы ізденістерім,ішкі дайындығым бар, архивте 2 жыл отырып,диссертациямды бітірдім. «Жезқазған өндіріс аймағының қалыптасып, даму тарихы» , бұл 19 ғасырдың ортасынан 20 ғасырдың екінші жартысына «Самсунгқа» дейін әкеп, тіредім.Қаншама құнды мәліметтерді көріп,зерделедім. Қаныш Имантайұлының қызы Мейіздің рұқсатын алып, атақты академиктің жеке қорымен жұмыс істедім.Ол кездегі әсерімді айтып жеткізе алмаспын. Бәрін қойғанда тасқа таңба басқандай жазуының өзі қандай керемет! Орысша қалай сауатты жазады, айтқан сөздерінің бәрі дәлелді,ғалымның өмір тұңғиығына түсіп кеткендей болдым,1929 жылы Томскіден оқуын бітіріп, Қарсақбайға келгені, Ұлытаудай киелі мекеннің барлық жерлерін полуторка машинаға мініп аралағаны, Таңбалы тасты тапқаны, «Большой Жезказган» деген 800 беттік кітабы бар соны оқығанда қаншама дүниеге көз жеткізесіз. 1936 жылы Мәскеуге барғанда Жезқазғанның болашақ перспективасын жеткізу үшін сол кезде Түстіметаллургия халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып, кейбір орыс ғалымдары қарсы болады, академик Когульский әсіресе, сонда КСРО Ғылым академиясының мәжілісінде бір күнде 5 баяндама жасаған екен,солай дүниежүзінде Жезқазған мыс орнының 3 орында екендігін Қаныш Имантайұлы дәлелдеп шыққан!
Жезқазған жерінің екінші көлеңкелі тұсы- ГУЛАГ жүйесімен байланысты, еріксіз еңбекті пайдалану,СТЕПЛАГ тарихы жөнінде көп материал іздедім, Жезқазғанның архивін де ақтардым,ол кезде архив басшысы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов болды,мен ол архивтің шамалы ғана бөлігін қарап шыққан шығармын. «Сарыарқаның мыс алыбы» деген кітабым, докторлық диссертациямның негізіне айналды.Оны толықтырып, өңдеп, «Қазыналы өлкені» жаздым.Ғылыми-зерттеу мақалаларымның жариялануына «Сарыарқа»(«Жезқазған туы»), «Мысты өңір» , «За медь» газеттеріндегі өзім құрмет тұтатын Сара Смағұл, жақында өмірден озған Нұрперзент Домбай көмектесті. Докторлығымды қорғап, университетке келгесін,ректорымыз Орал Әбдірахимов тағы қандай бағыттарда маман даярлау қажеттігін сұрады, өзара ақылдасып, қосымша экономика,заң мамандықтарын ашу үшін Қарағанды университетінің ректоры Жамбыл Ақылбаевқа барып, қолдау көрсетуін сұрадым.Ол кісі қиналып отырып, келісім берді. Содан университетте экономика, заң оған тарихты қосып, оқу-өндірістік кешенін құрдық,мен соның директоры- проректор қызметіне кірістім. Сөйтіп, екі білекті сыбанып, жұмысқа кірісіп жатқанда Астанадан Л.Гумилев атындағы университеттен шақырту келді. Сол кездегі университет ректоры Аманкелді Құсайынов шапшаң кісі екен « жұмысқа аламын, тарих факультетінің деканы боласың, тезірек шешім қабылда» ,- деді. Үйге келіп, «қабырғаммен кеңесіп», жаңа елордасына қоныс аударуға шешім қабылдадық. Жастық жалынмен еңбек еткен 23 жылым Жезқазғанда өткен екен.Кезінде үлкен облыс орталығы болып,өндірісі дамыған кезеңдері де көз алдымда, сондай жаныма жақын ыстық жер, мысты шаһармен қимай қоштасып, осында қызметке ауыстық.
- Иә сол 1999 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде проректор,кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін абыройлы атқарып, аталған білім ордасының өсіп-өркендеуіне үлес қосып келесіз. Қазіргі заман талабына сай, тәуелсіз елдің тарихына жаңаша көзқарас,ұлттық ұстаным бойынша зерделеуде өзіңіздің басшылығыңызбен дайындалған «Халық тарих толқынында» сериялы ғылыми мақалалар жинағында жас буынның өткенін бағамдауда қандай ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар,жаңа зерттеулердің тұжырымдамалық негіздері қамтылды?
- Әрине, келгеннен бастап, атқарған қызметтерімді санамалап айтпай-ақ қояйын. 2011 жылы университетке ректор болып, тарихшы- ғалым, Ерлан Бәтташұлы Сыдықов келді. Ол кісі маған « Екеуміз де Манаш ағаның шекпенінен шыққан шәкіртіміз, университетте әлеуметтік ғылымдар факультетіне декан боласың», деді, оған дейін тарих факультетінің деканы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор болып қызмет атқарып, содан сәл босаңсып, кафедра меңгерушісі болып жүрген кезімде, қайтадан біраз жауапкершілік жүгі салмақты жұмысқа қайта оралуыма тура келді.Бұл кезде Марат Тәжиннің басшылығымен тарихқа деген бетбұрыс басталды, көптеген ауқымды істер атқарылды. 2013 жылдың қазанында тарихқа үлкен көңіл бөлу үшін ректорымызға айтып, Ерлан Бәтташұлы өзі тарихшы болғасын,қолдап, тарих факультетін жеке өз алдына бөліп шығарып, бастамаға үн қосып, « Халық тарих толқынында» деген 7 том кітап шығардық.Тарихтың өзектілігі жөніндегі ғылыми мақалалар, тұжырымдамалар бәрін жинақтап, енгіздік. Ерлан Бәтташұлының бастамасымен Ұлттық Тарих Конгресі құрылып, ол кісі төраға болды,көптеген жұмыстар істелді, жыл сайын Конгреске жиналып,өзекті мәселелер талқыланады, дәстүрлі «Гумилев оқулары» болады, биыл 29 қазанда 18-рет өткізілетін форум ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналмақ.
- Тарих ғылымдарының докторы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, 150 ден аса ғылыми және ғылыми –көпшілік еңбектер,монографиялар мен оқулықтар, оқу құралдарының авторысыз. Кезіндегі Қадыр Мырза-Әли айтқан «қалың тарихымыздың жұп-жұқа оқулығын» толықтыруда тындырымды еңбек еттіңіз. Елімізде тарихымызды тануға кең көлемде мән беріліп, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, Елбасы өзі бастап, мақалалар жазылды. Осының бәрі тарих ғылымының жандануына үлес қосты десек, қазіргі уақытта тарихшылар тарапынан қандай мәселеге басты назар аударылуы тиіс деп ойлайсыз?
- Бұл өте маңызды. Кезінде идеологияның ықпалымен мынаны айтуға болады, мынаны айтпау керек деген қатаң талаптан кейін, 80 жылдардың аяғында тарихта ақтаңдақтар деген мәселе шыға бастады. Ақтаңдақтар дегеніміз-тарихи оқиғалар дұрыс айтылмаған немесе мүлде айтылмағандығы. Бәрі соны айтуға кіріскенде, бір қынжылтарлығы оған үн қосқандардың қатарына тарихшылардан гөрі, қолына қалам алған басқа саланың адамдары да қосылды. Ешкімнің көңіліне келмесін, тарихты емес, өз руының, ата-бабасының шежіресін жазу, нақты тарихи фактілерді ескермей, « бұрынғы тарихымыздың бәрі жалған екен, мынадай мәліметтер жасырылып келіпті, міне сенсация» деген дүниелер қаптап кетті. Тарих деген – гуманитарлық ғылым болғанмен, абстрактілі емес, нақты дерекке сүйенеді.Әр тарихи тұжырымды дәлелдеу үшін бізге нақты дерек көзі болуы керек. Бұл тарихтың маңызды талабы.Әрине, дау жоқ, бұрын көп архивтер жабық болды,материалдарды алуға мүмкіндік болмады. Менің әлі күнге дейін есімде,кандидаттық диссертациямды қорғағанда цензура болды, қаншама дүниені алба-жұлба ғып кесіп беретін, цитаталарыңның өзін қолдануға бола ма, жоқ па, тексеретін, содан жігерің құм болып, шарасыздықтан барына қанағат ететін едік. Қазір архивтер ашық, зерттеуге мүмкіндік бар. Бірақ, тарихты жұлмалап, әр пұшпағынан тартуға болмайды. Тарих тұтас дүние, ол- ел тарихы, ол ұлт тарихы,оны жүйелі түрде келтіру қазіргі тарихшылардың басты міндеті. Біз істей алмай отырған екі кемшілік бар, яғни ұлт тарихының тұтас әбден сынақтан өткен тұжырымдамасы әлі пісіп-жетпей жатыр,соған байланысты оқулық жазуда бізде кемшіліктер бар. ҰБТ кезінде тарихқа байланысты «Абылайдың атының неше тісі бар?» деген сұрақтың кездескенін білесіздер,оны да біреу жазды, оған тапсырма берілді, ал тарихшылардың міндеті осындай кемшіліктерге жол бермеу, жөнге келтіру. Бәріміздің ата-баба тарихын, жеті атамызды білуіміз керек, бірақ ол негізгі мақсатқа айналмауы тиіс.Әр рудың тарихы, қазақ деген емен ағаштың бір бұтағы сияқты, қосылып келгенде, біртұтас ұлттың тарихы. Оны бөліп-жарып, «менің ата-бабам сенен артық, біздің рудың батырлары мен ақындары көп» деп дәріптеу,оны тарихқа қосылған үлес деп санау дұрыс емес. Өкінішке қарай, қазір ақшасын төлеп, өз ата-бабасы жайлы кітап жаздырушылар көбейді, оны нақты бір фактілерге сүйеніп жазып жатса жақсы ғой, бұл дегеніңіз тарихты бөлшектеу, сонда біздегі ұлттық мүдде қайда қалады? Осыған байланысты қазір тұжырымдамалық көзқарастар өте маңызды. Қазақ тарихының, ұлт тарихының басты міндеті осында. Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» , «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары бұл бағыттағы көп мәселелерге бағдар бола алады. Қазір тарихқа қатысты алыпқашты әңгімелер, бұрмаланған фактілер азая бастады, тұжырымдамалық салмақты дүниелер қалыптасып жатыр. Қазақ тарихын бөлшектеп емес, ұлт мүддесіне сай біртұтас қарастыру қажет.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық