Бүгінгі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жүректе қайрат болмаса» айдарында «Қазақстан РТРК» АҚ дизайн орталығының директоры, Ақпарат саласының үздігі, «Күміс жаршы» төсбелгісінің иегері Тимур Қасабековпен сұхбатты ұсынамыз.
- «Бала шақтан – болашаққа» демекші, сол кезде қазақ жастары көп бара қоймайтын, келешекте де маңызын жоймайтын мамандықты таңдауыңа не себеп болды, өмір жолындағы ұстаздарың мен өскен ортаң жайлы білсек...
- Менің есімімді Тимур Сегізбаевтың құрметіне қойған. Ол кезде ата-анам студент, «Қайрат» футбол командасының атағы дүрілдеп тұрған кез. Екеуі футболға барып, Тимурдың ойын шеберлігіне тәнті болған ғой. Анам Оңлагүл Какубаева Алатаудың баурайындағы табиғаты керемет Жамбыл, Сүйінбай, Кенен аталарымыздың кіндік қаны тамған өңірде өмірге келсе, әкем Смет Қасабеков Алаштың алтын алқасы атанған, Әлихан Бөкейхан,Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтай алаш ардақтылары туған Ақтоғайдай киелі топырақта дүние есігін ашқан.
Екеуін табыстырған барлық қазақ баласы арман қуып баратын сол кездегі астанамыз - Алматы. Анам Қыздар педагогикалық институтының(ЖенПИ) музыка бөлімін бітірсе, әкем Алматыдағы малдәрігерлік институтын тәмәмдап, қол ұстасып әкеміздің туған топырағына оралады. Қиындықтан қашпай, ең алыс «Айыртас» совхозына барып, еңбек жолдарын бастайды. Одан аудан орталығына қоныс аударғанда, әсіресе анамның «Тоқырауын толқыны» ансамблінің құрылуында өз қолтаңбасын қалдырғанын мақтанышпен айтар едім.
Бала кезімізде әкеміздің барлық бауырларының балалары Ақтоғайдағы ата-әжемнің үйіне жиналатынымыз,олардың әрқайсымызға зейнетақысын бөліп беріп, өзімізді сондай бай сезініп, қуанатынымыз еске түседі. Атамыз Қасабек Аманбекұлы өзгеше жан еді. Ол кісінің Кеңес дәуірі кезінде тыйым салынған Әнет бабаның,Құнанбай қажының, Нарманбет,Шәкәрім ақындардың шығармашылығын,өлеңдерін елге таратқаны, бес уақыт намазын қаза қылмағаны, «Меккеге қажылыққа барамын , партиялық билетімді алсаңдар да ,дін жолынан ешкім қайтара алмайды» деуінің өзі сол заманда өзіндік ұстанымынан таймайтын азамат болғанын байқатады. Осыдан 5 жыл бұрын Балқаш қаласында бір атамның замандасын кезіктіргенім бар, сол кісі бізге Қасабек атамыздың үйдің жертөлесінде құран үйретіп,тығылып, намаз оқығандарын айтты. Атамыз өзі бастамашы болып, Балқаш қаласында , мешіт салдырып, сол мешіттің алғашқы имамы болғаны да көп жәйтті аңғартса керек. Еліне сыйлы, халық игілігі үшін қызмет атқарып,имандылық жолында да көпке үлгі болған абыз атамыздың өмірі-бізге үлгі.
Ата-анамыз 1973 жылы Жезқазған облысы ашылғанда біздің болашағымызды ойлап, мысты шаһарға көшіп келіп, мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Отбасында тұңғыш баламын, соңымнан Айман қарындасым мен інім Ернұр ерді. Үш баланың ішінде анама жақын болдым. Анам 20 жыл бойы Жезқазған облыстық радиосында музыкалық көркемдеуші режиссер болды. Үйдегі кішкентай радиодан берілетін әр хабардың соңында музыкамен көркемдеген деп анамның аты аталғанда ерекше қуанатын едім. Облыстық радионың музыкалық қорына анам мысты өңірдің барлық аудан,қалаларындағы,шалғай ауылдарындағы талантты өнерпаздардың ән-күйлерін жинайтын. Мен ес білгелі тыным таппай,үйде тамақ әзірлеп жүргенде де жаңа әндер тыңдап, тіпті той-жиындарда ән айтқан дарынды жас көрсе, міндетті түрде радиоға шақырып, жазып алатын. Радиодан Шынболат Ділдебаевтың «Шындық туралы» толғауы, Жақсыкелді Сейілов ағамыздың «Ұлытауым» , Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Жез киік» әндері жиі берілетіндіктен бе, орыс мектебінде оқысам да жалықпай тыңдайтын едім. «Ұлытау үні», «Байқоңыр даусы» фестивальдері болатын күндері анамыз таңның атысы, күннің батысы айтыс, шығармашылық кештерді жазып алып, «Әнші балапанға» келген жас бүлдіршіндердің арасынан да таланттыларын тауып, қуанып жүретіні әлі көз алдымда. Өмірден ерте кетерін білді ме екен, біздің тәрбиемізге де, мамандық таңдауымызға да үлкен мән берді. Жезқазған педагогикалық институтының көркем графика факультетінің 3- курсында оқып жүргенде, облыстық теледидарға барып, жарты еңбеккүнімен суретші болып еңбек етуіме де анам ықпал етті. Солай жарқырап жүріп, 52 жасында өмірден өтті. Көңілге медеу тұтарым, келін түсіріп, қызын ұзатып, менің ұлым Шыңғысты, қарындасым Айманның балаларын көріп, немере сүйгені. Әлі күнге дейін бір мәселелердің шешімін іздеген кезде, іштей анамды ойлап отырамын. Институт қабырғасында оқыған кездегі ұстаздарымның ішінде біздің факультеттің ашылғанынан бастап, әлі күнге сонда білім алып жүрген жастарға бағыт-бағдар беруден жалықпайтын, елордасында да талай шәкірттер тәрбиелеген ,биыл 70 жасқа толған Төлеутай Махметұлы Қазанғаповтың есімін ілтипатпен атар едім.
- Еліміз бойынша алғашқылардың қатарында ашылған , 60 жылдан астам тарихы бар, талантты аға буынның өшпес іздері мен қолтаңбалары қалған Жезқазған теледидарында еңбек жолын бастап, 8 жылдан аса еңбек еткен жылдарға шегініс жасасақ, сол жылдардың сенің өміріңдегі орны қандай?
- Дұрыс айтасың. Өзің де сол қасиетті шаңырақта жұмыс істедің,талай бірге жаңа жобалар, бағдарламаларды көрерменге ұсындық қой. Кейбір оқиғаларды бірлесе еске түсіретін болдық. Ең алғаш анамның туған жерінде ақ бас Алатауды көргенде, бала қиялыммен сол тауға қарап тұрған баланың суретін салғанмын. Нағашы әжем жер-көкке сыйғызбай мақтаған болатын. Біздің замандастарымыз біледі, мектеп қабырғасында әрбір мерекеге қабырға газетін шығарушы едік, өзім сол мектептегі газеттің редколлегия мүшесі болып, талай сурет салдым,көркемдік деңгейін білмеймін,бірақ худграфқа сол өнерім арқылы шығармашылық конкурстан сүрінбей өткенмін. Теледидарға 1989 жылы келдім,суретші деп қабылдаған. Сол кездегі суретшілер отыратын жер, облыстық радионың қасындағы ескі үйдің бір бөлмесінде Абдол Тұрысбеков екеуміз жаңалықтардан бастап, үлкен бағдарламаларға пайдаланылатын шапкалар (хабардың басы мен соңына қойылатын ), хабарға қатысатын адамдардың аты-жөндері жазылған субтитрлар мен атаулары,тақырыптарын білдіретін титрларды жазудан қолымыз босамайтын. Оның бәрін қазіргідей компьютерде дайын шығару қайда, бәрін қолмен салып, әр әріпке фон , бағдарламаның мазмұнына қарай түсін таңдайтынбыз. Бір әріптен қате кетсе, барлық еңбегің зая болып, қайта салып, жазып шығасың. Қазір соны айтсаң ғой, бәрі күледі...
Есіңде ме, екеуміз сенің жастарға арналған «Қамшы» телехабарының шапкасын шығару үшін, бүкіл Жезқазғаннан бір ғана компьютер тауып,оның өзі ескі , мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына барып, Андрей ме содан қамшының суретін қозғалта алмай, бір апта жүріп, ақыры театрдағы актер жігіттер қамшыны шиырып, оның сол күйін бейнекамераға түсіріп,әрең дегенде шығарғанымыз. Жеңістің 50 жылдығына «Тағзым» хабарына хабарсыз кеткен жандардың тізімдерін көрсету үшін телестудияның алдына от жағып, оны Бауыржан Бірманов бейнекамераға түсіріп, сол оттың фонында компьютерге боздақтардың аты-жөндерін теріп, көрсетуші едік, қандай ерік-жігер, құлшыныс пен ізденіспен еңбек еттік, «Дидар» телебағдарламасы ашылғанда, алты ай өзіміздің хабарларымыздан бөлек жүктеме үшін ақша алмай,жұмыс істеуге де барлық әріптестеріміз келіскен болатын. Бұл жайында сол кездегі облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы Сәбит Байдалы « Жұртымның бір керегіне жарасам деп...» аталатын кітабында толық жазған еді. Бізге үлгі өнеге көрсеткен аға буын, алғаш жұмысқа қабылдаған Сәбит Жүнісбекұлы, бас режиссер болған Жанбау Бірманов, қазақ-орыс редакцияларында еңбек еткен Тоғанбай қажы Құлманов, Файзулла Қабылов, Жамбыл Бекжанов,Мәлік Алтыруов, Едіге Сапақов, Наталья Новожилова, Степан Денин, Марат Абдулханов,Василий Ткач,Петр Севастьянов сияқты ағаларымыз бүгінде арамызда жоқ. «Дидар» екінші телебағдарламасы ашылғанда,соның шапкасын жасаймын деп үйдің іші бояудың исі мен түрлі-түсті қиылған әріптер салынған қағаздардың ортасында отырған кезімді ұмытқан жоқпын.
Мен үшін алғаш компьютерді үйренуге,сол саладағы бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуыма бас инженер Махмұт Сексенбаевтың еңбегі зор. Жаңа техниканы сатып алуға,оны меңгеруге ,жаңашылдықты жатсынбауға баулыған Махмұт аға 1995 жылы мені Мәскеудің қасындағы Жуковск қаласына «Эра» деп аталатын компьютер мектебіне,жаңа технологияларды игеру курсына жіберген болатын.Алғашында компьютермен сурет салмақ түгілі, қалай қосуды білмейтін менің қазіргі дизайн орталығының директорына дейінгі жолымның алғашқы бастауы солай Жезқазғандағы облыстық студияда басталған. Кейін облыстық телерадиокомпаниясының бас режиссері қызметіне дейін көтерілдім. Мұның бәрі ізденістің, әріптестерімнің сенімінің арқасы деп ойлаймын. Өзіммен бірге қаншама жастар еңбек етті,демалыс дегенді білмей,жалындап жұмыс істеген жылдар,туған жерімдегі сол кезеңді қимастықпен еске аламын.
- Жаңа елордасына келіп, жас астананың әрбір маңызды оқиғасынан жаңалық тарату бақыты бұйырған, бүгінде тарих еншісінде қалған жылдардың жемісі, дизайн мамандығының қыр-сырына тоқталсаң...
- 1997 жыл мен үшін сынаққа толы, ауыр жыл болды. Сол жылы Жезқазған облысы жабылды, күзде аяулы анам өмірден өтті. Ақмола елордасы болады дегенді бәрі айта бастаған. Кезекті еңбек демалысын алсымен, Қарағандыға бір жұмыспен барып, сол жақтан Ақмолаға тартып отырдым. Ол кезде сен алғашқылардың бірі болып, Ақмолаға қоныс аударып, облыстық теледидарда жұмыс істеп жүрдің ғой. Бірден сол кездегі төрағаның орынбасары Алдан Смайылға, одан кейін төрайым Лариса Черезоваға ертіп барғаның есімде. Компьютерді еркін меңгергенімді, бас режиссер болып еңбек етіп жүргенімді естісімен, Алдан аға да, Лариса Михайловна да жылы сөйлесіп, болашақта мұнда «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» көшіп келетінін, кәсіби мамандар қажет екендігін айтты. Бірден еңбек демалысында жүрген режиссердің орнына әзірге жаңалықтарда режиссер боласың деді. Одан кейін компьютерге өз мамандығыңа ауыстырамыз дегесін бірден жұмысқа кірістім. Еңбек демалысым бітіп, Жезқазғанға барып, жұмыстан шығуым керек болды. Оны естіген сол кездегі қалалық телестудияның директоры В. Черницына біраз ренжігенмен, менің бетімнен қайтпайтынымды білгесін, өтінішіме қол қойды. Алдымен өзім ,соңымнан отбасым Гүлмира мен Шыңғысты көшіріп алдым, ол жақтағы үш бөлмелі үйімізді сатып, жетпегеніне қарыз алып, «Орбита» шағын ауданынан бір бөлме үй сатып алдық. Ол кезде сондай бір бөлмелі пәтерге ие болу ерекше бақыт еді! Тағы бір айта кететінім, 1997 жылы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының алғашқы режиссерлерінің бірі ретінде Ақмоланың елордасы болып жарияланған сәтінен республикаға жаңалық таратқан тарихи сәтінің куәгері болған кезім әрі сол ел өміріндегі маңызды оқиғаны эфирге өзім пультте отырып көрсеттім ғой. Кейіннен компьютерлік дизайн жасайтын өзімнің салама ауыстым. Сол кезде әлі есімде облыстық телекомпанияның бас инженері орыс ұлтының өкілі маған: «қазақтардың да компьютерге қолы жеткен бе» дегені намысыма тиді. Өзіме деген сенімділігім және мұнда жоқ кейбір техникаларды біз Жезқазғанда меңгеріп келгендігіміздің пайдасы тиді. Сен жаңадан әкелінген бір бейнемагнитофонның астынан Жезқазған деген жазуды оқып, бәрімізді шақырып едің ғой, сөйтсек,облыс таратылғанда біздің сол кездегі біраз техникаларды Қарағанды, Ақмола теледидарларына берген екен ғой, біз сол жылдарда нағыз бәсекеге қабілетті мамандар болыппыз. «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады» екен, Ақмолаға орнығып, осында қаламыз деген ойымды өзгерткен сол кездегі корпорацияға төраға болып келген Ғалым Төлембекұлы Доскен болды. Ол кезде Астанадан жаңалықтар тарататын дирекция қалып, үлкен бағдарламалар Алматыдан шығатын. Бәрін бірдей көшіріп әкелуге мүмкіндік болмады, мұнда облыстық теледидардың базасында салынған ескі ғимараттар ғана, концерт жазатын, бағдарламалар түсіретін студиялар жоқ. Сондықтан Ғалым Төлембекұлы маған: «Бір жыл Алматыда тұрып, жаңадан ашылатын бағдарламалардың көркемделуін жасайтын қазақ дизайнер керек, -деді. Астанадағы ақпараттық – сараптамалық бағдарламалар дирекциясын Ғалым Боқаш басқарды. Жаңалықтардың шапкасын өзгерту туралы Ғалым Боқаштың идеясымен сол кездегі студиядағы бас оператор Мереке Абдрахманов қала сыртынан ту ұстап шауып келе жатқан адамды түсіріп алып келіп, жаңалықтардың сол кездегі жаңа шапкасын компьютерде сәтті жасап шықтым,әлі күнге көрермендер соны еске алады. Сол жылдарда «Шынның жүзі», «Алтын қақпа», «Ақжүніс» , «Мезгіл» т.с.с көпшіліктің көңілінен шығатын мазмұнды телебағдарламалар эфирге жолдама алды.Осылайша, бір жылға деп барған мен Алматыда 10 жыл жұмыс істеп, «Қазмедиаорталығы» ашылып, корпорация қайта көшіп келгенде ғана елордасына оралдым. «Қазақстан РТРК» АҚ құрамындағы «Қазақстан», «Балапан» , « Казспорт», кейін ашылған «Абай» телеарналарының барлық көркемдік графикасын біздің дизайн орталығы дайындайды. Оның ішінде, жаңалықтардан бастап, аталған 4 телеарнадағы тұрақты түрде эфирге шығатын бағдарламаларды қосыңыз, күн сайын біліне қоймаса да, әрқайсын мазмұнына сай көркемдеуге қанша еңбек,ізденіс керек. Қаншама шет елдерге барып,тәжірибе алмастық, көп дүние үйрендік. Әсіресе, мықты медиаменеджер,білікті басшы Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова корпорацияны басқарған 5 жыл ішінде қаншама жұмыс атқарылды, «Қазақстан» арнасы толығымен мемлекеттік тілге көшті, жаңа телеарналардың үшеуі де сол кезде ашылды («Балапан», «Казспорт», «Мәдениет»). Дизайн орталығының жұмысы қашанда қарбалас, жаңалықтарға өте жылдам, телебағдарламаларға бір-екі апта ішінде қажетті шапка, VizRTтан графика дайындайсың. Техниканың қазір мүмкіндігі жоғары, бұрынғы біздің қолмен қимылдатып,бояумен салатын кезіндегідей емес, айырмашылық жер мен көктей. Бірақ, соның бәрін дер кезінде игеру, жаңашылдықтан қашпай, алға ұмтылу,заманауи технологияларды меңгеру де оңай емес. Біздің жұмысымыз дәрігерлер сияқты, әркім өз саласында біреуі жалпы тәжірибелік, одан кейін көз, жүрек,асқазан, тіс тағы сол сияқты бөлінеді ғой, бізде де солай дизайнер деген ортақ ұғым болғанмен, ол атқаратын қызметі мен тиісті міндеттеріне сай, бірнеше түрге бөлінеді, сәннің, полиграфияның, жаңалықтың, телебағдарламаның,ток-шоулардың дизайны мүлде бөлек. Әрқайсының өз ерекшелігі бар, оны дайындайтын компьютерлік бағдарламаларды білуің керек. Мультфильм,анимация, кітап шығару үшін мүлдем басқа техникалық тапсырмаларды орындауың керек. Жаңалықтар мен хабарларға қолданылатын инфографика аты бірдей болса да, жасалуы мүлдем басқа. Жарнамаларға басқаша жасалады. Сапалы дүние жасау үшін идея мен бірге ішкі түйсік керек. Қызым Аружан суретті жақсы салады, шығармашылықты сүйеді, кейде түн ішінде бөлмесінің жарығы өшпей тұрғасын қарасам, ол сурет салып отырады. Пианинода ойнайды, тамақты дәмді әзірлейді, тәттілердің түр-түрін пісіреді, IT саласындағы менеджер мамандығын қалады, қазір Астана IT университетінде оқиды, жарым Гүлмира Исатаева,мамандығы экономист болса да, менің шығармашылық адам екенімді түсініп, барлық жағдайымды жасап келеді, үйдегі шаруаларға араластырған емес, Гүлмираның әкесі Қалам аға мені баласындай жақсы көрді (ол кісі өмірден озғанша солай сыйластық), анасы Мәнзура біздің балаларымызға қарап, олардың тәрбиесімен айналысты, ол кісіге алғысым шексіз. Анам өмірден озғасын, оның орнын басып, әкеміздің жағдайын жасап отырған Жәмила тәтемізді бәріміз құрмет тұтамыз. Туған жеріміз,қасиетті шаңырағымызға барғанда алдымыздан қуана қарсы алатын әжелерін біздің балаларымыз да жақсы көреді. Өмірдің мәні-сыйластықта ғой.Ұлым Шыңғыс Алматы энергетика институтын бітірді, техникаға жақын болды,келінім Айдана экономист. Өзім орысша оқығасын екі баламызды да қазақша оқыттым,қазір қуанамын, орысшаны онсыз да үйренді ғой, заман талабына сай, ағылшыншаны да меңгерді.Ата-анамыз кезінде біздің келешегімізді ойлап, облыс орталығына көшсе, біз балаларымыздың болашағы үшін елордаға қоныс аудардық. Жезқазған жерінде еңбек жолым басталған сол телевизия саласында 30 жылдан аса үзбей қызмет атқарып келемін, ізденістен жалыққан емеспін, кәсіби маман жан-жақты болу керек.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Жүректе қайрат болмаса