Бүгінгі «Қоғамдағы үш анық» айдарының қонағы – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері, Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының құрметті азаматы,алаштанушы Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасов.
– Алашқа аты аңыз болған Ақтоғайда дүние есігін аштыңыз, жас ұрпақтың жадында қалсын деп Алаш қайраткерлерінің өмірбаянын зерделеп-зерттеп жаздыңыз, атадан-балаға жеткен, әкеңіз айтып кеткен «өмір сындарынан жасымай, жарқырап-жайнап» өте алдыңыз ба?
– Сіздің бұл сұрағыңызды ата-анамыздың берген тәрбиесіне, ата-бабалар тағылымына лайықты өмірлік ұстанымызға адал бола алдыңыз ба, тағдырдың әр кезеңінде кездескен қиыншылықтарды қалай жеңіп отырдыңыз, бала күннен бастап осы күнге дейінгі мақсат-мұраттарыңызға жете алдыңыз ба деген сауалдар легі деп қабылдадым. Бұл бүкіл өміріме шолу жасаумен парапар салмақты шаруа. Сондықтан жауапты келте қайыруым қисынсыз болар...
Қазір ойлап отырсам, менің әкем Изатбек алғыр, жігерлі,ширақ, қайратты, іскер, еңбекқор, әңгімешіл, өнерлі кісі болды. Өз әкесі Сәдуақас арнайы молла алдырып, балаларын екі жыл бойы оқытыпты. Ағайынды жеті ұл-қыздың ішінде ескіше хат танып, құран сүрелерін жатқа айтып отыратын менің әкем мен Әсия есімді әпкесі болушы еді. Жасы үлкен қариялар «Әкең жасынан елгезек, батыл болды, алты жасынан бәйгеге қатысып, тоғыз жасында ұры түсірген, құс пен ұсақ аңдарға тұзақ, ірілеріне қақпан құрып, түзден олжа тауып жүруші еді» дегендерін талай естідім. Бертінде мені он бір жасымнан бастап жылқының түнгі кезегіне жіберіп, өз бетіммен бытыра жасап, оқ-дәрімен патрон әзірлеп, мылтық асынып, орман-тау аралауыма қарсылық жасамағанына осы күнге дейін таң қаламын.
Әкем мейлінше шебер адам болатын. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың барлығын өз қолымен жасай беретін. Және әдемілеп, қайталанбайтын үлгіде зерлеп шығарушы еді. Өзі жасаған дөңгелек үстел, кішкене орындықтары, арқалықсыз биік орындықтары,арба, шана, ат әбзелдері, оның ішінде ағаш ерлері мен тоқымдарын, жүген-ноқталарын бертінге дейін жақын-жуықтардың үйінен көріп қаламын.Қысы-жазы ағайын-жекжат арнайы келіп, кереге-уық, келі-келсап, насыбай-келі, шақша,шоқсалғыш жасатып, домбыраның шегіне дейін иіртіп әкетуші еді. Марқұм болған ондаған ауылдастар бейітінің басына қойылған ескерткіштердің дені әкемнің қолынан шыққан еді.Әлбетте, бұл бұйымдарды жасауға мені қоса қатыстырып, үйретіп отыруы түсінікті жәйт. Бүгіндері әкем жасаған дүниеден қолымызда қалғаны арқардың мүйізін тұтас иіп, өңдеген қос үзеңгі ғана...
Әкемнің негізгі мамандығы – құрылысшы. Балқаш қаласында, одан Қиыр Шығыста, кейінірек Қарағандыда болған жылдары үй салу, пеш қалау, әрлеу жұмыстарын, ағаш, темір өңдеуді жақсы меңгерген еді. Озат құрылысшы ретінде талай одақтық, салалық жарыстардың озаты ретінде төсбелгі, грамоталармен, оның ішінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Аудан орталығында орта мектепке арналып текше тастан қалап шығарған екі қабатты ғимараты әлі күнге тұр.Әкемнен алған үлгінің арқасында мектеп бітірерден бір жыл бұрын достарыммен кірпіш құйып, үй салған едік. Ақтоғайдағы алпыс жылдан астам уақыт бұрын салынғансол үйіміз әлі де орнында. Жосалының етегінен, тура біздің үйден арқан бойы жоғарырақ жерден Көкқасқа бұлақ ағатын. Үйіміздің маңайына еккен зәулім теректер, долана мен шетеннің шоқ-шоқ қызыл жемістері осы күнге дейін көздің жауын алады. Бақшаны қоршаған шарбағымыз қаз-қалпында сақталып тұрғаны балалық шағымызды еске түсіреді.
Көпшілік бас қосқанда әкемнен ән айтып беруін қолқалайтын. Сол тұста домбырасын бебеулете қағып-қағып жіберіп, тік шырқаумен дауысын ашып алып, ән салушы еді. Солардың ішінде «Аққұм» мен «Қанат талдыны» аса рахаттана, мейірлене айтатын. Сондағы ашық та асқақ үні мен ән иірімдері осы уақытқа дейін жадымнан кетпейді. Бұл өнері маған мүлде қонбады.
Менің анам – Сара Ештанайқызы біздің арғы бабаларымыз арнайы алдырған қожа әулетінен. Олардың ішінде кезінде Қаратаудағы діни оқу орнын бітірген Шаймұхаммет Өзбекұлы (ел арасында Шайқақ қожа атанып кеткен) нағашымыздың білімі, алғырлығы мен шешендігіне замандастары бас иетін. Діни мәселелерді былай қойғанда, күнделікті саясаттан дерек айтқанда, күмән келтірген көздері ашық адамдарға қонышынан «Правда» немесе басқа газетті суырып алып, алдына тастаушы еді. Басқа қасиеттерімен қоса ол кісі көреген болатын. Хрущев билікке келгенде «Көп жүрген жылан бауырын көрсетіп алады. Оның үстіне бос сөзге үйір екен, билігі ұзаққа бармас, түбі абыройсыз қалады-ау бұл сорлы» дегенін өз аузынан естіген едім.Әйгілі ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мен Ақыжан Машанов елге іссапармен келген сайын Шайқақ қожа мен бас имам Нұрке қожаға соқпай кетпейтін.
Осы Шаймұхамметтің інісі Ешмұхамметтен (Ештанайдан) Опи (Опиолла)мен біздің анамыз Сара туған. Менің анам мейлінше ұстамды, сабырлы, тәубашыл, қанағатшыл, жүрегі таза, баладай аңғал, ешқашан ешкім туралы ғайбат сөз айтпаған, дастарханы мол, қонақжай жан болатын.Бала тәрбиесінде, басқа жағдайларда қазақи «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қағидалардан айныған емес. Сондықтан да ол кісіні маңайдағы үлкендер де, қайындары да тётя Сара деп атап, ерекше құрметтеп отыратын. Анамыз ертеректе, оның ішінде соғыс жылдары колхозшының бейнетін тартқан. Одан кейін Қарағандыда да, бертінде Ақтоғайға көшіп барғанда да тек бізді бағып-қағу, келген қонақтарды күту дегендейін, күнделікті таусылмайтын үй шаруасына ие болды. Анамыздың бос отырғанын көрген емеспіз. Өзінің, ағайынның балаларының көйлек-көншегі, күрте-шалбарларын тігіп беретін. Жазда көрші-көлемнің әйелдерінің басын қосып, киіз басатын, қысы-жазы жүн тарақтап, иіріп бөртпе шәлі, биялай мен шұлық тоқитын. Бүгінде ол кісінің тұтынған қант шаққышы, ұршығы мен іс мәшинкесін қолымызда сақтап келеміз.
Қазір ойлап отырсам, ата-анамның кең пейілдері, кісі жатырқауды білмейтін қонақжайлылығы болар, біраз ағайынның балалары үйімізде жатып, орта мектеп бітіріп шыққан болатын. Үйімізден ешқашан қонақ арылмайтын. Кейде біздің өзіміз көп бөлмелі үйге сыймай, жаз болса жапсарлас жазғы үйге, тіптен бақшадағы еккен талдар саясына түнеп шығатынбыз. Үйіміздегі осындай берекенің болуы – барды ұқсата білген анамның арқасы. Біздің үйдің күздігі мен соғымы, жазда арнайы ұсталған ұсақ малдың еті, жаз бойы қымызы, қысы-жазы күбідегі ашыған көжеден ауыз тиюшілер үзілмейтін.
Ат басын тіреп келген, арнайы шақырылған қонақтардың бастары қосылғанда небір естеліктер мен көшелі әңгімелер айтылатын еді.Кезінде Әлихан Бөкейханның айтуымен Григорий Потаниннің Әлімхан Ермековтің аудармасымен жазып алған ертегілерді біз бала күнімізден естіп өстік...
Өткен өмірді еске алған сайын әкемнің өз ұрпағы алдындағы жауапкершілігі мен көрегендігіне қайран қаламын және риза боламын. Қарағандыда еңбекақысы мен тұрмысы жақсы озат құрылысшы болып, құрметке бөленіп жүрген нағыз дер шағында Ақтоғайға көшіп келгенін ауылдағы ағайындар түсіне қоймады. Сондай сұрақтар жиілей түскенде әкемнің оларға айтқан уәжі әлі күнге есімде: «Қаланың жайлы жағдайы бір көргенге жақсы. Мен ең алдымен балаларымның келешегіне алаңдағаннан көшуге бел будым. Онда тұра бергенде олар тілінен айырылып, турасын айтсам, «орыстанып» кетуінен қауіптендім. Өз тілінде сөйлемеген балада қазақи қасиет қалмайды. Орысша сөйлейді, сол тілде ойлайды, басқаның бейпіл әдеттеріне үйір болады. Туыстық, бауырмалдық сезім оянбайды. Елшіл, көпшіл болудың орнына өзімшілдігі басым келеді. Қайырымдылық ұғымы мұқалады. Кеңінен ой толғай алмай, күнделікті ұсақ тіршілік қамымен ғана жүреді. Аяғында үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болудан қалады. Ондайлардың талайын көріп, секем ала бастадым. Содан орталарыңа көшіп келуді ұйғардым. Өкінбеймін. Менің түсінгенім – қазіргі заманда бала ата-ананы асырамайды. Баланың асырағаны – түзу жүргені, талаптанып өскені, жігерлі, еңбекшіл болғаны, өз жолын тапқаны». Жиналғандардың бірі қарсы уәж айта алмады.
Әкем Сәдуақас «Жарқырап жүрген адамның ғана жолы болады» деп жиі айтушы еді. Өмірдегінің бәрі ойыңдағыдай бола бермейді. Қиындық кездессе, басқа төте жолын ізде. Желпілдек уәде берме. Уәде бердің бе, орында. Маңайыңа қолыңнан келгенше жақсылық жаса. Кішіпейіл бол. Бірақ жасық болма. Мінезді бол. «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген. Елге сүйен. Елшіл бол.
Қиындықтан қорықпа. Ешқашан мойыма. Бәрін адал еңбекпен, біліммен ғана жеңесің. Еңселі жүр. Жарқырап жүр. Абырой жайнап жүрген, жарқырап жүрген, жігерлі, намысты адамға ғана ереді. Амандығыңа абырой серік болсын!» айтқаны көкейімде жатталып қалды. Өйткені оны маңайыма, балаларыма, немерелеріме жиі айтып отырамын...
- Еліміз тәуелсіздік алып, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» дегендей, бұрын көңіл түкпірінде қымтаулы келген талай алыптарымыз бен дана бабаларымыздың мол мұрасын түгендеген тұста Сіз Жезқазған облысында қызмет атқарып, республикалық көлемде өткізіліп жатқан игі іс-шаралардың бел ортасында жүрдіңіз, ұйымдастырушысы болдыңыз. Жадыңызда сақталып қалған, өткен күндердің белгісіндей болған өткен шақтарға ой жүгіртсеңіз?
- Жезқазған өңірінің жеке отау тігіп, 1973-1997 жылдары аралығында облыс атанған кезеңі тарихта белесті-бедерлі ізі қалған, біздің бәріміздің көңіл төрімізден біржола орын тепкен, шуақты да дәуренді заман еді. Күні бүгінге дейін қайда жүрсек те, кіммен бас қоссақ та кез келген отырыс, мәжілістерде, дастархан басында қасиетті Ұлытау-Жезді-Жезқазған өңірін, оның киелі топырағын, асыл азаматтарын ауызға алмай, есімізге түсірмей кеткен кезіміз болған емес. Өйткені, ол кезең біздің елді де, жерді де тануға құштар, нағыз білуге құмар, білгенімізді елге арнауға даяр, қылшылдап тұрған, жалындап жүрген, өміршең, көпшіл шағымызға тұспа-тұс келді. Сондықтан да жаңа облыстың құрылғанынан айрықша серпіліс күткен тарихи аймақтың байырғы тұрғындары да, қызмет бабымен барған әр саланың мамандары да көтеріңкі көңілмен, жандарын сала, білек сыбана еңбек еткеніне куәміз.
Ақтоғай аудандық партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде облыстық партия комитеті екі рет қызметке шақырды. Екі жолы да бас тарттым. Үшінші рет шақырғанда, әкем: «Осымен өзіңді үшінші рет шақырып отыр. Бізге қарайлап келісім бермей жүргеніңді сеземіз. Біз ел ішіндеміз ғой. Тағы бармай қалсаң қадірің кетеді. Бұл жолы келіс. Бас тартпа. Жолдарың болсын» деп батасын берді.
Содан Жезқазғанға барған бетте облыстық партия комитетінің маған алғашқы берген тапсырмасы – Орталық партия комитетінің жоспары бойынша облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Константин Семенович Лосевтің атынан кітап шығару керек екен.Ол үшін жаңа облыстың өткен және бүгінгі тарихы, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, әлеуеті мен келешегі туралы 200 беттік орыс тіліндегі кітап мәтінін бір аптаның ішінде дайындау керек. Үш күнде облыс башылары қарап шығады. Оныншы күні Алматыдағы баспаға берілуі керек.
Өзім қонақ үйіндемін, пәтер бермеген, әлі көшіп келуге де үлгермеген кез. Жазған құлда жазық жоқ. Күндіз-түні ұйқысыз-күлкісіз жұмыс істеп, жетінші күні «Земля древняя-земля молодая» деп атанған кітапты бітірдім. Бұл бір менің басымнан кешкен оқиға ғана. Сондағы қызметкерлердің әрқайсының өз басына жетерлік алаңы мен көкейкесті мәселелері шаш етектен болды ғой.
Жаңа жердің ауа райының ерекшеліктері мен бастапқы кезеңдердегі тұрмыстық қолайсыздықтарға қарамастан бүкіл облыс халқы болып жұмыла еңбек еттік. Бір жылдан астам облыстық партия комитетінде лектор болып жүргенімде кенет Жезді аудандық партия комитетіне жіберіп, пленумда хатшы болып сайландым. Бұл 1976 жылдың желтоқсан айы болатын. Қарсақпай мыс зауытынан бастап, соғыс жылдары Қаныш Сәтбаев ашқан Жезді марганец өндірісі дамыған ауданға барып қызмет атқардым. Ауданды еңбек жолын Қарсақбайда бастаған, соғыс ардагері Мәкен Төрегелдин басқаратын. Талай жауапты қызметтер атқарған, өзін үнемі жинақы ұстайтын, талапшыл басшы екен. Бірден жақсы араласып, сыйласып қызмет атқардық. Ең бастысы, басшымыз өз салаларымдағы жұмыстар мен бастамаларыма араласпай, еркіндік беріп, қолдап отырды.
Облыс орталығына ең жақын аудан болғандықтан, облыстық партия комитеті партия қызметкерлерінің семинарларын Жездіде өткізуді әдетке айналдырды. Сондықтан жиналғандар бізден тың идеялар мен соны тәжірибелер күтетін. Біз де әріптестеріміздің үміттерін ақтауға лайық іздендік, еңбек еттік.Саяси ағарту кабинетін жаңғыртудан бастап,аудандық газеттің мазмұн-келбетін өзгерту, елді мекендердің тазалығы мен көркін жаңарту, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетудің мазмұны мен тиімділігін жақсартуды ойластырдық.
Облыстық партия комитетінің ұйғарымына байланысты 1983 жылы Жеқазғанға қайта оралдым. 1983-1985 жылдары облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып, әдеттегі кеңсе жұмысында жүрдім. Одан кейінгі үш жыл аралығындағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген кезең айтулы оқиғаларға толы болды.Олардың барлығын атап өтудің өзі арнайы жеке әңгімеге желі тартатындықтан, желдірте баяндағанымыз жөн болар.
Облыста халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздықты өрістетумен қатар айтыс, жыршы-жыраулық, термешілік өнерін жаңғырту жұмыстары қолға алынып, өлкенің әйгілі перзенттерін дәріптеу мақсатында көптеген шығармашылық кештер ұйымдастырылуы осы саланың жаңғыра дамуына айрықша серпіліс бергені көпшілікке аян. Облыс айтыскерлері өңірлік, республикалық командалық айтыстардың жеңімпаздары атанды. Облыста бұрын көрінбей жүрген көптеген ақындардың таланттары ашылып, есімдері бүкіл елімізге танылды. Жас ақындардың облыстық айтыстарына қатысқан қырықтан астам жас дарын осы киелі өнерде бақтары ашылды. Олардың біразы жаңада құрылған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен жоғарғы оқу орындарына емтихансыз қабылданды. Бүгінде олардың көпшілігі университеттерде филолог-ғалым немесе басшы болып жүр. Олардың ендігі бір легі журналистика саласын таңдап, бұқаралық-ақпараттық құралдарында абыроймен еңбек етуде.
Жезқазғанда «Ұлытау үні» және «Байқоңыр дауысы» фестивальдерінің бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде бүкіл концепциясы мен сценариін жазып, арнайы ән шығарғанымды ел-жұрт айтып та, жазып та жүр. Ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында жүйелі жұмыс жасалды. Мысалы, Жезқазғандағы алғашқы наурыз мерекесін өткізу үшін арнайы зерттеулер жүргізіп, дайындаған 98 беттік сценариім архивімде сақталыпты.
Бұдан кейінгі Одақтың ыдырауы, еліміздің тәуелсіз мемлекет болуына байланысты тарихи өзгерістер, оның ішінде 90-шы жылдардағы қиыншылықтардың беті қайтып, халқымыз қайта серпіліп, еңсесі көтеріле бастады. Сол тұста облыстың бірінші басшысы болып Қажымұрат Нағманов сияқты жаңашыл, шешімді басшының келуінен бастап нарық заманында қалай қимылдаудың жолдары айқындалды. Облыс орталығы мүлде жарықсыз, жылусыз қалу қатері төніп тұрған кезеңде батыл да нақты шешімдер қабылдауы мен бүкіл жұртшылықты жұмылдырып, басшылардың дербес жауапкершілігі қандай болу керек екендігін өзінің іс-қимылымен дәлелдей білді. Ол экономика мен әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытындағы нақты әрекеттерімен қатар, мәдениет пен өнерге де ден қойып, қамқоршы бола білді. Сол кезеңде облыстағы дәстүрлі фестивальдермен бірге үш жыл қатарынан рсепубликалық, халықаралық театр фестивальдері, Сәкен Сейфулиннің 100 жылдығына арналған кең ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Келесі жылы ұлы хакім Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы мерейтой алаңына көрнекті сахна салдырып, сәнді үйлер тігіп, өнерпаздардан бастап арнайы делегация барғандағы атқарылған шаралар ауқымы мен мазмұнының әсері естен шықпайды. Сондықтан да облыста небәрі екі жарым жылға жуық қызмет атқарғанмен, ол басшының есімін жезқазғандықтар күні бүгінге дейін ризашылыпен атап отырады.
Сол жылдары елімізде алғашқылардың бірі болып, дәлірек айтқанда 1988 жылы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамын құруға ұйытқы болдым. Құрылтайда мені осы ұйымның төрағасы етіп сайлады. Содан қазақ тілінен бастап ұлттық мүддеге қатысты көкейде жүрген талай іргелі шаруаны атқара бастадық. Бүкіл облыста аудандық, қалалық сайланбалы органдар, ал кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында бастауыш ұйымдар құрдық. Оларға қоғамның жарғысы мен бағдарламаларын, жоспарларымызды тараттық. Қоғамның «Аян» атты газетін шығара бастадық.Ұжымның қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен қоғамдық сананы қалыптастыруда беделі мен ықпалы жоғары болды. Осы қоғамның атынан қалалық кеңестің депутаттығына № 1 сайлау округіне қаладағы мыс алыбының басшысы Урумовқа балама кандидатура болып қатысып, жеңіске менің жетіп, депутат ретінде бірталай жұмыс атқарғаным бар. Оның ішінде қалалық сессияның бір отырысында сөз сөйлеп, қарсыластардың беттерін нақты уәждерменқайтарып, қаладағы 49 көшенің атауларын қазақтың айтулы қайраткерлерінің есімдерімен ауыстырғанымыз бар. 90-шы жылдардағы дағдарыс кезінде жұмыссыз, күнкеріссіз қалған талай отбасына қоғамның ықпалымен азық-түлік, киім-кешек тараттық. Осы қоғамның атқарған істері бертінге дейін жалғасқаны қуантады.
- Қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні даусыз. Өлең жазып, ән шығарып, зерттеумен айналысуға шабыт пен уақытты үйлестіру оңай емес қой...
- Бұл кәделі сұраққа дәмелі бір сөзбен жауап табу да оңай емес. Бастысы, біздің ерік-жігерімізден, ықпалымыздан тыс Әлем мен Уақыт бәрімізге ортақ. Сондықтан бұл сұрақты өзіне қоймаған пенде болмаған шығар. Жаратушы бәрімізге теңдессіз жомарттықпен тарту еткен фәни өміріміздің өзі уақытпен өлшенетіні бесенеден белгілі. Уақыттың қадірін түсіну – өмірдің қадірін түйсінуге үзеңгілес ұғымдар. Бұлардың идеалды үйлесімі тек санадан тыс табиғатта ғана болуы ықтимал. Түгендеп түйсек, бәріміз – уақыттың құлымыз. Оны күнделікті ұтымды пайдалану әркімнің арманы. Ал арман деген ұғым, менің пайымымша, шексіз алуан, мейлінше өзгермелі, өйткені әрбір жанға ғана тән өз арман-мұраты болатыны дау туғызбас тұжырым.
Менің бала кезімдегі қалыптасу кезеңімнің көбі кітап оқу арқылы әлемтануға жұмсалғаны – өмірлік олжам болды. Бесінші класс оқып жүргенде өскенде «Цель жизни» («Өмір мұраты») кітап жазсам деп армандайтынмын. Әлі орындаған жоқпын. Атжалын тартып мінгелі менің сағаттар бойғы, апталар бойы алтын уақытым басшылардың таусылмайтын жиналыстарына баяндама жазуға, олардың біразының естелік кітаптарын жазуға, оларды аударуға кетті. Сонымен бірге, талай алтын уақытым маған ешқандай қатысы жоқ, түк пайдасы жоқ, уақытша «көсемдердің» сөзін насихаттауға арналған, жыры таусылмайтын жиналыстарға қатысумен зая кетті.
Өкінгеннен не пайда? Ешқашан, ешкімге өткен өміріме, бітірмеген ісіме байланысты өкінішімді айтқан емеспін. Қоғамдағы өмірге тек прагматикалық талдау жасап, түйін жасаумен шектелемін. Оның орнына ертең, бүрсүгіні, осы аптада, осы айда, осы жылы, келесі жылы немен шұғылдануым, не бітіруім керек деп межелеп қоямын. Оны да ешкіммен бөліспеймін.
Ал шабыт мәселесіне келсек, бұл бір аса көркем де, қылықты ерке қыз сияқты дүние ғой деп ойлаймын.Өйткені, ерке болған соң қашан жалт етіп соғары, қашан жылт етіп жоғалары беймәлім құбылыс. Альберт Эйнштейнге «Сіз өзіңіздің ұлы ойларыңызды бірден жазып қоясыз ба?» деген сұраққа «Ұлы ойлардың сирек келетіні сонша, ойымда сақтай саламын» деген тағлымды һәм нақты жауап қайтарыпты.
Әдемі өлең де, жарасымды сөзтіркес те өз әсемдігін жақсы сезінетін сұлу ару сияқты, тәкәппар, асқақ мінезімен бірден жуыта қоймай, сылаң қағып өте шығуы әбден мүмкін. Бірақ оның сымбаты, сән-салтанаты, ең болмаса сұлбасы, немесе тек естен тандырардай нәзік жұпары ғана қалуы мүмкін.Сол сәт ақын үшін ләзаттың шыңындай бақытты мезет қана. Оны үлгеріп, қағазға түсіріп қалу –үміттің ақталуы, суретшінің қиялындағы бейнені салуға қажетті нәзік бояулардың қиюласу жұмбағын қылқаламның бір ғана сәтті сипап өтуі арқылы сезімді оятатын шебер картинаның тууымен тағдырлас жеңіс шаттығы болар.
Ондай күйде туған өлең шумақтары түн ортасында шырт ұйқыда жатқаныңда түртіп оятуы да мүмкін, жол үстінде көлікпен жүйткіп келе жатқанда, тамаша концерт көріп отырғанда, тіптен сахнада тағдырлар мен сезімдер арпалысып жатқанда да, мыңдаға адамдар жиналған сауық-сайранда да келуі мүмкін. Сондайда қолыңа не ілігеді, соған жазып алып үлгерсең үлгердің, үлгермесең – мәңгілікке жоғалтасың. Сол себепті, менің сәтті деген біраз өлеңдерімнің жөргегі темекінің, сіріңкені қораптары, картон қағаз, салфетка, т.б. дүниелер болған.
Ал әндерге келсек, кейбір өлеңдердің өздері әнге сұранып тұрады. Сондықтан әндерімнің барлығының ырғақ-әуені жаңа туған өлеңдеріммен егіз деуге болады.
Проза өлкесіне өтсек, менің әңгіме-повестерімнің барлығының негізгі оқиғасы нақты өмірден алынған. Көпшілігі өзім аңғарған көріністер, өзімді толқытқан, тамсантқан, рухты тағдырлар жайында. Олардың желісі ойымда пісіп-жетілгенде бірден отыра қалып, бітіргенше кейіпкермен қоса толқып, жазып шығуға асығамын.Ең кейінгі биыл туған «Жан сыры» хикаятымды бір тәулікте жазып бітірдім...
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
Фото из личного архива.