Бүгінгі «Қоғамдағы үш анық» айдарының қонағы- Тыныс Бөлекбайұлы Сүлейменов , Еуразия ұлттық университеті көлік – энергетика факультетінің деканы. Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР педагогика ғылымдары академиясының академигі, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төс белгісінің иегері. ҚР 2016 жылғы үздік оқытушы номинациясының жеңімпазы.
– Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалы(қазіргі Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті) мысты өңірдегі өндіріс саласына қажетті мамандар дайындайтын іргелі оқу орны. Сіз елімізге танымал азаматтар түлеп ұшқан «Автокөлік» кафедрасында бүгінде ел үшін еңбек етіп жүрген талай жасты тәрбиеледіңіз, 40 жылдай осы салада білікті маман даярлауға үлес қосып келесіз. Бір орында ассистентіктен бастап, проректорға дейін жеткен,30 жыл ізденіспен өткен жылдардың жемісі қандай болды?
– Жезқазған мен үшін киелі жер. Мен үшінші сыныпта оқып жүргенде көшіп барсақ, сол қасиетті мекеннен жоғары білім алып, өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болып қайттым. Өзім Қарағанды облысы,Жаңаарқа ауданындағы 17-разъезде дүниеге келгенмін.Жезқазғанда табан аудармай отыз жыл еңбек етіппін. №7 мектепте оқыған кездегі білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымды алтынға балар едім. Балдырған Әбдікәрімова(кейін Сәтбаев қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды) ,София Әлиқызы, Азиза Бижанқызы, Күләш Мұхтарқызы бұл кісілердің бәрі менің ұстаздарым. Жұмагүл Жанжігітқызы сынып жетекшім, ол кісіні көргенде ерекше сезімге бөленемін. Мектепті үздік бітіріп, Қарағанды политехникалық институты Жезқазған филиалының автомобиль шаруашылығы мамандығына түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Одан кейін Мәскеу автомобиль-жөндеу университетінің аспирантурасына түсіп, екі жылда мерзімінен бұрын кандидаттық диссертациямды,одан кейін араға жылдар салып, докторлық диссертациясымды қорғадым. Еңбек жолымды Жезқазған университетінде оқытушыдан бастап, университет проректоры қызметін 15 жыл абыроймен атқардым. Қазірге дейін Жезқазған жайлы айтқанда, сол қаланың дамуы мен халықтың игілігі үшін қызмет атқарған ел азаматтарын есіме аламын. Қазір елордада тұратын мысты шаһардың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан Әбдіхашым Тоқтыбаев жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнын басқарып тұрғанда барлық мәселелер уақтылы шешімін табатын.Іскер басшы бола білді. Денсаулық саласында өзіндік қолтаңбасы қалған Кенжетай Қабыкенов.Өте елгезек, керемет азамат. Облыс әкімінің орынбасары болып,өңірдегі мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосқан Мөрлібек Мұратбаев, денсаулық саласында Дүйсембай Ахметов, Аясын Искендиров, Мыңжасар Жанбаев, Таңатар Жанаевтардың өлшеусіз еңбектерін атап өткеніміз жөн. Өмірден өтсе де, соңында жақсы істері қалды. Өзім проректор болып жүргенде әкімдікте болатын жиналыстарда сол кісілердің сөйлеген сөздері мен атқарған істерінен қалаға деген жанашырлық сезіліп тұратын. Қанат Балмағамбетов әкім болып тұрғанда қандай еңбек етті! Алдында болған әкім Жұмамәди Ибаділдиннен үйренгені қаланы тап-таза ұстады. Марқұм Жұмамәди ағамыз 10 жыл басқарғанда қаншама күрмеуі қиын істерді шешті ғой. Қаланың дамуында ерекше орны бар Жұмағали Жөкейұлы Наурызбаев болатын. Өте дарынды жан еді, Кеңес кезінде ҚарГУ-дың химия факультетін қызыл дипломға бітіру кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт болатын. Ол кісі химия пәнінің маманы болса да, жан-жақты, жазған өлеңдері,шығарған кітаптарына қараңызшы,бір ғана «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген атауының өзінде қандай рух, көрегенділік бар десеңізші ?! Жезқазғандағы Абай көшесін қалай жаңғыртты, ақынның бюстін қойдырды, 9-орамдағы бір үйдің қабырғасына «Айттым сәлем,Қаламқастың» бір шумағын жаздырып, нотасымен қойғызды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етті. Тағы бір ерекше атап өтетін замандасымыз Әлихан Байменов, мемлекеттік қызметтің бастауында тұрған, адам баласының бір басына жететін жоғары лауазымды қызметтерде болды, егер оның терең білімі,кең дүниетанымы,көшбасшылық қабілеттері өз деңгейінде бағаланып, сол қызметтерді ұзақ атқарса,тіпті бір облысты бірнеше жыл басқарса, қаншама ауқымды істерді жүзеге асыра алар еді деп есептеймін. Бұл екі азамат та облыс әкімінің орынбасары болып, өңірдің дамуына айрықша еңбек сіңірді. Мен бірге оқып, бірге жүрген азаматтардың арасынан білімді, білікті деп Кенжеболат Жолдыбайды айтар едім. Екі тілге бірдей жүйрік, ұйымдастырушылық қабілетіне таңғалатынмын.Парламентте осындай азамат отырса , азаматтық қоғамның жаңғыруына зор үлес қоса алар еді.Саят Игісінов, Мүталап Әбсаттаровтар егер біржола ғылымға ден қойғанда академик болып, қаншама жаңалық ашқан болар еді деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, Әбсаттаровтар әулетіндегі барлық 10 бала мектепті медальмен, жоғары оқу орындарын үздік бітірген ғой. Университетте өткен 30 жыл уақытта ректорлар Ғибадолла Жакенов, Орал Әбдірахимов,Жұмағали Наурызбай, Марат Молдахметов, Абдилмалик Такишевтермен бірге қызмет атқарып, 15 жыл проректор болыппын. Көп тәжірибе жинадым, олардың бойындағы жақсы қасиеттерді үйреніп,өзім байқаған кемшіліктерден сабақ алдым. Ректор болу оңай емес,әрқайсының болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, атқарған істері арқылы зерделеп, үлкен өмір мектебінен өттім.
- Өмір мектебі деп қалдыңыз, оның алғашқы парақтары өскен орта, әулет тарихы, арманға қанат бітірер аядай ауылдан басталмаушы ма еді...
- Өзімнің өмір жолым жайлы айтсам, әкем Сүлейменов Бөлекбай 1900 жылы туған, 44 жыл Қазақстан темір жолында қызмет етіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, еңбек демалысына шыққан. Еңбек жолының барлығы Жаңаарқа жол станциясында өтті. Екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді, бәрі де жоғары білім алды. Осы балаларынан 30-ға жуық немере-шөбере сүйді. 1990 жылы 90 жасында бұрынғы Өспен совхозының «Еркіндік» бөлімшесінің жанындағы 17 –ші разъезде 20–шы майда дүниеден өтті.
Әкеміз он саусағынан өнері тамған өте шебер адам болды. Жасы ұлғайғанына қарамастан қолынан балға-төс т.с.с құрал-саймандары түскен жоқ. Етік тікті, қамшы өрді, күбі жасады. Барлық істеген істерін үлкен ыждағаттықпен атқарып, ауылдағылар құрмет тұтатын.
Ел ішінде әкем Бөлекбай,Сембек, Қажыкен, Ахметбек, Қашқынбай сияқты қариялар елдің көкейіндегісін біліп, сөзін сөйлеп, ауыз бірлікке шақыратын замандастарына сыйлы қариялар еді. Зиянат – ақсақал өте шебер кісі болды,арба дөңгелектерін құрсаулап жөндегендегі ісіне адамдар дән риза болушы еді. Осы Зиянат ақсақалдың ұлы Хайролла атбегі болып, баптаған аттары неше мәрте облыс, республика деңгейінде бәйге алды. Осындай атбегі Рахман ақсақал баптаған аттар бәйгенің алдын бермей, жер-жерден ол кісіге адамдар келіп, ат баптау әдісін үйреніп кететін. Ауыл атын шығарған Еркіндік жерінен даңқты композитор-әнші, балуандар көп болды. Марқұм Төлегенов Қоңыр – өзі әнші әрі палуан еді. Қоңырдың айтқан әндері мен жүріс-тұрысына қарап, кешегі сал-серілер сарқыты ма деген ойға қаласың. Қоңыр туралы толығырақ тоқталып отырған себебім, осы Қоңырдың домбырасын әкем алты-жеті жастағы баласы маған әкеліп беріп, «домбыра тартып, үйрен» деген еді. Осылайша, ауылда кішігірім отырыстың көркіне айналып, той басқарып, ауылда біраз келіннің бетін аштым. «Ел іші –өнер кеніші» деп бекер айтпаса керек. Осы Еркіндік ауылынан шыққан республикаға белгілі композитор Қасымхан Асановтың әндерін өте шебер орындап, келешек жастарға жеткізіп жүрген Жеңіс Кадиров ағай да ерекше дауыс иесі. Ауылдан ұзап шықпаса да әдемі дауыстары бар Еркіндіктің ұл-қыздарын атап өткім келеді. Олар: Жақатай, Қосман, Райхан, Мәшүріп, Роза Қожамбердиевалар баян тартып, ән айтатын. Мақсұт – атамыздың ұлы Мерке мектеп балаларына ән үйретуші еді. Кейінгі жастар Жетпісбай, Аманкеш осы үрдісті жалғастырып келеді.
Еркіндік ауылының гүлденіп өсуіне елеулі үлес қосып жүрген ел-азаматтары Тұрсын Қажы атындағы мешіт тұрғызған ұлдары: Қуаныш,Тлеухан, Бүркіт. Шаруа қожалық иелері: Хайролла, Жұма, Бүркіт жол салып, мектепке көмек көрсетіп, ел игілігіне еңбек етіп келеді. Оның бәріне тоқталып отырған себебім, «аулына қарап,азаматын таны» , демекші, туған жеріме деген перзенттік сезімімді жеткізу.Осы жерде бір айта кетейін дегенім, бірде түйіндеме толтырып отырсам, ұлым Азамат «Әке,сіз колхоз емес, тіпті разъезде туыпсыз ғой», деп таңғалады, мен оған:«Ұлым,сол разъезд тұрғындары менің жеткен жетістіктеріме қуанады, мен сол разъезде туғанымды мақтан етемін» , дедім.Қазір осы 17-ші разъезде інім Дыбыс әке жолын қуып, темір жолда қызмет етіп, сол жерде әкесі салған қара шаңыраққа ие болып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп тұрып жатыр. Дыбыстың қызы Аңсаған қаржы министрлігінде департамент директоры, күйеубаласы Еркебұлан ауыл-шаруашылық министрлігінде департамент директоры, ұлы Дәурен жоғары білімді, Астанада өз бизнесі бар, ұлы Дәулет – Астана қаласында әскери военкоматта бөлім командирі. Осы балалардан Дыбыстың төрт немересі бар. Өзімнің отбасымда 1 ұл, 1 қызым бар.Жұбайым Ардақ Әшімова, неміс тілінің маманы, Жезқазғанда кезінде атағы дүрілдеп тұрған «Ұлытау» ансамблінде биші хореграф болған, облыстық мәдениет басқармасында қызмет атқарды, қаладағы музыкалық колледжде сабақ берді. Елордаға қоныс аударғасын, ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасында жұмыс істеп, биыл зейнетке шықты. Қызым Аида Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, Америка Құрама Штаттарында 5 жыл оқып, қызмет істеді, ғылым докторы, phd. Қазір Еуразия ұлттық университетінде сабақ береді. Ұлым Азамат, Қ.И. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін қызыл дипломмен бітіріп, Словакияда докторлық диссертациясын қорғады. «Самұрық- Энерго» АҚ жұмыс істейді. Немереміз Аңсар, Республикалық физика-математика мектебінің 9-сыныбында оқиды.
– 10 жылдан аса елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етіп жүрсіз. Көлік-энергетика факультетінің деканысыз. Озық отыздыққа ұмтылған елімізді алға дамытуда өзіңіз тәрбиелеп отырған мамандар бәсекеге қабілетті ме?
– Елордасындағы іргелі оқу орны болғандықтан, жастар үшін мүмкіндіктер көп. Студенттер еліміздегі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездеседі. Шет елге шығамыз,көптеген елдермен ғылыми тәжірибелерін алмасқан кезде оларды тыңдайсың,біздің ел туралы көзқарастарын білесің. Өзім көп елде болдым. «Erasmus» бағдарламасы арқылы Польша, Германия, Испания,Ресейдің екі оқу орны бар, соның бәрін аралап, жұмыс істедік. Факультетіміз Чехияның оқу орындарымен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Университетте 13 факультет бар,соның ішінде біз екінші-үшінші орында тұрмыз,екі мыңнан аса студентке 100 ден аса оқытушы сабақ береді. Бізде инженерлік мамандар дайындалатындықтан,мемлекет тарапынан грант жеткілікті түрде бөлінеді. Студенттеріміздің 90 пайызы грантта оқиды. Ел экономикасының күретамыры – энергетика мен транспорт десек,бәріне маманды біз дайындаймыз,оған қоса жылу энергетикасы да бар. Егер электр қуаты немесе көлік тарифі қымбаттаса бүкіл салаға әсерін тигізеді. Сондықтан бұл салада мамандар дайындау сапасына айрықша мән береміз.Бізден білім алған мамандар жылу электр орталықтарында, көлік логистика саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Елордадағы «Теплотранзит» сияқты мекемелерде кафедра филиалын аштық. Мен осы орайда, мақтанып айта аламын, мұндай кафедра филиалдарын ең алғаш біз Жезқазғанда ашқанбыз. Тау-кен саласындағы жерасты мамандықтарына қатысты айтсам, сол кезде «Қазақмыс» корпорациясында қаржы жеткілікті, шахталарға АҚШ-тың «Caterpillar» машиналарын әкеліп, өндіріске енгізді. Ал біздің мамандар теориясын оқиды да, жұмысқа барған кезде ол машиналармен жұмыс істей алмайды.Біздің студенттер тау-кен машиналарының мастері болып барады,олар сол машиналармен жұмыс істей алуы керек қой. Руслан Юнның(жақында өмірден озды) көмегімен біз сол кезде кафедра филиалын аштық. Ол кісі тәжірибеден өткен студенттерге ақша төледі, студенттер өндіріске енгізілген машиналарды көздерімен көріп, жұмыс істей бастады. Біз дамыған кәсіпорындарда кафедра филиалдары болуы қажеттігін сол кезде түсіндік. Осында келген кезде мен бірден сол мәселені көтердім, проректор Абзал Ахатұлы Талтеновқа айтып, ректор қолдап, қазір көптеген мамандықтар бойынша кафедра филиалдары ашылды.Бізде метрология және стандарттау деген мамандық бар, олардың заман талабына сай жабдықтары өзгеріп отырады, біз сол жерден филиал ашып, ең заманауи жабдықтарды көріп, студенттер жұмыс істей алады. Бір қиындығы біздегі техника саласындағы терминдердің бәрі орысша. Біз көбісін бұрын орысша айтып жүрдік, ол кезде инженер,техник мамандықтарының бәрі орысша еді,қазақша факультет болған жоқ.Институт, аспирантура,докторантура бәрін орысша оқыдық.Өзім жазған 3 оқулық,4 оқу құралы, 2 монография бар, бәрін орысша жаздық, кейін ғана 20-30 пайыз оқулықтар қазақша жазылды. Қазір ғылыми мақалаларға сұраныс,талап өзгеше. Ғылыми атақтар алу үшін, мақалаларыңды әлемдік рейтингі жоғары Scopus журналдарына жариялауың керек. Сол талаптарға сай, тиісті деңгейде жұмыс істеп келеміз.
– Жердің түбіндей көрініп, көлік қатынасы жағынан тұйықталып қалған мысты шаһарға Жезқазған- Бейнеу теміржол желісінің салынуы тұрғындардың болашаққа деген сенімін нығайтты деуге болады, сары мысымен әлемге әйгілі қаланың болашағы, жастарды туған жеріне тұрақтандырудың жолдары қандай?
– «Қазақмыс» корпорациясының мүмкіндігімен Жезқазғанды бүкіл республикаға үлгі ететін керемет қалаға айналдыруға болар еді...
Бұрын сол мысты шаһарда жүргенде Әбдіхашым Тоқтыбаев Жезқазғанның сол жағалауынан жаңа қала салуға болады дегені есімде. Есқұла арқылы су мәселесі шешіледі деп көп жылдардан бері айтылып келеді ғой, Кеңгірге сол таза су жетті деп естідім. Бір жылы облыс әкімі келгенде құрметті ақсақалымыз Мұзараф Ахановтың осы мәселені көтергені бар-тын. Жолдар туралы тоқталсам, Жезқазған-Қызылорданы айтпағанның өзінде, Жезқазған мен Жаңаарқаның арасындағы асфальттың өзі бір дұрысталмай қойды ғой. Жезқазған-Жаңаарқа-Ұлытау арасындағы жолдар Нұр-Сұлтан мен Көкшетаудың жолы сияқты болса деп ойлайсың...
Ұлытаудың табиғаты деген керемет қой, жол жақсы болса, халық жол азабын тартпай, қиналмай жетсе,сонда ғана туризмді дамыту туралы әңгіме қозғауға болады. Өзім куә болған жағдай, екі жыл бұрын Жезқазғанға барғанымда, үлкен көшелері таза, ал аулалардың ішінде қоқыс жиналмаған, баяғы Жұмамәди, Қанат ағаларымыз басқарған кездегі тап-таза болып тұратын жинақылық жоқ деп ойладым. Қаншама дүкендер мен мейрамханалар салынған,бірақ біріне-бірін жапсырып,сала берген,қалаға көрік беріп тұрған жоқ. Қаланың бас жоспарымен болашақтағы дамуын айқындап алып, жаңа құрылыстарды салу керек.Бүгінгі күнмен өмір сүрмеу керек.Кешегі тоқырау кезінде Қарағанды облысындағы Саран, Абай,Шахтинск,Майқұдық тозып кетті.Сол кездегі облыстың әкімі Камалтин Мұхамеджанов керемет еңбек етіп,сол қалаларды сақтап қалды, қазір бұл шаһарлар жайнап тұр. Оған қарағанда, Жезқазған мен Сәтбаевты корпорацияның табыс көзімен, облыстан бөлінген бюджетті қосып, қос қаланы дамыту мен көркейтуге болатын шығар деп ойлаймын.ҚР Парламентінің депутаты Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеев (Мәжіліс пен Сенатта төраға орынбасары ) болып тұрғанда Қаражал, Жәйрем, Жаңаарқаны назарында ұстады, тұщы су тартқызды, біраз мәселелерін шешуге көмектесті.
Жастарсыз кез келген қаланың болашағы жоқ. Жезқазғандағы Ө.Байқоңыров атындағы университетке жақсы жағдай жасау керек. Егер қалада жастар тұрақтамаса, олар оқитын мамандықтар болмаса, балаларының болашағын ойлаған ата-ана амалсыздан облыс орталықтарына, мегаполистерге көшіп кетеді. Сондықтан, қалай болса да, қазіргі жалғыз жоғары оқу орнына қолдан келгенше көмектесу керек. Кезінде Жезқазғанда политехтың филиалын ашуға қарсы болғандар табылыпты, кездескен кедергілерге қарамай,сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы болған Ж.Аралбаев ашқызған екен. Мұстахимов, Жакенов сияқты ғылым кандидаттарын шақырып, үй беріп, жағдай жасапты. Біздің қалаға өндіріске қажетті мамандықтарды оқу үшін басқа өңірлерден,ірі қалалардан ешкім бармайды, жергілікті жердің балаларына жақсы жағдай жасап, оқытып, туған жерінде қалдыру керек.Біз оқыған «автокөлік» мамандығы сол кезде өте сұранысқа ие болды, облыстың бірінші хатшысы Ежиков-Бабахановтың баласы , қала басшысы Ошақпай Асылбековтың баласы да біздің университетте оқыды,әлі күнге дейін елімізге танымал талантты,бір шоғыр азаматтардың бәрі сол мамандықта оқыған, политехтың түлектері. Қазір неге сондай мамандар дайындалмайды, ел ішінде білімді ұл-қыздарымыз, біздің жолымызды жалғайтын жастар бар ғой, олардың деңгейін бағалап, күш-жігерлерін туған қаласын өркендетуге арнап,ел игілігі үшін қызмет атқаруға мүмкіндік беру керек, қажетті жағдай жасалуы тиіс. Мұның бәрін сыртта отырып, айтуға оңай шығар, туған жерін сүйетін жастарға сенім артсақ, 70 жылдық тарихы бар мысты шаһардың болашағы зор болады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық