«Туған өлкем үшін қолымнан келгенше шаруаларды орындауға бар күш жігерімді салдым. Атап айтқанда, Ұлытау ауданының аумағында мұнай өндіріп жатқан Құмкөл мұнай комбинатының барлық салықтан түсетін қаражаты Қызылорда облысының бюджетіне түсуі заңға қарсы екенін дәлелдеп,сол комбинаттың жер және мүлік салығын Ұлытау ауданының бюджетіне түсуін шештім. Ол миллиондаған қаражат болатын.
1996 жылы банкрот болып салымшылардың 20 миллионнан астам қаражаты «күйіп кеткелі» тұрған «Цветметбанктің» мыңдаған салымшыларының қаражатын Республикалық бюджет есебінен қайтарып бергіздім. Мұндай қадам кейін банкротқа ұшыраған басқа банк салымшылары үшін қайталанған жоқ!»- дейді бізге берген сұхбатында Мемлекет және қоғам қайраткері,II және III дәрежелі “Барыс»,«Парасат»,«Достастық» ордендерінің иегері Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеев.
- Сіз «Өмір иірімдері» кітабыңызда: «Өткенге көз тастағанда Ұлытауымды ұятқа қалдырған, Қарсақпайымды жерге қаратқан, Жезді мен Жезқазғанымның намысын таптап, Сәтбаевымның сағын сындырған кезім жоқ екен.Соған тәуба деймін...» деп жазыпсыз. Кешегі Кеңес уақытында қызмет басқыштарымен өсіп, ата-бабамыз аңсап өткен еліміздің тәуелсіздік алған шағында мемлекеттіліктің тұғырын нығайтуға өз үлесін қосқан, өтпелі кезеңнің қиындығын бір кісідей кешіп,шар болаттай шыңдалған азаматтың оқырман алдында ағынан ақтарылып, ішкі жан толғаныстарын көңіл көкжиегінде зерделеп, боямасыз қалпында баяндауға, яғни кітап жазуыңызға не түрткі болды?
- Жасым жетпіске таянғанда өткен өмірімнің әр кезеңіне ойша көз жүгіртіп,жүрек түкпірінде сақталып қалған сәттерді еске алғанымда «Мен кіммін? Мына өмірде не бітірдім» деген сұрақтарға жауап іздедім. Осылай қолыма қалам алып, қағаз бетіне түсіре бастадым. Жазушы емеспін, күнделік жүргізгенім жоқ,сондықтан өмір баспалдақтарын түгелдей қамту мүмкін болмады. Қасым Аманжоловтың «Өзге емес,өзім айтам өз жайымда» дегеніндей, жетпіс жылдың биігінен қарасам,өзгеге ой саларлық, кейде тіпті сабақ аларлық оқиғалар, қысылтаяң кезде қабылдаған шешімдер аз емес екен. Кей кездерде басы жақсы басталып,кейін аяқталмай қалған жұмыстардың, берілген уәделердің неліктен орындалмағанын көпшілік біле бермейді. Осыдан келіп, лауазымды қызметтерде отырған жандарға деген халықтың сенімі де азаяды. Солардың өзім куә болған,себептерін тарқатып айта алатын жағдайларды шыншыл қалыпта,боямасыз түрде кітабымда баяндап шықтым. Кітап жарық көргеннен кейін оқып отырып,қаншама жәйттардың көңіл қалтарысында елеусіз қалғанына өкіндім. Бүгінде осы олқылықтардың орнын қалайша толтырсам деп ойланып жүрмін.
- Екі ғасырдың куәгерісіз, қызмет бабымен бір қалаға(Қаражал) екі рет басшылық қызметке барыпсыз, қос Палаталы Парламенттің депутаттығына да екі рет сайланып, Мәжіліс пен Сенат төрағаларының орынбасары болдыңыз(орынбасарлық қызметті де екі рет атқарыпсыз),мектепте кездескен алғашқы махаббатыңызды да, екінші рет жоғары оқу орнында қайта кезіктіріп, отау құрған екенсіз. Сізге берілген бұл мүмкіндіктер тағдырдың сыйы ма, қалай ойлайсыз?
- Гректің «Тұңғиық әулие» атанған философы Гераклит заманында «Бір өзенге екі қайтара түсе алмайсың» деген сөзі нені меңзейді?
Шындығында бір өзенге қанша рет түссеңіз де әр жолы түрлі өзгеріс болатыны анық қой. Су ағып жатады,тоқтамайды. Бірінші жолы түскен судан кейінгі жолғы түскенің екі түрлі,жылдамдығы,салқындығы бәрібір бірдей емес. Өмірде ешбір оқиға айна-қатесіз қайталанбайды.Көңіл күй ауанына байланысты бір күйді шабыттанған кезде басқаша шертсең,кейін тура сол кездегідей қайталай алмасың анық. Қызмет жолында да солай.
Бірінші жолы Қаражал қаласының атқару комитетінің төрағасы болып сайланғанымда 36 жасымда ұлы тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың алдында болып батасын алған едім.
Екінші жолы 6 жыл өткен соң, Қаражал қаласы құрамына енетін Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағалық қызметіне сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 360 депутаты алдында сынақтан өтіп,бірауыздан дауыс бергендіктен сайландым.
Қазақстан Парламенті Мәжілісіне екі қайтара депутат болып сайлануым,менің өз сайлаушыларымның үмітін ақтағанымнан болар. Екінші жолы Мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайландым. Бұл да өзгеріс.
Парламенттің екі Палатасының да төраға орынбасары болуым менің депутаттық заң шығару қызметінде жинаған тәжірибем мен артымда сүйеніш болып, тілеуімді тілеп отырған Ұлытау-Жезқазғандағы жерлестерімнің ыстық ықыласы деп білемін. Сол үшін де атқарған әр ісіме есеп беріп, адал қызмет етуді басты мақсатым санадым. Қос Палаталы Парламенттің бір-бірін толықтыратын,бірақ бір-бірін қайталамайтын өзіндік функциялары бар. Мәжіліс заң жобасын талқылап,мақұлдайды, ал Сенат мақұлданған заң жобасын талқылап, қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, Мәжіліске қайтарады немесе сол қалпында қабылдайды,ол жоба солай заңға айналады.
Иә, мен екі ғасырдың куәгерімін. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабынан жойқын құлдырауға ұшыраған халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде дүниеге келдім. 1957 жылы Жезқазғанда,яғни Рудник поселкесіндегі №7 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттадым. Әкеміз тұрмыстың тауқыметімен жетінші классты ғана бітіріп,жастайынан еңбекке араласқандықтан, біздің жоғары білім алғанымызды қалаған болар, жұмысынан шаршап келсе де,біздің сабағымызды тексеретін. Сол жеті жылдық біліммен шахтада маркшейдер болып еңбек етті. Әсіресе,әкемнің 200 метр тереңдіктегі №42 шахта мен №3 «Кресто-Запад» шахталарының ортасын қосуда маркшейдер ретінде басшылық жасап, Мәскеуден келген комиссия жиналыс өткізіп, «Жұманазар,сенің осы еңбегің үшін жоғары білім туралы диплом жазып береміз» деп айтқаны есімде. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген,әкеміз бен анамыз 13 жыл ғана бірге ғұмыр кешті. Бізге өмір сыйлаған екі асыл жан : 34 жасында әкем,38 жасында анам жарық жалғаннан мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.Әлі күнге өткен өмірім жайлы ойлағанда, әкеміздің қайғысынан әрең ес жиғанда, анамыз өмірден өткенде Ғазиз ағамның бір аяғын құшақтап тұрып : «Аға,енді біз қалай күн көреміз,не боламыз?» деп өкіріп жылағаным,ағамның екінші аяғына жабысып тұрған інім Сахабаны көз алдыма елестетемін. Мен адал ниетті,білікті маман ғана емес, сол өңірде үлкен абырой иесі болған әкенің,сабырлы да салмақты,тек жүзі ғана емес,бекзат болмысы да сұлу ананың ұлымын. Менің бала кезімнен отбасымнан көргенім, ата-анамның шынайы сыйластығы мен кіршіксіз махаббаты,сондықтан болар, балалық махаббатымды өмірлік ұстанымым еткенімді,сезімімнің тұрақтылығын сақтағанымды,бұл қасиеттің жайдан-жай келмегенін кітабымда жаздым.Тәубе! Өмірлік жар таңдауда қателескенім жоқ деп нық сеніммен айта аламын!Шаңырағымның шуағына айналған Қаламқастың жас кезінде бойынан қазақ қызына тән ибалықты көрсем,қазір қазақтың бәйбішелерінің бойындағы мейірім мен шапағатты байқаймын.Жарты ғасырға жуық қол ұстасып,бірге ғұмыр кешкенде қиналғанда сүйеу болып, қандай қызмет атқарсам да қолдау танытып, ағайын мен туысқа,жолдас пен бауырға,жерлестеріме,әріптестеріме қолынан келгенше жақсылық жасауға дайын тұратын асыл жарыма ризашылығым шексіз. Біз қуаныштарымызды да қиындықтарды да бірге көріп,бірге еңсеріп,бірге атқарып келеміз. Балалы-шағалы болып, оннан астам немерелеріміздің үлкені үйленіп,отау құрған бақытты ата-әжеге айналдық!
- «Аманатқа қиянат жасама» деп тәрбиеленген ұлттың ұрпағысыз әрі өміріңіздің 15 жылы халықтыңаманатын арқалап, Парламент қабырғасында өтіпті. Туған жеріңізде қызмет атқарғанда күрмеуі тарқатылмаған түйткілді мәселелерді осы жылдар аралығында шеше алдыңыз ба? Қабылданған кейбір заңдардың әлсіздігі мен халық мүддесіне қызмет ете алмайтын қауқарсыздығының, жерін анасына,тілін жанына балайтын қазақтың әлі күнге туған елінде ұлтарақтай жердің иесі бола алмай, тілін төрге шығара алмай жүргенінің себебі неде?
- 1995 жылдың 9 желтоқсанында қос Палаталы Қазақстан Парламентінің Мәжіліс депутаты болып сайланып,1996 жылдың қаңтар айының соңында Алматыға аттандық.
Алғашында Алматы қонақ үйіне орналасып,жұмысты бастап кеттік.Бастапқы кезде өзіме орын таппай «Бұлне жұмыс? Күнімен сені ешкім іздемейді,телефон да үнсіз» деп кешкі тамақ үстінде жұбайыма «мына қызмет іш пыстыратын,жайбарақат отыратын,менің қолым емес сияқты» дедім. Мүмкін оған себеп,оның алдында 20 жылға таяу партия,атқару комитеттерінде еңбек етіп,күн-түн демей,дамылсыз жұмыспен айналысу,түннің ортасы болса да телефонды жаныңа қойып ұйықтайтын,әлдебір себептермен хабарласа қалса шұғыл шара қолдануға бойың үйреніп қалғандықтан шығар. Содан 10-15 күн өткесін бума-бума заң жобалары келе бастады.Енді көңілім орнына түсіп,білек сыбана іске кірістік.
Біздің алдымыздағы Жоғарғы Кеңес сайлау кезінде заңсыздық орын алды деген себеппен мерзімінен бұрын таратылғандықтан,елдің әлеуметтік-экономикалық ,құқықтық мәселелерін реттейтін 157 заң Президенттің Жарлығымен бекітілген,соларды заңдастыру,нарықтық экономиканың алғы шарттарын белгілейтін басты заңдарды тез арада қабылдау қауырт жұмысты талап етті. Регламент бекітіліп,Мәжілістің іс-қимылы анықталды.Алғашқы Үкімет сағаттарының бірінде Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовке «біз тәуелсіз елміз,салт-дәстүрімізді сақтай отырып,фамилиямыздағы «ов,ев»жалғауларын алып тастайтын кез келді емес пе?» деп сауал жасадым.Көп ұзамай сәуір айының басында Президенттің жарлығы шықты : «Ұлттық дәстүрді ескере келе азаматтар өз еркімен «ов,ев» жалғауларды алып тастауға болады» деген.
Өзім бастамашы болғандықтан шегінуге жол жоқ.Сөйтіп «Көпей» болып шыға келдім. Енді қайда барсам да «Көпеке, Көпей аға» деп менің есімімді тегіммен ауыстыра бастады. «Жігіттер, Көпей әкемнің әкесінің есімі,мен Мұхамбетпін» деп талай айттым,бірақ бәрі «Көпеке» деп қайталай береді. Уақытында «Көпейтегі» деп өзгерткенім дұрыс болатын еді,білместік болды.
90-жылдары шетелден нарықтық экономиканы үйренеміз,қаражат тартамыз деген мақсатта есігімізді айқара ашқан кезең болды. Сондай жағдай елімізде аудиторлық қызмет көрсетуде де орын алды. Әлемге белгілі 6 «Большая шестерка» атты алпауыт компаниялар келіп, қазақстанда қызмет көрсете бастады.Өкінішке қарай кейбір «алақол» қызметкерлер, пайдаланып жүрген «Аудиторлық қызмет туралы» заңның күшін жою туралы ұсыныспен Мәжіліске келді.Мен қазақстандық аудиторлар Палатасының басшыларымен кездесіп, мәселенің анық-қанығына жете келе,біздің шенеуніктердің сатқындық пиғылдарына тосқауыл қоюды жөн көрдім. Себебі, аудиторлық қызмет көрсететін біздің азаматтар, ал қызмет үшін төленетін қаражаттың басым бөлігі шет мемлекетке алпауыт компаниялар тіркелген елге кетеді екен. Сондықтан Үкіметтен келген заң жобасын қайтарып,өзім Конституцияда белгіленген депутаттық бастамашыл құқығымды пайдаланып,заң жобасын дайындап,2 жыл бойы айқаспен «Аудиторлық қызмет туралы» заңды қабылдауға қол жеткіздім. Осы 1995-1999 жылдардағы Мәжілістің бірінші шақырылымдағы сессиясында заң жобаларын талқылаулар барысында 189 рет сөз сөйлеп, 21 рет еліміздің Үкіметіне, Бас прокуратураға,Ұлттық Банк және т.б. мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдадым.
Туған өлкем үшін қолымнан келгенше шаруаларды орындауға бар күш жігерімді салдым. Атап айтқанда, Ұлытау ауданының аумағында мұнай өндіріп жатқан Құмкөл мұнай комбинатының барлық салықтан түсетінқаражаты Қызылорда облысының бюджетіне түсуі заңға қарсы екенін дәлелдеп,сол комбинаттың жер және мүлік салығын Ұлытау ауданының бюджетіне түсуін шештім. Ол миллиондаған қаражат болатын.
1996 жылы банкрот болып салымшылардың 20 миллионнан астам қаражаты «күйіп кеткелі» тұрған «Цветметбанктің» мыңдаған салымшыларының қаражатын Республикалық бюджет есебінен қайтарып бергіздім. Мұндай қадам кейін банкротқа ұшыраған басқа банк салымшылары үшін қайталанғанжоқ!
Жезқазған облысы тарап,қала,аудандар Қарағанды облысы құрамына енген кезде Президенттің Жарлығында аңғармай жіберілген қателіктің салдарынан Сәтбаев қаласы қалалық бюджеттен айрылып,Жезқазған қаласының бюджетінің құзырында болды,бұдан Сәтбаев қаласындағы қалалық құрылымдар таратылып, қала кенттік күйге ұшырады. Осы мәселені Үкіметте қайта қарап, Сәтбаев қаласына дербес бюджет берілуін қамтамасыз еттім.580 миллион теңгелік қаражат бөлгізіп, республикалық бюджет есебінен Сәтбаев қаласына орта мектеп салынды.Қалалық аурухананың ұжымымен кездесуге барғанымда жағдайдың өте ауыр екенін көріп, «Қазақмыс» корпорация басшысы Юн Русланға ауруханаға күрделі жөндеу өткізу үшін 130 миллион қаржы қажеттігін жеткізіп,сол қаражаттың бөлінуіне ықпал еттім. Жезқазған-Сәтбаев автомобиль жолында жол апаты жиі болатынын және осының кесірінен көптеген адам зардап шегетінін естігендіктен бұл мәселеге тез арада шара қолдануды қолға алдым. Біріншіден, жолдың сапасының мүшкіл жағдайын ескере келіп, «Қазақмыс» корпорациясынан жолды асфальттауды өтіндім. Ал өзім болсам Үкіметтік құрылымдарға жол апатының жиі болу себебі жол бойы «тастай қараңғылықтың» кесірі деген дәлелімді негіздей отырып, республикалық бюджет есебінен 300 миллион теңге тұратын жарық шамдарын орнатуды қолға алып, орындадым.
Есқұла су құбырын жаңғырту мақсатында 9 млрд теңгені бюджеттен және «Қазақмыс» корпорациясы есебінен бөлдіруге атсалыстым.
Жезқазған-Қызылорда теміржолын салуды бірнеше жыл Президентке,Үкіметке қайта-қайта сауал жасаудың арқасында тура Қызылордаға болмаса да Сексеуіл елді мекеніне дейін теміржол салынғанын және менің еліме-Жезқазғанға баратын теміржолдың тұйық нысаннан транзиттік қатынас жолына айналғаны өзімнің көп аманатымның бірі, тіпті бірі емес бірегейі деп есептеймін.Сөздің шыны керек, ол үшін мақтанамын да!
Мен жеке сайлаушыларымның көптеген өтініштерін орындадым, оларды өзімнің міндетім деп санадым.Осы жерде айта кетсем,1999 жылдың 1 желтоқсанында екінші шақырылған Мәжілістің құрамында Жармақан Тұяқбай төраға,мен Төрағаның орынбасары болып сайландым. Мәжілістің сондағы құрамында халықтың танымал тұлғалары болған Серікболсын Әбділдин,Шерхан Мұртаза,Фариза Оңғарсынова,Қаратай Тұрысов,Мақтай Сағдиев, Жекен Қалиұлы,Мырзагелді Кемел бүгінде арамызда жоқ. Заңның майын ішкен мамандар Тагир Сейсенбаев,Зейнолла Мақашев,Рахмет Мұқашев, Жазбек Әбдиев,Хакім Көшқалиев,өз ойларын еркін білдіретін Аманкелді Айталы, Рауан Шаекин, Ромин Мадинов, Серік Абдрахманов, Ғани Қасымов, Еркін Рамазанов, Ерлан Нығматуллин, Ержан Рахметов, Валерий Землянов,Владимир Дворецкий сынды өңкей мықтылар жиналған мұндай депутаттық құрам оған дейін де,одан кейін де болған емес деп ойлаймын. Осындай қазақтың біртуар марқасқаларымен бірге қызмет ету,олардың екі басшысының бірі болу мен үшін үлкен дәреже деп білемін.
Біздің халқымыздың басым көпшілігінің жер иесі бола алмауының көптеген себептері бар.Біріншіден,өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында Қазақстанда тың игеру мақсатында егін егуге қолайлы,шұрайлы жерлерге Қостанай,Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарына Ресей, Украина, Белоруссиядан он мыңдаған азаматтар келіп қоныстанып,әуелі елді мекендердің атауларын «әкелерінен қалғандай» орыстандырды. Бұрынғы мал жаятын жерлердің бәрін жыртып,егін сала бастады. Тіпті суға тапшы Жезқазғанның жан-жағын жүгері алқабына айналдырды емес пе? Біздің халқымыздың көнбіс, момындығын пайдаланып, «келгінбайлар» ойларына келгенін істеп бақты. Сол алғашқы тың игерушілердің өздері, балалары, ұрпақтары мыңдаған гектар жерлерді жалға алып,егін егіп,мол астыққа ие болды. Ал біздің ұлттың өкілдері тәуекелге бел байлауға батылы бармай, «келгінбайларға» көмекші болып,соларға қызмет етуден әрі бара алмады. Бұған кім кінәлі? Әрине,өзіміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген совхоздар тарап, техникамен қатар,астық өңдейтін элеваторлар да жекешелендірілді. Осы кезде біздің азаматтар қалыс қалып,айдаладағы Кавказ халқының өкілдері элеваторларды иеленді.Негізі біздің буын өкілдері ешкімді кінәлай алмаймыз!Себебі,біз«мемлекеттік органдар не айтады?» деп қарап отыруға дағдыланғанбыз. Бірен-саран заманауи нарықтық экономикаға дайын жігерлі, еті тірі,пысық азаматтар бар шығар! Алайда басым көпшілігіміз жайбасармыз,жүрексінеміз, тәубешілміз соның кесірінен өз үлесімізден айрылып қаламыз.Бұл «ауру» емес бойымызға сіңіп кеткен «әдет»!
Соңғы кезде жаңашыл жастар,батыл шешім қабылдайтын кәсіпкерлер көбейіп келеді,бұл қуанатын дүние!
Тілдің төрге шықпауына себептер аз емес.Суслов бастаған Кеңестер Одағы ұлттардың біртіндеп тілін,мәдениетін,тарихын жойып,бір ғана «Кеңес халқы» атты ұлт болу керек деген саясат жүргізді. Өздерінше оған АҚШ мысалға алды,бұл саясаттың арғы жағында «бір тіл, бір мәдениет, бір тарих,орыстандыру» мақсаты тұрғаны белгілі. Сондықтан өзіміз болашақта балаларымыз қиналмасын деп орыс мектептерінде оқыттық,көбісі «шалақазақтар» болып тәрбиеленді. Олар қазақша үйренуі үшін де қаншама уақыт қажет болды. Тілді төрге шығару үшін бесіктен бастап тәрбиені ұлттық құндылықтарға сай жүргізу қажет. Қазіргі қазақтіліндегі мектеп оқулықтарын қараңызшы? Көптеген жылдар бойы осы мәселелер көтеріліп келе жатыр.Қазақтар жиналып алып бір-біріне қазақша сөйле деп үгіттейді,сөйлемейсің деп жер-жебіріне жетеді. Одан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Баяғы жартас,сол жартас. Қайталап айтамын,мектеп оқулықтары ешқандай сын көтермейді. Оларды парақтап отырып,осы кітаптарды шығарғандар қазақ ұлтына зиянкестік ниетпен баспадан шығарған ба дейсің?
Тілдің мәртебесін қандай да бір құжатпен көтеру мүмкін емес,тілді қажет ететін орта керек.Егер барлық іс-шаралар қазақ тілінде жүргізілсе,билік өз жұмысын мемлекеттік тілде өткізсе, үйде де, түзде де азаматтар қазақ тілінде сөйлессе,балабақша,мектептерде қазақ тілінде тәрбие берілсе,басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрену символдық мәнде ақылы болса(себебі тегін дүниенің құны болмайды), теледидар,радио арқылы берілетін жарнамалардың басым бөлігі қазақ тілінде болса, ана тілімізге деген құрмет пен қызығушылық артар еді.
2001 жылы Индонезияның астанасы Джакартаға жолым түсіп, халықаралық парламентаралық жиынға қатыстым.Халық саны жағынан әлемде 4- орын алатын,250 млн адам тұратын елде өткен алқалы жиында мен өз ана тілімде сөйледім,сонда жиынға төрағалық еткен Тайланд өкілі: «Сіздің сөзіңіздің әсерлі естілгенінен,не айтқыңыз келгенін аудармаға қарамай-ақ түсіндім», деп қолымды қысып,мені марқайтып тастағаны есімде.
- Өткенге тас атпай, сабақ алу, жаңаны жатсынбайқабылдай білуде тәуелсіздік кезінде өмірге келген жас ұрпақ пен аға буынның көзқарас алуандығының болуы заңдылық шығар, дегенмен социализмнен-капитализмге бір-ақ аттаған өтпелі кезеңнің қиындықтары санаға салмақ салғаны , жаһандану желі қазақы қалпымызды сақтап қалуға салқынын тигізгені даусыз. Материалдық байлыққа ұмтылып, рухани құндылықтарды шетке ысырып тастамайтын, ұлтымыздың ұлы мұраттарына адалдықпен қарайтын ұрпақ тәрбиесінде олқы тұстарымыз қандай?
- Өткен өмір тарих қойнауына кеткен,оған шындығында өкінгеннен ештеңе таппайсың.Ол бірыңғай кемшіліктерден ғана емес,сонымен қатар үлкен табыстардан,жетістіктерден тұрады.Ал тәуелсіздік алғаннан бергі өтпелі кезең халқымыз үшін де оңай болған жоқ. Жаппай жұмыссыздық,рухани депрессия,бұлыңғыр болашақ ұрпақтың ертеңгі өмірі тағы басқа да алуан түрлі жағдайлар жүйкеңді тоздыратын кездерді бастан кештік. Біреулер күнкөріс жағдайын ойласа, біреулер ұрлық,тартып алу ,заңсыз әрекеттерге баруды қолдады. Осы бір келеңсіз қасиеттер азаматтарымыздың ой-өрісін шектеп,адамгершілік,адами болмыстың орнына, материалдық байлықты бірінші сатыға қойды. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген принциппен қалталылар тек өздері ғана емес,балалары да билікті белінен басты.Ұрлықты, мемлекеттік қаражатқа қол сұғуды,өтірік ақпаратты, жағымсыз жағымпаздықты, асыра сілтеу,жауапсыздықты тоқтатпай,өрлеу қиын!Заманында Ф.Энгельс «Ұлттың іріп-шіруі 2 жағдайда болады: кінәсіз жазаланып,кінәлі жазаланбағанда»деген екен. Менің ойымша, Қазақстанда тәуелсіз, әділ сотболғанда,адал,білімді,біліктімемлекеттік шенеуніктермен құқық қорғау орган қызметкерлері болғандағана қоғам тазаланады.
- Өмір өткелдерінен сүрінбей өтіп, азамат асуларын абыроймен бағындырған Сіздің ойыңызша, елімізде жемқорлыққа көз жұма қарамайтын, әділетсіздікпен күресте қол қусырып қарап отырмайтын, әркімнің ой еркіндігі сақталатын азаматтық қоғам қалыптастырудың алғы шарттары жасалып болды ма? Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістік пен қоса кеткен кемшіліктерді таразылай алдық па?
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қоғамдық ұйымдар туралы», « Саяси партиялар туралы» заңдар өткен ғасырдың соңында 1996-1997 жылдары ТМД елдерінің ішінде бірінші болып бізде қабылданған болатын. Аталған заңдарға байланысты тиісті мемлекеттік органдар,қоғамдық ұйымдар құрылды. Алайда белгілі бір топтар, жеке адамдар үшін бұл заңдардың күші жеткіліксіз болып келгені өкінішті жағдай!Италияда «мафияны жеңу мүмкін болмаса,сол мафияға кіріп,оны басқарудың жолын ізде» деген ертеде.Біздің қоғамды іштен ірітіп жатқан сыбайлас жемқорлық,парақорлық бүгінде жабысқақ жүйеге айналды. Бұл үлкен қауіп! Бұны түбегейлі тамырын қиып,құрту қажет.Бұл ұрпақтан ұрпаққа тарайтын жұқпалы ауру! Өкінішке қарай,осы келеңсіз жағдайлармен күресетін мемлекеттік органдар сот,прокуратура,полиция,жемқорлыққа қарсы орган қызметкерлерінің ішінде тазалық толық орнамаған, біріне-бірі сенбейді,әділдігін біліп тұра жалтақтайды,ол басшыға ұнамауы мүмкін деген оймен ақыры өзі де сол жүйеге кіреді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құлдыраған экономиканы көріп шет елден келген мамандар «сендердің жер қойнауларың қазынаға толы,жер беті шұрайлы,астық мол,неліктен нашар тұрасыңдар?» деген сұрағына «мұның бәрі Кеңестер Одағы тоталитарлық жүйесінің қасіреті» деп жауап беруші едік. Енді міне,30 жыл ішінде істелінген қыруар шаруаны,жеткен жетістіктерді жемқорлық жегідей жеп қоймасын деп алаңдайсың!
Бүгінгі Қазақстан әлемде лайықты орны бар,дүниежүзілік экономикалық жүйенің мүшесі,саяси тұрақтылық орнаған,болашаққа айқын бағдарламалар бекітіп,орындау мақсатында халықты топтастырып отырған ел. 30 жылда өмір сүру индексі жылдан жылға өсуде. Жас қазақстандықтар білімді,білікті, жан-жақты.Әлемдегі қандай елдің жастарымен қатар қойсаң да ешқайсынан кем түспейді, керісінше лидерлік позициядан көрінеді. Мен жастарға үлкен үміт артамын. Қоғамдағы келеңсіз дүниелер оларға жат болса екен,ұлтымызға сіңіп кеткен даңғазалықтан аулақ болса екен! Халқымыз «кісіліктің кілтін кішіліктен ізде» деп бекер айтпаған болар.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.