Жақында Қызылордада ардагерлер жарысы өтіп, оған қатысушылар Дүниежүзі және Қазақстан тоғызқұмалақ федерацияларының басшысы Алихан Мұхамедияұлы Байменовке хат жолдаған болатын. Хаттағы ұсыныс - тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін "Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу. Қыркүйектің тоғызы күні елордада Тоғызқұмалақ федерациясының басшылығы ұйымдастырған кездесуде жаттықтырушылар, спорт және мәдениет қайраткерлері бұл ұсынысты бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
«Кеңестік унификация салдарынан мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғалуға жақын қалған 1940-50 жылдары оны қайта жандандырып , алғашқы жарыстарды ұйымдастырушылардың басында Мұхтар Әуезов , Сәрсен Аманжолов , Мәулен Балақаев ,Қалибек Қуанышбаевтардың тұруы да тегін емес еді.Алғашында төрт-бес адам ғана ойнаған ұлттық ойынымыз біртіндеп жандана бастаса да, кеңес дәуірінде бұқаралық сипатқа ие бола алмады» , деп сөзін бастаған Дүниежүзі және Қазақстан тоғызұмалақ федерациясының басшысы Алихан Байменов тоғызқұмалақ ойынын дамытуда әр кезеңде атсалысқан азаматтардың есімдерін ризашылықпен атап өтті. Талап Сұлтанбеков ,Рақымжан Кәрімбаев, Әбілдә Ақшораев , Серік Тілеубаев бастаған аға буын өкілдері тоғызқұмалақ теориясы мен оқыту әдістемесінің негізін қаласа, 90-шы жылдары әлеуметтік экономикалық шектеулерге қарамастан Несіп Жүнісбаев , Еркетай Иманбаев, Қайрат Жайлаубаев сынды ардагерлер қауымдастық құрып , жаттықтырушы , төреші , ойыншыларды жұмылдырып, ерен еңбек еткендігіне тоқталды.
- Халықтың көкірегінде, жүрегінде ұлттық дәстүрімізге,ұлттық мұрамызға деген сүйіспеншілік оны жандандырсақ деген үміт болды.Соның бір көрінісі 19 90 жылы алғаш Наурыз мейрамын тойлағанда біз Жезқазғанда тоғызқұмалақтың бірнеше тақтасын тауып,көшеде осы ұлттық ойынымызды ойнадық.Ондағы ойымыз халық біле берсе екен дегенбіз, олар тоғызқұмалақ деген сөзді біледі, бірақ сонда бірінші рет көрді. Тәуелсіздік жылдары тоғызқұмалақты демеуге кәсіпкерлерді жұмылдыру мен мемлекеттік қаржыландырудың жаңа деңгейіне қол жеткізудің нәтижесінде ұлттық ойынның дамуына серпін беріліп,оң шешімдер қабылданды. Сол шешімдерге жол ашқан вице министр Қайрат Әйтекенов пен Спорт комитетін басқарғанда ұдайы қолдау көрсеткен Елсияр Қанағатовтың еңбегін атап кеткен жөн. Біз Қазақстанда ғана емес , шет елдерде де ұлттық ойынымызды насихаттап , таратуға назар аудардық . 2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енді. 2009 жылы 2 маусымда Орал қаласында Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының құрылтайын өткіздік. Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов тоғызқұмалаққа демеушілікті жаңа биікке көтеріп , жанашырлық үлгісін көрсетті ,-деді федерация басшысы Алихан Мұхамедияұлы. Оның айтуынша, бүгінге дейін 5 Әлем , 4 Азия , 4 Еуропа чемпионаттары өтіп , оларға отыздан астам мемлекет өкілдері қатысса, Колумбия , Канадада , Литва мен Румынияда , Корея мен Ұлыбритания , Франция , Германияда жанашырлар мен қайраткерлер тоғызқұмалақ аясын кеңейтуге үлес қосуда. Бір атап кететін жәйт , Моңғолия, Қытай , Өзбекстаннан басқа елдерде тоғызқұмалақ қайраткерлері мен ойыншылары қазақтар емес , сол елдердің жергілікті ұлт өкілдері. Дүниежүзі федерация басшылығына Алихан Байменовпен бірге чех қызы Радка Незвалова , түрік азаматы Рауф Өзген , моңғолиялық Асылхан Сәкей мен мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов , және Мақсат Шотаев кіреді. Алғашқы Әлем чемпионаттарына Дінмұхаммет Аппазұлы Идрисов демеуші болып , Спорт комитетімен бірге жарыстардың сәтті өтуіне жағдай жасап, Канадалық iggamecenter.com және польшалықтар жасаған playok.com сайттарымен әріптестік орнатып , интернет арқылы ойнау мүмкіндігіне қол жеткізілген. Отандық мамандар Android пен ios жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірлеген.
«Қазіргі пандемия кезінде жүздеген онлайн жарыстар өтуде. Қазір 200 мыңнан астам адам 3000 дай жаттықтырушылардың көмегімен тоғызқұмалақпен айналысса , 10000 астам адам кәсіби деңгейде ойнайды. Егер 1977 жылы былтыр 90 жылдық мерейтойын атаған Дмитрий Поляков тұңғыш спорт шебері атанса , қазір 7 дүркін әлем чемпионы , тоғызқұмалақ шамшырағы Әсел Далиева бастаған Серік Ақтаев , Хакімжан Елеусінов , Ғалымжан Темірбаев сынды алғашқы Еңбек сіңірген спорт шеберлеріміз бар. Былтыр ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты. Білім және ғылым , Мәдениет және спорт министрліктері қолдауымен қазір барлық денешынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп , мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде» ,-деді федерация басшысы.Ал Қызылордада өткен ардагерлер жарысына қатысушылардың ұсынысы қазақтың зияткерлік ойынының бірегейі , ұлттың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісінің бұқаралық дамуына тағы бір серпін берілуі үшін бұл заңды , әділетті әрі қажет шешім болары сөзсіз дей келе Алихан Мұхамедияұлы федерация Үкіметке тиісті ұсыныспен шыққанын, оны Парламент депутаттары да қолдағандарына тоқталды.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов : « тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін "Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы ұсынысты бүгін Мәжілісте өзім бастап, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев,әріптестерім Қазыбек Иса, Берік Дүйсенбиевтар қолдап, Үкіметке хат жолдадық.Алдағы уақытта бұл ұсыныс қолдау тауып,9-қыркүйек ресми түрде тоғызқұмалақ күні болып белгіленеді деп ойлаймын. Ұлттық ойынымызды қолдап, оны жаңа биікке шығарсам деп еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларымызға, жанашырларымызға бәріңізге алғыс айтамын.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай:
- Бүгінгі уақыт,бүгінгі кезең барлық ұлттар мен ұлыстар үшін жоғалтқанын іздейтін уақыт деп ойлаймын. Қадыр Мырза-Әлидің : «Біздің тарих, бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деген өлеңі бар, сондай аяулы дүниеміздің бірі- тоғызқұмалақ ойыны. Мені Әлекең шақырып, Көкшетауда, Алматыда бір-екі жарыстардың куәсі болдым.Қазір бұл ойын өзінің жолына түсіп, қалыптасып келе жатыр. Қаншама шет елдерге барып, ұлттық ойынымызды біздің қыз-жігіттердің насихаттап жатқаны көңіл қуантады.Бұл ұлттық ойынымыз халқымыздың үлкен өркениетінің бір белгісі ретінде ұлтпен бірге жасауы керек.Мына жерде мыңжылдық тарихы бар деп жазулы тұрса, біздің кейбір зерттеушілеріміз оны төрт мың жылға,одан әріге дейін алып барады.Этнограф Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнологиясы» деген кітабын оқығанымда тоғызқұмалақтың төрт мыңжылдық тарихына тоқтала келіп, оның өркениетті түрі қазақ халқында қалған деп жазады.Бүгінгі кездесуде ойларыңыз тоғысып, тоғызқұмалақ күнін «Домбыра күні» секілді белгіленсін деген пікірлеріңізге қосыламын.Бүгін Семейде ақын Көпбайдың мерейтойы өтіп жатыр.Сол Абайдың шәкірттері, Абай мектебінің түлектері жаңа Әлекең айтып өткендей, осы ойынды аса бір іңкәрлікпен, ынтызарлықпен үзіп алмай, ойнап келген. Кешегі Алаш ардақтылары да ойнаған ұлттық ойынымызға құрмет көрсетіліп, «есі кірген ескісін іздейді» деген жақсы сөзді еске алып, бұқаралық сипатқа ие болса деймін.Бұл науқандық дүние емес, ұлттың ұлағатын іздеу,өткенімізге сапар шегу деп ойлаймын.Келесі жылы тоғызқұмалақ күні белгіленіп, бірге тойлауға жазсын деп тілеймін.
Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК Спорт дирекциясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы: - Бүгін бір өте қуанышты күн болып тұр. Мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ұлттық ойынымыздың күнін белгілеу жайлы ұсыныс қызу қолдау тауып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, әрбір өңірде жиындар өткізіліп, тоғызқұмалақты дамытуға серпін беретін шешім қабылданса деген ойларын жеткізіп жатыр.Болашақта тоғызқұмалақ күні белгіленсе,ол әрбір ауыл, қала, облыс орталықтарында аталып өтіліп, ұлттың рухын көтеретін спорттық іс-шаралар өткізуге ұласады деп санаймын.Еліміз егемендік алғаннан бері жаңа қарқын алған тоғызқұмалақтың дамуына атсалысқан аға буын ағаларымыз, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар еңбегін лайықты бағалап, ризашылығымызды білдіргеніміз жөн. Федерация басшысы Алихан Мұхамедияұлы тоғызқұмалақтың тізгінін алғаннан бері елімізде ұлттық ойынға жете мән беріліп,жүйелі жұмыс атқарылып келе жатқанын айтқым келеді.Облыстағы филиалдар ашылып, халықаралық деңгейге жеткізіліп, елордадада тоғызқұмалақтан алғаш әлем чемпионатын өткізгеніміз үлкен жетістік дер едім. Қазақ күресінен әлем чемпионаты өтіп жатқанда,осындай ұлттық ойынымыздан екінші болып тоғызқұмалақ сондай деңгейге көтерілді. Біз Ұлттық Олимпиадалық Комитетінен айтарымыз қазақша күресті олмпиадалық спорт түріне енгізейік деп жатырмыз ғой,тоғызқұмалақты да сондай дәрежеге жеткізейік деп мақсат етейік. Олимпиадалық спорт түрінен ұлттық спорт түрлері де кем болмауы тиіс. Сол жолда бірлесіп, жұмыла жұмыс істейік. Ойға алған мақсаттар орындалсын.
Кездесу соңында Алихан Байменов бүгінгідей іс-шаралар өңірлерде де жалғасын тауып жатқандығын, Жамбыл облысында тоғызқұмалақтың дамуын жоғары деңгейге көтерген Батырбек Күлекеевтің Таразда да осындай керемет іс-шара өткізгендігін жеткізді.
« Ресейдің Тюмень қаласынан Владислав деген бала тоғызқұмалақ күнін белгілеуді қолдаймын деп бейнежолдау жазып жіберіпті, біздің Дмитрий Поляков қазір 92дегі ақсақал, сол кісінің шәкірті Сұңғат болса, оның шәкірті Татьяна,Татьянаның шәкірті екен Владислав, бұл біздің спорттағы бірнеше буынның ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді.Осындай көңіл қуантатын жаңалықтар,ұлттық ойынымыздың жанашырлары арқылы тоғызқұмалақ күнін белгілеуге қол жеткіземіз деп ойлаймыз» ,- деген Алихан Мұхамедияұлы Нұр-Сұлтан қаласында тоғызқұмалақтың дамуына ерекше еңбек сіңіріп жүрген жаттықтырушылар Азамат Мұқантайұлы мен Дүрияш Қаратайқызына Федерация атынан Құттықтау хат пен өзінің «Темірқазық» кітабын, ақын Ғалым Жайлыбай жаңадан жарық көрген «Ай таңбалы арғымақ» кітабын табыс етті.
Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық