«Әкеміз атқарып жүрген жұмысының жауапкершілігі аз болмаса да, біздің тәрбиемізге, тиянақты, терең білім алуымызға үлкен мән беретін, біз оқыған қара шаңырақ №8 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы болып, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысатын, ата-аналар жиналысынан қалмайтын. Қазіргі бейбіт өмір үшін соғыс кезіндегі майдангер қаруластарының жанқиярлық ерлігі, байланысшы жауынгер болған өзінің де қар жастанып, су кешкен күндері жайлы естеліктерінде соңынан ерген жас буынға елін, жерін сүю керектігін баса айтатын»,-дейді бізге берген сұхбатында Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасының иегері, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», техника ғылымдарының кандидаты Саят Игісінов.
- Өндірісті өңірде өмірге келген, болашағынан үміт күттірген үздіктер қатарында болдыңыз, өзіңіз бала кезде армандаған мамандықты таңдадыңыз ба, ата-анаңыздың берген тәрбиесі өмір жолында қандай көмегін тигізді?
- Менің өмірімде Жезқазған қаласының алатын орны бөлек, ол мен үшін ерекше ыстық, кіндік қаным тамған сүйікті қала. Ұлтымыздың мақтанышы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, біртуар ірі тұлға академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ағамыз Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жүрген кезінде Байқоңыр ауылының маңында да зерттеулер жүргізіпті. Көкем (әкемізді осылай атайтын едік)сол кезде осы жерде Амангелді ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді екен. Байқоңыр төңірегін жақсы білетін көкем Қаныш Имантайұлының зерттеу жүргізуді жоспарлаған жерлеріне апарып, жанында жүріпті. Сондай сапарларда ғалым ағамыздан өндіріс ошағына айналып келе жатқан Жезқазғанның үлкен келешегі бар дегенді естиді. 1954 жылдың көктемінде әке-шешеміз қазіргі Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылынан ұрпағымның келешегі қалада деп арман арқалап Жезқазған жұмысшы кентіне көшіп келіпті. Сол жылдың 20-желтоқсанында Үлкен Жезқазған жұмысшы кентіне қала статусы (мәртебесі) беріледі, ал екі айдан кейін, яғни келесі 1955 жылдың ақпанында мен дүниеге келіппін. Сондықтан мен өзімді Жезқазғанның құрдасымын деп есептеймін. Менің балалық шағым, саналы ғұмырымның негізгі бөлігі, дәлірек айтсам 53 жылы осы қалада өтті.
Осы тұста әкем Төлеубай Игісінов туралы айтып өткім келеді. Ата-анасының жалғыз ұлы болған әкеміз жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарына дөп келгендіктен, елдің басына күн туған шақта, қолына қару алып, көптеген қазақ жігіттері мен қыздары сияқты соғыс майданында өткізді. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысы жылдары 1-Украин, 1-Белорусь фронттарының құрамында алғы шепте байланысшы болған. Берлинді алу үшін болған шайқасқа қатысқан. Соғыстағы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерен ерлігі үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдармен, сонымен қатар бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Еңбек Қызыл Ту орденді «Қазмысқұрылыс» тресінде жол құрылыс шебері болып жұмыс істеді. Анамыз Үрләш Игісіновамен 2 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген,балаларының болашағын ойлап, мысты шаһарға қоныс аударған әкеміздің арманы мен ойлары жүзеге асты деп айта аламын.
Әкеміз атқарып жүрген жұмысының жауапкершілігі аз болмаса да, біздің тәрбиемізге, тиянақты, терең білім алуымызға үлкен мән беретін, біз оқыған қара шаңырақ №8 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы болып, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысатын, ата-аналар жиналысынан қалмайтын. Қазіргі бейбіт өмір үшін соғыс кезіндегі майдангер қаруластарының жанқиярлық ерлігі, байланысшы жауынгер болған өзінің де қар жастанып, су кешкен күндері жайлы естеліктерінде соңынан ерген жас буынға елін, жерін сүю керектігін баса айтатын. Еңбек және соғыс ардагері ретінде қалалық әскери комиссариаты әр түрлі кездесулерден қалдырмай шақыратын. Облыстық басылымдарда әңгіме, өлеңдері шығып тұратын. Біздің бойымызға адалдық, әділдік сияқты адамгершілік қасиеттердің дәнін сеуіп, жан-жақты тәрбие берді. Жағымпаздық, жасандылық, өтірік айту сияқты жиіркенішті қасиеттерді жаны сүймейтін. Әкеміздің сондай қасиеттерін балалары да бойына сіңірді. «Балаларымның бәріне де жоғары білім алуға жағдай жасауым керек» деген мақсатына жетті. Біз әр түрлі мамандық бойынша жоғары білім алып сауда және құрылыс саласының экономистері, гигиенист-эпидемиолог дәрігері, құрылыс, тау-кен, автокөлік инженерлері дипломдарын алдық. Екі баласы Мәскеуде білімдерін жалғастырып, техника ғылымдары бойынша кандидаттық диссертацияларын қорғадық, еліміз егемендік алғанының арқасында 3 немересі «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ, Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында телекоммуникация, IT мамандықтары бойынша білім алды.Ата-аналарымыздың атына кір келтірмей Жезқазған, Қарағанды, Астана қалаларында әр салада еліне, халқына адал қызмет атқарып келе жатыр, алды зейнеткерлікке шықтық.Осылайша,біздің жағдайымызды жасап, болашағымызды ойлап,1954 жылы Жезқазғанға көшіп келген әке-шешеміздің арманын ұрпақтары лайықты жалғастырып келеді. Көкеміз көрмеген балаларының, немерелерінің, шөберелерінің қызығын өзі батасын беріп кеткен тоқсанның төріне шыққан жұбайы- Үрләш анамыз көріп отырғанына шүкіршілік етеміз.
Өзім№8 мектепте білім алып, 1972 жылы ойдағыдай аяқтадым. Мектеп табалдырығын аттап кіргеннен мектеп директоры Нәписа Шенеуова апамыз бастаған ұжымның әліппені танытқан Ғайныш Ермағанбетова, жоғары сыныптардағы жетекшім Түймекеш Аманжолова, пән мұғалімдері Зейнекеш Ғабдуллина, Мұқатай Жармағанбетов, Жолдас Жүсіпов, Аниза Қалмағанбетова т.б. аға-апаларымыз өмірлік азық болған негізгі білім нәрімен сусындатты.
Мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмай 1973-1975 жылдары Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобы құрамында Отан алдындағы әскери борышымды атқарып келдім. Содан кейінгі 1975 жылдан бастап 2008 жылғы дейінгі өмірім алғашқыда ҚарПТИ Жезқазғандағы филиалы, тау-кен технологиялық институты, кейін университетпен байланысты болды. 1980 жылы ҚарПТИ Жезқазғандағы филиалы 2-3 мамандық бойынша тұңғыш рет күндізгі бөлімде жас мамандар даярлап шығарды. Мен сол жылы «Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс» мамандығы бойынша аяқтаған соң үйдің үлкені болғандықтан құрылыста еңбек етіп, кейінгі інілерімнің жоғары білім алуына қамқорлық жасамақ ойым болып еді, «менің әзір күш-қуатым бар, әрі қарай жұмыс істеп өзім оқытамын» деп көкем зейнетке шыққаннан кейін де он жылдай мемлекеттік банкте қызмет істеді. Кафедра тарапынан институтта қалуыма ұсыныс болып еді, көкемнің «кездейсоқ үздік диплом алмағаныңды дәлелде, әрі қарай оқып біліміңді жетілдір» деген сөзі қамшы болып, институттағы еңбек жолымды бастадым. Ол кезде Мәскеудің жоғары орындарына аспирантураға түсу алдында міндетті түрде ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өту керек болатын, оған ілігу үшін сол оқу орындарының алдын ала келісімін алу оңай емес еді. Сол кездегі филиал директоры Мүсілім Тоқтамысов ағамыз жас мамандарды қолдап Мәскеу, Ленинград қалаларының, Украинаның жоғары оқу орындарына ғылыми-зерттеу тәжірибесіне қабылдау туралы хаттар жіберіп, алғашқы жылғы түлектер Мүталап Бектайұлы екеуіміздің жолымыз болып,Мәскеудің инженерлік-құрылыс және автокөлік-жол институттарына жолдама алдық. Мен 3-4 айдай бұрын барған едім, бұған дейін өз бетімше сыртқа шықпаған, оның үстіне мұндай үлкен мегаполис көрмеген маған үйреніп кету қиындау болды, әсіресе жатақхана бермейтіндіктен пәтер табу оңайға түспеді. Мен үшін осындай қиын кезеңде кардиоорталық аспиранты Ахметов Мұхамедия ағамыз моральдық жағынан үлкен қамқорлық жасады.Мәскеудің тұнжыраған қара бұлттары еңсеңді басып, көңіл-күйім болмай ол кісіге келгенімде «Саят саған берілген мұндай мүмкіндік әркімге беріле бермейді, үй-ішің, оқу орны үлкен сенім артып, жолдама беріп отыр, сол үмітті ақтауың керек. Мен мұнда келгенде ешкімді танымайтынмын, Жезқазғанда жұбайым қалды төрт баламен, оларды сағынған кезде мен мына домбырамды тартып, сағынышымды басамын. Мен сияқты сенің жұбайың жоқ үйде, үйді сағынған кезде маған келіп тұр» деп әрі ақылын айтып, әрі жігерлендіріп қоятын. Кейінгі жылдары қатарымыз толығып Әлихан Мұхамедияұлы, Әбдікәрім Әбжалелұлы, Әбдіғаппар Сейітұлы, Бақытжамал Жакенқызы, Ырысты Базарәліқызы т.б. келіп, бір-бірімізге сүйеу, демеу болып, арамызда адал достыққа ұласқан жезқазғандықтардың жақсы бір ұйымы қалыптасты. Сол достығымыз бүгінгі күнге дейін отбасылық тығыз қарым-қатынасымызға жалғасып келеді.
- Облыс жабылған жылдары Жезқазған қаласының бұрынғы дүркіреген атағын шығарған білікті мамандары қызмет бабымен жан-жаққа қоныс аударды, сол кездердегі қиындықтарды еңсеру, бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселесі қалай шешілді? Қаладағы екі бағытта білім беріп келген жоғары оқу орындарын біріктіру білім сапасына кері әсер еткен жоқ па?
-Жезқазған университетінде ассистенттен проректорға дейінгі 28 жылдық еңбек жолын өттім, соның жартысына жуық мерзімде факультет деканы болыппын. Осы жылдары әріптес болып қызмет істей жүре жоғарғы мектептің қыры мен сырын үйреткен, Ғибадулла Қабышұлы, Қали Қишауов, Мұқаметжан Ауезов, Өміртай Жалелов, Сері Рыспаев т.б. ағаларымды әрқашан ілтипатпен еске алып отырамын. Еңбек жолымда қандай да бір жетістіктерге жетсем бұл кісілер ата-анамнан кейінгі сол жетістіктерге қол жеткізуіме белгілі бір деңгейде үлес қосты десем қателеспеймін.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін білім беру саласын да халықаралық стандарттарға көшіру бағыттарының бірі ретінде қаламыздағы тау-кен технологиялық және педагогикалық институттарын университетке біріктірді. Бұл үрдіс жас мамандарды дайындау сапасына кері әсер ете қойған жоқ деп ойлаймын. Мысалы, тиісті оқулықтар, нормативтік-техникалық әдебиеттер мүлдем жоқ болғанына қарамастан 1991 жылдан бастап Жезқазғанда еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып құрылыс мамандары мемлекеттік тілде дайындала бастады. Кафедра оқытушыларын мамандық пәндерін қазақ тілінде жүргізуге жұмылдыру оңайға түскен жоқ, бірақ сол қиындықтарды жеңе отырып 1996 жылы алғашқы қазақ топтары дипломдарын алып, өндіріске жолдама алды. Негізгі мамандық пәндері бойынша қазақ тілінде оқулық құралдар, дәрістер, оқу-әдістемелік нұсқаулар дайындалып, басқа қалалардағы оқу орындарына да таратылды. Жоғары оқу орнында жұмыс істеген жылдары басым көпшілігі қазақ тіліндегі қырыққа тарта оқулық құралдары, әдістемелік нұсқаулары, ғылыми мақалалары баспадан шықты.
Ал, сіздің сұрағыңызға қатысты айта кетсем,шаhардағы әртүрлі екі бағыттағы оқу орындарын біріктіру өндіріспен байланысқа салқынын тигізген сияқты. Тау-кен технологиялық институты кезінде өндіріс орындарының сұранысына сәйкес тиісті құжаттар дайындалып (оқу жұмыс жоспарларын, мемлекеттік стандарттар т.б.), Білім министрлігінің рұқсатымен оларға қажет жаңа 5 техникалық мамандықтар ашылып студенттер қабылдана бастады. Инженерлік мамандық алған түлектердің көпшілігіне (80-90% дейін) «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс орындарына жұмысқа орналасуға жолдама берілетін. Бірқатар кафедралар өндіріспен ғылымды байланыстырудың бір жолы болып табылатын шаруашылық келісім негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келді.Бұл жұмыстар негізінен жерлестеріміздің шаң-тозаң, зиянды газдар бөлінетін шахталардағы,өндіріс ғимараттарындағы еңбек жағдайын жеңілдетуге, техника қауіпсіздігін, олардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған еді. Мысалы, менің жетекшілігіммен аталған корпорацияның өндіріс бөлімдері (Жезқазған, Сәтбаев байыту фабрикаларының №1,2 бас корпустары, мыс қорыту заводының екі корпусы) ғимараттарының құрылыс конструкцияларының техникалық жағдайын тексеру нәтижесінде, оларды нығайту немесе айырбастау жөнінде тиісті ұсынымдар жасалды. Сонымен қатар мыс қорыту зауытынан түтін арқылы шығатын ауыр металдарды тұтып қалатын фильтр қою бойынша жұмыстар басталып аяқталмай қалды. Кейінгі жылдары (2001-2002 жылдардан бастап) осы сияқты жұмыстар өз жалғасын таппай тұрып қалды, университет түлектеріне де сұраныс азайып кетті.
- Өткен мен бүгінді салыстырып қарасақ, тәуелсіздік алған жылдары өмірге келген жастардың алдыңғы буыннан өмірге көзқарастары мен білімге ұмтылысында айырмашылық бар ма? Кеңес Одағы кезіндегі алған білім қазіргі озық технологияларды меңгеру мен жаңашылдыққа бейімделуге мүмкіндік бере ала ма, Сіз техника саласында ғылыми еңбек қорғадыңыз, заман талабынан қалмай еңбек еттіңіз ғой...
Кеңес дәуірі кезінде шет ел түгілі Одақтың ірі қалаларына оқуға түсу (жоғары білім болсын, аспирантура болсын, докторантура болсын) оңай емес болатын, әр мамандық бойынша ЖОО квота бөлініп, оған конкурстық негізде қабылдайтын. Бірақ сол кезде мектеп те, жоғары оқу орындары да терең, тиянақты, жан-жақты білім берген сияқты. Инженер дипломын алып шыққан түлек өз саласы бойынша, мысалы құрылыс-инженері өндіріс технологиясынан да, оны ұйымдастырудан да, конструкцияларын есептеуден де, оның экономикасынан да белгілі бір дәрежеде білім алып шығатын. Сол кезде алған білім деңгейі олардың қазіргі озық технологияларды меңгеруіне, оларды игеруге бейімделуіне аса қиындық туғызған жоқ деп ойлаймын. Бәрі де адамның өзіне, дүниетанымының кеңдігіне, жаңашылдыққа деген бейімділігіне байланысты ғой. Тәуелсіздік алған жылдары өмірге келген жастардың қазір мүмкіндігі өте жоғары. Талаптанған жастар әлемнің таңдаған озық оқу орындарында да, еліміздегі қалаған оқу орнында да білім алуына болады. Меніңше мәселе қай жерде, қандай оқу орнында оқығандығында емес,ойлау қабілетінің жоғарылығы мен ой-өрісінің кеңдігі, бойына еңбекқорлық, ізденгіштік,отансүйгіштік қасиеттерді қаншалықты сіңіре алғандығында деп ойлаймын.Әлемдегі жаңа технологиялары дамыған елдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып, сол технологияларды еліміздің экономикасын көтеру үшін қолданысқа енгізу уақыт талабы, бұл үрдістен кейін қалып қоюға болмайды. Бірақ бүгінгі күні жастар жағы ұмытыңқырап бара жатқан ұлттық құндылықтар тіл, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнер-мәдениетті жоғалтпауы керек. Ұлттық тәрбиесіз заманауи білімді игерген жастарымыз елді көркейту емес керісінше қоғамға зиян келтіруі мүмкін.
2005 жылы жерлесіміз елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов президенттікке үміткер болды. Мен ол кезде тау-кен институты директорының орынбасары ретінде оқу процесі бойынша студенттермен тікелей жұмыс істедім. Үміткерді жақсы білетіндіктен университет, қала басшылығының ашықтан-ашық қарсылығына қарамастан досымызды қолдап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім.
Студенттермен сұхбат, кездесулер кезінде оларға : « Әлихан да сендер сияқты осы оқу орнында оқып, осы жерде еңбек жолын бастап, ғылымға бой ұрып, өзінің біліктілігін, білімділігін көрсетіп, облыс деңгейіндегі үлкен жауапты қызметтерді осы қалада бастаған, болашақта сендер де осындай аға буынның жолын жалғайсыңдар, еліміздің үкілеген үмітісіңдер, ұлттың болашағы - өздеріңдей білімді ұрпақтың қолында» деп шабыттандыруға, кемел келешекке сеніммен қараңдар деп үміттендіруге тырыстым. Пессимист болмасам да кейде өзімізден кейін өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың келешегі, қазіргі уақыттағы жастарымыздың қоғамдағы, қызметтегі лайықты орнын алуға кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық мәселесі мені қатты толғантады, үрейлендіреді. Өкінішке қарай, осы себептен де өздерінің білімін тиісті салада, тиісті деңгейде дұрыс қолдана алмай жүрген көптеген жастар шет елге кетіп қалып жатыр. Дегенмен тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміз алдағы уақытта адам потенциалының, жер қойнауының байлығына сәйкес дәрежеде жаңарып, әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.
- Елордаға қоныс аудардыңыз, білім саласынан өндіріске ауыстыңыз, өмірде өзіңіз армандаған биіктерді бағындыра алдыңыз ба?
- Жезқазғаннан ешқайда кетпеймін деп жүргенде ойламаған жерден 2008 жылы Астанадағы белгілі бір жоғары оқу орнына бірінші проректорлық қызметке ауыстым. Маңдайшасындағы жазуы айқайлап тұрған оқу орнындағы оқытушы-профессор құрамын, ондағы оқу процесін, оның сапасын, жалпы еліміздегі білім беру жүйесінің бизнеске айналып кеткендігін байқап, қынжылдым. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай ,мыңдаған студенттерге білім, ілім ғана емес ақыл-кеңесімді айтып, өмірлік тәжірибеммен бөлісіп, елімізді сүюге бағытталған тәлім-тәрбиелік жұмыстар жүргізген жоғары мектептен, білім саласынан кетуге бел байладым. Сөйтіп өндіріске, яғни «Қазақтелеком» АҚ еліміз бойынша әкімшілік, сервис пункттері ғимараттарын тиісті жұмыс жағдайында күтіп ұстауды қамтамасыз ететін бөлім басшысы болып ауысып, осы компанияда 12 жылдан астам уақыт қызмет істеп, 2020 жылы зейнеткерлікке шықтым.
Бүгінгі таңда жетекшілік еткен кафедрамның бірнеше жүздеген түлектері еліміздің көптеген қалаларының құрылыс алаңдарында тұрғын үй, азаматтық және қоғамдық обьектілерді салып, жемісті еңбек етуде. Кезінде кафедрада қалдырып, жетекшілік етіп, Мәскеу оқу орындарының аспирантурасына түсуінің ұйымдастыру мәселелері бойынша жағдайын жасап, тақырыптарын дайындап ғылым жолына бағыт-бағдар берген 5-6 шәкірттерім еңбегімді ақтап кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты. Осындай шәкірттер қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Е.Сабитовты, «Назарбаев университетінің» энергия тиімділігін жоғарылату жобасының жетекшісі, Дүниежүзілік банктің ҚР энергия тиімділігін жоғарылату жобасының энергетика бойынша бас техникалық маманы С.Есенқабыловты, жобалау компаниясының директоры Д.Темралиновты, «Үлгілік және тәжірибелік жобалаудың ғылыми-зерттеу институты» ЖШС (Тұрғын үй институты бұрынғы «Астанагорпроект») жетекші маманы Қ.Телқоңыровты т.б. айтуға болады.
Текті жерден, көп балалы тәрбиелі отбасынан шыққан құдай қосқан қосағым Гаухармен бірге көзіміздің ағы мен қарасындай қос қуанышымыз Дарын және Айгерімнің бойына үйімізде әке-шешелерімізден көрген өнеге-тәрбиемізді сіңіріп, баулып келеміз. Дарын мемлекеттік қызметте жүр, абыройлы еңбегімен ел игілігі үшін қызмет еткен аға буынның ізін жалғастыратын ұрпақтың өкілі болса деген үмітіміз бар. Былтыр бір басы екеу болып, отбасымызбен көптен күткен қуанышқа кенелдік, Қожа еліне құда атанып,өнегелі отбасынан шыққан, ата-ананың жақсы тәрбиесін көрген Балнұр атты келін түсірдік, биыл мамыр айында шаңырағымыз шаттыққа бөленіп, дүниеге тұңғыш немереміз келді. Қызымыз Айгерім Пекин қаласындағы авиация және космонавтика университетінде қытай тілін игеріп келіп, бизнес мекемесінде қаржы-есеп жағында қызмет атқаруда.
Туған қаламнан қоныс аударып, елордаға келу де балаларымның келешегі үшін деп кезінде көкем жасаған қадамның жалғасы сияқты десем болады. Жас ғұмырын оқ пен оттың арасында шыңдап, ұрпағының болашағы үшін қолдан келгенін жасап, бейбіт өмірдің берекесін кіргізген, еңбегімен ел құрметіне бөленген әкенің аманатына адалдық танытып, жолын лайықты жалғаудан артық бақыт жоқ деп санаймын.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық