«Отбасы құндылықтарын негізге алу арқылы ғана еліне адал, бар жан-тәнімен беріліп қызмет ететін жастарды тәрбиелей аламыз. Ол үшін әркім өз отбасын әкенің патшалығына, ананың әлеміне, баланың жұмағына айналдыруы бүгінгі күннің басты тақырыбы болуы керек», -дейді техника ғылымдарының кандидаты,Президент Әкімшілігінің орындалуды бақылау құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі Мүталап Бектайұлы Әбсаттаров.
- «Отан отбасынан басталады» десек, елге қызмет етудің бастауын әр азамат өзін қанаттандырып ұшырған ұясынан іледі, алған тәлімін әулеттің аманаты мен парызы деп біледі, ордалы шаңырақ атанып, он бала тәрбиелеп өсірген ата-анаңызды еске алғанда өткен мен бүгінді жалғастырар қандай отбасылық құндылықтарды атап айтар едіңіз?
- Иә, дұрыс айтасыз,Отанды сүю отбасынан басталады. Бала ұяда ілгенін еліне қызмет етуіне жарата алмаса, ордалы шаңырақтың отбасылық құндылықтарының да іске жарамағаны, өміршең болмағаны. Қазір өз балаларымызды тәрбиелеп өсіріп жатқан күндері кешегі әке-шешеміздің әрбір айтқан ақыл-сөздері, үлгі болар іс-қимылдары ой-санамызға жиі оралады. Әкем Бектай мен анам Күлжамал бес ұл,бес қыз, яғни он бала тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің қанаттарын қатайтып, ұлдарын ер жеткізіп, қыздарын бой жеткізіп, аяқтандырды. Бәрінің бірдей қалаған мамандығы бойынша жоғарғы білім алуына жағдай жасап, еңбек етіп, тер төкті.Біздің ордалы шаңырақтың отбасылық құндылықтары сонау Әбсаттар атамыздың атасы Баймағамбет бабамыздан бастау алады. Мәрия әжем жиі айтып отыратын: «Баймағамбет аталарыңның елі ұлықтап қойған лақап аты Құл,үнемі ауылдың қатты қайырым қара шаруаларының басында жанын салып жүреді,адал еңбегінің құлы болып тер төгіп, несібесін емген отағасын әулеті осылай атапты.Отбасына ақ адал еңбекпен кірген кірістен басқа көлденең табысты көңілі қаламайтын кісі болған. Ол заманда бір-бірінен мал ұрлайтын барымтаның кезі, қазанға түсетін еттің қайдан келгенін біліп бола бермейтін уақыт, имандылықтың тізгінін берік ұстаған ата дәстүрі бар қазақ ауылдарының қария ақсақалдары адал таза еңбегімен келген дәм-тұзы бар дастархан иесіне ерекше құрметпен қарайтын.Сол заманда ауылға алыстан шаршап-шалдығып келген, іргесінен жолаушылап өтіп бара жатқан көрші ауылдардың көпті көрген ақсақал үлкен кісілері «қай үйге, кімнің шаңырағына құдайы-қонақ болып түстенуге ат басын тірейміз» деп бір-бірінен сұрайды екен. Сонда «Қара қазанына арам ас түспеген, Мөнектің немересі Құлдың үйіне түсейік» деп шешім қабылдап, көп жағдайда атамыздың шаңырағына түстеніп, қонақ болуды қалайды екен...».Адал еңбегімен күн көрген, сол бабамыздың дастарханынан дәм бұйырған елдің игі жақсыларының берген ақ ниет баталары шығар,кейде ордалы шаңырағымызға қырықтың бірінің қыдыры дарыды ма деп те ойлаймын.
Одан бергі уақытта Әбсаттар атамыздың еңбекқорлығын, ауылдың мықты кісілерімен жарысып шөп шапқан кезде алдына жан салмаған, Қарсақбайдың кен рудасын алыс жолға тасымалдау үшін түйемен кіре тартқанын естідік. Ағаштың шебері, темірдің ұстасы, етікші болған, төрт түлік малдың тілін білген, тоқсан жасқа дейін жылқы бағып асау тайға да бас үйреткен қайратты келбетін, діни білімі терең пірадарлығын көріп өстік.
Кешегі сұрапыл соғыстың ардагері Бектай әкеміз он саусағынан өнер тамған, темірден де ағаштан да түйін түйген, суретші, мүсінші, оқуын оқымаса да туа біткен дала инженерінің өз қолымен жасаған талай дүниесін көзіміз көрді. Сол кішкентай ғана дүниесі дайын болған кезде әкеміздің жас балаша ерекше қуанғанын да көрдік. Маржандай тізілген әріптермен көз майын тауысып руының, әулетінің шежірелерін, туыс-туғандарға арнап өлеңдер жазатын.Үйдің жиһаздарын, жабдықтарын жасап, қора-қопсыны жөндеп, жылқының ер-тұрман-ноқта-жүгендерін, қиыннан қиыстырып, жоқ сайманмен жоқтан бар жасаған кездердегі тапқырлығы мен шеберлігіне, инженерлік шешіміне көрші-көлемнің бәрі де таң қалатын...Әкенің өнермен өрген бұл кәсібін балаларының бәрі де жақсы игерді, бүгінде оның кешегі өз қолымен жасаған әрбір бұйымын дәл сондай шеберлікпен жасап бере алады...
Анамыз Күлжамал атам мен әжемді де қартайған шағында баласындай күтті, балаларын да қарт кісілерді құрметтеуге баулыды,олардың өмірдегі, отбасындағы қадір-қасиетін түсіндіре білді. Немерелері де ата-әжесіне бауыр басып қамқорлық көрсетіп, анасына үлкен септігін тигізді. Одан қалды атамыз бен әжеміздің қатар жүрген замандастары үйімізге жиі келетін. Анамыздың қою қара шайы мен тәтті дәмін рахаттана бойларына сіңіріп, таң атқанша әңгіме-дүкен құрып, үйден аттанарда таңғы ақ баталарын беріп кететін. Үйімізге қанша қонақ келсе сонша рет дастархан жайылатын. Анамыз балаларына қарап ошақтың отын сөндірмей үйде отырды, үкіметтің дағдылы жұмысына барған емес. Бір жылдары анам отбасының қаражатына сеп болсын деп құрылысшы-сылақшы болып жұмысқа тұрады. Бір күндері құрылыс материалдары жоқ, жұмыс тоқтап қалады, бірақ сол кездің тәртібімен жұмысшыларға жалақы беру үшін жалған айлық-наряд толтырылып ақша төленеді.Ол жалақыдан анам марқұм «бұл айда нақты жұмыс атқарған жоқпыз ғой» деп бас тартады. Міне осындай табиғаты адал анамыздың «кісінің ала жібін аттама, кісіге қиянат қылма» деген қағидасын бойымызға сіңірдік. «Өз қолыңмен, маңдай теріңді төгіп жасаған еңбегіңмен келген дастархандағы дәмің тәтті болады» деп көп айтатын.
Иә, ол кездер жоқшылық уақыт, он баланың несібесін тауып беру бір әкеге оңай болған жоқ... Отбасының берекесі жоқтан бар жасаудан басталады, береке бар жерде қуану да, ынтымақ пен бірлік те бар. Әке-шешеміз «жоқ» деген сөзді түсінсең ғана «бар» болған кезіңнің бақытын бағалай аласың деп үйрететін.
Үлкеннің кішірейіп қалған киімдерін кішілер киіп өсті, үлкеннен қалған зат қана кішінің еншісіне өтетін. Әкеміздің байқаусызда ашумен айтып қалған қатты сөздерін шешеміз жұмсартып дер кезінде бізге түсіндіріп отыратын. Даладан баласы басқа балалармен төбелесіп тіпті таяқ жеп келсе де кінәні өз баласының бойынан іздейтін. Баланы атасы мен әжесінің тәрбиесіне сеніп тапсырып, кішкентайынан олардың қойнына салып бауыр бастырудың өзі үлкен көрегенділіктің белгісі.
Бұл құндылықтарды кезінде балалық ақыл-қабілетімізбен жете түсіне алмай оларға ренжісек те «ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген бабалар қағидасын өз балаларымызды тәрбиелеген кездерде жақсы түсініп жатырмыз.Осындай ата-бабаұлағатымен балаларына адами тәрбие бере алған әке-шешеміздің рухына күн сайын басымызды иеміз.
- «Қарсақбайдан Берлинге дейін» жорық жолын жүріп өткен әкеңіздің өнегесі мен кезінде «Жезқазған тарихы» деректі фильмінің кейіпкері болып жарқырап, 47 жасында өмірден өткен асыл анаңыздың арманын ұрпағы қалай жалғастыра алды?
- Қанды қырғын майданның 4631 шақырым соқпақтарын Қарсақбайдан Берлинге дейін бес жылда толарсақтан саз кешіп жүріп өтіп, бес жерінен ауыр жарақат, екі рет контузия алып, бес жауынгер ордені мен он алты медалін кеудесіне таққан бір әкенің балаларға берер өнегелі тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Өлім айбалтасымен 1365 күн бетпе-бет арпалысып өмірдің құнын соншалықты терең түсінген әке ғана балаға ұлағаты үлкен өміршең тәрбие бере алады. Соғыс ардагерін жастарға патриоттық әңгіме айту үшін қала мектептері, әскери бөлімдер жиі шақыратын. Көршіміз Сүтемген Бүкіров досы екеуі отырып тілімізге, тарихымызға жасап отырған заманның қиянатын көп әңгіме ететін. Орыстанып кеткен қаланың көше аттарын қолға алып, тұңғыш рет үкіметтің қатаң саясатын жарып, «Ақын Тайжан» көшесін жарыққа алып шықты.Әкеміздің облыстық «Жезқазған туы» газетін «Сарыарқа» деп атау керек деген қисынды бастамасына да ресми мекемелер қарсы тұра алмады. Әрине, бұлардың бәрі де баланың елін сүйіп өсуіне үлкен тәрбие сабағы болды.
Анамыздың да бізге жасаған орасан еңбегін айтып жеткізу қиын. Жезқазған тарихында анамыздың жұлдыз болып жарқырай беруі үшін балалары мен немерелері де Алланың қалауымен әлі-ақ еліне арнаған талай қызметін сіңіреді, маңдай терін төгеді. Әке-шешеміздің арманы балаларын қатарынан кем қылмай өсіру, қалаған мамандығы бойынша жоғарғы білім беру, қиясына ұшырып, ұясына қондыру, еліргесінің кетігіне бір кірпіші етіп қалау болатын. Бұл армандары бүгінде толық орындалды. Орта мектепті екі баласы алтын медальмен бітірсе, қалғандары бір ғана «төрт» деген бағасы бар үздік аттестатпен тәмәмдады.
Үлкен апам Бейсенгүл тіс дәрігері болды, зейнеткер, әкеміз бен анамыздың орнындағы бүгінгі ақылшы қамқоршымыз. Бауырлары апасының қабағына қарап, айтқанын заң деп қабылдайды.
Қалдыгүл қарындасым мен Болат інім құрылысшы мамандығын игерді. ҚалдыгүлҮкімет аппаратында мемлекеттік қызметке 20 жыл еңбегін сіңірген бүгінгі зейнеткер, бес баланың анасы, жиендерім бүгінде Қорғалжын ауданының егін өсіруші белді фермер-дихандары.
Болат жастайынан бауырларым мұқтаждық көрмесін деп, әкесіне көмекші болып, ауыр еңбек жолына ерте араласты. Жезқазғанда мектепте бір сыныпта бірге оқыған Едіге Көбенов досымен бірлесіп бастама көтеріп, тұңғыш «Жұлдыздар» атты комсомол-жастар-құрылыс бригадасын құрды, құрылыс компанияларында басшы қызметтерде жүріп өз қолымен тұрғызған көпқабатты зәулім үйлері Жезқазғанда да, Елордамызда да жетіп артылады.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,мектепті алтын медальмен бітірген, Талғат інім бүгінде бидай дәнді дақылдарының қазақ топырағында өсіп өнуінің генетикалық заңдылықтарын зерттеу ісіне сүбелі үлесін қосып жүрген республика деңгейіндегі үлкен ғалым, ағайындылар арасындағыәділдіктің туын берік ұстаған,пікірталас дауымыздың соңғы нүктесін қоятын төбе биіміз.
Қайрат інім жастайынан жігеріне де жүрегіне де жалын ұялатты.Инженер-механик, экономика менеджері мамандықтарының оқуын оқып, көлік, байланыс, атом өнеркәсібі, еңбекті, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, халыққа қызмет көрсету салаларының мемлекеттік органдарында басшылық қызметтер атқарды, бүгінде туған қаласының әкімі. Ішімізде жаңаша бағыттағы өткір пікір-ойларын тереңінен, батыл, ортаға салып отыратын әкесінің жүрегінен ерекше орын алған ұлы ғана емес, туған жеріне туын тіккен, еліне қызмет еткен, парасаты биік азамат.
Гүлжанат пен Гүлнәзира қарындастарым біреуі орталық мемлекеттік қаржы органдарында көп жыл қызмет атқарды, ал екіншісі Елордамызда жеке тіс емханасын ұйымдастырып,белді кәсіпкер-дәрігер болып отыр.
Кенже бауырларым Наурызбай мен Салтанат. Әулетіміздің қарашаңырағындағы Наурызбай, бес баланың әкесі,Қазақмыс корпорациясының кен байыту фабрикаларында көп жылдар бойы басшылық қызметтер атқарды, бүгінде Қаражал кен орынының бас инженері. Салтанат қарындасым Жезқазған түсті металл ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас қаржыгері.
Міне осылайша,отбасымызда көрген өнегемізбен, бойымызға сіңірген әдебімізбен ата-бабамыздың аманаты мен әке шешеміздің арманын ұрпағы лайықты жалғастырып келеді.
-Сіз Жезқазғанда білім алып, Мәскеуге барып ғылымға құлшыныс танытып, елордаға қоныс аударып тәуелсіздік тұғырын нығайтуға үлес қосып жүрсіз, өмір өткелдерінде қабылдаған шешімдеріңіз,достарыңыз бен отбасыңыз жайлы тоқталсаңыз...
- Мен Жезқазғандағы № 8 мектептің түлегімін. Менің Мәскеуге жол салуыма екі мүмкіндігім болды. Біріншісі орта мектепті алтын медальмен бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсу үшін шешуші пән математикадан бес деген баға алған күні маған Білім министрлігінің жолдамасымен Мәскеудің жоғарғы оқу орынын таңдауыма мүмкіндік берілді. Атам марқұм ең алғаш көрген қызығы үлкен ұл немересін алысқа жолға жіберуге жүрексінді, анамаатамның ақылы да менің аса қатты құлшыныс білдірмегенім де ұнады. Әкем атамнан асып шешім айтқан жоқ, менде де әлі балалық сезім басым, отбасының жұмағынан шыққым келмеді. Екінші рет Жезқазған тау-кен институтында үшінші жыл оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезде ғылымға құлшынысымды Мүслім Тоқтамысов,Ғибадолла Жәкенов әріптес ұстаз ағаларымыздың қолдауымен Мәскеу автомобиль-жол институтының аспирантурасына жолдама алып, аман-есен тәмамдап, ғылым кандидаты дәрежесін қорғап елге келдім. Білім алып бауыр басқан институтымда он жылдай оқытушылық қызмет жасадым, автомобиль көлігі кафедрасының оқу бағдарламасына, ғылыми жұмыстарына, оқу-әдістемелік зертханасын студенттердің ғылыми ізденіс-жобаларын әзірлеп қолдан құрастырған жаңа қондырғылармен жабдықтап дамуына жетекшілік үлесімді қостым.
Мәскеуде ғылым іздеп жүріп екі тіркемеден құралған автомобиль пойызының қозғалыс механикасы теориясына айтарлықтай үлесімді қостым. Қозғалыс теориясының екінші дәрежелі дифференциалдық теңдеуінің аналитикалық шешуін жоғары математика тәсілдерімен дәлелдеп шығардым. Бұл «автомобиль-тіркеме-тіркеме» звенолары арасындағы ілмектердің детальдары арасындағы саңылау мен серпімділіктің оңтайлы сандық мәнін пойыздың басқа да негізгі механизмдері мен тетіктеріне ең төменгі жүктеме түсуі тұрғысынан тез арада есептеп шығару ғылымына ең алғашқы мүмкіндік берді. Көп тіркемелі автопойыздың жаңа қозғалыс моделін кескіндеген еңбегімді мойындап ырза болған ғылыми жетекшім аналитикалық шешуін дәлелдеп шығарған бұл дифференциалдық теңдеуімді осы бағытта жоғары оқу орындарына арнап дайындалып жатқан жаңа оқулық кітабына енгізді, «екі жылдан кейін Мәскеуге кел докторлық диссертация қорғайсың» деп арнайы шақырды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары«еліме қызмет етемін» деген біздің буынға жаңа мүмкіндіктер ашылды, тағы да алыстан ғылым іздеп инемен құдық қазуға алтын уақытымды қимадым. Ментағы да отбасымның жұмағын таңдадым, анамыз ерте дүние салып жалғыз қалған әкемнің, анасыз қалған бауырларымның жанына жақын болуды парызым деп түсіндім.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарымыз студенттерге көлік саласының пәндерін мемлекеттік тілде дәріс беруге, еліміздің жаңа даму жолындағы іс-шараларда қоғамдық белсенділік көрсетуге құлшынысымызды тудырды.Жаңа дәуірдің кәсіподақ қозғалысына қызмет еттім, Жезқазған қаласы маслихатының депутаты болып, оның тексеру комиссиясының төрағасы болып сайландым. Өтпелі кезеңнің олқылықтары көп болды. Қала бюджетінің құрылымында ешбір нормативтік құжаттармен белгіленбеген «табыстан қайтару» деген күдікті бап пайда болды. Комиссия мүшелерімен ақылдасып қала аппаратының қызметіне жүргізілген жүйелі тексерулерден кейінбюджетті теріс пайдалану мүмкіндігіне тосқауыл қойдық. Мемлекеттік органдардың қызметіне араласу ісінде кәсіби білімнің, ғылыми ұстанымдардың қажет екенінекөзім жетті. Жезқазған облысы маслихаты мен әкімінің жолдамасымен Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Жоғарғы Мемлекеттік Басқару Мектебіне оқуға аттандым. Бұл мектепті тәмәмдап, Көлік және коммуникациялар министрлігінде ең алғашқы мемлекеттік қызметімді бастадым.
Алдағы өмір баспалдағында «ғылым ба әлде мемлекеттік қызмет пе» деген жол айырығын таңдаудың ең жауапты сатысын аттаған кездерде жаныңда ақылы терең, парасаты кемел,жүрегі адал, жаныңа демеу достарыңның болуы бір бақыт екен. Ғылым мен оқытушылық жолымда үзеңгілес, әріптес болған Әлихан Байменов, Саят Игісінов, Бақытжамал Омарова, Әбдікәрім Зейнуллин, иманды болғыр Әжібек Сейіловтей жанашыр достарыма алғысым шексіз, сол кезде Мәскеуде жүріп бірге арман қуған биігімізге қол ұстасып бірге жеттік. Сол отбасылық достарыммен бүгін де Елордамызда жаңа биіктерді бірге бағындырдық, әлі де тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға қолымыздан келген үлесімізді қосып жүрміз.Сондай-ақ бауырларыммен, туыс-туғандарыммен, достарымның отбасымен ынтымағы жарасқан жылы қарым-қатынас орната білген, қиындықтарымды бірге бөліскен, отбасымның, әулетімнің ұйтқысы, өмірдегі жан серігім, Үкімет кеңсесінде 22 жыл мемлекеттік қызмет атқарған екі ұлымның анасы Гүлсімді ең үлкен ақылшым деп бағалаймын.
Мен көлік, білім мен ғылым, мәдениет салаларының орталық мемлекеттік органдарында еңбек еттім. Көлік және жол саласының дамуының стратегиялық бағдарламаларының жобасын әзірлеуге, кедендік одақтың жұмыс топтарының отырыстарына, еліміздің көлік транзитінің әлеуетін жандандыратын халықаралық конференциялар ұйымдастыруға, көлік пен жол экономикасын реттейтін нормаларды анықтайтынзаңнамалық құжаттарды дайындауға, ғалымдардың жылсайынғы республикалық съездерін ұйымдастыруға, ғылым мен білім саласындағы мекемелердің кадрлық процесстерін реттеу ісіне, мәдениет саласында кино өнерінің қызметін реттейтін заң жобаларын әзірлеуге тікелей қатыстым. Ақжол партиясының қызметінде жүргенде де қалың елдің нақты әл-ауқат деңгейінің мемлекеттік органдардың тиімді қызметіне қаншалықты тәуелді екенін көрдім.Тәуелсіздік белесінде 30 жылдық жүріп өткен біздің жолымыз ұлтымыздың өркениет көшіне ілесуі үшін келер буынның ұмтылысдеңгейіне қажет деген іргетасын қалап берді.
- Соңыңыздан ерген буынның бойындағы жаңашылдық пен жасампаздық қасиеттерін қалай бағалар едіңіз? Қазір біз үнемі айтып жүрген ұрпақтар сабақтастығы бар ма?
- Жақсы істерді атқаруды, отанына серпіліс беретін идеяларды жүзеге асыруды, жаңа жобаларды қолдап жақсылықтың жаршысы болуды жасампаздық деп білеміз. Десек те, бүгін соңымыздан ерген буынның бойында жаңашылдық бар ма деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Қай елдің болса да жаңашылдыққа ұмтылатын жастары жетіп артылады, ескі мен жаңаның күресі арқылы ғана жаңа кезеңге өту мүмкіндіктері өмірге келеді, бұл тіршілік заңдылығы.
Үлкен балам Таңатар атақты Гарвард университетінде оқып жүрген кездемен АҚШ-тың Бостон қаласына Исмаил мен Айлин немерелерімді сағынып Гүлсім әжесімен жыл сайын жиі қонаққа баратынмын. Бұл қалада 200-ге тарта қазақ жастарының біріккен қауымдастығы бар, іштерінде білім алып жүргендері де еңбек етіп жүргендері де бар. Олар елді сағынған кездерде ұлттық дәстүрді көрсетіп,сәбилерін баулу үшін жиі қазақи іс-шаралар ұйымдастырады. Менің «бұл үлкен жерде алған білімдеріңді, еңбек еткен тәжірибелеріңді елге апарып еліңнің көркейіп дамуына қашан өз үлестеріңді қосасыңдар?» деген сұрағыма жат елде жүрген жастарымыздан нақты жауап ала алмадым. Жүректері елін сағынса да, ой-санасында, көздерінде«туған жерімде білім-тәжірибемізге сәйкес лайықты кәсіппен айналысу мүмкіндігі болады ма екен» деген сұрақтар тұрды... Кіші балам Ерден мектепті «алтын белгімен» тәмәмдап, Ұлыбританиядан «Болашақ» бағдарламасымен компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша оқуын оқып келді. Өзі сияқты білікті жастармен бірлесіп,жоғарғы технологиялар саласында жаңа start-upжобасынашты.Үлкен жобалар әзірлеп, өз елінен демеуші-инвестор таппай, мұхит асып Лиссабон қаласында өткен Әлемдік веб-саммитке де,мұхит асып әйгілі «Силикон аңғарына» даат арылтып сапар шекті. Бұл да бір ойлантатын жағдай.
Қазір қоғамда білікті де білімді жас азаматтарымыз,тіпті жанұяларымен, басқа елге қоныс аудару үрдісі байқалады. Олар сапалы білім, қабілетіне сәйкес жеке жоспарын іске асыру үшін ыңғайлы орта, жасаған жұмысына лайықты еңбекақы іздейді, ұрпағының келешегіне алаңдайды. Сондықтан да жайлы жер іздеп жүр деп жастарымызды жазғырмау керек.Бүгінгі жастарымыздың жаңашылдық пен жасампаздық қасиеттері баршылық, білімге ұмтылысы өте жоғары, оларға қажетті жағдайлар жасалса тауды да қопара алатын деңгейлері бар. Ұрпақ сабақтастығы аға буынның замандас жастарымызға өнегелі тәрбие беріп, ыңғайлы жағдайлар жасаудан басталады. Қазіргі буын өкілдері жүйелі тапсырма берілсе, қойылған мақсатты жүзеге асыру жолында ақылға қонымды уақыт берілсе, негізделмеген шектеулер қойылмаса өз заманының озық буыны екенін толық көрсете алады. Оларға тек бүгін жетіспей жатқан ұлттық тәрбие беруді мықтап қолға алу керек. Бұл ретте келешекте немере буынның да ұлт мүддесіне қызмет ете алуы сұрақ тудырады. Менің Динара келінім Америкада дүниеге келіп қазақ және ағылшын тілдерін озық меңгеріп келген төрт жасар Исмаил немеремді мектепке дейінгі ұлттық оқу-тәрбие беретін озық мекемеге орналастыра алмады. Жеке меншіктегі алдыңғы қатардағы заманауи деген мұндай мекемелердің өзі«қазақ тобы бар» деп жарнамалайды да орыс тілінде сөйлейді. Бұған не деуге болады?
Отбасы құндылықтары баланың ана тілінде тәрбие алуымен құнды, ұлттық тәрбие балаға ана тілімен ғана даритын киелі қасиет. Қазіргі қазақ жанұяларында немерелерімен орысша сөйлесетін ата мен әже,ұлттық мектептер мен балабақшаларда тілдері шұбар ұстаздар мен тәрбиешілер көп.Ресми мекемелерде де ресми құжаттар ең алдымен ресми тілде дайындалып, содан кейін көпшілік оқуға құлықты емес деп мемлекеттік тілге аударылып жүр. Бұл дерттің дауасын табу отбасынан бастау алатын жүйелі ұлттық тәрбие жүргізуді талап етеді.Ұлттың келешегін ойлау әрбір отбасының мәңгілік парызы. Ұлттық рухты тек ана тілімен ғана көтеруге болады. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол адам өміріне опат әкеледі» - деп кешегі Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтып кетті емес пе!?Ұлттық тәрбие ғана еліне адал мінезбен еңбек етудің кепілі бола алады. Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзі де ұранға айналуы керек.
Өткен мен бүгінді жалғайтын осындай құндылықтардың негізінде ғана болашаққа нық қадам басу мүмкіндігі пайда болады.Жақында Адай елімен құда болдық. Ерденім қолына Гүлім атты ақ құсын қондырып, отбасымызға ерекше қуаныш сезімін сыйлап, шаңырақ көтерді. Аллаға тәуба, екі келінім де жүрегімізге жол тапты, үлкендерімізге иіліп сәлем салады, Гүлсім енесіне қызындай болып, әулетімізге тән құндылықтарды берік ұстанады деп сенемін. Отбасы құндылықтарын негізге алу арқылы ғана еліне адал, бар жан-тәнімен беріліп қызмет ететін жастарды тәрбиелей аламыз. Ол үшін әркім өз отбасын әкенің патшалығына, ананың әлеміне, баланың жұмағына айналдыруы бүгінгі күннің басты тақырыбы болуы керек.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.