«70 жыл бойы орыс тілінде іс-қағаздары жүргізіліп келген «Банк ісі» пәнінен қазақша сабақ беруді қолға алып, қазақ тілінде сапалы оқу құралдары мен оқулықтар даярлау бұл менің еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығына тартқан ерекше сыйым деп санаймын»,-дейді «Қоғамдағы үш анық» айдарында экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰЖҒА академигі, ЖОО үздік оқытушысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Серік Биханұлы Мақыш.
- Орда бұзар отызында кандидаттық қорғап, қамал алар қырықта экономика ғылымының докторы атану үшін де тынбай ізденіс пен табандылық қажет екендігі белгілі. Сол кездегі қазақ жастарының банк саласының маманы болуға құлшынысы мен тәуекелі жетпеген кезде ол мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
- Абай атамыз айтқандай, адам бұл өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, біріншісі - мамандық, ал екіншісі - махаббат. Мамандық ол сенің жейтін өмірлік наның, ал махаббат - өмірдегі серігің.
Жалпы менің экономист, оның ішінде қаржыгер мамандығын таңдауыма екі нәрсе ықпал етті: біріншісі-қызығушылық, екіншісі-қызғаныш. Қызығушылығым, ол банк саласының қызметкері болу менің бала күндегі арманыммен байланысты еді. Себебі менің әкем -Бихан Байқоңыр совхозында бухгалтер-кассир қызметін атқарды. Ол кісі совхоз қызметкерлерінің айлығын алу үшін ауылдан Жезді ауданы орталығында орналасқан сол кездегі КСРО-ның Мемлекеттік банкінің филиалына айына бір рет баратын. Әр барғанда баласының үлкені болған соң ба мені қасынан қалдырмайды. Ең қызығы банктен алған миллион рубльдегі ақшаны екеуміз отырып, бірге санаушы едік. Банкке кіру және одан ақшаны алу мен үшін үлкен қызығушылық тудырып, мен де банк саласының маманы болуды сол кезден армандадым. Ал қызғаныш дегенді таратып айтсам, Кеңес Одағы тұсында банк мекемелерінде жұмыс істейтіндердің көбісі өзге ұлттың өкілдері еді. Сонда мен неге біздің қазақтарымызға бұл мамандық қол жетімсіз?- деп ойлайтынмын. Сонымен Алматы халық шаруашылығы институтына (қазіргі Нархоз)банк саласына оқуға түсуге бел будым және арманыма жеттім.
Әрине ол кездері ауылдан шығып, Алматыға барып, әйгілі Нархоздың студенті болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт еді.Студент болып жүріп, КСРО әскері қатарында Балтық жағалауында әскери борышымды өтеп те үлгердім.
Мен Алматыда студент болған жыл қазақ елі үшін ең қасиетті –Тәуелсіздік алған жыл еді. Біз сол оқиғаның куәсі болған бақытты жастармыз. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Сәтбаев көшесінің бойында желтоқсан көтерілісі болған алаңға Алматының барлық студенттері жиналып, еліміздің тәуелсіздігін айтып жариялаған жиынның куәсі болдық.
Біз оқыған жылдары Алматыда банктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап ашылып, кадрларлар жетіспей жатты. 3 курста оқып жүргенде жақсы оқыған 3 студентке, соның ішінде маған 2 банк: «Казметалл банк» АҚ пен «Кооперативтік банк» (қазіргі «Банкцентркредит« АҚ) стипендия тағайындады. Олардың басты мақсаты - бізді оқу бітірген соң жұмысқа тарту болатын.
Шынымды айтсам, ол кездегі менің ойым ел жаққа қайтып, туған жерге қызмет ету еді. Бірақ менің мамандығым совхозда жоқ болатын және ол кезде совхоз тарап жатқан еді.
4 курста диплом алдындағы тәжірибемді «Туран банк» АҚ-ның Алматы қаласының филиалынан өтіп жүргенде Мемлекеттік емес секторды несиелеу бөлімінің бастығы Ирина Ковер сол банкке жұмысқа қалдыратындығы туралы да ұсыныс жасады.Мен ол кісіге ойланатынымды айтқан болатынмын.
Ойланып жүргенімде Мемлекеттік емтихандар тапсырар алдында Банк ісі кафедрасының меңгерушісі Калиева Г.Т. мені кабинетіне шақырып, кафедрада оқытушылық жұмысқа қалуды ұсынды. Оның басты себебін, жаңадан ашылған қазақ тобындағы студенттерге қазақ тілінде оқытушылар жетіспейтіндігімен байланыстырды. Әрине ондайда тіл жанашыры және бойымдағы отаншылдық қасиеттерім бірден оянып,қалуға келісімімді бердім.
Сөйтіп, 1994 жылы тамыз айында кафедраға жұмысқа оқытушы болып қабылдандым және сол жылы мен аспирантураның сырттай бөліміне оқуға түсіп, диссертациялық жұмысымның тақырыбын және ғылыми жетекші ретінде, деканымыз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғ.С.Сейітқасымовты келісімі бойынша бекітті.
Кафедрада жүргенімде менің алдымда білім беру мен қатар кандидаттық диссертациямды уақытылы орындап, оны қорғап ғылым жолына түсу міндеті тұрды. Бұл мақсатқа ұстазым, академик Ғ.С. Сейітқасымовтың ғылыми жетекшілігімен орда бұзар жасқа қараған шағымда 1999 жылдың 14 сәуірінде қол жеткіздім десем болады.
2002 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қаржы кафедрасына ауысып, онда 2004 жылы тамызда докторантураға түстім. Ғылыми кеңесшілерім ретінде академик Ғ.С.Сейітқасымов пен профессор Р.Е.Елемесовті бекітті.
«Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» - деп бекер айтпаған дана халқымыз. Мен 38 жасқа толғанымда 2009 жылы 23 қаңтарда Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде докторлық диссертациямды қорғадым.
Менің кандидаттық және докторлық диссертацияларым да тәуелсіздік тұсында қазақстандық банк тәжірибесінде орын алған мәселелердің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған.
- Ұлытауда өмірге келсеңіз де, өмір жолыңызда еліміздің қос астанасында еңбек ету бұйырған екен, Алматыда басталған еңбек жолыңызда ұстаздық пен ғылымға ден қою, бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазу, шәкірт тәрбиелеумен айналысу жан-жақты азаматттың ғана қолынан келеді десек, Сізді алға жетелеген қандай күш? Әсіресе банк жүйесіне қатысты ана тілінде оқулық жазбақ түгілі, ол саланың терминдерін аударып, қазақша сөйлетудің оңай еместігі даусыз...
-Ұлтымыздың ұясы–Ұлытаудан басталатын Бұланты өзенінің бойындағы Байқоңырдай тарихқа бай өлкеде туып-өсіп, арман қуып Алатаудың баурайындағы тәуелсіздігіміздің алтын бесігіне айналған - Алматыдай шаһарға барып, онда ширек ғасырды мазмұнды өткізіп, жоғары білім алып, ғылымға ден қойып, қамал бұзар шағымда Арқаның төсінде бой көтерген елордамыз - Астанаға келіп,кемелдену сәтін басынан кешудің өзі мендей бір адамның баласы үшін баға жетпес бақыт деп білемін.
Алматыда тұрған жылдары Нархозда жоғары білім алып және онда жұмыс істеп қана қоймай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде, сондай-ақ Қазақ академиялық университетінде де оқытушылық және басшылық қызметтерді де қосымша атқардым. Аталған жоғары оқу орындарында ұлтымыз үшін өмірі өнегелі, ғұлама ғалымдар,оның ішінде заң ғылымының атасы, академик С.Зиманов, экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар: Ғ.С. Сейітқасымов, Р.Е. Елемесов, А.Б. Зейнелғабдин және т.б. дана тұлғалармен жолығып, олардан ақыл-кеңес алуым, менің де осы жолға түсіп,үздік оқытушы және ғалым болып қалыптасуыма зор үлесін тигізді.
Аталған жоғары оқу орындарында бірнеше мыңдаған түлектерді тәрбиелеп шығуына өз үлесімді қостым десем артық айтқандық емес. Нархозда сабақ берген шәкірттерімнің алды Жамаубаев Е.К. - ҚР Қаржы министрі болып қызмет етуде.Кейінгі сабақ берген шәкірттерім қатарында Жезқазғандық жерлестерім:Нұрахметов Руслан -Жезқазғандағы Халық банкінде филиалдың директорының орынбасары және Нұртазинова Ақбаян - Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор лауазымында қызметтер атқаруда.
2012 жылы шілде айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б.Сыдықовтың шақыруымен Астана қаласына келдім. Содан бері 9 жылға ұласты Экономика факультетін басқарып, оның жан-жақты дамуына үлес қосып келемін. Ең бастысы ғалым ретінде осы университет қабырғасында өзімнің ғылыми мектебімді қалыптастырып, бүгінгі күні 8 докторант даярлаудамын және оның екеуі 2020 жылы докторлық диссертацияларын үздік қорғады.
Мені алға жетелеген күш бұл болашаққа сенім, елдің ертеңі үшін беруге тиісті бойымда жинақталған ойлар және ширек ғасыр бойы жинаған ғылыми-педагогикалық тәжірибем деп білемін.
Білім мен ғылым жолында жүргеннен кейін сенің еңбегіңнің басты нәтижесі ол шығармашылық еңбегіңмен бағаланатыны белгілі. Осы жолда барлығы 180 б.т. көлеміне жуық 85 тей ғылыми еңбектер жарияладым, оның ішінде: ҚР БҒМ РОӘК ұсынысымен 3 оқулық, 8 оқу құралы және 2 монография бар. Осылардың негізгі бөлігі қазақ тілінде басылып шықты.
Қазақ тілінде оқулық жазуыма басты себеп, бұл еліміз тәуелсіздік алған жылдары ашылған қазақ топтарына арналған оқу-әдістемелік құралдардың мүлде болмауы. Тіпті орыс тілінде де қазақ банк тәжірибесін қамтып жазған оқу құралдары саусақпен санарлықтай болды. Сондықтан да мен жазбасам басқа кім жазуы мүмкін деген сұраққа жауап ретінде, өзім ол кезде жас оқытушы болсам да, орын алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өзімнің студенттерге арнап дайындаған дәрістерім және арасында уақыт тауып коммерциялық банктерден стажировка өтіп біліктілікті арттыруым арқылы, олардың тәжірибесінен үйреніп білген әдістемелік нұсқалықтар мен материалдарды пайдалануым негізінде осындай құнды еңбектерім жарық көрді. Шынында бұл оқу құралдары мен оқулықтарым республикамызда ең алғашқы ақша, несие және банк ісі саласында жазылған еңбектер десем артық айтқандық емес.
70 жыл бойы орыс тілінде іс-қағаздары жүргізіліп келген «Банк ісі» пәнінен қазақша сабақ беруді қолға алып, қазақ тілінде сапалы оқу құралдары мен оқулықтар даярлау бұл менің еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығына тартқан ерекше сыйым деп санаймын.
- Тәуелсіздік жылдары қаржы саласындағы мамандар көбейді, көптеген оқу орындары жарысып, заңгерлер мен қаржыгерлерді дайындап шығара бастады, олардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі жайында осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалым ретінде не айтар едіңіз?
- Дұрыс айтасыз.КСРО тұсында қаржыгерлерді республикамызда Нархоз және Қарағанды мемлекеттік университеті, сондай-ақ екі не үш мамандандырылған техникумдар даярлаумен айналысқанын білеміз.Ал тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда жаңадан ашылған барлық жоғары оқу орындары және бұрыннан жұмыс жасап келген мемлекеттік университеттер де бәрі бірдей заңгер мен қаржыгер мамандарын даярлауға лицензия алып, оларды көптеп дайындап шығарған болатын. Бұл жерде қаржыгерлерге қатысты айтатын болсам, негізгі себеп банктердің көптеп ашылуымен байланысты болды. Ол кездерді банктердің саны 204 ке жетті және олардың барлығына кадр даярлау мәселесі өзекті еді.
Бұл жерде сапаға қатысты сөз қозғағанда, «кадрлар бәрін шешеді» деген қанатты сөзге сүйенсек онда кадрлардың болғаны дұрыс.
Кейбір Алматыда жұмыс жасаған жетекші жоғары оқу орындары, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өзінде қаржы саласында кадрлар даярлауды 1997 жылдары бастағанымен арнайы мамандандырылған кафедра 2002 жылы ашылған болатын. Бұл дегеніміз егер де ондай кафедра болмаса, онда сәйкесінше сабақ беретін сол саладағы мамандар болмайды дегенді білдіреді.
Сапаға және бәсекеге қатысты айтсам, әрине ,кеңес дәуірінен қаржыгерлерді даярлаумен айналысып келген жетекші оқу орындарында сапалы әрі бәсекеге қабілетті кадрларды шығарғандығы күмән тудырмасы анық. Ал қалғандарына ҚР Білім және ғылым саласынан бақылауды күшейткен уақытқа дейін қалай болса солай, маман дайындады десем болады.
Мен өзім сіз айтқандай осы саланың кадрларын даярлауға сол тәуелсіздік тұсынан бері араласып келемін және тәжірибем де жеткілікті. Сондағы айтарым, бұл жерде сапалы қаржыгерлерді даялайтын жоғары орындары қаншалықты көп болса, соғұрлым бәсекеге қабілетті кадрларда көп болады деген нарық заңына сүйенсек, онда олардың болғаны дұрыс. Ал талапқа сай келмейтін, өзінің кадрлары жоқ жеке меншік жоғары оқу орындарынан ондай бағыттардағы лицензияларды қайтарып алу қажет.
- 2012 жылдан бастап, елордасындағы іргелі оқу орны – Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысып, қазір экономика факультетінің деканы болып қызмет атқарып отырсыз. Тәуелсіздіктің 30 жылында әуелі экономиканы дамытуға басымдық берген елімізде аталған саладағы жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қандай? Озық отыздыққа енуге талпыныс жасаған қазақ елінің көздеген межені бағындыруға ұмтылысы қаншалықты?
Иә ,2012 жылы 9 шілдеде ректорымыз Е.Б. Сыдықовтың бұйрығымен ЕҰУ-не қызметке келдім. Алматыдағы жетекші орындарда қызмет етіп, тәжірибе жинап келгендігімнің арқасы болар, маған жаңа ұжым және жаңа ортаны иегеру қиынға соқпады. Әрине, әр ұжымның қалыптасқан дәстүрі бар дегендей мен оны факультет басқару барысында толық ескеруге тырыстым. ЕҰУ не келгендегі ұжыммен біраз жұмыстарды бірге атқардық. 2012 жылдан бастап, факультетімізде соңғы 8 жылда өткен Астана экономикалық форумы аясында университетіміздің базасында Халықаралық ғылыми конференциялар, форумдар және 15 Нобель сыйлықтарының лауреаттарының дәрістерін ұйымдастырдым десем болады. Сонымен қатар 2016 жылы Қазақстанда алғаш рет Есеп комитетінің тапсырысы бойынша «Мемлекеттік аудит» деген жаңа мамандықты үш деңгейде ашып, оны бір ай көлемінде мамандықтар классификаторына енгізіп, сондай-ақ университет базасында аталған мамандықтың Оқу-әдістемелік бірлестігін ашуға ҚР Білім және ғылым министрлігінен рұқсат алу және оның құрамын Есеп комитеті, Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен жасақтап жұмысын ұйымдастырумен байланысты болды. Сол жылы аталған мамандыққа барлық деңгейде студент, магистрант және докторанттар қабылдадық.
Факультет жүзеге асыратын білім беру бағдарламалардың халықаралық деңгейде таныла басталуы ең үлкен жетістіктердің бірінен саналады.
Факультет басқарған жылдар ішінде барлық мамандықтарды ACQUIN" және FIBAA халықаралық аккредиттеу агенттіктерінен аккредиттеуден өтті.
2021 жылғы 3 наурызда QS Symonds (Ұлыбритания) халықаралық рейтингтік агенттігі өткізетін QS World University Ranking by Subject пәндік рейтингтердің нәтижелері жарияланды.Осы рейтинг нәтижесі бойынша ЕҰУ-нің үш пәні атап өтілдің ішінде алғаш рет "Экономика және эконометрика" әлемнің 1,370 жоғары оқу орындары арасында топ 451-500-ге кірді.Бұл жетістіктердің барлығы тәуелсіз еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуіне қосқан үлесіміз деп санауға болады.
- Достарыңыз, әріптестеріңіз «сегіз қырлы, бір сырлы Серік» деп бойыңыздағы ұстаздық пен ғылым жолында ғана емес, өнерге деген құштарлығыңызды да ерекше бағалайды екен. «Тауға қарап өскен тау баласының» ақындық пен әншілік қыры туған жердің ғажайып табиғаты мен тылсым тарихынан бастау алған ба немесе ата-бабадан мұра болып қалған дәстүрлі өнерге деген құрмет пен махаббаттан ба?
- «Жігітке жеті өнер де аз» деген қазақ атамыз. Қазақтың қай жігітіне болмасын өнер мен білім артық емес деп ойлаймын. Маған да өнер атаның қанымен, ананың сүтімен бойыма қонған қасиет деп білемін.
Мен өзім қасиетті өнердің есігін 6-шы сыныпта гитарамен ән салып жүріп аштым десем болады. Ол кезде Байқоңыр ауылында №4 орта мектепте ән сабағының мұғалімі Тағанбай жетекшілік жасап, сыныптас достарым: Бауыржан, Серікбай және мен төртеуміз «Жас қанат» деген ансамбль құрдық. Ол ансамбльмен ауылдағы түрлі мәдени іс-шараларға және Жезді ауданында өтетін байқауларға қатысушы едік. Мен соло-гитарада ойнадым және көбіне сол топтың әншісі де едім. Әрине ол кездің әндері Кеңес дәуірінде хит болған Ж.Сейілов ағамыздың, Қ.Есеновтің, Ш.Қалдыаяқовтың, М.Шахановтың және т.б., сондай-ақ орыстың танымал топтарының әндері еді.
Ал қазақтың қара домбырасын шертуді бала кезімде әкемнен үйрендім. Алғашқы үйренген әнім ол «Әке» туралы ән.Кейін студенттік күндерде Ә.Қашаубаев мектебінде оқыған Оралхан деген досымның ерекше шалқыта салған әндерін тыңдап,домбыраға деген құштарлығым одан сайын арта түсті. Домбырамен халық әндерін салуым Қ.Байбосыновтың шәкірті -марқұм Ерлан Стамғазиевпен Алматыда 90 жылдардың басында жолығып, дос болған күндермен өз жалғасын тапты. Шіркін Ерлан досыммен бас қосуларда Арқаның әндерін таңға дейін шырқайтын күндерді де бастан өткердік. Оған Шыңғыс деген досым да қосылатын, оның да ерекше өзіндік эстрадалық әуені бар, сөйтіп үшеуміз кез келген ортаны әнге толтыратын едік.
Жалпы мен қазақ әндерін елімізде ғана емес шетелдерге барғанда да шырқадым. Ондағы мақсатым - қазақ әндерін шетелдік әріптестеріме тыңдату. Соңғы он жылда Голландия, Швейцария, Франция, Германия, Чехия, Испания, Қытай және Ресей елдеріне ғылыми тағылымдамамен немесе іс-сапармен барған кездерімде халық әндерін айтып жүрдім. Алғаш рет Париждегі Эйфел мұнарасының ең басына шыққанда Сегіз серінің әні – «Гаухар тас», Прагада – «Назқоңыр» және Шанхай қаласында – «Дударай» әндерін орындадым.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» – деп Абай атамыз айтқандай,ақындық өнері маған кеш қонды, шамамен сол қамал алар жастан асқанда пайда болды. Бұл өнерімді махаббаттан бастау алған десем орынды болар. Бірақ та мұндағы махаббаттан дегенімді тек қыздарға ғана арналған деп ойламаңыздар, ол ең бастысы менің туған жерге және елге деген махаббатпен байланысты.
Қорыта айтқанда, қаржы саласын қазақша сөйлету үшін сапалы оқулықтар жазып, шығардым, қазақты әлемге таныту үшін, шетелдерде қазақша әндерді орындадым.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық