«Атауы мен функциялары алмасса да, түрлі министрлік құрамына еніп, біресе комитет, бірде агенттік болып өзгерген салада 20 жылдан аса қызмет атқарған екенмін. Бәсекелестік деп аты айтып тұрғандай, қай салада бәсеке болса, сапа жақсарып, баға тұрақтанары сөзсіз»,- дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, «Құрмет» орденінің, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегері Әлиакпар Болатұлы Мәтішев.
- Жезқазғандағы білім алған, еңбек еткен жылдар, есіңізде қалған айрықша оқиғалар жайлы айтсаңыз?
- Он жыл білім алған №22 мектеп ұшырған ұя ретінде ыстық. Ол кезде қазіргідей бірнеше мектепке ауысып, ақылы мектептерде оқу деген жоқ қой. 1979 жылы мектепті бітірісімен, сол кездегі Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалына инженер-механик мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1984 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Өзіммен оқыған курстастарым Сәбит Битенов, Мұхамедия Сансызбаев, Мирас Аманжолов, Марат Айтбаев, Иманқұл Ескендіров, Ерлан Қошанов,Мейрамбек Мұханов, Балымбет Болманов бәріміз бірге бітірдік. Әлі күнге біздің арамыздағы көп студенттік достарымызбен байланысымыз мықты. Атақты «АТ-79» деген тобымыз бар. Бес жылда бір Жезқазған қаласында жиналамыз. Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Балқаштан азаматтар келеді. Студент кезіміздегі ұстаздарымыздан бүгінде арамызда жоқ Ғабидолла Қабышұлы Жакеновты,сонымен қатар Әлихан Байменов, Мүталап Әбсаттаровтарды атап айтар едім.
Оқып жүрген кездің өзінде бір стипендияға қарамай, сол кезде өрт сөндіру қызметінде жәй қарапайым жұмыскер болып, қосымша жұмыс істеп табыс таптым. Студенттердің көбісі солай ақша табатын, оған ешкім ұялмайтын еді. Ал жоғары білім алғасын алғашқы еңбек жолымды 1984 жылы Мұнай өнімдері мемлекеттік комитеті басқармасының бас энергетигі болып бастадым.Жарты жылдан соң, әскери борышымды өтеуге шақырылдым. Бір жарым жыл Мәскеу қаласына жетпіс шақырым жердегі әскери бөлімшеде борышымды өтеп қайтып, бұрынғы жұмыс орныма оралдым. Ол кезде жұмысқа қабылдаған, басқарма басшысы Үкен Асқаровты да еңбек жолымдағы ұстазым деп санаймын.
1988 жылы Қазақстан ЛКЖО Жезқазған қалалық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары қызметіне жұмысқа шақырылдым,бөлім меңгерушісі Әмірхан Орынбаев болатын. Сол жылдары демократия деп, жоғары лауазымдарға сайлау арқылы өткізе бастады. Бізде қалалық комитеттің хатшысы болып, атақты композитор Ш.Күмісбековтың баласы Нұрлыбек Күмісбеков жұмыс істеді,ол басқа қызметке ауысты да, алғаш рет сол кезде үш үміткермен бірге бірінші хатшылыққа сайлауға түстім.Кәдімгідей өндірісті қаланың жастарымен жұмыс істеуге лайық бағдарлама дайындап, солай бірінші хатшы болып сайландым. Әлі есімде қалалық есеп беру-сайлау конференциясына Қазақстан ЛКЖО бірінші хатшысы Серғазы Қондыбаев келіп қатысады дегенде қатты қобалжыдым. Ол сонымен қатар, Қазақстан Компартиясы Саяси бюросының мүшесі ғой. Облыстық, қалалық партия комитеті тарапынан қаладағы жастармен жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарды көрсетуің керек деп бәріміз қызу дайындалдық. Сөйтіп,Серғазы Қондыбаев біздің конференцияға қатысып, жұмысымызға оң баға берді. Қазақстан ЛКЖО XVII съезіне делегат болып сайландым, ол кезде Қазақстан ЛКЖО бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов еді, сол съезде бірінші рет Елбасы Н.Ә. Назарбаевты көрдім(Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын). Қалалық комсомол комитетінде жұмыс істеп жүргенде сол кездегі Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеев үлкен қолдау танытты. Тәуелсіздік алған кезде көптеген мүмкіндіктерге қол жеткіздік, жастардың әр салада, соның ішінде кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашылды. Өзім бастап, 2-3 азамат компания құрдық та, бизнеспен айналысуды бастадық, яғни «КРАМДС» компаниясының Жезқазғандағы филиалын аштық. Солай бизнестегі жолым басталды,кейіннен «Жезқазған маркетинг» компаниясының төрағасы болдым, ол қазіргі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы(СПК) сияқты.1997 жылы облыс жабылғасын, елордаға қызметке ауыстым.
- Елордасына алғашқылардың қатарында келдіңіз, жаңа қызмет орны, елдің жаңа астанасындағы еңбек еткен жемісті жылдар, өзіңіз басқарған салада қол жеткізген жетістіктер, халықтың өмірін жеңілдетуге қатысты өзгерістер туралы айтсаңыз?
- Елордасында Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары, 1999 жылдың басынан Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу,бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі Астана қаласы бойынша департаментінің директоры, 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы болып қызмет атқардым. 2009 жылдан бастап «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ төрағасы болып тағайындалдым. 2010 жылдан «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, ал 2012 жылғы ақпан айынан 2014 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары,2014-2017 жылдары Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы, 2018 жылдан «САПА» Тұтынушылардың құқығын қорғау Ұлттық қоғамы» ҚБ төрағасы болып қызмет атқарыппын. Осы жылдары қабылданған «Бәсекелестік туралы», «Табиғи монополиялар туралы» , «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдарының дайындалуынан бастап, қабылдануына дейін атсалыстым деуге болады. Қаншама білікті мамандармен жұмыс істедім,ізімді басатын шәкірттер тәрбиеледім. Қазіргі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дәрбаев та өзіммен бірге жұмыс істеген шәкіртім. Өзіңіз білесіз сол жылдары мұнайдың, нанның, көкөністің бағаларын тұрақтандыру, теміржол, әуе билеттері құны тағы сол сияқты қаншама түйткілді мәселелерді шешуге , сол монополияларды реттеу бағытында белгіленген бағаларды ұстап тұру үшін қаншама жұмыс істеуге тура келді. Инфляция болған кезде баға өсіп кетеді, ең қиыны бағаның бір күннің ішінде өсіп кетуі болатын.Үкімет табиғи монополияда ғана бағаны реттей алады, ал қазір нарықтық экономикада бәсекелестік тұрғысында бір салада бірнеше компания болғанда ғана әрі бағаны да ұстап тұруға болады әрі сапа да дұрысталады. Бізде бірден көрінетіні мұнай, нан, жеміс, жылу,су,темір жолы, әуе қатынасына қатысты нағыз халықтың қажеттілігін тудыратын тіршілік көзіне айналған дүниелердің бағасын реттеу, қымбатшылықты болдырмау.
Мен елордаға қызметке келгенде экономика саласындағы жұмысқа келдім ғой. Бұрынғы алған білімім инженер-механик, көлік саласындағы. Сондықтан қосымша білім алуға тура келді. Алматыдағы Халық шаруашылығы институтына түсіп, сырттай оқып бітірдім. Экономист мамандығы бойынша, өзімді жетілдіруім қажет болды. Қай салада жұмыс істесең де бәсекеге қабілетті болуың керек. Ортаға бейімделуің, салаң бойынша жаңашылдықты қабылдай алуың, жан-жақты өзіңе сенімділік қалыптастыруың, бір сөзбен айтқанда жаңалықты жатсынбай қабылдауың, өзіңе деген көзқарасыңды өзгерте алуың қажет. 20 жыл бойы бір салада жұмыс істегенде өз-өзімді жетілдіруге тырыстым, ізденуден жалыққан емеспін.Бізге керегі өте күшті аналитика болды, бұл саланың ерекшелігі сол- барлық өзіңе қажетті салалармен байланысты, көлік, энергетика,мұнай, ауыл шаруашылығы, медицина, банктік-қаржылық жүйе бәрімен жұмыс істейсің. 2004 жылдан бастап Эуразиялық экономикалық одаққа қатысты мәселелерді шешуге қатысқан команданың ішінде болдым, бұл 2002 жылы басталса, мен екі жылдан кейін кірдім. Осы жылдары өз салам бойынша Н.Радостовец, А. Тлеубердин,О. Жандосов,С.Мыңбаев, Ә.Жақсыбеков,В.Школьник,Ғ.Оразбақов, Ғ.Абдрахимов, Б.Қуандыков сияқты министрлермен бірге жұмыс істедім және Мәскеуге жиі келіссөздерге қатысу үшін барып тұратын едім.
- Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, біздің ел мүше болып енді, бірақ сол кезде айтылған үлкен нарыққа шығу жағына келсек, қазақстандық кәсіпкерлердің шығарған тауарлары одаққа мүше елдердің дүкендерінде тұрған жоқ, керісінше біздің нарықты олардың тауарлары жаулап алды ғой...
- Иә, дүкендерде Ресей мен Белорусь елдері шығарған тауарлар жеткілікті, күнделікті өздеріңіз көріп жүрсіздер.Сіз айтқандай, олардың елдерінде біздің кәсіпкерлер шығарған тауарлар жоқ. Неге? Бүгінде біздің қазақстандық кәсіпкерлер шығаратын тауарлардың сапасы төмен, яғни өзге елдің нарығына шығаруға сапа сай емес.Біздің кәсіпкерлер өз ішімізде бір-бірімен ғана бәсекелесе алады,тауарларын үлкен нарыққа бейімдеп шығарып отырған жоқ.Заң бәріне ортақ. Осы саланың маманы ретінде айтарым, бізге сол елдерден келген тауарларды зертханаларда тексерген кезде, сапасына сын айта алмайсың, стандартқа сай. Біздің тауарларды олар тексергенде көп сын айтылып, тыйым салынады. Бір-екі рет солай болғасын кәсіпкерлердің беті қайтады. Кәсіпкерлерді қолдау керек әрине, біз сапамен және бағамен жеңіліп отырмыз. Мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдіктерге барлық кәсіпкерлердің қолы бірдей жетпейді.Сондықтан әрбір кәсіпкер шығарған өнімінің бағасын оны өндіруге кеткен шығынынан асырып қояды, ал ол баға тұтынушыларға тиімсіз. Содан барып, кей кәсіпкерлер сапа жағын ақсатады, шығарған өнімдеріне қоспа араластырады, ондай тауарлар басқа елдің зертханаларында бірден ұсталады,спортшылардың допинг дауына іліккеніндей...
Мысалы, Ресей мен Белорусьтің біздің елмен жұмыс істейтін компаниялары өздері бізге жіберетін тауарларына қатысты сын айтсаңыздар, бәрін өз көздеріңізбен келіп, көрулеріңізге болады, сол зауытта өнімнің шығаруға дейінгі барлық процесстерді басынан аяғына дейін деп шақырады, ал біздің кәсіпкерлер, бізде шағын бизнеске мораторий енгізілген тексеруге болмайды, деп олай көрсетуден қашады. Менің ойымша, халық тұтынатын өнімдер,яғни тағамдар дайындап, шығаратын кәсіпкерлерді тексеруден босатуға болмайды, оның артында адам денсаулығы деген үлкен мәселе тұр.
- Сіздің отбасыңыздан алған тәрбиеңіз бен тәліміңіз өмір жолында септігін тигізе алды ма, туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба,туған қалаңыздың қазіргі келбеті, жерлестеріңіздің тұрмысына көңіліңіз тола ма, өмірлік ұстанымыңыз жайлы білсек?
- Әкем Болат Мәтішев Жезқазған мыс қорыту,құю механикалық зауыттарында жұмыс істеді. Анам Аппазова Айша сауда саласында еңбек етті.Отбасында төртеуміз, үш ұл,бір қыз. Өзім үлкенімін, менен кейін қарындасым Сәуле, Әлиасқар, Талғат есімді екі інім бар. Сәуле «KEGOC» АҚ жұмыс істейді, Әлиасқар осында кәсіпкер, кіші інім Талғат «Қазақмыс» корпорациясында бас геолог, Қарағанды қаласында тұрады.Әкемізден бойымызға дарыған қасиет - еңбекқорлық пен табандылық деп айтар едім. Қарапайым кісі болатын, жұмысқа деген жауапкершілігі зор, ешқайсымызға дауыс көтермейтін. Жұмыстан келгенде, бізді көргенде сұрайтыны денсаулығымыз бен амандығымыз, тамағымыз тоқ, сабағымызды дұрыс оқып жүрсек болды. Ал анамыз біз немен айналысамыз, қайда барамыз, кіммен жүреміз, әрбір қадамымыз жайлы біліп отыратын, қатал болды. Анамыздың сол қадағалауының арқасында артық сөйлеу, құр босқа көшеде жүру деген болған жоқ. Анам 65 жасында өмірден өтті, әкеміз 80 жасқа келіп, дүниеден озды.Еуразия экономикалық одағындағы Ресейлік әріптестерім арқылы әкемнің жылдар бойы көкейіндегі арманын орындауға қол жеткіздім. Ол әкейдің әкесі мен ағасы соғыста хабар-ошарсыз кеткен,65 жыл бойы іздеп, қайдан топырақ бұйырғаны белгісіз болған-тын. Сөз арасында айтылған осы өтінішімді орындап, аталарымыздың жерленген жерін анықтап берген Анатолий Голомолзин досыма алғысым шексіз. Әкемді сонда апарып, жылдар бойғы жүрегінде тұнған сағынышын басып, арманын осылайша көзі тірісінде орындай алғаныма шүкіршілік етемін.
Өзім студент кезімде, 19 жасымда үйлендім. Зайыбым- Ғалия Турахметова, екеуміз политехникалық институтта, мен инженер-механик мамандығында болсам, ол құрылыс саласы бойынша бірге оқыдық. Оның ұстазы Бақытжамал Омарова болды, қазір дос ретінде араласамыз. Екі баламыз бар. Ұлым –Руслан , Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша жоғары білім алды, саясаттану ғылымының кандидаты.Кейін Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия институтында оқып, қазір «ERG» тобында металлургия бойынша бизнеспен айналысуда. Қызым Камилла шетелде оқып келді, тұрмысқа шықты, екі немереміз бар.Жезқазғанда анамыз жағынан нағашыларымыз Жақып, Зейінғабиден тұрады, бірақ ата-әжеміздің қолында өскесін олар ағаларымның орнында және Боранбай Әбенов, Ерден Аюбеков достарымыз, нағашы інім Ибрагим бар. Ағаларымыз, достарымызбен де қуаныш-қызықтарына ортақтасып дегендей, араласамыз. Жиі болмаса да, сәті түскен кездерде туған қаламызға барып тұрамыз.Өмірімде ерекше орны бар Сағындық Қожамсейітов ағамызбен де байланысымыз үзілген емес.
Облыс жабылғаннан кейін Жезқазғанның жағдайы бұрынғыдай емес деп бәрі айтады, мысы арқылы атын әлем біледі деп ауыз толтырып айтқанымызбен, сондай байлықтың үстінде отырған шаһардың ауыз суы,жылуы,экологиясы, жолы жайлы шешілмеген мәселелері жеткілікті. Бүгін болмаса да, қарапайым, еңбекқор,білімді жерлестерім тұратын қаланың болашақта көркейіп, дамитынына сенемін. Қазіргі Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бектайұлы Әбсаттаров пен Сәтбаев қаласының әкімі Аскар Абылайұлы Ідірісовтарды облыс, республика орталықтары сауатты және мықты менеджерлер ретінде біледі. Мысты өңірде бұған дейінгі жинақтаған мол тәжірибелері мен жаңашылдықтарды пайдаланып,халық игілігі үшін қызмет атқарады деп ойлаймын.
Өмірлік ұстанымым дегенге келсек, бастаған ісімді табандылықпен аяқтауға тырысамын, өмірде тұрақтылықты ұнатамын. Кезінде дайын болған диссертациямды қат-қабат жұмыстардың арасында жүріп, қорғауға мүмкіндігім болмады, бірақ оған өкінбеймін. Өз салаңда білімді маман,білікті басшы болуың үшін әрқашан заманмен үндесіп, ізденістен жалықпай, бәсекеге қабілетті болуды өзіңнен бастауың керек. Атауы мен функциялары алмасса да, түрлі министрлік құрамына еніп, біресе комитет, бірде агенттік болып өзгерген салада 20 жылдан аса қызмет атқарған екенмін. Бәсекелестік деп аты айтып тұрғандай, қай салада бәсеке болса, сапа жақсарып, баға тұрақтанады.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.