Республикалық «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты, Бүкілодақтық І, ІІ және ІІІ халықтар шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты, ВЦСПС-тің «Көркемөнердегі жетістігі үшін» алтын медалінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», әнші,өнер зерттеуші Серік Кәрібайұлы Оспановпен сұхбат бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарында.
- Ән қонған, жыр тұнған Жаңаарқадай киелі жерде дүниеге келіпсіз. Даланың дархандығын кеудеге сыйғызған ғажап даусыңызбен, әншілік өнеріңізбен көпшіліктің құрметіне бөлендіңіз. Сізді өнер әлеміне жетелеген қандай күш, тума талант па әлде өнерге деген құштарлық па?
- Иә, дұрыс айтасың, Базкен қарындасым. Мен дүниеге келген Жаңаарқа ауданының Түгіскен топырағы Арқаға әйгілі қыл қобызға Қорқыттан кейін тіл бітірген Ықылас Дүкенұлы, атақты шертпе күй шебері Сайдалы Сары Тоқа, Дайрабай, сал-серілердің жалғасы болған Өтебай сал, Төлебай сал, ақын әрі әнші Сапалай сері, Мүсайып қажы, Сартбастың Түскені, Мұхамедия Жантыбайұлы тәрізді дүлдүлдерді дүниеге әкелген өнерлі өлке.
Мен Түгіскен топырағында ес білгелі Игілік әкемнің үні құлағыма сіңісті болып өстім. Өйткені әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы Гвардия аға лейтенанты, «Қызыл Жұлдыз», ІІ және ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері Оспанов Кәрібай Іскендірұлы Түгіскен орта мектебінде Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәндерінен сабақ беретін мұғалім болатын. Әкемнің жасы үлкен әрі мектептегі жалғыз соғыс ардагері болғандықтан «Кәреке» деп елдің бәрі сыйлайтын. Мені қырқымнан шығарған күні құтты болсын айта келген мұғалімдер коллективінің ішіндегі әйгілі өнерпаз, әнші – Игілік Омаровқа ырымдап, аузыма түкіртіпті. Бұл әңгімені бертін келе «Батыр ана» алтын алқасының иегері тоғыз бала туып, өсірген анам Тұрсын Қосқұлақова айтқан еді. (Мен 1957 ж. туған тұңғышымын) Қазақта: «Жігіттің жақсы болмағы- нағашыдан»,- деп бекер айтпаса керек, нағашым, қанжығалы Жүрсін ағам ауылға әйгілі әнші болатын. Жарықтық «Аққұмды» айтқанда, тілінің аздаған кемістігі білінбей кетуші еді. Мен кішкентай күнімнен әнге құмар болып, үйдің қабырғасында ілулі тұратын жалғыз құлақты радиодан түс мезгіліне қарай «Шалқар» радиосы үйрететін бар әндерді жаттап алатынмын. 1961 жылдары үйренген «Маржан қыз», «Тракторшы қарындас», «Екі ғашық» сияқты әндер әлі күнге есімде. Нағашым өнерге жақын болғандықтан ауылдың әншілері Көлмағамбет Нұрмағанбетов, Оспан Басығарин, Сырым Нұрғалиев тәрізді өнерпаздарды естіп өстім.Ал «қасық» пен «ғашықты» айыра алмайтын маған әндердің мәтіндерін дұрыстап жаттататын көрші ағам Орал Тайлақұлы болатын. Сондықтан мені өнер әлеміне жетелеген сиқырлы күш әуелі өнерге деген құштарлық болса, ол ес біліп ,есейе келе ұйықтап жатқан талантымды оятты ма деп ойлаймын.
- Жастық жалын, шығармашылық шабыттың толысқан кезінде Жезқазған жерінде қызмет еттіңіз, қасиетті өңірдің өнер көшін өрге жүздірген кездер жайлы, өнер саңлақтарының өмір жолын арқау еткен шығармашылық кештер, киелі сахна төрінде бірге жүрген таланттар туралы айта кетсеңіз?
- 1992 жылы наурыз айында орда бұзар отыздан асқан жасымда киелі Жезқазған жеріне келіп, Мемлекеттік Тайжан Қалмағамбетов атындағы облыстық филармонияға директор болып тағайындалдым. Ертеңіне таңертең ел ақсақалы, өлкетанушы, музей ата Сүтемген Бүкіров ақсақал келіп, құтты болсын айтып кетті. Тайжанның өлеңдерін жинақтапты, маған оқуға тастап кетті. Қатты риза болдым.Жөн білген, жол білген қайран қарттар-ай! Бұл қызметке келуіме себепкер достарым Әлихан Байменов пен Болат Дүйсембаев болатын. Мамандығым инженер-құрылысшы болғандықтан «Жезқазған реставрация» мекемесіне директор болып ауыспақ ниетімді біліп, екеуі босада келеді екенсің филармония бос тұр, өнеріңді қоса шыңдайсың деп, ақыры көндірді. Жезқазғанға келуімнің осындай қызық тарихы бар.
Мен қайда жүрсем де өнеге қылып айта жүретін керемет тәлім көрдім. Ел аралап, жер тану үшін қасиетті Ұлытау, Жезді, Қарсақпай өңірлерін кешегі киелі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Ерден-Дүзен кесенелерін көріп, тәу ету әр қазақтың арманы ғой. Одан қалды өнерімен елді аузына қаратқан Қожабай, Тайжан Болман, Иманжан тәрізді от ауыз, орақ тілді ақындар елімен араласудың өзі бір ғанибет емес пе?! Қай ауылға барсаң да, Найатаңның ақсақалдары: - «О, Арғын аға баласы келіпті» деп ысырылып төрден орын беретін өнегелеріне тәнті болдым. Қайран көне көз қариялар-ай! Қазір Жезқазған десе, көз алдыма Сарқыт Жанғонұлы, Аққойшы Түсіпбеков, Қалкен Мәкенбаев, Аппаз Қаражігітов, Қойшыбай Тоқтамысов, Сағындық Үсенұлы, Шәріпбек Шардарбеков, Сайлаухан Нәкенов, Абай Тайырұлы, Асқар Ермекбаев ағалар келеді... Сонымен , ел билеген ағаларыммен танысып, баталарын алу мақсатында жаныма әйгілі әнші-сазгер Жақсыгелді Сейіловті ертіп жолға шықтым. Ұлытауда маңғаз Серік аға Тілеубаев, Жездіде сырбаз Ереже аға Шоланов, Қарсақпайда қадірлі Қадыр Мәткенов ағалар құрақ ұшып қарсы алды.Бәрімен бірге туған бауырдай сыйластықта болдық. Бұл азаматтар үкімет тарап, ақша ауысып, елде жарық болмай жатқан жылдары бір сыр бермей халықты ың-шыңсыз сол тығырықтан алып шыққан нағыз ұлтының ұландары бола білді, халықтың өздеріне артқан сенімдерін ақтай білген тұлғалар ретінде ел аузында есімдері аңыз болып қалды. Өнер саласына ойысар болсам, Жезқазған халқы бағыма қарай өте өнерсүйер, сері көңіл екен. Филармонияның халық алдында беделін көтеру мақсатында әртістердің жеке шығармашылық кештерін өткізуді жолға қойдық. Халық залға сыймайды. Концерттен түскен қаражатқа сахналық киімдерді жаңалай бастадық. Аппаратура, жаңа көлік алдық. Өнер жолында көркемдік жетекшілер Қуандық Стамбакиев, Сағат Қошанов, әнші-сазгерлер Жақсыгелді Сейілов, Болат, Ахмедия, Мара Есмұхановтар, Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин, артистер: Әлия Айтжанова, Ахат, Роза Байбосыновтар, Қайрат,Зәуреш Омаровтар, көркемсөз шебері Бақберген, Раушан Дәркембаевтар, биші Нұрия Нығматуллина, күйші Жанғали Жүзбай, дәстүрлі әншілер Қайрат Әбеуов, Ардақ Мұқышев, Дәрігүл Еламановалармен киелі өнер өнер сахнасында бірге жүрген кездерді әрқашан мақтан тұтамын.Тоғыз жыл директор болғанымда ұзақ жылдан қордаланған әртістердің пәтер мәселесін барынша шешуге тырысып 6 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстадым.Бұрында Жақсыгелді Сеиіловтен басқа «Қазақстанға еңбек сінірген мәдениет қайраткері» болмаса 1992-2001 жылдар аралығында 3 артист «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі»деген мемлекеттік жоғарғы атаққа ие болды.
- Елордаға қоныс аударған шақтар, шығармашылық пен өнер ордаларын басқарып жемісті еңбек еткен жылдар жайлы да тоқталсаңыз?
- 2002 жылы Елордамыз Астанаға Елбасының шақыруымен келдім. Ол кісі: - «Жезқазған саған риза шығар, енді мына өзің білім алған, орыстанып кете жаздаған Астананы қазақтандыруымыз керек»,- деді. Келген бетте Президенттік Мәдениет орталығында бір жыл жұмыс істеп, қала тұрмысына үйрендім. Елбасына берген уәдемде тұрып 2001-2009 жылдар аралығында «Конгресс холл» концерт залында жергілікті сал-серілер шығармашылығынан халық таланттары Мұхаметжан Тілеуханов, Қорабай Есенов, Жанғали Жүзбай, Айтбек Нығызбаев, Ерлан Төлеутайлардың қатысуымен онға тарта жеке концерттерімді бердім. 2003 жылы конкурспен Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының» басшысы, 2005 жылы «Халық шығармашылығы орталығы» МКҚК директоры, 2007 жылы «Тәуелсіздік сарайы» МКҚК директоры, 2009 жылы «Сәкен Сейфуллин музейі» МКҚК директоры, 2011 жылы «Халық шығармашылығы орталығы» ЖШС директоры, 2012 жылы Мәдениет комитетіне қарасты «Қазақстан халқы рухани жаңғыру орталығы» АҚ ұйымдастыру және мониторинг басқармасының басшысы, 2015 жылы Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани құндылықтарды сақтап, қалпына келтіру дирекциясы» МКҚК ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, 2018 жылы «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық музей-кешені»МКҚК музей педагогикасы бөлімінің, ақпараттық бөлімінің, ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі болып, 2021 жылы зейнетке шықтым.
- Сіз соңғы жылдары тарихи тұлғалардың өмірі мен көпшілік біле бермейтін қырлары жайлы зерттеумен айналысып, зайыбыңыз Назгүл Сапияновамен бірлесіп, Сәкен Сейфуллин, Балуан Шолақ жайлы кітаптар шығардыңыз. Осындай іргелі ізденістеріңізге не себеп болды?
- 2009 жылы «Сәкен Сейфуллин музейіне» директор болып сайландым. Сол күні құттықтап, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек ағам келді. Қолында алтындатқан «Асығың алшысынан түссін» деген сыйлығы бар. Асығыс екен маған: - «Әй, Серік, орныңды жаңа тауыпсың, құтты болсын! Ал, енді саған айтар аманатым, осы Сәкен бабамыздың зерттелмей, кемшін жатқан бір тұсы «музыкалық мұрасы». Құдай сені айдап әкелген шығар, өзің әнші, әрі Сәкеннің ауылынансың осы шаруаны бүгіннен бастап қолыңа ал»,- деп, болашақ кітаптың жоспарын жазып берді. Міне, мен өнерзерттеу ғылымына осылай Ахаңның аманатымен келгенмін. Ол кезде зайыбым, филолог Назгүл Сапиянова музейде ғылыми қызметкер болатын, «Абай KZ» порталына , «Қазақстан әйелдері» журналына мақалалары жиі шығып тұратын. Екеуіміз ақылдаса келе, бірігіп «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты ғылыми-зерттеу еңбегімізді 2014 жылы «Жасыл Орда» баспасынан, профессор, сәкентанушы Т.Кәкішевтің алғысөзімен Сәкеннің 120 жылдығына орай мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың қолдауымен шығардық. Елорданың маған шығармашылық тұрғыдан әсері өте мол болды. Халық артисі, композитор Е.Рахмадиев, ақын К.Салықов, ғалым А.Сейдімбек ағалармен тығыз байланыста болдым. Көп өнеге үйрендім. 2018 жылы Балуан Шолақ зерттеуші, меценат Марат Әскенұлы Набиевтің қолдауымен «Балуан Шолақтың өмірі мен музыкалық мұрасы» еңбегі CD диск әндерімен қоса дүниеге келді. Атам қазақтың: «Жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа» дегені осындайда айтылса керек. Осы ағаларымның ақылымен «Сегіз серінің музыкалық мұрасы» еңбегі «Балауса» баспасынан 2020 жылы жарық көрді.Сәкеннің 125 жылдығына орай «Сәкен Сейфуллин – ұлт руханиятының көшбасшысы» атты кітап «Кәусар» баспасынан 2019 жылы, Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекхожиннің қолдауымен шықты. Қазақ республикасының 100 жылдығына арналған «Сәкен тұлғасы тарих төрінде» атты еңбегіміз «BIG DREAM» баспасынан меценат Қуат Ахметовтың арқасында жарық көрді. Аллаға тәуба!
- Өнер адамдарының өмірін тақтайдай,тек жарқыраған сәттерге толы деп ойлайды ғой, өмір жолында кездескен қиындықтар, жүрекке салмақ салар сәттерде жаныңыздан табылатын достарыңыз, сізді алға жетелейтін жақындарыңыз жайлы айтсаңыз?
- Дұрыс айтасың. Өнер адамының жолы бұралаңы мен шырғалаңы аралас өмір. Елордаға көшіп келіп, балаларымның алды жоғары оқу орындарын бітіріп, енді тұңғышымыздың үйлену тойын көрсек деп отырғанда 28 жасар Азамат атты арыстай ұлымыз жол апатынан қайтыс болып, төбемізден жай түскендей күй кештік. Құдай басқа бермесін... Осындай сын сағатта ағалық ақылдарын айтып демеу болған Кәкімбек, Еркеғали, Қайырбек, Қажымұрат, Қуат, Дүйсен, Қайрат, Алдан, Қорабай, Жағыпар ағаларым болды. Ия, достарым Сапарғалы, Әлихан, Ерлан, Тілеуғали, Тыныс, Есен қасымнан табылды. Оларға алланың нұры жаусын! «Қайғыны бөліссең азаяды» деген халық мақалының мағынасын сонда түсіндім. Өткеніме көз жүгіртсем, менің өмір жолымда үнемі жақсы адамдар кездесіп отырғанына Аллаға ризашылығымды білдіремін! Пендеміз ғой кейде көңіл құлазып отырғанда Қуат Есімханов ағам хабарласып Ереймен, Баянауыл, Қызылжар, Ұлытау жаққа автосеруенге ертіп шығады. Ара-арасында Бақтыбай Әшірбекұлы құрдасым аң аулауға, табиғатта дем алуға шақырып тұрады. Шақыртудан кенде емеспін, рахмет осындай ер көңілді азаматтарға. Адамды алға жетелейтін оның асқақ арманы. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың қайратыңмен екі жақтап» дегені осы ойымның дәлелі. Менің ендігі арманым- сал-серілердің отаны болған Ақмола жерінен Қазақ сал-серілерінің музейін ашу. Халық шығармашылығын жандандыру арқылы қазақи рухты көтеру.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.