- Шәкірттерге өнерге деген ынта-ықыласты, махаббатты дарыта білу керек. Кез келген салада жетістікке жету үшін ең қажетті қасиет - еңбексүйгіштік. Менің ұстанымым- «1 пайыз талант, 99пайыз еңбек»,-дейді бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарының кейіпкері Тәуіржан Рахат.
- Сізді жезқазғандықтар «Шашу» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде біледі. Ер азаматқа тән емес деп саналатын би өнеріне деген құштарлық қалай оянды, негізгі мамандығыңыз қандай еді?
- Білім берудің қара шаңырағы саналатын № 8 гимназиясында оқып жүргенімде Жезқазғанда құрылған әйгілі «Ұлытау» халықтық ән-би ансамблінің атағы дүркіреп тұрды. Жоғарғы сынып оқитын Бақытжамал Омарова, Роза Тырнақова,Сәлима Ахметова және т.б. ансамбльдің құрамында республикамызда,шет елдерде өнер көрсетіп, біз сияқты жас балалардың қызығушылығын оятты. Сол жылдары Металлургтер мәдениет сарайында «Огоньки», «Степные зори» көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс жасайтын. Алғашында хор құрамына қатысып, кейін бишілер тобының құрамына кірдім. Ол кезде қазақ балалары биге қатыспайтын, алғашқылардың бірі мен болдым ғой деймін. Отбасымнан біраз қарсылық та болды. 1981 жылы «Ұлытау» халықтық ән-би ансамбліне би қойылымдарын дайындауға Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Зәуірбек Молдағалиұлы Райбаев келіп, ер балаларды жинады. Қаладағы жоғарғы оқу орындары мен мектептердің жоғарғы сынып оқушыларынан балалар іріктеліп, би қойылымдары дайындалды. Жезқазған облысының мәдениет басқармасының басшысы Қалкен Мәкенбаев ағамыз «Дударай» биін арнайы қойғызып, мен сол кездегі жалғыз жеке орындаушысы болдым. Сол кезден бастап би маманы болсам деп армандадым. Бірақ республикада би мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орны болмады. Кейіннен қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде алғаш рет хореография бөлімі ашылды, сол уақытта мен Жезқазған педагогикалық институтының студенті едім.
- Көпшілік би өнеріне балаларын бергенде оны мамандық ретінде емес, сұлу да сымбатты болып өсуі немесе бос уақытын мазмұнды өткізуі үшін деп беретіндігі белгілі. Ал Сіз биді өміріңіздің мәні деп қабылдадыңыз, сол жолдан ауытқымай қаншама шәкірт тәрбиеледіңіз ғой...
- Иә, студенттік кезімнен бастап қыз балаларды би өнеріне тәрбиелей бастадым: қиялдан туған би қимылдары, ансамбль репертуарындағы билерге еліктеу бар, өзіміздің билеп жүрген билердің қимылдарынан қолдан барды жасап Қ.Сәтбаев атындағы № 7 лицейде 1979-1983жылдары «Қызғалдақтар» тобын құрдым. Алғашқы кезде қойған билерімнің кәсіби тұрғыдан қарағанда әлсіз болғанын мойындау керек,тәжірбие де, арнайы білім де жоқ еді ғой. 1988-1992 жылдары «Балдәурен» ән -би ансамблінің бишілер құрамын басқардым. 1992 жылдан «Шашу» халықтық би ансамблінің негізін қалаушы көркемдік жетекшісімін.«Қазақмыс» корпорациясының басшылығының демеушілігінің арқасында шет мемлекеттердегі үлкен фестиваль мен байқауларға қатысып топ жарып жүрдік. Осы жылдары қанша қыз балалар би өнерінің қыр- сырына қанықты, әсемдік пен әдемілікке үйренді. Тәрбиелеген қыздарымның алды 40 жастан асты, солардың балаларын да биге баулыдым, енді немерелерін де биге қатыстырып,тәрбиелесем деймін. Арнайы білімім болмағандықтан Ресейде,Өзбекстанда өтетін семинарлар, мастер-класстар мен курстарға жиі қатысуға тырыстым, ол да көп пайдасын тигізді.
2005 жылдан бастап елордаға қоныс аудардық, ансамбльдің екінші тынысы астанамызда ашылды. Венгрия,Болгария,Түркия,Египет,Испания, Австрия,Чехия,Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде өнер көрсеттік.
- Жас ерекшелігіне қарай, өмір ағынымен сіз тәрбиелеген шәкірттер басқа мамандыққа ауысады, олардың орнын жаңа буын басады, сол кездерде қандай күйде боласыз, өз балаларыңыздан өнер жолын қуғаны бар ма, жарыңыз сізге қалай қолдау көрсетті?
-Шәкірттердің жыл сайын ауысып отыруы заңды құбылыс, өмір орнында тұрмайды. Ансамбльдің жас буыны алдыңғы апаларына қарап бой түзейді, олардың да алдына қойған мақсаттары бар. Әрине әркімнің биге деген көзқарасы әртүрлі.Орта жолдан ансамбльден кетіп қалатындар да бар. Ата-аналардың арасында да атүсті қарайтындар кездеседі.
Өмірін би өнеріне арнаған , менен дәріс алған түлектерім Қазақстанның әрбір қаласында еңбек етіп жүр. Белгілі телережиссер Ғалия Байбосынова, режиссер–хореограф Меруерт Жараспаева, «Астана балет» театрының бишісі Аққанат Смағұлова, Жезқазғанның белді балетмейстерлері Мақпал Садықова, Ақерке Омарова, Жанна Адишева – біздің мақтанышымыз.
Отбасыма келсек, жұбайым Сандуғаш Жарылғасынқызы - дәрігер, мені қолдап отыратын жанашырым, ансамбльдің «Дәу мамасы», үлкен ұлым Әсет –лақап аты DJ Puza– елімізге танымал диджей, диджейнгтен Орта Азия чемпионы, әлем чемпионатының финалисі, екінші ұлым Әнуар – мемлекеттік қызметші, қызым Ерке Малика – Түркия Республикасының Измир қаласында университет студенті. Балаларымның барлығы да ансамбль құрамында өнер көрсетті, би өнерін жан–тәндерімен сүйеді.
- Әсемдікпен тәнті еткен,сахнаның сәні болған би өнерінен «Шашу» шашып, талай елді аралап, өнер көрсеттіңіздер, қаншама бәйгелерде топ жарып, жеңімпаз атандыңыздар. Өзіңіз өміріңізді арнаған өнер жолындағы жетістіктеріңізге көңіліңіз тола ма, жалпы халықтың құрметінен басқа мемлекет тарапынан қолдау бола ма?
- Өнер қасиеті адамға қанат бітіреді,дем береді. Жарыстар мен байқауларда жеңімпаз болған шәкірттеріңнің сенімен бірге қуанғанын көру шын бақыт, еңбегіңнің ақталғаны... Мазасыз күндер мен түндер, шаршау бір сәтте ұмытылады. Өнер саласында қызмет еткеніме өкінбеймін, қайта кейде балалармен бала болып ойнаймын,олардың әдемі әлемін тамашалаймын.
Ансамбльдің негізгі құрамында 6-18 жастағы 100 ден астам бишілер жаттығады, 2 филиалымызда да 150 ден астам бишілер бар, олармен 4 педагог-репетиторлар жұмыс істейді. Әзірше пандемияға байланысты жұмысымыз сәл тоқтап тұрғаны болмаса, әлі жалғасады деп сенемін. Шәкірттерге өнерге деген ынта-ықыласты, махаббатты дарыта білу керек. Кез келген салада жетістікке жету үшін ең қажетті қасиет - еңбексүйгіштік. Менің ұстанымым- «1 пайыз талант, 99пайыз еңбек». Негізінен дарынсыз бала болмайды, тек өз білгенін балаға үйрете алмаған, шәкіртін алға жетелей алмаған жетекшілер кездеседі. Мені қатал педагог дейді, бұны мен қаталдық емес - талап қойғыштық деп есептеймін. Даладан келген баланың талантын ашып,үлкен сахнаға алып шығу үшін темірдей тәртіп пен таудай талап керек.Бала психологиясы мен жас ерекшеліктеріне, физикалық тұрғысына баса назар аудару – біздің мамандықтың темірқазығы.
Астанадағы әріптестерім де, өнердегі танымал аға буын, кейінгі жастар да менің шығармашылығыммен жақсы таныс, сәлеміміз түзу.... Көптеген маңызы бар мәдени шараларда бірге өнер көрсетеміз. Мемлекет тарапынан алған марапаттар да баршылық. «Мәдениет қайраткері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен мерекелік медальдар...
«Өнерлі өрге жүзер» дейді ғой, ал мен өнерліні өрге жүздіретін еңбек деп есептеймін.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Жүректе қайрат болмаса