Бүгінгі күні медицина саласында өзекті болып отырған тақырып, ол -кадрлар білімін жетілдіру және біліктілігін арттыру негізінде берілетін білім беру сапасы. Ал бұл мәселені реттеуде денсаулық сақтау саласына енгізілген жаңашылдықтар қандай?
Ол туралы "Қазақстандық медициналық ұйымдардың альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы ,Астана медициналық университетінің Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Дәулетхан Серғазыұлы Есімовпен сұхбаттасқан едік.
- Дәулетхан Серғазыұлы, 2020- жылы, ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске (221 бапқа) өзгеріс енгізілген болатын. Онда тек арнайы аккредитациядан өткен орталықтарда ғана, медицина қызметкерлері білімін жетілдіре алатындығы туралы жазылған. Бұл өзгерістің енгізілуіне қандай мәселе себеп болды?
- Иә, өткен жылдың 7 шілдесінде ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексі қабылданды. Сол Кодекстің 221- ші бабының 6-тармағына сәйкес, медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беруді және медицина қызметкерлеріне формальды емес білім беруді жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ұлттық және ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары медициналық колледждер аккредиттелген клиникалық базалардың, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары клиникаларының, университеттік ауруханалардың базасында жүзеге асырады деп қабылданған болатын. Бұл өзгертуді қабылдаудың негізгі себебі, соңғы бес-алты жылдың ішінде елімізде жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдары және формальды емес білім беру ұйымдарының өте көп болып кетуімен және ондай ұйымдардың білім беру сапасы да өте төмен болуы себеп болды. Ал ондай жағдай медицина саласына келешекте үлкен проблемалар туындататыны белгілі. Міне сол себепті қазір осы білім беруді қадағалау және сапасын бақылау жұмыстары, осы елімізге белгілі жоғары медициналық университеттерге, ғылыми-зерттеу институттарына және жоғары медициналық колледждерге тапсырылып отыр. Бірақ бұл, жекеменшік медициналық ұйымдардың мұндай жұмыстармен айналысуына болмайды деген сөз емес, олар да арнайы аккредиттеуден өтіп, осындай оқыту жүйесіне ұйымдастыруларына болады. Қазіргі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының ресми сайтында аккредиттеу деген қосымшасында осы жұмыспен айналыса алатын жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ұлттық орталықтары және тағы басқа осындай орталықтардың тізімі бар. Сол тізімде 42 ұжым бар. Міне осы ұжымдар бүгінде мамандарға жетілдірілген білім беруде.
- Жалпы бүгінгі медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру қандай жаңашылдықтармен жүзеге асырылуда?
- Мұндағы негізгі жаңалық осы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес толықтырылып отыр. Ол жаңа айтып кеткенімдей, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен формальді емес білім беруді кез-келген ұжым оқыта алмайды, тек аккредитті стандарттарға сәйкес келетін, арнайы сертификаттарын алған ұжымдар ғана оқыта алады.
Бірақ қазіргі кезде, Кодекстен кейінгі қабылданған денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, осы жұмысқа жекеменшік ұжымдардың қатысуына мүмкіндік беру қарастырылуда. Сондықтан қазір бұл мәселені қарастыратын арнайы жұмыс тобы да құрылып отыр. Өзім сол топтың құрамындамын. Біздің мақсат- медицина мамандарын сапалы біліммен қамту жолдарын енгізу.
- Бұл жұмыс тобының құрамына кімдер кіреді?
- Бұл жұмыс тобының он беске жуық мүшесі бар. Олар: денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ғылым және адами ресурстар департаментінің қызметкерлері, медицина саласындағы ассоциациялардың мүшелері, жеке меншік білім беру ұйымдарының мүшелері және елдегі медициналық университеттер мен ғылыми зерттеу орталықтарының қызметкерлері.
- Кадрларды оқыту жүйесінде берілетін аккредитацияларға қандай талаптар қойылады?
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған бес- алты арнайы аккредиттеу орталықтары бар. Ол орталықтардың стандарттары халықаралық стандарттарға бейімделген. Бірақ бір айта кететін жәйт, ондағы стандарттардың көбі, біз көтеріп отырған медицинаға бейімделмеген стандарттар болып отыр. Бұл жерде менің ойым, сол жерге медицинаға сәйкестенген стандарттарды енгізу қажет. Оны екі министрлік яғни Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп, қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Өйткені, бұрынғы кезде білім және ғылым министрлігі білімін жетілдіру барысында оқыту үшін лицензия беретін. Қазір рұқсат беру қағаздарын қысқартып тастау барысында осы лицензия беру де алынып тасталды. Оның орнына аккредитация қалды. Ал аккредитацияны алу ол ешкімге, ешбір ұжымға міндеттелмейтін құжат. Ол міндеттелмегендіктен біліктілікті арттыру мақсатында оқытып отырған орталықтар аккредиттеуден өтпейді. Сондықтан олар беріп отырған білім де стандарттарға сәйкес келмей, сапалы оқыту жүйесін жүргізбейді. Осыдан барып, бүгінгі күнде медицина саласында біліктілікке қатысты қиындықтар туындауда.
- Осы оқыту мәселесінде тағы қандай кемшін түсіп жатқан тұстарымыз бар ?
- Кемшілігіміз ол күнара ашылып отырған ұйымдардың білім беру стандарттарына негізделмеген жұмыстарын жүргізуі болып отыр. Жаңа айтқанымдай оларға арнайы аккредитациядан өту міндеттелмегендіктен, олар беріп отырған білім де талапқа сай келмейді. Олардың беріп отырған білім сапасына да күмән келтіруге болады. Содан барып, оны оқып шығып жатқан мамандарымыздың біліктілігіне қатысты мәселе туындайды. Өйткені, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары осы жоғары білімнен кейінгі білім берудің және формальды емес білім беруді тендер арқылы сатып алады. Одан осы жекеменшік кәсіпкерлер өздері құрған ұйымдарымен арзан баға беріп, тендерді ұтып алады. Ал ол жерлерде берілетін білім сапасы да өте төмен болып отыр. Осы мәселеге соңғы кезде көңіл аударылып, қарастырылуда. Міне сіздің бастапқыда қойған сұрағыңыз бойынша, Кодекске енгізілген өзгерістерге түрткі болған мәселе де осыдан туындап отыр. Дәрігерлерімізге жалпы медицина қызметкерлеріне сапалы білім беру. Қазір бұл бойынша жоғарыда айтып кеткенімдей арнайы жұмыс тобы құрылып, өз жұмыстарын жүргізуде. Алдағы күндері үшінші отырысы болмақ. Міне осындай жұмыстардың негізінде бүгінгі сіз көтеріп отырған, жалпы медицина саласындағы сапалы білім беру мәселесі бір қалыпқа келтіріледі деген ойым бар.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы.
- Қоғамдағы үш анық