«Жүректе қайрат болмаса» айдарында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оқырманға ұсынылатын сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері : "Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Вице-президенті және бас ғалым хатшысы, техника ғылымдарының докторы , профессор, академик Әбдікәрім Әбжәлелұлы Зейнуллин.
Qazir : Өмірбаяныңызға үңілсек, жоғары білім алғасын еңбек жолыңызды өндірісте, яғни шахтада бастап, 3 жылдай тау-кен инженері болып жұмыс істепсіз. Таңдаған мамандығыңыздан оқытушылыққа ауысудағы мақсатыңыз қандай болды?
- Жезқазған жерінде туып өскен жігіттердің мамандық таңдауына сол кезде бүкіл Кеңес Одағында алдыңғы шепте тұрған алып өндіріс орындары: шахталар, байыту фабрикасы, мыс қорыту зауытының өздері туған өңірде орналасқандығы себеп болады екен, көпшілігінің сол өндіріске қажетті маман болуға қызығушылықтары басым еді.
Сол себепті болар, біз Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының тау-кен инженері мамандығы бойынша оқығанда,ол мамандықты таңдағандар қатарында өндірісі дамыған Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) сияқты ірі комбинат, зауыттары бар облыстардың жастары көп болды.
Әкем аудандық партия комитетінің хатшысы(райком деп аталатын), аудандық атқару комитетінде, аудандық кәсіподақ комитетінде қызмет атқарды. Ол кісі партия-кеңес органдарында жұмыс істегеннен кейін бізге қатал тәрбие берді, біз мектеп бітірер кезімізде айтқаны «екі ұлым инженер, екі қызым дәрігер болады» сол деген сөзін екі етпей, Алматыдағы политехникалық институтқа түстім.
5 жыл бойы оқып, таңдаған мамандығыма сай жоғары білім алғасын, Шығыс Жезқазған кенішіндегі №57 шахтада тау-кен инженері болып, жұмыс істедім. Мен экспериментальды жұмыс істейтін участокта еңбек еттім. Жезқазғанда негізгі кен өндіру әдісі - кен тректі технология болса, мен жұмыс істеген жерде Флексура деген ерекше орналасқан кен сілемдерін қаздық.
Флексурада кен өндіру технологиясының ерекшеліктері ол ұңғымалардың диаметрлері үлкен болғандықтан, көптеген скважиналар бұрғыланып, бәрі бір мезгілде - 30-40 тоннаға дейін дәрі аттырылатын.
Біздің учаскеге алдыңғы шептегі техникалар келетін.Дүниежүзі бойынша Финляндиядан, Швециядан, Америкадан,Жапониядан әкелінген барлық техникалар біздің учаскеде сынамадан өтетін. Мен сол техникаларға сараптама жасап, тау-кен мастері болып жұмыс істедім, одан кейін учаске басшысының орынбасары болдым,оның міндеті жердің астындағы технологиялар бойынша әрбір жер асты бөлімшесіне кен өндіру жобасын жасап, оны бас инженерге алып барып, бекітетінбіз.Сол ерекше технологиялар бойынша жасаған жобалар болашақта ғалым болуға да ықпал етті деп ойлаймын.
Таңғы алтыда тұрып,жұмысқа кетеміз, жетіде нарядқа барып,сегізде жердің астына түсеміз,кешкі алты-жетіде бірақ жердің астынан шығасың, одан кешкі нарядқа барасың,жеті күннің алты күні осылай өтетін еді, жердің астындағы жұмыс оңай емес.
Өзім таңдаған мамандық болғасын,қиындықтан қашқан емеспін, оқытушылық жұмысқа ауысуыма Тоқтамысов Мүсілім деген кісі менің әке-шешемді көріп, «балаларыңыз біздің институтқа келсін, сабақ беретін мұғалім жоқ» деп айтқаны себеп болды, олар менің жердің астындағы жұмысымның оңай емес екенін біледі, «осындай жұмысбасты түріңмен өмірі үйленбессің, айтып отырған жұмысқа ауыс» деген әке-шешемнің айтқан тілін алып, жұмыстан босату туралы өтінішімді жазып, Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалына ассистент болып, жұмысқа тұрдым.Осылайша, менің оқытушылық жолым басталды.
Qazir : Мысты шаһардағы іргелі оқу орнында білім мен тәжірибені ұштастыру, ғылыми ізденістерді өндіріске енгізуге атсалыстыңыз. Өзіңіз қызмет атқарған жылдардың жемісі деп қандай өзгерістерді, жаңашылдық бағыттағы жұмыстарды атап айтар едіңіз?
- Алматыда оқыған кездегі дәрістерімнің барлық конспектілері қолымда бар еді. Ол кезде бізге үлкен ғалымдар сабақ берді, академик Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров жезқазғандықтарды жақсы білетін, маған аспирантураға қал деп өтініш жасағанда, өндіріске барып, жұмыс істегім келеді деген ойымды қолдаған болатын. Әркімнің тағдыры, өмір жолы бөлек қой, біреулер алдағысын болжап айтып жатады, бірақ мен мұғалім боламын, ғалым боламын деп ойлаған емеспін.
Өндірісті көріп, жер астында сол кездегі озық технологиялармен жұмыс істегеннен кейін маған өз мамандығым бойынша ғылыми жұмыс жасау өте оңай болды.Мәскеуге аспирантураға барып, емтихан тапсырған кезімде бізге Мәскеуден Жезқазғанға бөлінген орын конкурстық түрдегі орын екен, үш жыл оған дейін сабақ бергендігім әрі жердің астында 3 жыл озық технологиямен жұмыс істегендігім септігін тигізді. Ондағы емтихан қабылдаған Кеңес Одағы кезіндегі оқулықтар жазған профессорлар дәрістердің формулаларын сұрағанда мен жатқа қағазға түсіріп отырдым,өндірістің жер астындағы технологияларын сұрағанда мен ол кісілерге Американың «Катерпиллар» атты кен тиейтін машинасының қандай ерекшелігі бар, «БЕНАТТИ» деген Италияның машинасы мен Финляндияның «ТOРO» машинасының ерекшелігі мынадай деп жер астындағы техникалар мен технологияларды тәптіштеп айтып бергенімде олар маған әрине таңқалды. Өздері оның бәрін қағаз жүзінде білгенмен, өндірісте пайдалануды көрмеген ғой, сондықтан менің өндірістегі тәжірибемді жоғары бағалады.Маған сонда біздің өңірдегі алып өндірістің техникалары мен технологиялары қатты көмектесті, мені биікке көтерді. Солай аспирантураға түстім,кандидаттық,докторлық диссертацияларымды қорғауға да сол өндірістегі тәжірибем айрықша ықпал етті. Кезінде Кеңес Одағында жоспарлы экономика тұсында гигант шахталарда өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған техникалар мен технологиялар болды. Сол кезде кеннің сапасына қарамайтын техникалар мен технологиялар пайдаланылды. Мен ұсынған технология руданың оның ішінде мыс құрамын сақтап,оның құрамын көбейтетін технология бұрын болған емес, бұл мен енгізген жаңашыл технология еді. Менің ұсынған технологияларым бос тау жыныстарды қоспауға,оны жердің астында бөліп алуға бағытталды.
Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациямды қорғағасын, 7 жылдай институтта жұмыс істедім,біраз ғылым жолын қуған жастарды аспирантураға өз жолыммен Мәскеудегі Тау-кен институтына жолдама беріп, олардың ғылыми атаққа ие болуына біраз қолдау көрсеттім.
Осы жылдары докторлық диссертацияма да біраз материалдар жинақталғасын 39 жасымда Мәскеуде диссертациямды жазып қорғадым. Мұның бәріне негіз болған, мені ғылым жолына түсіруге ықпал еткен Жезқазған шахтасында жұмыс істегендегі алған өндірістегі тәжірибемнің арқасы деп білемін. Ассистент болып басталған институттағы еңбек жолымда кафедра меңгерушісі, Жезқазған университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры ретінде мысты шаһарда өндіріске қажетті мамандар дайындаудан бастап, олардың ғылым жолына түсуге де бағыт бердім,тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуда өзім тәрбиелеген шәкірттер абыроймен еңбек етіп жүр.
Жетістіктерімнің бірі деп Жезқазғанда бұрын болмаған алғаш рет аспирантура ашып, аспиранттарды қабылдап, оларды кандидаттық диссертация қорғатып ,тиісті ғылыми атаққа қол жеткіздірдім.
Айта кететін жағдай, ол кезде Жезқазған түгілі еліміздің ірі ғылыми орындарында да, үлкен университеттерде де диссертация қорғататын Диссертациялық кеңесті ашуға рұқсат беріле бермейтін. Ал біз Диссертациялық кеңес ашуға рұқсат алып, диссертациялар қорғаттық.
Кафедра құрамын 11 жыл ішінде - қабылдаған кезімде 3-4 ақ ғылым кандидаты жұмыс істейтін болса, оны 4 ғылым докторына 8-9 ғылым кандидатына дейін жеткіздім.
Ал проректор болып жұмыс істегенде университет құрамында тек қана 27 пайызы ғалымдар болды, сол кездерде бұрын аспирантура бітіріп диссертацияларын қорғай алмаған біраз университет мұғалімдеріне мүмкіншілік жасап, оларға диссертацияларын қорғатып, ғалымдар санын 38 пайызға жеткіздік.
2001 жылы елордамызға қоныс аударып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Ғылым департаменті директорының орынбасары болып 2008 жылға дейін қызмет атқардым.
Qazir : 60 қа жуық ғылыми мақаланың авторы, "Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Вице президенті әрі бас ғалым хатшысысыз. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкелі ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, ғылымды қаржыландыруға мемлекет тарапынан қалай көңіл бөлініп отыр? Ғылыми әлеуетіміз нарықтың сұранысына сай, бәсекеге қабілетті ме?
- Әрине, қазір ғылымды дамытуға көңіл бөлінеді, бұрынғыға қарағанда қаржыландыру жағы артты, енгізіліп жатқан жаңашылдықтар да аз емес. Бірақ,салыстырмалы түрде қарасақ, ғылымға бөлініп жатқан бұл қаржы да әлі аздық етеді. Біраз ғылыми бағдарламалар жасалып жатыр. Жас ғалымдарды қолдауға байланысты үлкен жобалар енгізілуде. Оның ішінде әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында 500 ғалымға жыл сайын тағлымдамадан өту, « Жас ғалымдар» жобасы шеңберінде зерттеуге 1 000 грант беру, әрбір жобаның 30 пайызына жас ғалымдарды қатыстыру деген сияқты оң өзгерістер қолға алынып, жүзеге асырылуда.2025 жылға дейін ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1пайызын құрауы тиіс.
Алайда, нарық сұранысына ғылыми әлеует сай болу керек десек, жаңалық ашу,ғылыми жаңалық жасау, оны өндіріске енгізу жағынан айтқанда,бұл жерде екі министрлік Білім және ғылым мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ортасында ғылымды өндіріске енгізудегі байланыс өте төмен. Соның салдарынан ғылымды нарыққа дейін жеткізіп, оны енгізу дұрыс жолға қойылмаған деп ойлаймын. Ғылым қоры қазір біраз жобаларды қолдап, нарыққа сай енгізуге қаржы бөліп жатыр. 100 дің үстінде жобалар өндіріске енгізілуде, бұл көңіл көншітерлік емес.
Дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, іргелі ғылыми зерттеулерге 15-20 пайыз ғана бөлінеді,қолданбалы зерттеулерге 30 пайыз шамасында, ал ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу 50 пайызды құрайды.Бізде керісінше, іргелі ғылыми зерттеулерге 40-50 пайыз жұмсалады,қолданбалы зерттеулерге 30 пайыз, ал өндіріске енгізу қаржысының мөлшері 10-15 пайыз ғана. Сондықтан ғылыми жетістіктер өндіріске жетпей жатады.Біз де Ғылым қорын қолдап, дүниежүзілік тәжірибеге сай пропорцияны өзгертуіміз керек. Біз Ұлттық жаратылыстану академиясы тарапынан көптеген ұсыныстар жасап жатырмыз.Министрлікте жұмыс істеген 8 жылдық тәжірибемнің негізінде түйгенім бұл тұрғыда көптеген өзгерістер қажет деп санаймын. 2008 жылдан 2013 жылға дейін «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ департамент директорынан бастап, Басқарма төрағасына дейін көтеріліп, 5 жылдай қызмет атқардым.
Холдингте бүкіл Қазақстанға қажетті бағдарламалар жасап, Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржыландырып өндіріске дейін енгізу қарастырылған. Тек ғылыми жұмыстар ғана емес, ғылыми зерттеу жұмыстары, өндіріске енгізуге дайындау, технологиялық регламенттер, тәжірибелік өндірістік учаскелер жасау, бизнеске дейін дайындық жасап беруге кешенді жұмыстар қарастырылған бағдарламаларды жасадық. Бұл тәжірибе бізге жеке заңдық формадағы ғылыми мекеменің бизнеспен арадағы ықпалдастықты, қарым-қатынасты дамытуда мүмкіндік аясын кеңейтті.
2014 жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Парасат» холдингі қайта ұйымдастырылды. «Қ.И .Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құрып, яғни мемлекеттік мекемеден акционерлік қоғамға дейін жеткізіп,Үкімет тарапынан өкілетті мүше ретінде сол университетті басқардым. Оның бұрынғыдан айырмашылығы коммерциялық емес акционерлік қоғам өзі тапқан қаржысын сол университеттің дамуына жұмсай алады, академиялық еркіндік, қаржылық жағынан еркіндік беріледі, бұл құрылымның осындай ерекшелігі бар.
Qazir :Ұлытаудай киелі өңірде дүниеге келіп, Алатау баурайына білім қуып барған жас жігіт пен бүгінде арман асуларын абыроймен бағындырған азаматтың биігінен қарасақ, сіздің өмір жолыңызда игі ықпал еткен жандар, ой салған оқиғалар, жас буынға тағлым ретінде айтар ойларыңызды білсек...
- Өмір жолымда өте жақсы ұстаздарды кезіктірдім. Ең бірінші академик Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыровты айтар едім, ол кісіден дәріс қана емес, өмір жолымда көп пайдасы тиген ғибрат алдым. Әлі күнге дейін Өмірхан ағаның емтихан алу әдісін еске аламын, өзім де оқытушы болған кезде соны басшылыққа алдым. Ол кісінің емтиханы таңғы 9 да басталғаннан кешкі тоғыз-ондарға дейін созылатын. Емтиханда билетіңді алып, дайындалып отырғаныңда кітап пайдаланып отырсың ба, қасыңдағылардан көшірдің бе оның бәріне мән бермейтін. Сосын билет сұрақтарына бәріміз тақылдап, жауап бергесін асықпай, алдындағы технологиялар парағын алып, соны көрсетіп«осы технология жайлы айтып берші» дейтін, білмесең тағы орныңа отырып, дайындаласың, тағы басқа технология жайлы сұрайды, қосымша сұрақ қояды, білсең 4 пен 5 аласың, білмесең тағы отырып, дайындаласың. Осылайша, түк білмей кіргеннің өзі кешке дейін бәрін біліп шығады. Диплом қорғағанда да ешқашан 3 деген баға қоймайтын. Сөйтсем, академик ағамыз біздің оқу бітіргесін алдымыздан жер астында қандай ауыр жұмыс күтіп тұрғанын, сол жолда тиянақты білім қажеттігін әрі мерейімізді өсіріп, жоғары бағамен бітіріп шыққанымызды ойлаған екен ғой, оны кейін түсіндім. Өзім де студенттерімді қорғау кезінде қолдау танытып, қолымнан келгенше дәрістерде ардақты ағаның сол өмір тәжірибесін қолдандым. Өндіріске жолдама алғалы тұрған шәкірттерімді диплом қорғау кезінде сұрақтармен қинаған емеспін, өмір алдынан қаншама сынақтар тосатынын, әлі талай жер астында сан қиындықпен бетпе-бет келіп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосатынын біліп, сәт-сапар тілеп, батамды бергендей күй кешетінмін. Оқытушылыққа ауысуыма Мүсілім Тоқтамысов себепші болса, жұмыс істеген кезімде филиал директоры болған Ниязғали Жайсаңбаевтан ресми хат жазуды үйрендім, «әр хатыңда міндетті түрде айтып,сұрап отырған мәселеңе негіздеме болу керек» дейтін. Ғибадулла Жәкенов институт,университеттің ректоры болғанда «университеттің қаржысын қалтамызға салмай, оның дамуына жұмсауымыз керек, ол заңды болмаса да осындай игі іске жұмсауға қақымыз бар» деуші еді, мені докторлық диссертация қорғауыма да жіберіп, үлкен қолдау танытқан Ғибадулла Қабышұлы болатын.
Елордаға қоныс аударғанда Министр, кейін «Парасат» холдингіне де жұмысқа қабылдаған Нұралы Сұлтанұлы Бектұрғановтан көп тәжірибе алдым, министр болған Жақсыбек Құлекеевтен аналитика жасаудыүйрендім.
Қазіргі жұмысымда алпыстан ассам да үйренуден жалыққан емеспін.
Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаев ағамыздан үйренеріміз көп, мені ол кісінің тереңнен ойлайтындығы мен парасаттылығы таңғалдырады, адами қасиеттері мол ағамның ең бірінші басқа адамдарға кесіріңді тигізбеу деп қарайтын принципін басшылыққа алдым.
Әке-шешеміз отбасындағы төрт баласынан үміт күтті, әкем сол кезде өңірге инженерлер мен дәрігерлер қажет екенін білген шығар.
Анам Ғазиза Тайқызы өмір бойы қаржы саласында аудандық мекемелерді басқарды. Ол кездегі аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесін көптеген жылдар бойы басқарып, зейнетке шыққаннан кейін де сол мекемеде қарапайым қызметкер ретінде жұмыс істеді. Ұзақ жылдар жұмыс істеген әке-шешеміздің мақсаттары - біздің бәрімізді оқыту болды, өйткені, мен аспирантурада оқыдым, жездем Асылбек те аспирантурада Новосибирск қаласында оқыды, бәрімізді оқытып шығару ол кісілерге оңай болған жоқ.
Үлкен апам Балия Қарағанды қаласында Юго-Восток шағын ауданындағы бірлескен емханаларды басқарып, соңғы жылдары Наркология диспансерінің Бас дәрігері болып қызмет атқарды. Ағам Әбдікамал құрылысшы инженер болып, Жезқазғанда облыстық құрылыс басқармасында, Главснаб мекемелерінде, ал соңғы 20 жылдай қалалық жылу мен сумен қамтамасыз ету мекемесінде басқарушылық лауазымдарда қызмет етті. Мен докторлық диссертациямды 1996 жылы қорғадым. Ол жылдары Кеңес Одағының тараған кезі, Мәскеуге барып жатаққанаға тұру үшін ақылы тіркеуден өтіп ақша төлеу керек болды. Сол жағдайларда ағамның көмегі шексіз болды. Әкем айтқандай екінші апам да дәрігерлік мамандықты таңдап, санитарлық дәрігер болды. Қарағанды қаласында санитарлық басқару лауазымдарында қызмет атқарды. Сол көрген тәрбиемен мен де балаларымның оқығанына ерекше мән бердім. Қызым Әсия Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, Еуразия ұлттық университетінің бакалавриатын да ,магистратурасын да, докторантурасын да ойдағыдай бітіріп шықты. Университетте оқып жүріп, ғарыш мониторингі орталығында жұмыс істеп мол тәжірибе алды. Содан соң «Қазақстан Ғарыш Сапары»ҰҚ» АҚ жұмыс істеп , Францияға барып білімін жетілдірді. Күйеу балам Әлібек те Ленинградтағы электр техникалық институтты бітірген, ғарыш саласының маманы. Қызым екеуі бірге жұмыс істеп жүріп, қосылды. Алиша мен Амиля атты екі немерем бар. Әлібек қазір жеке бизнеспен айналысады. Ұлым Әсетті жастайынан математика мен физиканы тереңдетіп оқуға жағдай жасадым. Ол Пекинде телекоммуникация және байланыс университетінің бакалавриатын қытай тілінде оқып келді. Бір жыл Транстелеком компаниясында жұмыс істеп, Англияда Хаддерсфилд университетінің магистратурасын ойдағыдай бітіріп, сол бұрын жұмыс істеген компаниясына оралып, қазір сонда бір мекемесін басқарады. Оны мен мақтан етемін.Жұбайым Зейнегүл менің кәсіби жетістіктеріме зор қолдау көрсетті. Диссертациямды да компьютерден басып шығаруға көп еңбек етті. Мен аспирант болғанда біздің жанұямызды ол асырады деуге де болады, өйткені ол 300 рубльдей айлық алатын, ал аспиранттың стипендиясы 100 рубльдей ғана.Сосын мен ғалым болып айлығым дұрысталғаннан кейін, Зекең балалардың тәрбиесіне ауысып, бізге жағдай жасады. Менің түсінгенім тек қана жан - жақты жағдай жасалған кезде ғана ғалымның еңбегі нәтижелі болады.
Қорыта айтқанда, мені биікке көтерген елім мен жерімнің арқасы деп ойлаймын. Әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы жерасты байлығын игеру үшін «Үлкен Жезқазған» жобасын жүзеге асырып, біздің өңірді мыс алыбы ретінде әлемге танытты. Біз ұлы ғалымның аманатын арқалап, өндірісті өрге бастыратын маман ретінде жер астында еңбек еттік, ондағы ауыр жұмысты жеңілдетуге атсалысып, өндіріске жаңа технология енгізіп, сол арқылы ғылым жолын қудық. Ғылым жолы да кен қазғандай терең екенін ұғындық.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Жүректе қайрат болмаса