Тоғызқұмалақ - қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Тоғызқұмалақ ойыны қазақ даласында кең таралған. Тым әріге бармай, ХІХ ғасырдан бері қарай айтар болсақ, бұл ойынды қазақтың кемеңгері, ұлы ақыны Абай Құнанбаев сүйіп ойнаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында Абай ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы да сақтаулы тұр. Ал Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов тоғызқұмалақ мектебін дамытып, алдыңғы үрдісті жалғастырғандығы туралы да деректер бар. Одан кейін де, бұл ойынға Қ.Қуанышбаев, , М.Әуезов және Б.Момышұлы сынды Алаштың ардақты азаматтары қызығушылық танытып, қолдау білдіргендері де зерттеулерде жазылады.
Зияткерлік ойынын зерттеп, Орта Азияда алғаш рет 1936 жылы «Тоғызқұмалақ» кітабын жазған түркітанушы С. Аманжолов болды. Тоғызқұмалақ тақтасындағы отауларға сандық белгі қойылмастан бұрын әріптік белгілер қойылған, оның авторы – Ш. Ибраев. 1949 жылы өткен Қазақ КСР-ның ІІ чемпионатында тоғызқұмалақ тақтасындағы отауларды әріптік белгілеу нотациясы қолданылды. 1974 жылы әріптік белгілеу сандық белгілеуге көшірілді, оның авторы – С. Тілеубаев.
Кейінірек ұлттық ойынның дамуына Т. Сұлтанбеков, Р. Кәрімбаев, С. Аманжолов, С. Тлеубаев, Д. Поляков, М. Таникеев, Б. Төтенаев үлес қосты. Әсіресе осы игі істе Ә. Ақшораевтың орны ерекше. Ол ойынның негізгі қағидаттарын жетілдіруде талмай тер төкті.
1984 жылы Қазақ КСР-ның командалық чемпионаты алғаш рет өткізілді.
Ал 1991 жылдан бері Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты ерлер мен қыз-келіншектер арасында бөлек өткізіліп келеді. Оған дейін олар сайысқа бірге түсіп келген болатын.
2001 жылдан бері ҚР Туризм және спорт министрлігі ҚР ардагерлері, жасөспірімдер мен жастар арасындағы чемпионаттарды бөлек өткізіп келеді.
2004 жылы республикалық тоғызқұмалақ федерациясының Президенті – Әлихан Байменов сайланып, 2004-2013 жылдар аралығында және 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Федерацияға басшылық етуде.
2005-2006 жылдарынан бастап Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының жасалған еңбегінің бастамасы арқасында тоғызқұмалақтың дамуы дұрыс жолға қойылды.
Қазір елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асты, оның 9 мыңдайы кәсіби спортшылар. Жыл сайынғы ұлттық деңгейдегі додаларға екі мыңнан астам, аймақтардағы жарыстарға тоғыз мыңға жуық кәсіби спортшы түседі. Қазіргі таңда тоғызқұмалаққа ден қойғандардың басым бөлігі – жастар.
Ресми деректер бойынша, мектеп жасындағы 190 мыңнан артық бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді екен.
Ал соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерін мектеп пәніне қосу да қолдау тауып отыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қазақша күрес ұлттық спорт түрін орта білім мектептерінде пилоттық жоба ретінде енгізу қарастырылған. Жалпы ұлттық спорттың 20-дан астам түрі бар. Солардың ішінен мектеп бағдарламасына қосуға болатыны іріктеліп алынбақ. Бұған қатысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәліметінше: Ең алдымен асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күрес енгізіледі. осында айтылған ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына кіргізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады екен.
Жақында Ұлттық музейде мәдени мұраларға арналған жаңа зал ашылғанда Еркебұлан Халелов жасаған тақта және атасы мен баласы тоғызқұмалақ ойнап отырғаны бейнеленген тас мүсінді (авторы Ерғали Ибрагимов) Дүниежүзілік қауымдастық атынан Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов сыйға тартқан болатын.
ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының ақпараттары негізінде материалды әзірлеген: Салтанат Сәдібекқызы.
- Көне дүние күмбірі