Белгілі ойшыл, философ Сенеке бір сөзінде: «өкінішке қарай біз өмір үшін емес, мектеп үшін оқимыз» десе, Альберт Эйнштейн: «білім – бұл оқығаныңның бәрі ұмытылғаннан кейін қалатын дүние» деген екен. Бүгінгі күні ресми білімнен бөлек өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрететін, тұлғаның жан-жақты қырын ашатын, инновациялық әдістердің үзіліссіз үрдістеріне қатысу үшін белгілі білім-білігі бар маманға қажетті психологиялық, рухани, адами және мәдени, коммуникативтік дағдыларды үйрететін білімнің озық үлгісі жайында не білеміз? Әлем бойынша дамыған үздік елдердің отыздығына енуге бағытталған ғылыми, инновациялық, өнеркәсіптік, технологиялық жаңғыру платформаларының тоғысында тұрған еліміз үшін қай саланың маманы болмасын бәсекеге қабілетінің жоғары болуы шарт. Қабілеттіліктің жоғарылығын арттырудың қандай жолдары бар? Бейресми білімнің басымдығы қандай?
Консалтингтік қызмет көрсету, персоналды басқару, FMCG, маркетинг және PR, қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша он жылдан астам тәжірибесі бар, ментор, кәсіпкерлік пен коммуникация қалыптастырудың қыр-сырын білетін білікті бизнес-тренер, әкеден ерте қалғанына қарамастан жанұясына бас бола білген Арман Ақбердиев QAZIR-де қонақта.
QAZIR: Заманымыздың цалмейстеріндей болған түрлі гаджеттердің кеңінен қолданысқа енуі, цифрландырылған дәуірдің жедел қарқынмен үдеуі, ақпараттық кеңістіктегі мәліметтердің тиісінше өңделмейтіндігі және шамадан тыс көптігі салдарынан кейінгі кезде сауаттылығымыз нашарлап кеткен жоқ па?
Арман:Қазір дамыған заман, ақпаратты біз емес, бізді ақпарат іздеп табатын кез. Ресурстық қол жетімділіктен ешқандай проблема жоқ. Ал қосымша білім алу үшін алатын ақпараттың қажеті мен қажетсізі болады. Соны ажырата білген абзал. Сауаттылық соған байланысты. Ақпаратты алу бар, оны өңдеу бар. Ал оны пайдалана білу бөлек шаруа. Иә, дұрысы мен бұрысы сапырылысқан ақпарат шамадан тыс, өте көп. Оны қабылдаушының іріктей білуі керек. Бұл жерде тіпті тәрбиенің де маңызы жоғары. Мысалы, желіден келіп жеткен ақпаратты алғаннан кейін оны әркім әрқалай интерпретациялайды, өз түсінігі бойынша топшалап, әрі қарай таратады. Осы тұрғыдан ғана қарасаңыз ақпаратты тұтынушының тұлғалық ерекшеліктерінің рөлі зор. Ал тұлғалық ерекшеліктерді қалыптастыратын тағы да тәрбие мен білім.
QAZIR: Ресми білім беру саласында түрлі өзгерістер болды, сіз мектеп және жоғары оқу орны қабырғасында алған білім мен қазіргі білім беру барысын салыстыруға келмейді. Билингвизм мәселесі бар. Еліміз егемендік алған уақыттан бері түрлі реформаны бастан кешкен сала бұл білім беру саласы болды. Бұл жайында не білесіз? Жүргізілген реформалардың тиімділігі, артық-кем тұстары жайлы пікіріңіз қандай?
Арман: Әрине, қандай реформа болмасын, менің ойымша жоғары оқу орындарындағы жағдай өзгеріссіз қалды. Білім алушыларға тәжірибе жеткіліксіз. Тренинг – бұл тәжірибе арқылы білімді меңгерту. Тренинг өзі жаттығу сөзінен туған. Тренингтің де түр-түрі болады. Бұл жаттықтыра отырып оқыту. Бұл – тәжірибеден алшақтатпай үздіксіз оқыту, бұл – қосымша білім. Айтып кеттім ғой, дәрігер, мәртебелі мамандық. Ал дәрігер болу үшін диплом алып, аға-көкеге қоңырау шалып, бір жерге барып топ ете қалу жеткіліксіз. Еңбек нарығындағы тартысқа түсе білу үшін дәрігердің коммуникативті, стресске төзімді, дағдарысқа шыдамды, компьютер мен техниканы меңгерген, психологиядан хабары бар, критикалық жағдайлардан шығудың санаулы болса да амалдарын білетін, жұмыс барысында толассыз түсетін ақпаратты өңдеуде жедел, тосыннан шешім қабылдауға дайын, сын тұрғысынан ойлау қабілеті жоғары, өзгерістерге бейім, мақсатты дұрыс қоя білуі керек. Ал бұған бекітілген бағдарлама, не болмаса арнайы пән ретінде қай білім беру мекемесінде оқытып жатыр? Мысал айта кетейін, тіл үйрету мектебін басқарып отырғаныма біраз жыл болды. Алдыма ағылшын тілін мінсіз меңгерген, дипломы қып-қызыл, судай жаңа сертификаты бар маман жұмысқа келеді. Қабылдай қояйын десең – оның өзгеге үйрету, өз меңгергенімен бөлісу қабілеті жоқтың қасы. Яғни, білікті және бәсекеге қабілетті маман болу үшін индивидтің басымдығын білдіретін дағдыларды меңгеру керек. Тренинг – бұл оқудың аз уақыттың ішінде ұзақ мерзімдік білімді меңгертуге болатын әдісі. Көптеген студенттердің әлгі диплом алдында өтетін өндірістік, жалпы практикадан өтетін жерлерді өздері іздейтіндігі ешкімге құпия емес. Тіпті солардың басым көпшілігі бір жапырақ қағазға бір лауазымды тұлғаның қолын қойдырып алып, бар шаруаны тындыра салады. Ал сонда халыққа қызмет көрсетуге лайықты, заман көшінен озық жүріп отыруға толықтай дайын түлек, қарым-қатынас қалыптастыруды, этикалық нормаға сай болуды, коммуникация ерекшеліктерін және жаңа заман талабына сай құзыры бар, soft-skills дағдыларын меңгерген бес аспап, бәсекеге қабілетті маман қайдан шықпақ? Өзіңіз ойлай беріңіз. Десек те, соңғы екі жылдың жүзінде көптеген орта білім беретін мектептерде жекелеген жоба түрінде ашылған сабақтарға шақырту алып жүрмін. 7- сыныптың оқушыларынан бастап бірнеше мектепте кәсіпкерлік негіздері, тайм-менеджмент, ресурстарды басқару сияқты тақырыптар бойынша тренинг өткіздім. Бұл қуантатын өзгеріс, себебі, түрлі семинар, тренинг, коуч-сағаттары арқылы тәжірибеге тікелей қатысу нәтижесінде алатын білім, жасалатын қорытындылар аса құнды. Ол құрғақ теорияның тұздығын таттырып, дәмін көрсететін нәтиже. Өз басым бұндай шаралардың тек project түрінде қалмай, арнайы дисциплинаға айналса, ресми білім беру стандартына енгізілсе деген ойдамын.
QAZIR:Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында, жасанды интеллект деп жатамыз. Цифрландыру, роботтандыру сияқты жаһандық үрдістер бізді төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығына әкелді. Білім алушы жастардың интеллектуалдық тұрғыдан дамуында сіз бейресми білім беруші ретінде қандай ерекшеліктерді, кемшіліктерді атап айта аласыз?
Арман:Бір қызық құбылыс бар, ол онлайн қызмет көрсетуге, онлайн оқытуға көшіп жатырмыз. Әрине, керек-ақ, маңызды. Уақытты үнемдейсің, техниканы меңгересің, бірақ онлайн-білім алушының қалай түсінгенін, қандай эмоцияда екенін қалай білеміз? Сондықтан жанды қарым-қатынас жасай отырып оқытудың дәстүрлі амалдарының бейресми білім элементтерімен толықтырылуы оңтайлы болар еді. Тренер ретінде университет, институт, академия студенттерімен жұмыс барысында болсын, мектеп оқушыларымен болсын, тіпті бизнесмендермен болсын, бар мәліметті тек тәжірибеден сүзіп алып, талғамы жоғары тұлғалардың назарына ұсынамын. Бірнеше жыл ішінде оқыған білімдерін бірнеше күн ішінде жүргізілетін тренинг барысында бір жүйеге келтіріп алып жатқандарды көргенде бейресми білімнің маңыздылығын көресіз. Алған білімді іс жүзінде пайдалана білмесек бес дипломның да берері шамалы. Оның үстіне мен тыңдаушыларыма мен тренермін, тәжірибем мол, оқытуға келдім деген дүние айтпаймын. «Мен», «біз» ортақ мәселенің шешімін бірлесіп табуға тырысамыз деген ұстанымым ұтымды. Аудиториямда отыз адам болса, олардың ортақ тәжірибесінің менікінен отыз есе артық болуы әбден мүмкін, мұндайды мойындай білу керек, бірақ, әрқайсысына жетіспейтін тұрған түйін, тетігі табылмаған мәселелер болады. Чарльз Диккенс айтқандай, адамның жетіле беруі үшін өзгенің жетіле жүруіне жәрдемдесуі керек. Өзгені үйрете отырып өзім көп нәрсені үйренемін. Білімнің де құндысы осы ғой. Адам айтылған мәліметтің 6-7 процентін ғана қабылдайды, ақпараттың 38 процентін интонациялық-эмоциялық күйден, ал 55 процентін іс жүзінде өзі қатысқан әрекеттен қабылдайды. Бұл ғылыми түрді дәлелденіп алынған көрсеткіштер. Сондықтан, тағы да – тәжірибе.
QAZIR:Сіздің кәсібіңіз не? Қызметіңіз барысында, еңбек жолында еңсеңізді түсірген құлдырау кезеңдері, дағдарыс болды ма?
Арман: Негізінен, алғашқы жұмысым даяшы болатын. Оның өзінде мен барған бес дәмхананың барлығы бас тартып, шақыртса адам бара қоймайтын бір тамақтану орнынан бастағам. Сауданың түрлі салада дами бастаған кезі болатын, осындан 15 жылдай бұрын, сатушы да болдым, дилер де болдым. Радиода да жұмыс жасап, көпшілік алдында сөз сөйлеу, тосын ситуацияда тосылмау сияқты құнды тәжірибе меңгердім. Қарап отырсаң бұл да өнер ғой, ал кез-келген өнерді меңгеру керек, үйрену керек, еңбектену керек. Ірі сауда компаниясының аймақтық директоры да болдым, бірақ, әрі қарай өсу керек болды. Бизнес-тренинг орталығын ашып, ағылшын тілі мектебінің жұмысын жүргізіп отырғаныма он жылдан асты. Бұны кәсіп деп қарамаған едім, бастапқыда. Бұл бір қажеттілік болды, маған үнемі қарым-қатынаста болу керек еді. Бизнес енді жандана бастағанда әркім өз шекпенін жамылып алып, жаңалықтарымен бөліспей, тасаға тығылып, оғын орайы келгенде атып, олжаға кенеліп отырғандай еді. Бизнестің қыр-сырымен, нарық заңдылықтарымен бөлісетін бизнесмен бола бермейтін. Сол кезде азды-көп тәжірибеммен бөлісейін, жас кәсіпкерлерге тым болмаса коммуникативтік дағдыларды үйретейін деген оймен орталық ашылды. Кейіннен тілді тәжірибе арқылы оқыту үшін үйренушілерді шетелге жіберу жұмысын қолға алдым, байқадыңыз ба, қалай айналып келсең де үйренудің тәжірибеге келіп тірелетінін. Осы тіл үйрету мектебінің жұмысы арқылы көптеген шетелдерде болдым. Сол арқылы көзбен көріп, түсініп, тұтынып көрген тәжірибе - сервис еді. Біздегі сервистің сапасын әлі көтеру қажет-ақ, оны теория жүзінде меңгеру мүмкін емес. Қазір соны кәсіби түрде үйретіп жүрмін. Өзіңіз айтпақшы, төртінші революция табалдырығында тұрмыз, ғылым да, техника да, өнеркәсіп те үздік отыздықтың ортасынан табылу үшін тұтынушы талабына толық сай болуы шарт, ал өндірістің қай саласын алсаң да сервис, үйде отбасы мүшелері бір-біріне қызмет көрсетеді, қоғамдық көлікте, ауруханада, мемлекеттік мекемеде, көшеде, сауда орталығында – барлық жерде бір-біріне қызмет көрсеткен жұрт, ал сол сервистің сапасының Қазақстанда қандай деңгейде екенін дәл қазір мақтанып айта алмаймыз. Ал кедергі деген қайда болмасын кездеседі. Құлдырау болған емес. Себебі мен үшін жылы орынды жайына қалдырып, қажет болса барлығын қайта бастау қалыпты жағдай. Бұған менің білімім, білігім, дағдым жетеді, бастысы – тәжірибем бар. Сондықтан қорқыныш та, үрей де жоқ. Кез-келген кедергіні көргенде жұмыс жасауға құлшынысым арта түседі.
QAZIR:Өмірлік маңызы бар дағдылар, бейресми білім жайлы бизнес-тренер ретінде түйген негізгі ойыңыз қандай? Бейресми білім деген не өзі? Қаншалықты маңызды?
Арман: Бейресми білімнің басты шарты – еріктілік. Үйренушінің де, үйретушінің де ерікті түрде оқуға, оқытуға өз еркімен, ынтасымен араласуы керек. Айдағанда ғана жүретін аттың бәйгеден озбасы анық. Адамның қажеттілікті сезініп, білімге сусап келуі беретін нәтиже көп. Бүгінгі күнге дейін Астана қаласы бойынша кәсіпкерлік негізі бойынша ғана 2000 астам адаммен жұмыс жасадым, түрлі тренингтерімнен 5000 астам ірі кәсіпкерлер өтті, мектептермен, колледждермен, университеттермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік орталығымен, UNICEF-пен жұмыс жасаудамын. Бизнес-тренер бұл мұғалім емес. Ал білім министрі болсам балабақшадан бастап «өмірлік маңызы бар дағды» дисциплинасын енгізетін едім, адамның жетістігінің 85 проценті коммуникативтік дағдыларына байланысты, 15 проценті ғана кәсіби құзырына тәуелді, бұл дәлелденген зерттеулер. Содан кейін бизнес-тренерлердің статусын, сондай орталықтар беретін сертификаттардың статусын жоғарылатар едім. Бейресми білім бойынша Финляндиның тәжірибесін біздің ортаға, біздің өміріміздің стиліне, көп ұлтты қазақстандық полимәдени ортаға бейімдегім келеді. Ресми білім беру жүйесіне бейресми білім берудің әдіс-тәсілдерін интеграциялау мүмкін және қажет!
QAZIR:Еліміз бойынша ең үздік спикер, бизнес саласының бес аспап азаматы ретінде танымалсыз. Сіздің қызметтік саладағы ең үлкен жетістігіңіз, жобаларыңыз қандай? Бизнес пен білімнің сабақтастығы жайлы не айтасыз: бизнес арқылы білім немесе білімнен кейін бизнес пе? Өзгелерді оқытуда озатсыз, ал өзіңіз кімнен үйренесіз?
Арман: Ресми, дәстүрлі білімнің қажеті жоқ деп айтуға құқығым жоқ. Дұрыс түсіну керек, менің барлық айтып отырғаным білім берудің де жаңартылуды, жаңғыртуды қажет ететіндігі жайында. Білім берудегі дәстүрдің озығын алып, тозығын тастауымыз қажет. Ал менің жолымның болғаны – өмірлік тұрғыдан ұстаздық еткен жақындарымның жанымнан табылғаны. Одан кейін әріптестерден, әлемдік үздік бизнес-спикерлерден үйренесің. Әрқайсысын атай бермейік, көп қой, үйрене білген адамға үйретуші табылады. Бастысы ақпаратқа ашықтық, үнемі ізденіс үстінде болу керек.
Қысқа-нұсқа:
QAZIR: Сіз жиі...
А.Акбердиев: жұмыспен сапарларда боламын.
QAZIR: Адамның бойындағы қандай кемшілікке төзімділік танытуға болады?
А.Акбердиев: Адамның бірдеңені меңгермегендігіне, білмейтіндігіне. Бұл уақытша, орнын толтыруға болатын жағдай.
QAZIR: Бойыңызда қандай жасырын талант бар?
А.Акбердиев:сенесіз бе, мен негізі көп сөйлемейтін адаммын. Жақын ортада, үйде үндеместің өзімін. Жұмысты жеке өмірге араластырмай, жігін ажырата білу талант емес, бірақ бұл қабілет.
QAZIR: Сіз қандай/неше шет тілін меңгердіңіз?
А.Акбердиев: ағылшын тілін меңгердім.
QAZIR: Өзіңізді патроитпын дей аласыз ба?
А.Акбердиев: әрине, мен нағыз париотпын.
QAZIR: Сізге өміріңізде берілген ең маңызды кеңес қандай?
А.Акбердиев: өзің өмір сүретін ортаның тұтынушысы болма, қоғамнан қандай пайда, игілік көремін деп емес, ең алдымен қандай қызмет ете аламын, не пайда келтіре аламын және содан қандай нәтиже аламын деп ойла!
QAZIR: Басты 3 құндылық қандай?
А.Акбердиев: жанұям және оның саулығы, еліміздің тыныштығы, білімнің салтанат құруы.
Сұхбаттасқан Жаннат Манасбайқызы