«Африканы мен таңдаған жоқпын, Африка мені алып кетті, тағдыр табыстырған жарым өзге құрлықтан болған соң қоныс аударуға тура келді. Интернет арқылы танысқан жарым орыс тілді қалыңдық іздепті, ал мен ағылшын тілді ортаға ұмтылдым. Бұл сәті түскен,салтанаты жарасқан, бір естіген құлаққа түрпідей тигенімен, мені тұлғалық даму биіктеріне жетелеген таныстық болды, отбасылық өмір де ешкімдікіне ұқсамайтын өрнегімен ерекше» QAZIR-мен кездескен Жакупова-Вентер Анараның азаматтық қоғам, жауапкершілік және Африка жайындағы ерекше көзқарастары бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында.
QAZIR: Қайырлы күн, Анара! Алдымен Африкаға көшуіңіз жайлы айтып беріңізші. Намибияға неге кетіп жүрсіз?
АНАРА: Дәл қазір мен Астанадамын, ата-анам осында. Африкадан арқалап келген арманым да жоқ емес, ағымдық жағдайым айтарлықтай қызық. Шыжығы да жетіп жатыр, ал басынан бастасақ, мен Шығыс Қазақстанның Первомайский ауылында туып, өскен едім. Сол жерде мектеп бітірдім, кейін оқуға түстім. Мен қоғам ісіне белсенді араласамын, осы уақытқа дейін тұрақты жұмыс жасадым, қоғамдық ұйымдарда ең белсенді ерікті болдым. Ғылыми атақ пен дәреже алу үшін емес, жеке қызығушылығым болған соң жүргізген зерттеуім де бар. Зерттеу әлеуметтік қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдардың шетелде қалай жұмыс жасайтындығын анықтау еді. Ал зерттеу нәтижесінде мен қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың қызметі бойынша қаншама тәжірибе жинап, сарапшы болып алдым. Намибияның еріктілер жұмысына негізделген америкалық бағдарламаларын бітірушілер қауымдастығының жауапты хатшысымын. Кеңсесі Винхукта болғанымен, ауқымы дүниенің төрт бұрышын тоғыстырып тұр. Мұндай жобалардың басты демеушісі АҚШ елшілігі.
Ал Африканы мен таңдаған жоқпын, Африка мені алып кетті, тағдыр табыстырған жарым өзге құрлықтан болған соң қоныс аударуға тура келді. Интернет арқылы танысқан жарым орыс тілді қалыңдық іздепті, ал мен ағылшын тілді ортаға ұмтылдым. Бұл сәті түскен,салтанаты жарасқан, бір естіген құлаққа түрпідей тигенімен, мені тұлғалық даму биіктеріне жетелеген таныстық болды, отбасылық өмір де ешкімдікіне ұқсамайтын өрнегімен ерекше. Әр елдің салты басқа, дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінің тынысы басқа. Намибия құрғақ, оның үстіне ыстық, суккулент климатты ел. Бір шетінде теңіз түбекке ұласып жатыр, ал келесі қиырында тіршілік біткеннің барлығы судың жетіспеушілігінен солып жатыр. Солтүстігіне бара қалсаң топан су басып жатқанын жиі көресің. Қала шетінде жортып, жүгіріп жүрген жыртқыштарды жиі аңғарасыз, саңқылдаған сан алуан құстар да, бүлкілдек бабуиндер де, осында. Қарыштап дамыған, ғылым мен технологияның барлық туындылары тұнып тұрған Намибияда халқы саздан соғылған лашықта тұратын шағын ауылдарды да кездестіруге болады. Бұл бір елдің бірнеше дәуірдің жаршысы сияқты әр түрлі тұрмысты таңдаған халқын көрсетеді. Жалпы айтқанда, Африкада қандай картина көргің келсе, бәрін табасың. Негізі Намибияны ХV ғасырға дейін аңшылықпен айналысқан бушмен тайпасы мекен еткен, кейіннен дамара сияқты көшпенді мал шаруашылығымен айналысатындар келген, бану мен кованго тайпалары түпкілікті халық болып саналған. Ал қазіргі халқының негізгісін құрайтын овамболықтар араға үш ғасыр салып өз дәстүрлерімен тіршіліктерін бастаған, тарихын сағаттап айта беруге болады, бұл өте қызық. Оған дейін мен АҚШ Туссон қаласында болғанмын. Намибиядан алған әсерім мүлде бөлек. Сегіз жыл бойы жарасып келе жатырмыз жарыммен, бұрын-соңды экзотика деп санайтын африкалық нәсілдер Намибияда неғұрлым жақынырақ бола түсті, олар достыққа, жаңашылдыққа өте ашық адамдар. Достасып кеттік, оның үстіне ерікті ретінде бармайтын жерім жоқ, әрине, есіл уақыт емес, нәтижелі жүріске ұмтыламын қашан да, шауып жүріп шамалы дос жинағаным рас.
QAZIR: Өзіңіз айтып кеттіңіз, ел мен халықтың салты басқа, санасына сіңген дәстүрлер де алуан-алуан, Африка жеріне алғаш барғанда қандай қиыншылықтар кездесті, сіздің ұстанымдарыңыз бен қағидаттарыңызға қайшылықтар көп болды ма?
АНАРА: Тілді еркін меңгермеу әрине, аздап кедергі болды. Намибияда кім болмасын кемінде үл тілде сайрап тұрады. Ресми тіл – бұл ағылшын тілі, бизнес ортада басымдықты намибиялықтар неміс тілі мен африкаанс тіліне берген. Африкалықтардың ағылшыншасы да айрықша, аса маңызды лингво-франс болып саналатын африкаанс тілін әлі меңгере алмадым. Елде жұмыс жасауың үшін және жақсы лауазымдарға жету үшін африкаансқа ағып тұруың керек, қарым-қатынас, нетворкингке керегі неміс тілі, ал аштан өлместің күнін кешуге аздаған ағылшын да жеткілікті. Туристтер болмаса жергіліктердің жүзінен де, ісінен де мен сияқты басқа ұлт өкілдеріне деген толеранттылық жоқ. Біздің қазақ емес пе, қай-қайсын да құшағына қысып, төріне отырғызатын. Қысым көрдім деп айта алмаймын, бірақ бөтен үйдің баласы екенім анық қой енді, отбасым мен жақындарымды жиі сағындым. Ал менің күйеуіме ет асқан керемет ұнайды, біздің ет пен бауырсақ көңілінен шығады, бірақ аз жейді. Байқағаным ана жақта бізге қарағанда ет арзан, аң мен жыртқыш қоры жақсы, ал сирек кездесетін түрлерін билік заңды түрде қызғыштай қориды. Бұл талапты бұзғандарға берілетін жаза да қатаң. Бір жақсысы, Намибияда тұратын тақыр кедейдің өзінің дастарханында үнемі ет болады. Климаттың құрғақтығына қарай көкөністер аздап қымбаттау. Ғылым мен технология жетістігі ғой, қазір бұл елде қажетті жемістер мен көкөністерде үй жағдайында, топырақсыз ақ өсіретін жобалармен айналысатын фермалар жақсы дамып жатыр.
QAZIR: Анара, Астанаға қандай мақсатпен келдіңіз, нақтысын айтыңызшы, Намибияға қайтпақ қашан?
АНАРА: Мен студенттік кезімнен көпшілік ортада, қоғамдық жұмыстарда белсенді едім. Анам екеуміздің туып өскен жерде атқарған біраз шаруамыз бар. Оны жіпке тізбей-ақ қояйық, ауылымызға барсаңыз бәрі айтып береді. 2011 жылдан бастап «Үздіксіз білім беру» қоғамдық қоры қоғамдық белсенді мектептер жобасын жүзеге асырып келдім, ал қазір анам зейнетте болса да барлық зейінін, күш-жігерін, ынтасын білім берудің қол жетімді болуына қатысты идеяларды алға тартып келеді. Мен жобалық менеджері болып, бірнеше бағдарлама әзірлеп, АҚШ елшілігінің қолдауымен өзім әзірлеген жоба бойынша сол Первомайск ауылындағы нон-элит отбасынан шыққан 50 балаға екі жылдық тіл меңгеру мектебінің қызметін көрсеттік.
QAZIR: Сіздің мұндағы мүддеңіз не, қаншалықты пайдасы қалды сізге?Басқа қандай жобалар жүзеге асырылды?
АНАРА: Менің мүддем дейсіз бе, түсіндіруге тырысайыншы. Қай қалтаңа салып қойсаң да жылтыңдап тұратын жалған патриотизм, әсіре діншілдік, шамадан тыс еліктеушілік деген бар ғой, ал мен өзім өсіп-өнген ортаға пайдалы қызмет етуді өзіме міндет тұттым. Жаным ашыды, өйткені, мен нағыз патриоттар қатарынанмын, 95-96 жылдардағы, девалвация бір сілкіп өткен кез-тін, ауылымыздың күйін көргендер жылап жіберетін жағдайда еді, тіпті балабақшасының өзінің жұмысын бастаған осы біздің қор болатын. 2010-2012 жылдары мүмкіндігі шектеулі баларға арналған бейіндік мектептер ашылды, Шығыс Қазақстан бойынша ұмытпасам 19 орталық бар. Бұның барлығы анамның белсенділігінің жемісі. Бұрын комсомол, партия қызметкері болған, өте ұлтжанды, 1997 жылдан бері Касиманова Гүлбаршын «Первомайск» оқу-өндірістік кешенінің жетекшісі қазір, «Космос» ардагерлер кеңесінің де қатарында қызмет етуде. Ал мен 2006 жылы Туссонға жол түсіп, елшіліктің еріктілерге арналған бағдарламасы бойынша үш апта болып келдім. Ағылшынды мен жұмыс жасау үшін арнайы үйренген емеспін, жұмыс жасай жүріп меңгердім. Келген соң еріп келе жатқан жастарға жол беріп, жұмысты табыстап, жеке өмірімді реттеуге бел будым ғой. Бұл жобаны әлем Корпусы еріктілерімен бірлесіп атқардық, әріптесім де ағылшын тілінің оқытушысы емес-тін. Бұл мемлекеттік емес ұйымдарға қолдау көрсету бағдарламасы бойынша бөлінген елшіліктің көмегі болатын. Балаларға үйрете жүріп ағылшынды өзім де алқымдап алып, ақыр аяғы көрдіңіз бе, Африкадан бірақ шықтым.
QAZIR: Қазақстанда жұмыс жасайтыны бар, жасамайтыны бар, толып жатқан қоғамдық ұйымдар, қорлар, бірлестіктер бар, қандай жобаны үкіметтік емес ұйымдар әлі жүзеге асыра алмай отыр? Статистика бойынша жиырма екі жарым мың ҮЕҰ тіркелген екен. Олар, әлбетте, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушылар.
АНАРА: Осы статистиканы суқаным сүймейді, ол сан ғана, сапасын кім көріп жатыр. Мен қашан да өзімнің наразылығымды, ұсыныстарымды, пікірімді ерікті түрде айтып үйренген адаммын, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Тағы да айта беремін: біз бұл өмірде тек тұтынушы болмауымыз керек, нені болса да, қызмет болсын, билік болсын, игілік болсын, материалдық құндылықтар болсын, бір қолмен алып, бір қолмен беру керек. Бір жағдайды жақсы білемін, биолог ретінде бей-жай қарай алмадым, осы қалада ... көшесінің бойын күз түсіп қалғанда былтыр, жап жасыл қылып, жаңа өскіндерді қаз-қатар қылып қойды, бір ай өтпей басы салбыраған бұтақтар. Міне статистика: бәлен тал отырғызылды, бәлен қаражатқа, бәленшенің атындағы көше жасылдандырылып, абаттандырылды, міне суреті деп бірнеше мәрте шырт еткізесіз, болды! Одан кейінгі халінде ешкімнің шаруасы жоқ. «Бурабай» ұлттық паркінің аумағы 130 мың гектарға жуық, жылына қанша миллион қаражат сырттан келетін, еліміздің ішінен баратын туристтерден түседі, мемлекет қоржынынан берілетін қаражат қаншама, жұмыс күшінің жеткілікті болуына жетерлік, суын, ауасын, топырағын таза ұстауға қыруар қаражат жұмсалып жатса да, жиыстырып үлгірмейді екен жалдамалы жұмыскерлері, жағдайы мәз емес. Өзіңіз ойлаңызшы, ертең айдаладағы Африкадан келген қыз өзі сияқты табиғат жанашыларымен, еріктілермен бірігіп өткен аптаның демалыс күндері Бурабайдың «боғын» тазалауға барып келді. Осындай жағдайлар жетіп жатыр, осыдан соң сізге статистика қызық па?
Қазақстанға келгелі бері әлеуметтік жиынтығы жарасқан жұмыс, келісті орын таппай жүрмін. Құндылығым ба, аздаған қырсықтығым ба, қайдан білейін, дәл қазір тура бір транзишн күйде жүрмін, адал еңбектен ортаға пайдасы келетін жобам бар: «University of Third Age — U3A»- бұл 50+ жастағылардың дүниежүзі бойынша дамып келе жатқан қозғалысы. Еуропалық елдердің тәжірибесін алсақ, жаңа білім мен дағдыларды меңгеретін, тіл үйренетін, тарихты зерттеп, машықтары бойынша бір-бірімен танысып, тіл қатысып, толыққанды өмір сүретін жағдай жасалған. Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда зейнеттен кейінгі құрметті қызмет – бала бағу.
QAZIR: Келіскім келмей отыр сізбен, түрлі мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бар, толып жатыр тіпті, Анара, мүмкін Сіз олармен таныс емес шығарсыз? Мәселен, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі мемлекеттік қызметтер, зейнерақымен қамтамасыз ету, оңалту және сауықтыру бағдарламалары, қаттармен ардагерлерге, ерекше күтімді қажет ететіндерге арналған әлеуметтік арнайы медициналық жәрдем де бар.
АНАРА: Қызық жұрт, қалай түсінбейді, жиырма бірінші ғасырдың баласын бағу үшін де бірқатар дағдылар мен бейімділік керек. Әлем бойынша, дүние жүзінде зейнетке шығу жасын арттыру жүргізіліп жатыр, соңғы екі жылдың ішінде біздің елімізде де әлеуметтік қамтамасыз ету және зейнет саласына қатысты сан өзгеріс, алуан реформа болды. Немересінің жан жақты дамуына, жаңашыл, еңбекқор, жаңалықтарға ашық, ақпаратты қабылдауға бейім болуға, үнем мен адал пайданы ажырата білуге апа-аталарымыз қалай үйретпек? Жаңа ел мен өзге ұлттың мәдениетімен таныстырып, тілдерін немерелеріне өздері үйрететіндей жағдай неге жасамасқа? Өмірлік маңызы бар дағдыларды, мысалы тоқыманы, қолөнерді, аспаздықты білетін, білікті түрде бала күтімімен айналыса алатын адамдар зейнет жасындағылардың қатарынан болса, аталған қызметті қажет ететіндер тағы бар. Францияда, Ресейде зейнет жасындағылардың білім алуына бағытталған жобалар дәстүрлі университтермен, институттармен сабақтас. Ал Ұлыбритания мен АҚШ жоғары білім беретін университеттерден бөлек, бұл жерде зейнет жасындағылар өзге зейнет жасындағыларды оқытады. Ал сіз бізде зейнеткерлерге жасалған жағдайға көзіңізді ашып қараңызшы, Құдайым-ау, оларға арнап жақында ашылған бос уақытты өткізетін мәдени орталықтың өзі жертөледе орналасқан ғой. Статистикадан бұрын сапасын анықтау керек, ол үшін шетелдік тәжірибеде жиі жасалады: қызметті тұтынушыларды, бенефициарларды, қызмет көрсетушілер мен қызметті көрсетуге тапсырыс бергендерді, мысалы, жергілікті билік органдарын бір фокус-топ аясында жиып, диалог жүргізу керек. Статистика үшін құр сандарды тізіп қою түкті де дәлелдей алмайды. Бастықтарға бастысы есеп беру шығар, ал мен үшін бастысы нәтижесін көру. Толып жатқан университеттер Астанамызда адым сайын, олардың бос алаңдары да жетіп жатыр. Неге сондай алаңдарда қарттардың бастарын қосып, «University of Third Age» жобасын жүзеге асырмасқа? Соғыс ардагерлеріне жылына бір рет құрмет, қошемет көрсетіледі. Күн өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді, ал ардагерлер қалмай қалған күні не істейміз? Бізде «Қарттар үйі» деп аталады, қараусыз қалғандар тоғытылады. Ол жерге барушыларда таңдау жоқ басқа. Ал ақылға қонымсызы не? Қараңыз, ата-анасын қараусыз қалдырған баласы «Жастар сарайында» қақшаңдап жүргенде, қарттар бос уақытын жертөледе өткізіп, «пенсиясын» әрі тартып ауына, бері тартып бауына жеткізе алмай жүр. Ал олардың арасында еңбекке қабілеттілері қаншама, бірақ кезінде білім ала алмаған. Неге «Қарттар сарайы» жоқ бізде? Неге зейнет жасындағы еңбекке қабілетті, өмірге құштар жандардың әрі қарай білім алуына жағдай жасамаймыз?«University of Third Age» көздегені де осы ғой. Түйіп келгенде ардагерлер кеңесі де, әкімдіктердің әлеуметтік жұмыс бөлімдері де бізге түрпідей қарамай, жобаларымызды жіті қарап шықса нұр үстіне нұр болар еді, қарттарға да, қоғамға да, адамға да, билікке де пайдасы күттірмей келеді. Қарттарды тек қызметті тұтынушы деп қабылдағанды қояйық-та...
QAZIR: Анара, өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз, әңгімеңізге алғысымды білдіремін. Енді қысқа-нұсқа: біліміңіз қандай?
АНАРА: биологпын, магистратураны да бітіргем.
QAZIR: Ең басты кәсіби құзырыңыз қандай?
АНАРА: процесстер фасилитациясы.
QAZIR: Жасырын талантыңыз бар ма?
АНАРА: Арнайы музыкалық білім бар, музыканттар отбасында өскенмін.
QAZIR: ...сенемін.
АНАРА: Жарқын болашаққа сенемін.
QAZIR: Алып-қосарыңыз бар ма?
АНАРА: Айтылған пікір менің, жеке пікірім. Ол үшін менің ешбір жақынымды, отбасымның мүшелерін мазалап, менің ұнамсыздау пікірлерімді алдынан көлденең тартудың қажеті жоқ. Шетелде тұрған – мен, еліміз бен сырт жердің тәжірибесін салыстыра зерттеген тағы мен, пікір – менікі, қарсылық білдіргендердің айтатын әңгімесі де тек маған болсын.
QAZIR: Құндылықтар қандай?
АНАРА: не нәрсенің де «негізді» болуы керек, не нәрсе болса да «рахмет» айта білген абзал, отбасының амандығы.
Әңгімелескен Жәннат Манасбайқызы