Музей ісі мақсаты - атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан жәдігерлерді болашақ ұрпаққа жеткізу. Бүгінгі ақпарат әлемі кең өркен жайған, заманауи талабын кез-келген адам баласы қанағаттандыра алатын кезеңде музей жәдігерлеріне бір үңілу артық болмас. Әр дәуірден сыр шертетін жәдігерлер сөйлейді. Уақыт тауып бір бас сұқсаңыз жаныңыз демалады емес пе... Қазақстан аумағындағы музейлер білім мен мәдениет саласында өз қызметін атқаруда. Қоғам мен қоршаған ортаның дамуына өз үлесін де қосады. Мектеп жасындағы балалар мен жас шамасына қарай мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге де тигізер пайдасы жоқ емес. Рухани азық алып, қызықтап, «білсем», «көрсем» деген талабы арта түспек. Толығырақ «Сиқырлы әлем» айдарында.
2010 жылдары Президенттік Мәдениет Орталығында №52 «Еркетай» балабақшасының бүлдіршіндерін «Алтын және бағалы металдар» мемлекеттік музейі шақырған еді. Балаларға ондағы жәдігерлерден хабар беріп, оларға осы тақырыпта түрлі сұрақтар қоя отырып, бүлдіршіндердің қызығушылығын оятуға музей қызметкерлері барын салды. Мәз-мейрам болған бүлдіршіндер сыйсыз да қалмады. Музей әкімшілігі келген қонақтардың қолына сыйлық тапсырды. Осындай игі дәстүр үзбей жалғасса құба-құп.
Уақыт өте «Назарбаев орталығы», одан кейін «Ұлттық сурет Галереясы» болған бұл орталық 2015 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Ұлттық Әскери-Патриоттық Орталығы» болып қайта ашылды. Орталықтың мақсаты – жастарды Отансүйгіштікке баулу, тағылымды тәрбие беру. Бұл жерде қазақ халқының батырлық жылнамасы болып табылатын жәдігерлер жинақталған. Тарихи көрмелер өз кезегінде тереңнен сыр шертеді. Батырлардың сауыты мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілері туралы ақпарат, қолданған қару-жарақтары қойылған жылжымалы көрмелер де кезегімен ауысып отырады. Суретшілердің үздік туындыларын да көре аламыз.
Ел игілігіне қызмет еткен тұлғалардың еңбегін де ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде де көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы орайда осы жылдың 22 тамызында ҚР ҚК Әскери-Патриоттық Орталығының Әскери тарихи музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Исмаилұлы Исмаиловтың 80 жасқа толу мерейтойына орай «Еңбекке толы ғұмыр» атты тақырыпта көрмесі өтті. Жары Райхан Ғалиханқызы мен ұлы Ерлан Әнуарұлының ұйымдастыруымен өткен бұл көрменің жастарға берер тәлімі мол. Сондықтан, өнер әлемі мен өнегелі өмір кешкен жандардың ғибратты ғұмырларынан мағлұмат аламыз,жас ұрпақты отан сүйгіштікке баулимыз десеңіздер музейге келіп, аралап көріңіздер.
Лаура Төленқызы
ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музей қызметкері