«Батыл жігіт жол бастар, батыр жігіт қол бастар»,- демей ме дана халық. Шекесіне қандай тас тисе де талмай ізденіп, еңбектеніп, құлап-сүрініп қайта тұрған Арнұр Ысқақов ең тәтті әуен, тылсым толғаныс, өртейтін сезім және жарың мен жақыныңа деген сенім жайында.
QAZIR: Қайырлы күн, Арнұр! Күні кеше өткен бас қаламыз Астанамыздың туған күні толассыз шараларға ұласып, әлі де жалғасын табуда, туған күн құтты болсын! Өркениет үрдісі егемендік алған уақытымыздан бері елімізде бір сәтке де тоқтамаған. Ал елдіктің еңселі, іргесінің бекем, қоғамның озат болуы халықтың, азаматтардың қолында. Қоғам белсендісі ретінде сенің де өз айтарың көп, шектеулі мүмкіндіктеріңе қарамастан шексіз мүмкіндігі бар заманымыздың зор сыйы бар дейсің, әңгімені содан бастайық.
Арнұр: Арбалы адамдардың ақырындап болса да қаламыздың, жалпы еліміздің тыныс-тіршілігіне жең түріп ат салысуы, жаһанданудың жарнамалау қажет емес қағидаттарына сай тең құқылы және мүдделері мінсіз қорғалған қоғамда ашық пікір айта алуы заманымыздың зор мүмкіндігі емес пе? Бұрын шапқылап жүргенімде мүгедектердің тіпті киноға баратынын байқамайтын едім. Тонның сырын кисең білесің. Өзім сондай күйге түскен соң өң-мен түстей болған көп дүниені ажырата бастадым.
QAZIR: Арнұр, мұндай күйге қалай түсіп жүрсің? Сау жүрген адамның өмір сүруінің өзі қазір талас пен тартысқа толы. Сен қалай күрестің?
Арнұр: Осы Астанада, медицина академиясын аяқтауға аз уақыт қалғанда сал болып қалдым. Артының қайырлы болғаны шығар, аман қалдым. Суға батқалы жатқан қызды құтқармақ болғам, біреудің өмірі біреудің өмірінен қымбат емес қой. 2008 жыл болатын, содан бері он жыл ағып өте шықты. Құс қанат ғұмыр. Омыртқам зақымданған соң алғашқы екі жыл қол-аяқ қимылсыз, тіпті санамды селт еткізетін ойсыз, төбеге қарап тұра алмай, төсекте жаттым. Екі жыл бойы, есім дұрыс болса да ессіздер сияқты, ешбір ұмтылыс жасамаппын ғой. Уақыты келер, әр нәрсенің өз уақыты келсін деп жатқанымда, уақыт тек өте беріпті. Дәл сол кезде елімізде оңалту орталықтарының олқылықтары болған шығар, бүгінгідей бес аспап емдеу орнын біз тек Новосибирск қаласынан таптық, сол жер мені арбаға салып жіберді. Бұл менің мүгедектігімнен бетер ауыртпашылық сияқты көрінді. Көңілімде кірбің болды: кеше өзіммен шауып жүрген жұрт ортасына шыға алмай, көкейімді тескен « намыс» болды ма, ұялдым ба, қайдам, қатты арпалысқа түстім. Ата –анамның ағама, бауырыма берген тәрбиесінің күштісі шығар, қашан болсын қабақтарын шытпай қасымнан табыла білді. Тым болмаса солардың еңбегін ақтауға жетерлік жігер берші деп, жалбарынып, жан арпалысынан арылдым әйтеуір. Жаймашуақ кезде жаныңнан кетпейтін көп достың саусақпен санайтыны қалған сал болғанымды білгенде, ар-намысын нәпсіге жеңдірмеген, шын достықтың шырағын үп еткен желге тигізбейтін табанды дос аз болса да қалыпты. Солардың арқасында арбамен де тіл табыстым, өлшеулі өмірде көрер жарығым өлшемсіз екенін ұғып, өзгенің осындай күйін өзгертуге өзімше себепкер болайыншы деген түрткі тыным бермейді қазір. Ал қалғаны «агенттің» арқасы.
QAZIR: Қалғаны деген?
Арнұр: Академияда оқып жүргенде танысқан қызбен хабарсыз қалдым, артынан арбада отырғанымды естіп, агент арқылы хабарласып, есі кеткен жігіттің желкенін құлатпаған Лаура бүгін менің сүйікті жарым. Отбасын құрдық, Құдайға шүкір. Оның адалдығын, маған артқан сенімін ақтамасқа қақым жоқ. Сондықтан қанша күш-қуатым бар болса, соның барлығын арман-мақсаттарға жетуге жұмсаймын.
QAZIR: Иә, көпшілік арасынан арбалыларды, өзге сипаттағы мүгедектерді байқай бермейтін едік, қазір тараптарынан бір белсенділік байқалады. Отбасын да құрып жатыр, жұмысын да атқарып жүр, саябақта да, жағажайда да демалып жүреді, түрлі мекемелердің табалдырықтарынан кезінде аттап баса алмайтын еді, қазір қол жетімділік қамтамасыз етілуде. Өзіңнің көптеген мәдени, спорттық шараларға бастамашы болып, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулілерге барынша инклюзивті орта қалыптастырудағы жұмыстарыңды көріп жүрміз. Күні кеше Елордамызға ерекше тарту болған І халықаралық «Wide World» - «Ұлы дүние» ерекше театрлар фестивалі абыроймен өтті. Өзіңнің идеяң екен. Оңай болмағаны айтпасақ та түсінікті. Өкінішің жоқ па, жүріс-тұрысың еркін болғанда одан да елеулі ...
Арнұр: Жо-жо-жоқ, өткенге еш өкпем жоқ. Жаратқаным таңдап тұрып менің басыма берген «ерекше» өміріме разымын. Сол кезде, бір қызығы енді футбол ойнай алмайтын болдым деп қынжылғам. Туа бітті мүгедектік болса жеңіл болар ма еді, жүгіріп жүріп арбаға таңылған әрине, абдыратты, бірақ бәріне шүкір. Бірақ бітпейтін бір күрес бар.
QAZIR: Ол қандай күрес?
Арнұр: Арбадағылар, балдақ пен таяқ сүйенгендер ғана мүгедек емес, статистиканы ашып қараңыз. Елімізде қаншама мүгедек бар, естімейтіндер, көрмейтіндер, жүрмейтіндер және т.б. Олар бұл қоғамның тең құқылы мүшелері. Ал оларға көзқарас әлі де болса өзгеше. Жұмысқа жарамдысы бар олардың арасында, мылқау болса да мүлтіксіз қызмет етуге дайындары бар, шығармашылдары толып жатыр. Осыны дәлелдеумен келеміз. Осы арпалыспен өтпесінші өміріміз. Шетелдіктердің тәжірибесін қарайықшы, мәселен, бір ғана Германия: мүгедектердің дене пішіміне байланысты арбаның өзі арнайы жасалады. Ал бізде бірнеше санатқа жіктелетін мүгедектер үшін бір тізілім бойынша берілетін арба бар, ал мүгедектің комплекциясында, оған берілетін арбаның болмаса басқа жабдықтың сапасында, аурының ерекшелігінде ешкімнің шаруасы жоқ. Мемлекетіміздің мүмкіндігі шектеулілерге жасап жатқан жағдайларын, толыққанды ортаға интеграциялау мақсатында жұмыспен қамту бойынша атқарып жатқан шараларын жоққа шығаруға болмайды. Тек тіркеу, тізім, есеп-ақпар үшін атқарылатын жұмыс болмаса екен. Жаңғыру мен жаңаруды мүгедектерге деген көзқарасты өзгертуден бастайық.
QAZIR: Мәселен? Ірі кәсіпорындарда бекітілген мөлшер бойынша мүгедектер жұмыс жасап жатыр, өзің де бірнеше жерде еңбектеніп жүрсің. Мекеме ғимараттары пандустармен жасақталған, жәрдемақы тағайындалған, жеңілдіктер берілген. Бұрын «ерекшелердің» өздері ғана білетін, өздеріне ғана түсінікті әлемдері бар, жеке мәдени ортада жүзетін дербес дюжина сияқты еді. Ал бүгін жалпыға ортақ мәдени кеңістікке кірігіп келеді. Бұл бір оң құбылыс. Қандай да бір себептермен тағдыры өзің сияқты тартысқа түскендерге түрткі болу үшін өзің көпшілік алдында жүрсің, кімнен үлгі аласың?
Арнұр: Неге үнемі өзгелерден үлгі ала беруіміз керек? Өркениетті елдердің отыздығына енуге шақ қалғанымызда өзіміз де өзгеге үлгі болуға әбден лайықпыз. Мүгедектердің барлық мәселесі тағайындалған жеңілдіктермен және жәрдемақымен шешіле салмас. Оларға кемтар емес, табиғаты ерекше, жүректеріндегі жылу сарқылмайтын, жағдай жасалса жасындай жарқ ете алатын «ерекше» жандар деп қараңыз. Мәселенің шешімін осыдан бастау керек. Ойын айтуына, отау құруына, ел мен жер аралауына, жұмыс жасауына, елге қызмет етуіне, емін-еркін қоғамның барлық процесстеріне қатысуына, би билеуіне, кино көруіне, ән салуына әу бастан «ерекше» деп қараңыз.
QAZIR: Ән демекші, Арнұр, Лаура екеуің де небір лағыл жырларды шырқап жүрсіңдер. «Тағдырым таңдағасын, таңдаулы жар боласың, ақ арман алдамасын. Күн кешіп мамыражай, сағынып сәл ұзамай, бақытты күн кешейік, арамыз ажырамай» деп.
Арнұр: Жігітке жеті өнер аз, Жәннат. Иә, біз бұл әнді жақсы көреміз. Жиын отырыстарда, той-томалақта шырқайтынымыз бар. Бірақ әннің тәттісі, тылсым тербелісте тебірентетіні жүректің түбінде жатыр. Оны айтудың да қажет жоқ. Басыма қоған бағым бар, үнсіздікте салтанат құратын бақытты барынша аялаймын. Көзімізге қарап сыр ұғынысатын күйіміз бар, жүректен шыққаны жүрекке жетеді. Еш жалғандық жоқ.
QAZIR: Әңгімеңе рахмет, Арнұр. Сынды да, мінді де көтеріп, күрмеуін шешіп төселіп қалған жігітке QAZIR-дің бірнеше сұрағы қалды, сонымен, қысқа-нұсқа.
QAZIR: Мені қозғаушы күш...
Арнұр: ...өмірге, адамға және арманға ғашықтық.
QAZIR: Мені бақытқа бөлейді...
Арнұр:...отбасымның амандығы.
QAZIR: Ең керемет күн...
Арнұр:...елмен қатар өмір сүруді жалғастыруға болатынын қайта ұққан күн.
QAZIR: Басты үш құндылық...
Арнұр:...өзіңе сенім, өзгеге үлгі бола білу, денсаулық.
Әңгімелескен Жәннат Манасбайқызы