Тарихы тереңнен бастау алатын дойбы ойыны сонау 19 ғасырларда қазақ даласында кеңінен тарағандығы айтылады. Оған дәлел, қазақтардан сол заманда дойбыдан алғашқы чемпион, ұлы Абайдың немересі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың болғандығы. Содан бері елімізде, діттеген биігіңе зерделі ойыңды сабақтай отырып жетуге жетелейтін дойбы ойыны арқылы танылған спорт шеберлері аз емес. Сондай бүгінгі ел мақтаныштарының бірі, дойбыдан әлемнің 9 дүркін чемпионы, Азия біріншілігінде қазақтың тұңғыш гроссмейстері атанған замандасымыз Мират Жакеевпен, бүгінгі «Замандас» айдарынан таныса аласыздар.
-Мират,алдымен өзің және отбасыңмен таныссақ . Бүгінгі гроссмейстер Мират Жакеевтың ата-аналары кімдер?
-Менің әкем мемлекеттік қызметкер, ал анам бүгінгі жастарға тәлім беріп отырған университет мұғалімі. Отбасында екі баламыз. Өзімнен кейін мектеп қабырғасында оқитын қарындасым бар. Менің барым да, байлығым да отбасым. Мен оларды жақсы көремін. Ал оларды қалай жақсы көрсем өз елімді , отанымды да солай сүйемін, құрметтеймін. Үлкен додаларға түскенде де бірінші осы елімнің мәртебесін биіктен көрсету үшін бар күшімді салуға дайынмын.
- Дойбы ойынының үлкен мектебін меңгеріп, бүгінде биік шыңға шықтың десек артық айтпаған болармыз. Жалпы, осы спорт саласына қалай келдің?
- Менің дойбы класына келуімнің өзі белгілі бір алланың бұйрығымен десем де болатын шығар, ойламаған жерден болды. Олай дейтінім 2006 жылы мен мектепішілік тоғызқұмалақ ойынына қатысып 2 ші орын алып қалғандықтан, оны терең меңгеріп «1-ші орын алуым керек» деген мақсатпен тоғызқұмалаққа жазылдым. Үйірмеге алғашқы екі күн барып жүрдім. Үшінші күні тоғызқұмалақтан сабақ беретін ағайымыз келмей қалды. Көп күттім. Өзіңізге белгілі зерек, ойын баласы бір жерде отыра ма? (Күліп қойып) Жанымызда қосымша үйрететін шахмат, дойбы үйірмелері болатын. Сол күні дойбы класының табалдырығын ешбір ойсыз аттаған мен, бүгінде сол саланың гроссмейстері атанып отырмын. Бұл әрине үлкен дайындық пен табандылықтың арқасында жеткен жетістігім.
- Шынында да дойбыға алғашқы қадам басуыңыз қызықты басталған екен...Ал алғаш жеткен жеңісіңіз қашан болды? Сол кездегі бойыңызды билеген ерекше әсеріңіз есіңізде шығар?
-Әрине ол күнгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен онда 11 жасар бала едім. Алғашқы жеңісім Санкт-Петербург қаласында өткен жарыста алған 5-ші орын болатын. Ол –бір жарым жылдан соң қол жеткізген жетістігім еді. Содан кейін Қазақстан чемпионатына қатысып алғашқы жүлделі орынға ие болдым. Солай жылма –жыл жарыстарда асығым алшысынан түсіп отырды. Күні бүгінге дейін додалық жарыстағы әр жеңісім маған алға ұмтылуыма, осы саланың биігін бағындыруыма жігер беруде.
-Өзің осы саланың қыр-сырын меңгеріп жүрсің. Дойбы спорттық ойынының елімізде таралуы, оның жастар арасында дәріптелуіне қатысты қандай пікіріңіз бар?
-Ия, бүгінгі күні дойбы ойынының дәріптелуі, кенжелеп тұрғаны рас. Және қоғамда шахмат пен салыстырып, оны аса бір ой шеберлігін қажет ететін ойын ретінде санамайтын көзқарас та бар. Оған кінәлі өзіміз деп ойлаймын. Мүмкін біздің федерацияның бұл істе немқұрайлылығы да болар. Ал бірақ мен, дойбы да асқан логика мен терең ойды қажет етуі жағынан шахматтан асып түспесе, кем түспейтінін айтар едім. Иә,онда жүрісті жүру оңай, бірақ бір ойын барысында 20-25 жүрісті алдын-ала ойластырып, болжам жасауды кез-келген адам меңгере бермейді. Міне, дойбы сырының салмақтылығы да осында дер едім.
-Мират, өзің бүгінде осы дойбы спорттық ойынының белгілі бір белесін бағындырған жанның бірісің. Өз тарапыңнан осы саладағы ізбасарларыңды дайындауда қандай іс атқарып жатырсың?
-Мен Ақтөбенің физика- математика мектебін бітіріп, Астананың Назарбаев университетіне 2014 жылы түстім. Сол келген жылы елордада дойбы мектебін аштық. Осы үш жылдан аса уақыт ішінде сол мектептен бүгінде 3 қала чемпионы шықты. Одан соң біздің мектеп дойбышылары қазақстан чемпионатына қатысып , онда да жақсы көрсеткішпен қайтты. Оның сыртында алып компаниялардың демеушілігімен жастарды спортқа тарту мақсатында түрлі турнирлер өткізіп отырамыз. Ендігі міндет, алдағы 2019-шы жылы Азия чемпионатын Астанада өткізу. Дәл қазіргі кезде бас ұйымдастырушы ретінде сол істі жүзеге асырумен айналысып жүрген жайымыз бар.
-Мират үлкен істі қолға алып жатыр екенсіңдер. Сәттілік тілейміз. Алда өзің сайысқа түсетін қандай үлкен жарыс күтіп тұр?
-Биыл қыркүйек айында Болгарияда әлем чемпионаты өтпек. Қазіргі мақсат; сол жарысқа қатысып, көк байрағымызды биіктен желбірету.
-Осы спорт саласынан тыс, еліміздің беделді ЖОО дарының бірінде оқып, арнайы алып жатқан мамандығың бар. Алдағы уақытта сол оқуыңды аяқтап, оны жеке кәсібіңе айналдыру жоспарыңда бар ма?
-Әрине, жеке айналысар ісіме қатысты алға қойған үлкен мақсатым бар. Қазіргі оқып жатқан мамандығым құрылыс-инженерия саласы. Міне сол бойынша алдағы 4-5 жылда өзімнің құрылыс компаниямды ашуды ойлап жүрмін. Және сол ойымның орындалуына әрекетті қазірден бастап жатқан жәйім бар.
-Мират, алған қойған мақсатыңа жетуіңе бізде тілектеспіз. Сондай-ақ, алдағы еліміздің даңқын асқақтатар додалық жарыстарда да үздік атанатыныңызға сенеміміз мол. Ең бастысы осы арман мақсаттарымыз орындалар бейбіт еліміздің тұғыры биік болсын!
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы