Көктемнің соңғы айында алғаш интернет желісінде материалдарын ұсынған Qazir жазды орталаған шақта, дәл бүгін 3 айды артқа тастады. Әрқайсымыз үшін ең құнды болып саналатын уақыт десек, осы кезеңде көкірегі ояу, ойы сергек оқырмандарымызға көңіл таразысына салар біз не ұсына алдық деген сауалға жауап беріп көрейік.
Бүгін ұлы ойшыл,кемеңгер ақын Абайдың туған күні . Дана бабамыз : «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»- дейді он бесінші қара сөзінде. Шындығында тәуелсіз ой-санамен өсіп келе жатқан жас өскінге сенің талғамың осы деп көңіл көтерерлік қана дүниелерді ұсынып, «ауырдың үстімен,жеңілдің астымен» жүр деп өбектегенмен не ұтамыз немесе өткен шақты аңсап, бұрынғыдай бүгін неге болмайдыны айтудың да заманы өткен,біз дәл қазіргі буынды қалай тәрбиелейміз,олар кімнен үлгі алуға тиіс дегенді күн тәртібінен түсірмеуіміз тиіс.
Qazir әр сұхбатына заман ағымына сай,қай салада жүрсін өзіндік ұстанымы бар,жалған ұранның соңында өзін жарнамалап жүргендерді емес, жаңашыл идеясын жүзеге асырудың соңында ағысқа қарсы жүзіп,қиындықтан сабақ алған,адал бәсекеде замандастарының алдында оқ бойы алда жүрген кейіпкерлер іздеді,тапты, олардың өзгеше ойларын сіздерге жеткізуге асықты... Осы үш айдың ішінде екі тілде тоқсан кейіпкердің айтқанын бір сүзіп шығыңызшы,содан кейін ой түйіп көріңіз. Бір ғана «Жүректе қайрат болмаса» немесе «Қайырлы іс» айдарлары бойынша жарияланған материалдардағы замандастарыңыздың айтқандарын оқып көріңіз. Тағы бір баса айтқымыз келгені: қазақ тіліндегі сұхбаттардың дені орыс тілді жастарымыздан алынды,біз көбіне оларды ұлтжанды емес немесе өз тілін білмегеннен не үміт күтеміз деп кеудесінен итеруге дайынбыз да,олардың жүрек түкпіріндегі ойларын тыңдауға асықпаппыз.Ал,оларды тыңдап көргенде алдымыздан басқа бір әлемнің кілті ашылғандай күй кешкенімізді жасыра алмаймыз.Ойлары батыл,істері нақты,айтарын ірікпей жеткізіп, бойларында еш жасандылығы жоқ, кешкен өміріндегі кеткен қателіктерін жасырмай айтып,алда оны қайталамау үшін жасап жатқан істері жайлы баяндағанда шынайылықтың шырайлы ойлары төгіліп жатты...
«Жастарды аға буын өткізетін маңызды шараларға құр әдемілік үшін декорация ретінде пайдаланбаса екен,таптаурындықтың сүрлеуінен шығып,жарқырап өмір сүргіміз келеді»,-дейді «жүрегінде қайраты бар» бір кейіпкеріміз.
«Сорым бес елі болса да, бақытты болуға лайықтымын». Тақырыбының өзі тағдыр сынағынан тайсалмайтын жанның жан дүниесін жайып салып тұрғандығын байқайсыз да бір деммен оқып шығасыз, «Кішкентай батырларды бақытты етуге үлкен жүрек керек» -деген кейіпкер не айтқысы келді екен деп ойлап сұхбатты оқуға асығасыз,кәсібін алғаш ашқанда алдынан кездескен сан тосқауылдан сыр бермей өткен жастың жігерлілігіне қызығасың,тәннің дәрігерлігімен қоса тілдің дәрігерлігін қоса алып жүрген өзге ұлттың өкілінің ана тілімізге деген жанашырлығына сүйсінесің,тізбектей берсең сан сауалдың жауабын Qazir осылай тауып,оқырманына ұсынып келеді,уақыт та зырлап өте береді,бүгін бізге үш ай,бақандай 90 күн, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «жаманды жаман деп айта білейік,жақсыны арамыздан таптық деп жар салып жүрейік.