«Шаһарларға саяхат» айдары бүгін еліміздің тарихында өзіндік орны бар Тобыл жағасында орналасқан Қостанай қаласы жайлы деректерді жинақтап,оқырмандарына таныстырмақ.
1. Қала туралы мәліметтер
Қостанай (1878 жылдан 1905 жылға дейін Николаевск, 1997 жылғы 17 маусымға дейін Кустана́й) деп аталып келген. Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Қостанай Орынбор және Торғай облыстары губернаторының жоспарында Ордабай қаласы деп көрсетілсе, 1879 жылдан бастап Қостанай деп аталады. 1893 жылы қаланың аты Ново-Николаевск болып өзгертілген. 1895 жылы Қостанай атауы қайтарылған.
1997 жылғы 17 маусымда Қазақстан Президентінің Жарлығымен орыс тіліндегі «Кустанай» атауының транскрипциясы «Костанай», ал «Кустанайская область» — «Костанайская» деп өзгертілген, Қостанай облысының орталығы болып саналады.
2.Қала тарихынан бір үзік сыр.
Қостанай – ғасырлар бойы қалыптасқан, ана тіліміздегі мән-мағынасы сақталған төл атау. Сондықтан да оны ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек деп санайды белгілі тарихшылар мен жазушылар.
Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан-қайғы есімін осы өңірмен байланыстырады. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздың есіміне қатысты қойылған деп жазады. Егер қала атауына қатысты жазылған дүниелерді тізе берсек айтылар әңгіме де, жазылған деректер мен аңыздар да аз еместігін байқауға болады.
3. Қаланың байырғы келбеті мен өткені жайлы
Қостанай қаласы - Батыс Сібір ойпатының дала белдемі алып жатқан оңтүстік-батыс шетін құрайтын Қостанай жазығының орталық бөлігінде Тобыл өзенінің, оған Әбілсай мен Қостанай деген салалары құятын биік жарқабақты террасалы жағада орналасқан, осы атыраптағы байырғы елді мекендердің бірі.
1912 – 13 ж. Оңтүстік Сібір темір жолы магистралінің Челябинск – Троицк – Қостанай тармағының салынуына байланысты Қостанай Ресейде өнеркәсіптік дамуы бойынша біршама ілгері тұрған Орталық Ресей аудандарымен тікелей сауда-саттық байланыстар жасауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде Қостанай Солтүстік Қазақстандағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды.
Қалада жеңіл және тамақ өнеркәсіптері, бу және дизель отынымен жұмыс істейтін диірмендер, қасапханалар, тері заттары, т.б. пайда болды. 1917 – 19 ж. Қостанайда Кеңес өкіметі орнап, 1920 ж. сол кездегі Ақтөбе облысындағы өзімен аттас округтің, 1925 ж. губернияның, 1936 ж. жаңадан құрылған Қостанай облысының орталығына айналды.
4. Шаһардың қазіргі тіршілік тынысы
Бүгінгі таңда мұнда жеңіл өнеркәсіпті құрайтын комвол-шұға комбинаты, «Большевичка» тігін, аяқ киім фабрикалары, тамақ өнеркәсібін құрайтын ет, сүт, ұн-жарма және нан комб-тары, құрылыс материалдар өнеркәсібінің темір-бетон комбинаттары мен қызыл және силикатты кірпіш заттары, құрылыс-монтаж құралымдар комбинат, машина жасау мен металл өңдеу өнеркәсібінің авиақозғалтқыш, автомобиль және ауыл шаруашылық техникасын жөндеу зауыттары, химия өнеркәсібінің химиялық талшық зауыты, электроэнергетика өнеркәсібіне қарасты жылу электр орталығы, автомобиль жөндеу зауыты, жиһаз жасау өнеркәсібі, тұрмыс қажетін өтейтін комб., т.б. жұмыс істейді.
5. Қаладағы кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар
Деректер бойынша қалада 30- дан аса ірі кәсіпорын, т.б. бірлестік жұмыс істейді. Қалада Солтүстік Қазақстанның геология басқармасы мен оның орталық лабораториясы, А. Байтұрсынов атындағы мемлекеттік педогогика университеті, ауыл шаруашылық институты, мемлекеттік ауыл шаруашылық және егіншілік жобалау институттарының, су құрылысын жобалау институтының бөлімшелері, кооперативтік, автомобиль, құрылыс колледждері, 2 қалалық кәсіптік-тех., мед. мекемелері, облыстық тарихи және геология музейі, гидрометеорологиялық бюро, 59 мектеп, 2 мәдениет үйі, облыстық драма театр, филармония, 13 кітапхана жұмыс істейді. Денсаулық сақтау және сауықтыру мекемелерінен 12 аурухана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
6. Көлік қатынасы жағдайы
Халықаралық әуежайдан әуе жолымен Қостанайдан ТМД елдерінің және таяу шетелдің көптеген ірі қалаларына, сондай-ақ Қазақстанның қалаларына жетуге болады.
Теміржол вокзалы. Тасымалдау Астана, Алматы, Қарағанды, Арқалық, сондай-ақ Мәскеуге және Санкт-Петербургқа жүргізіледі. Сондай-ақ қала маңындағы поездар қатынайды. Новоишимск, Жітіқара, Троицк бағытына жүреді. Қаладан 90 км қашықтықта ірі темір жол торабы саналатын Тобыл станциясы бар.
Автовокзал. Тасымалдау облыстық, республикалық және халықаралық желілердің көп саны бойынша жүзеге асырылады.
7. Қаладағы тарихи орындар
Ахмет Байтұрсыновтың алаңында А. Байтұрсыновтың ескерткіші орналасқан, сондай-ақ Амангелді Имановтың , А.С.Пушкиннің ескерткіші, саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш, Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған естелік мемориалы бар. Қалаға бара қалсаңыз, өлкетану мұражайы мен Ыбырай Алтынсариннің мұражайына арнайы соғып, өздеріңізді қызықтыратын мәліметтерді алуларыңызға болады.
Қостанай қаласына қатысты ашық ақпарат көздерінен деректер жинақтаған: Раушан Бекмырза.