Әр аптаның жұма күні әдеттегідей еліміздегі маңызды мәдени оқиғаларға шолуымызды ұсынамыз.
Астана қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай әлемі» атты әдеби-сазды іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Абай ескерткішінің алдында өткізді. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын көрсете отырып, әдеби мектебін, тіл мектебін, ұлт пен рух мектебін ашу, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі ән дүлдүлі Ерлан Рысқали өзге де елорда өнерпаздары Абай әндерін орындады.
Сонымен қатар, Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ақынның туғанына 173 жыл толуына байланысты салтанатты шаралар өтті. Шара барысында мемлекет қолдауымен жарық көрген «Абай туралы естеліктер» мен «Ата-анаға көз қуаныш» кітаптарының тұсауы кесілді. Бұл кітаптың бірі музей қорында сақтаулы данышпан ақын жайындағы естеліктерден құралса, екіншісі ата-аналар мен балаларға арналған Абайдың таңдамалы шығармалары. Ақын мұраларын насихаттауға үлес қосқан азаматтар арнайы марапатталып,сыйлықтар табысталғаннан кейін жиналған қауым «Ұлылар мұрасына тағзым» атты көрмені аралап көрді.
20 тамызда «Ұлы дала eліне саяхат» жобасының «Сарыарқа» бағыты бойынша төртінші экспедициясы басталды. Жобаны ұйымдастырушы – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы. «Ұлы дала eліне саяхат» экспедициясы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының 20 жылдығын атап өту шеңберінде жүзеге асырылады. «Сарыарқа» бағытының экспедициясын «QazaqGeography» РҚБ (Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы) «Сарыарқа» экспедиция бағыты 4 қыркүйекке дейін созылады. 16 күн ішінде экспедиция командасының мүшелері Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының ең қызықты жерлерімен 4595 шақырым жол жүріп өтеді.
Қыркүйек айының 5-16 аралығында Париж қаласында өтетін «L'Etrange Festival» француз кинофестивалінің арнайы «Focus» бағдарламасында режиссер Ә.Ержановтың барлық фильмдері көрсетіледі. Бұл фильмдердің қатарында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Риэлтор», «Қожайын», «Түн құдайы» сынды картиналар бар.
Енді елордамызда алдағы уақытта өткізілетін мәдени шараларға тоқтала кетсек,
«Астана Операның» керемет солистері Мәдина Исламова, Татьяна Вицинская, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов және Хорватиядан шақырылған сопрано Сандра Пламенац тыңдарман қауымға «Soirée» вокалдық романтикалық музыка концертін ұсынбақ. Кеш 25 тамызда театрдың Камералық залында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына қазақ, итальян, француз, неміс, австрия, хорват және орыс композиторларының атақты вокалдық туындылары ұсынылатын болады.
Астанада «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені аумағында ауқымды Оpen air өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Ұйымдастырылар барлық шаралар мен экспозициялар көне дәуірдегі тарих пен бүгінгі күндер жетістігін, қазақ халқы шеберлерінің өнерін, ұрпақтар сабақтастығын түгел қамтиды. Көрменің мақсаты – қазақ мәдениетінің жаңа заман ырғағына сіңісіп, бейімделуін насихаттау, жастардың тарихи құндылықтарға қызығушылығын оятып, халық шеберлерінің жұмысын көрсету. Көрмеге қатысатын қолөнер шеберлері өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын көрсетумен қатар, жаңа өнерді үйренуге ерік білдірген барлық жандарға арнап шеберлік сағаттарын тегін өткізеді. Келуші қонақтар өткен ғасырға саяхат жасап, сол дәуірдегі киімдер мен әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар мен орта ғасырларда қолданылған өзге де заттарды тамашалай алады.
29 тамызда елордада екінші «Astana Dausy-2018» халықаралық музыка фестивалі өтеді. Барша әлем бойынша хиттері музыкалық чарттарда көш бастаған Еуропа, Азия және Американың 12 мемлекетінің үздік артистері «Барыс Арена» мұзайдыны сарайында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы. Ауқымды шараны Астана қаласы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырып,ол «Голос Астаны - без границ!» (Астана дауысы - шексіз) ұранымен өтеді.
Шолуда мәдени шаралар жайлы жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.