Жиырма бірінші ғасыр жастарының азаматтық белсенділігі дегенде бірден олардың тұлғалық интеграциялық қасиеттерін таразылаймыз. Ал бұның негізі әр тұлғаның адамгершілік қасиеттері, бейсана түрде бекіген азаматтық сенімдері мен қоғамның мүшесі екендігін елейтін жағдаяттар. Жас келсе іске деген. Қоғам мүддесі үшін жастардың мақсатқа бағытталған белсенді әрекеттері қандай? Қазақстан жастары Конгресінің баспасөз хатшысы Аида Сыздықова - азаматтық қоғам құрудың алғышарттары, оған Қазақстанның дайындығы, жастардың белсенділігі мен Конгресс туралы бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарында.
QAZIR: Қайырлы күн, Аида! Көш келдің!
Аида: Қайырлы күн, достар, әріптестер! QAZIR-дің талғамы жоғары қалың оқырманы бар, мен оны білемін. Қош көрдік!
QAZIR: Екібастұз қаласының тумасысың, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебін бітіре салып, арман қуып Астанаға келдің. Әрі қарай өзің жалғастыршы.
Аида: Одан кейін мен де елдің баласы сияқты оқуға түстім, Астаналық Тұранды бітіріп, аудармашы мамандығын алып шықтым. Бірақ курстарымнан жасым кіші болды. Өйткені мектепті экстернат формасында оқыған едім, яғни 4 сыныпты екі жылда оқып шықтым. Бірақ ару қаламызға арман арқалап келдім ғой, қайтсем де биіктерден көрінемін, көпшілік жемісін көретін қызметке араласамын деп, жолым болған сияқты.
Оқуға түскен жылы-ақ, 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының БПҰ (бастапқы партиялық ұйымының) Төрайымы болдым, бұл мектеп пен университет қабырғаларында жүріп қоғамдық өмірге белсене араласқанымның нәтижесі бюолса керек, 2015 жылы Конгресске ерікті болып өзім келдім, жаңа тәжірибе қуып келдім, көпшілікпен қарым-қатынаста, үнемі қозғалыста болуды көздедім. Арада жыл өткен соң әлемнің барлық елі елең еткен EXPO көрмесіне дайындық басталды. Осындай дүниежүзілік деңгейдегі шараға қатардағы ерікті емес, еріктілер мен супервайзерлерді дайындау бойынша тренер болып таңдалғаныма іштей қуансам да, кеуде көтеріп мақтанбадым, себебі бұл маған таңсық тәжірибе еді. Дегенмен, масштабы зор, мамандандырылған халықаралық көрменің біздің елде өтіп жатқанына, оған менің тікелей қатысып жүргеніме қуанышымды білсеңіз ғой, жүктелген жауапкершіліктің барлығын желдей есіп жүріп атқарып шықтым. Оның алдында Шанхай ынтымақтастық ұйымының жастар Кеңесінің Халықаралық көрмесінде, 2016 жылы Түркістан қаласында болған «Түркия-Қазақстан» Халықаралық филологиялық ғылыми-практикалық конференциясында, Астана қаласында сол жылы өткізілген Халықаралық стритбол чемпионатында жүріп біраз тәжірибе жинап, түрлі дағдыларды меңгердім. Мәселен көпшілік ортада өзіңді ұстау, бітімгершілік келісімге келудің жолдарын табу, ұтымды пікір қалыптастыру, шет тілін меңгеруді тілді тасымалдаушының өзімен іс жүзінде сынау, өз әрекетіңе баға беру, талдау жүргізу, сын тұрғысынан ойлау, түрлі мәдениет өкілдері жиылған ортаға кіріге кету сияқты дағдылар ғой. 2008 және 2009 жылдары, екі жыл қатарынан Шелек және Кеген қалаларында басталған «Германия-Қазақстан» Халықаралық археологиялық экспедициясына да қатысқам. Нәтижесінде күй талғамай, төзімділік танытып, мақсатқа жету үшін жасқанбауды үйрендім. Тіпті ауа-райының тосыннан өзгерген жағдайында қандай әрекет жасау керегінен бастап, көңіл-күйді бір қалыпта ұстауға дейін үйрендім. Осындай аттестатқа да, дипломға да жазылмайтын көптеген критерийлер бойынша маған берілген бағаның оңды болғаны шығар, шартараптың назарын өзіне аударған EXPO көрмесіне «Astana EXPO-2017» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының еріктілермен жұмыс жасайтын жобалық тобының жетекшісі болдым. Содан бері міне, «Қазақстан жастарының Конгрессіне» баспасөз хатшысы болып келдім.
QAZIR: Тамаша, Аида, QAZIR талабыңа нұр жауып, айың оңыңнан туа беруіне тілектес. Мұндай белсенді қызметтің жауапкершілігі көп. Бойыңдағы коммуникативтік, басқарушылық және аналитикалық бейімділіктің баршылығы емес пе, саған сеніп тапсырылған Қазақстар жастары Конгрессінің баспасөз хатшысы қызметін 2016 жылдан бері абыроймен атқарып келе жатырсың. Ал лауазымдық міндеттерің қандай?
Аида: «Қазақстан жастарының Конгрессі» қауымдастық түріндегі заңды тұлғалардың бірлестігі, осыдан-ақ атқарылатын жұмыстың көлемі түсінікті шығар. Ал лауазымдық функцияма БАҚ-пен жұмыс, билік пен қоғам арасындағы мықты әрі шынайы байланысты көрсететін әлеуметтік желі парақшаларын жүргізетін SMM маманның міндеттері, Конгресс қызметін ақпараттық, құжаттамалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан сүйемелдеу, жобаларды басқару, ірі республикалық және халықаралық шараларды ұйымдастырудан бастап толық өткізуге дейін атқарылатын жұмыстар, аналитикалық баяндамалар дайындау мен спичрайтинг, корпоративтік сайттың контентін қалыптастыру, хат алмасу материалдарын аудару, қызметкерлермен және еріктілермен қоян қолтық қызмет атқару кіреді.
QAZIR: Қазақстан жастарының Конгрессін құру идеясына бастамашы кім, Аида, өзің қызмет ететін ұйым жайлы аздаған ақпарат бере кетесің бе?
Аида: Елімізде қандай жаңашылдық, қандай жаңғыру болмасын Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы ғой, Қазақстан жастарының Конгрессін құру идеясының авторы да Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 2001 жылы Ақтау қаласында өткен әскери, шығармашыл, жұмыскер және студент жастар форумында Елбасы жастармен жүргізілетін жұмысты басқарушы мемлекеттік органдарға, республикалық, өңірлік балалар және жасөспірімдер ұйымдарына жалпықазақстандық жастар ұйымын құруды ұсынды. Араға жыл салып, 2002 жылы Астана қаласында еліміздің жастар ұйымдарының көшбасшылары заңды тұлғалардың Қауымдастығы түріндегі «Қазақстан жастарының Конгрессін» құрды. Арада 15 жыл өтті, бүгін бұл Қауымдастық халықаралық деңгейде қызмет ететін ең беделді жастар ұйымдарының желісін біріктірген орда болып саналады. Мен бұны мақтан тұтамын.
QAZIR: Ал басты миссиясы қандай?
Аида: Конгресс жастар мен мемлекеттің арасында тікелей диалог жүргізетін жай ғана алаң емес, бұл олардың арасын жалғап жатқан алтын көпір. Конгресс жастардың мүддесін қорғайды, еліміздің гүлденуі мен көркеюі жолында жастардың жан-жақты дамуы мен әрекет етуіне жағдай жасауды көздейді. Бүгінгі Конгресс – бұл мемлекеттік жастар саясатының барлық қатысушыларының басын біріктірген, консолидациялаушы ұйым. Бұл орайда жастар ұйымына қолдау көрсетіліп, қызметтеріне сүйемелдеу жасалуда, жастар саясатын іске асыратын органдардың қызметтері үйлестірілуде, мемлекеттік жастар саясатының барлық бағыттары мен бағдарламаларының барынша тиімді болуын қамтамасыз ету мақсатында барлық күш-қуат біріктірілуде, еліміздің жастарын азаматтық қоғамды дамыту үшін белсенділікке бастауда, жастардың ең өзекті мәселелерін шешу үшін әлеуметтік маңызды жобаларына қолдау көрсетілуде.
QAZIR: Аида, азаматтық қоғам қалыптастыруды сөз еттіңіз, Қазақстан Үкіметтің белгілі функцияларын азаматтық қоғам қолына беруге дайын ба?
Аида: Азаматтық қоғамның болуы – бұл кез келген құқықтық мемлекеттің болуының, бола беруінің ең басты шарты деп түсінемін. Ал жастар ұйымы мен біздің Конгресс сияқты үкіметтік емес ұйымдар - азаматтық қоғамның маңызды құрамдасы. Демократияның да салтанат құруы мен әрі қарай дами түсуінің тірегі осы.
QAZIR: Неліктен олай деп санайсың?
Аида: Коммерциялық емес ұйымдар бүгінгі таңда сан алуан топтың мүддесін ұсынып отыр, біз қабылданатын қандай да бір шешімдерге қатысты қоғамның көзқарасын қалыптастырамыз. Біз дегенім – үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары да, іскерлік орта мен кәсіби топтар да бар. Мысалы, дамыған елдерде жалпы экономикалық белсенді жұрттың басым бөлігі коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне жұмылдырылған. Израиль елін алсақ бұл 10,2 процент, Нидерландыда 10,1 процент, Канадалық халықтың 9 проценті бейресми үкіметтік ұйым қызметіне өз қызығушылығымен келсе, Ирландия мен Бельгияда 8,6 процент, Жапоняда 7 пайызға жуық, АҚШ пен Франция бойынша анықталған көрсеткіш 6 процентті көрсетіп отыр, BRIC бойынша (ред.түсініктемесі – БРИК – БРҮҚ: Бразилия, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы мен Қытай) көрсеткіш 8 процент, Дания 5 пайызға жетті, Германияда 3,7, Австралияда 2,8, талай тағдырлы оқиғалары ортақ Ресейдің өзінде 1,1 процент. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 процентке де жеткен жоқ.
QAZIR: Дұрыс-ақ, Аида, мұның барлығының жалаң цифр емес екенін ескерте кетейік. 2006 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі аралықта елімізде ҮЕҰ саны 2,7 есеге артыпты. Жергілікті атқарушы органдардың деректерін ақтара кеттім, республикамызда 19 680 үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың 11% жастар мен балалардың бастамасына қолдау көрсетумен айналысса, 9% халықтың әлеуметтік осал тұстарымен жұмыс жасайды екен. Осы орайда мемлекеттің белгілі функцияларын ҮЕҰ бере салуға бола ма?
Аида: Халықаралық тәжірибе бойынша мемлекеттің әлеуметтік және жастар саясаты бойынша белгілі жауапкершіліктерінің ҮЕҰ берілуі кеңінен танымал. Көптеген елдерде ҮЕҰ атқарушы биліктің кейбір құзырлары мен мәртебелері берілген.
QAZIR: Аида, нақты айтыңызшы.
Аида: Мен әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыруды, білім беру, ағарту, мәдени шаралар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруды, бұқаралық спорт пен соған ұқсас шаралардың іске асырылуын айтып отырмын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасының 5 институционалдық реформасы көзделген, онда Үкіметіміздің белгілі функцияларын өзін өзі басқаратын және бақылайтын қоғамдық ұйымдарға тапсыру керектігі атап айтылды.
QAZIR: Енді?
Аида: Енді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар қазақстандық азаматтық қоғамның осындай байсалды бағытта өзіне жауапкершілікті алуға қаншалықты дайын екендігін білу маңызды. Оны білу үшін ҮЕҰ ағымдық ахуалдарын, мүмкіндіктері мен потенциалдарын анықтау мақсатында Конгресс «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырмалардың іске асырылуна жүргізілетін мониторингті» қолға алды.
QAZIR: Күтілетін нәтиже қандай?
Аида: Мониторингпен барлық батыс және оңтүстік өңірлер бойынша «Қазақстан жастарының Конгрессі» ЗТБ айналысады, бұл бізге Қоғамдық даму министрлігінен келген тапсырыс. Конгрессіміздің атқарушы директоры Тохтар Болысов: «Мемлекеттік тапсырыстар аясында көрсетілетін қызметтердің оны тұтынушылардың мүдделеріне қаншалықты сай екендігін анықтау керек, ҮЕҰ қызметтерінің әлеуметтік маңызының қандай екендігін айқындап алып қана, азаматтық сектордың саналы түрде халыққа қызмет ету бойынша мемлекеттік ұйымдарға бәсекелес болуға бейімін байқай аламыз», - деп айтып кетті.
QAZIR: Өзге өңірлерде де үкіметтік емес ұйымдар қаншама, батыс пен оңтүстіктен басқа жерлерде жүйелеу, саралау жұмыстары жүргізілген жоқ па?
Аида: Басқа өңірлер бойынша мониторинг жүргізуге «Десента» қоғамдық қоры мен «ЗУБР» консалтингтік орталығы жұмылдырылды. Мақсат қандай дерсіз, айтайын: мониторинг нәтижелері арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылу сапасы мен деңгейі бойынша ақпарат жиналып, талқылатанытын болады. Мониторинг әлеуметтік сауалнама, фокус-топтар, халықпен кездесулер түрінде жүргізіледі.
QAZIR: Мониторингтің мақсаты не?
Аида: Нәтижелер бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бойынша жедел шаралар атқаруға нұсқаулықтар жасалатын болады. Қоғамдық даму министрлігінен келіп отырған мәліметтер бойынша 2018 жылдың өзінде республика бойынша 2 066 әлеуметтік жоба өткізу жоспарланған, оның 40 – республикалық деңгейде, 2026 жоба жергілікті деңгейде. Бұлар атойлап өтетін шара түрінде ғана емес, тиімділігі бар жоба болуы тиіс.
QAZIR: Түсінікті. Аида, сенің қызметіңе де, ҮЕҰ жобаларына да жоламайтын бір сұрақ қояйын, латын әліпбиіне көшіп жатырмыз, әрине, кезең-кезеңмен іске асырылатын шара, оған көзқарасың қандай? Жұрттың бәрі үтір басымызға шықты деп, бір үркітіп, бір кемсітіп, түрлі ой айтып жатыр. Сен нендей пікір білдіре аласың?
Аида: Саясат, сын демей, жеке азаматтық пікірімді айтайын. Еуразиялық кеңістікте кеңінен танымал зертеуші Пол Гоббл кеңес одағы ыдырған кезеңнен қалған біз сияқты көптеген елдерді мәртебелі жұмыс атқарды. Оның аргументтерін де ескерусіз қалдыруға болмайды. Қозғалған мәселе латынға көшудің қиындығы емес-тін, оның астарында неге Қазақстан дәл қазір қазақ қаріптерін латынға литерациялауға көшті деген мәселе жатыр. Айтарым анық: Қазақстанның тілдік саясатта да дербес, зайырлы ұстанымы бар. Тілдік саясат пен қауіпсіздіктәі қамти кететін кеңістіктің де кең дүниенің озық үлгілеріне сай болуы керек. Сондықтан жеке басым латынша, ол прагматикалық және комфортты алфавит, өз басым жай хат алмасудың өзінде смартфонымдағы мүмкіндіктерге байланысты қазақ тілі үшін де, орыс тілі үшін де «Айостың» мобилді пернесін пайдаланамын. Несін түсіндірейін, нетбуктің өзінде тілдер арасында пернелер үйлесімін бағып отыру оңай емес, мен жұмысыма, қарым-қатынасыма, хат алмасуыма тежеу болмау үшін пернелік үйлесімнің латындық нұсқасын қолданамын. Оның тарихи тамырына бойламай-ақ маңыздылығын осыдан аңғара аламыз.
QAZIR: Жас та болсаң жарқ еткен ұтымды ойларың мен, пікірлеріңе рахмет, Аида, басқа да қандай машықтарың бар?
Аида: Мені әлеуметтік медиа, БАҚ, жастар саясаты, халықаралық қатынастар, тілдер, әлем халықтарының мәдениеті қатты қызықтырады.
QAZIR: Қандай жетістіктеріңмен бөлісе аласың?
Аида: Былтыр ҚР Парламент Сенатының депутаты Д.Н. Назарбаеваның «Жастар саясатын дамуға қосқан үлесі үшін» Мадақтамасын алдым,бұрынғы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаевтың Алғыс хаты сарапшы ретінде жастар саясатын дамыту стратегиясын әзірлеуге қатысқаным үшін бұйырды, «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Е.А. Шормановтың, Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты басқармасының басшысы, ШЫҰ ұйымдастырушыларының, халықаралық спорт ұйымдары мен қауымдастықтарының мадақтама хаттары толып жатыр. Алайда, жетістік бұл жарты бет қағаз емес, жаныңның тұлғалық талаптарды қанағаттандырған кездегі күйі ғой.
QAZIR: Қандай қарапайым едің, Аида, осы жерден әңгіменің басын қайырып, қалған сқрақтарды қысқа да нұсқа ұсынайын. Ең ыстық естелік қандай?
Аида: Кішкентайымда әр нәрсеге қызығатын, әуесқой бала болыппын. Көп оқыппын. 5 жасымда жақындардың бәрі жиналған тойда А.С.Пушкиннің «У лукоморья дуб зелёныйын» жатқа судыратыппын. Көпшілікті жасымнан жақсы көремін, іркіліп қалмаймын, тым болмаса сол «У лукоморья дуб зелёный» деп жөнелемін, әлі күнге дейін (Аида бір күліп алды).
QAZIR: Бақытқа бөлейді...
Аида: еңбегімнің жемісі және жанымдағы отбасым.
QAZIR: Ең керемет күн...
Аида: анам аймалап ұйқыдан оятқан күн.
QAZIR: Ең басты құндылық...
Аида: еркіндік, адамгершілік және білім, білім – бұл диплом емес, рухани ілім.
QAZIR: Сен жолдайтын үндеу...
Аида: Қай жастағы азамат/азаматша болсаңыз да көркем әдебиетті көп оқыңыз.
QAZIR: сүйікті шығармаң немесе автор...
Аида: қазақ әдебиеті десе делебем қозады, сүйіктісі Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» туындысы.
QAZIR: Жетіспейді ...
Аида: Маған көктем жетіспейді. Мен оны керемет жақсы көремін, ал Астанада көктем көп күттіреді, бірақ көпке созылмайды.
Сұхбаттасқан Жәннат Манасбайқызы
Фото: kipyat.com