Кемел келешек, жарқын болашақ пен ел ертеңі жастардың қолында. Олардың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті һәм құзырлы, жасампаз болуларының алғышарттары қандай? Саясат, ғылым мен білім, өркениет пен мәдениет салаларының жаңа мүмкіндіктерін сапалы қолданудың қандай амалдары бар? Ұлттық жастармен жұмыс жөніндегі тренерлер пулының мүшесі, "Жастар қызметкерлері қоғамдастығы" ҚБ Кеңес төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев QAZIR-де қонақта.
QAZIR: Нұрлыбай, сізді Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында әлі күнге дейін жүзеге асырылып келе жатқан ірі «Сәтбаев – жастарға мерейлі мекен» жобасының атқарушысы ретінде танимын. «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының басқарма басшысы болдыңыз. Аудандық, қалалық, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ стандарттарын қызметкерлерінің этикаларын әзірлеуге белсене қатыстыңыз, жастар ұйымдарының көшбасшысы болдың. Астанамызға арқалап келген армандарың, жоспарларыңыз қандай еді? Жалпы жастар саласы қызық пен қым-қиғаш оқиғаға толы орта емес пе, қалай басталды?
Нұрлыбай: Ең жауапты екі жыл деп санайтын кезең, бұл менің «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында еңбектенген уақытым. Негізі әр ісің мен сөзіңе, тіпті ойыңа жауапты жүру керек қой. Дегенмен, бұл кезең оқып-тоқығанымды пайдаланумен қатар жаңа біліктілікті меңгеріп, жаңа білім мен дағдыларды үйренген кезең болды. Еліміз бойынша да, шет елдерден де жаңа таныстар таптым. Соның негізінде әріптестермен, достармен қалыптасқан ынтымақтастық ыстық. Оған дейін өңірлер бойынша жастар саясаты департаменттерінде, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарда жұмыс жасадым. Негізгі еңбек жолым, жастар саласына қызығушылығымды оятқан өзім туған Сәтбаев қаласында оқып жүргенде басталған «Жас ұлан» сияқты жобалар болатын, кейіннен облыс бойынша үздік көшбасшылар қатарынан көрініп, Астанаға шақырту алғанда бірден қабылдадым. ЭКСПО үшін көшіп келгем негізі, сондай төрткіл дүние көз тіккен халықаралық көрменің ұйымдастырылу барысына тікелей қатысу қымбат тәжірибе. Екі мыңға жуық еріктілер дайындалды, резервте тіркелген және дайындықтан өткендер қаншама. Жарты жыл бойы осы көрмеге еріктілер дайындық жұмысы ЕҰУ, Астана медициналық Университеті мен Агротехникалық университетінде, Назарбаев Университетінде жүргізілді. Осының барлығы шыңдай берді, қызығушылық арта түсті. Жастармен жұмысты жаным қалап тұрады, қай қызметте жүрсем де көздегенім жалғыз – жастармен атқарылатын жұмыстың тек кәсіби түрде өркениеттің өктем модельдеріне бейімделе отырып өрбітілуі керек.
Білекке емес, білімге сенген заманда осы сауалға жауап іздеу барысында былтырғы жылы UNICEFKazakhstan-мен бірлесіп Ұлттық жастармен жұмыс жөніндегі тренерлер пулын құрған болатынбыз.Өзім оның белді мүшесімін. Осындай пул Еуропалық кеңістікте, Армения, Ресей секілді ТМД елдерінде де бар. Олардың басты мақсаты - жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға сарапшылық, тренерлік және тәлімгерлік қолдау көрсету.
QAZIR: Жастармен жүргізілетін жұмыстың кәсіби деңгейін арттыру үшін не істей аламыз? Жоспарларыңыз қандай?
Нұрлыбай: Мәселені өз қолымызға алып, әрекет ету ғана! Осы идея туғалы бері тыным көрмедім, жастармен жұмыс жасайтын бірнеше кәсіби білігі бар мамандар бірігіп, "Жастар қызметкерлері қоғамдастығы" ҚБ құрып, өзім Кеңес төрағасы болып тағайындалдым. Мақсатымыз –жастармен жүргізілетін жұмысты белгілі стандарт әзірлеп, сол стандарт негізінде жастармен жұмыс жасайтын мамандарды даярлау. Қазір өзіңіз білесіз, жастар саясатының жүзеге асырылу саласында да, жұмыспен қамту саласында да жастармен жұмысты жүргізетіндердің көпшілігінің не білігі, не тәжірибесі, не құзыры кемшім болып жатады. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасының миссиясы Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының, Қазақстан Республикасы дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының, үдемелі индустриялық инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелеріне жауап береді және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында берген тапсырмаларға сәйкес әзірленген. Осының барлығын іске асыру механизмінің де тек кәсіби бірліктерден тұруы керек. Жастар саясаты жайында алып-қашпа пікірлер көп. Олар билікке сенім білдірмейді. Қандай бағытты шаралар, бағдарламалар болсын жастардың нақты проблемаларын шешуге арналмаған, тек көрсеткіштер мен көзбояушылық деп жатады.
Біз кәсіби мамандар даярлауды көздеп отырмыз. Билікте де, дау-дамайда да, мүдделер қақтығысында да, жобалар шиеленісінде де барлығын шешетін – бұл кадрлар. Осыған байланысты "Жастар қызметкерлері қоғамдастығы" ҚБ «Жастармен жұмыс жөніндегі маманның»және «Қазақстандағы жастармен жұмыс жүргізудің Нұсқаулығын» дайындадық. 2017 жылдың наурыз-мамыр айларында тренерлер Еуропа Кеңесі Жастар департаментінің тәжірибелі сарапшылары өткізген үш сатылы оқытудан өткен болатынбыз. Тренерлер пулы құрамында жастармен жұмыс саласында тәжірибесі және оқыту дағдылары бар 20 адам бар. Олардың қатысуымен бір жыл көлемінде 5 республикалық, 10астам өңірлік тренингтер, 8 вебинар өтті. Бірақ біз үлкен жолдың басы ғана. Қазіргі таңда, жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың біліктілігін нақтылап, соған сәйкес оқу бағдарламаларын дайындап отырмыз. Өз ісіне адал және жауапкершілікпен қарайтын, әрқашан жаңашылдыққа жақын біздің команда арқасында алдымызға қойып отырған мақсаттарға абыроймен жетеміз деп ойлаймын.Алдағы уақытта 3 сатылық жастармен жұмыс жүргізетін мамандарды даярлайтын бағдарламаны бастамақпыз. Біздің бағдарлама Британ елдері достастығының, Еуропа Кеңесінің жастармен жұмыс жүргізу үлгісіне негізделіп, БҰҰ Қазақстандағы балаларға арналған қоры (ЮНИСЕФ) жүзеге асырған ЖРО жаңғыртудың пилоттық жобасының нәтижелерін басшылыққа алып отыр. Сонымен қатар жыл сайын өңірлік жастар ресурстық орталықтарының жұмыстарының тиімділігінің 12 сандық және сапалық көрсеткіштер бойынша анықталатын рейтингін жүргізетін боламыз.
Біз құрып отырған ҚБ мүшелеріне арналған «Jastalqy» ашық алаңы жастар саласының ең өзекті мәселелерін сараптап, сапалы әрекеттерді бастауға мүмкіндік береді. Біздің қауымдастық жанында Армения, Беларусь және Ресей елдерінің мамандарынан тұратын Халықаралық сараптамалық Кеңес жұмыс жасайды.Біз жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың басы қосылған, кезекті үкіметтік ұйым ғана емеспіз. Бекітіп, әзірлеп, ұсынып отырған стандарттарымыз бен бағдарламаларымыздың мемлекеттік бекітілімге дейін жетуі жолында еңбектенеміз. Өзгеріс қажет.
QAZIR: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты бойынша Кеңес бар, облыстар бойынша жергілікті атқарушы орган жанындағы консультативтік-кеңес қызметтері бар, ЖРО бар. Мұның барлығы мемлекеттік жастар саясатын институционалды дамыту үшін жасалған жағдай. Оның үстіне Нұр Отанымыздың «Жас Отан» жастар қанаты бар. Оның барлығы нормативтік-құқықтық база жағынан болсын, ресурстық тұрғыдан болсын сақадай сай, саясаттың сапалы түрде жүзеге асыра алмай ма? Қоғамдық бірлестіктеріңіздің қажеті қанша?
Нұрлыбай: Мәселе мынада ғой: Жастардың мемлекеттік басқару органдарына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жастар саясаты саласының консультативті кеңесі де, ЖРО жер-жерде жасақтала бастағанда оларға ортақ үлгілік ереже де, оның әрбір мүшесінің не жұмыскерінің қызмет ету үлгісін анықтайтын нормативтік құқықтық базалар да болмаған. Әр өңір мен екі республикалық маңызы бар қаладағы әкімдіктер төңірегінде, әркімнің әрі тарт, бері тартпен жүріп, жоғарыдан түскен тапсырманың орындалуы үшін ғана қысқа мерзімде құрыла салғаны құпия емес. Қырық рудан құралған, үлгі етіп алатын бір де бір басшылық, нұсқаулық пен регламент жоқ ресурстық орталықтардың қызмет сапасын осыдан-ақ болжай беріңіз. Жастар саясатын ведомствааралық үйлестіруді, жастар саясатын талдау мен мониторингтеуді реттейтін нормативтік актілер де кейін қабылданды. Жастар саясаты саласында талдау әдісінің бірлігі, мониторингі де кейін енгізілді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, тіпті ЖРО қызметкерлерінің этикалық ережелері де, стандарттары да сол ЖРО өздері әбден құрылып болғаннан кейін қабылданды да, құрылу шарттары бекітілмей тұрып жасақталып қойған жастар ресурстық орталықтарының стандартқа сай жұмыс істеп, белгілі рамкаларға бағынуы қиын болды. Облыстық ЖРО жетекшілерін жиған алғашқы әдістемелік кеңестің айқай-шумен басталып, айқай-шумен біткені әлі есімде. Себебі ешкімнің ештеңеге бағынғысы жоқ-тын, әркім өзінің білетін әнін сала берем деген сияқты ғой. Кейін бекітілген құжатқа бағыну керектігі әбден түсіндірілген соң жөнге келе бастады. Соңғы жыл жүзінде жеке блог ретінде жергілікті атқарушы органдармен облыстық және аудандық (қалалық) деңгейде жастар мен жастар ұйымдарына арналған ресурстық орталықтар қайтадан құрылымдық, ұйымдастырушылық жаңғырудан өтті.
Олардың жұмыстарын жүйелендіру үшін қызмет көрсету тізілімдері, стандарттары және ресурстары бекітіледі. Жастарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді бір жүйеге салатын заңнамалық шаралар бекітілді. Бірақ әлі күнге дейін «жастармен жұмыс жөніндегі маман – бұл кім?» деген сұраққа кәсіби біліктілік бойынша критерий беретін бірде-бір амал-айла қарастырылған жоқ. Менің әріптестеріммен қолға алып отырғаным дәл осы тетікке келіп тірелетін көкейтесті мәселе. Жастармен жұмыс жөніндегі кәсіби қауымдастығымыздың мүшелері Германия, Ирландия, Финляндия, Эстония, Мальта, Сербия, Турция, Беларусь, Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Сингапур жастарының хал-ахуалына, саясатына сараптама жасап шықты.
Біз олардың үлгілерін көшіріп алмай, озық үлгілерін ұлттық тәжірибемізге бейімдеп, жастармен жүргізілетін жұмыстың неғұрлым тиімді және нәтижелі болуына бастамашы болып отырмыз.Мемлекетіміздің жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау. Ол үшін жастар саясатының бірнеше басым бағытын жастар саясатын жүзеге асыру үшін мемлекет құрған институттар айқындап алды, мысалы: жастарды патриотизмге тәрбиелеу, олардың рухани дамуы, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік – экономикалық қажеттіліктерінің жеке жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасау, интеллектуалдық дамуына жағдай жасау, жастардың бастамаларын қолдау мен оларды ынталандыру, Қазақстандық жастарды халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне тарту.Мемлекеттік билік органдары тарапынан жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыру мәселесінде біртұтас көзқарас қалыптастыру қажет. Бұл орайда жастардың іс жүзінде кездесіп жатқан проблемаларын сырттан айтып келгендерден емес, жастардың арасында жүріп анықтау керек. Мәселен, білім және жұмыспен қамту саласындағы жастарға берілетін кепілдіктер қандай, кәсіптік, рухани және физикалық дамуына жасалатын жағдай қандай, жастар арасында қандай таланттар жүр, жастарға қандай әлеуметтік көмек керек? Осының барлығын қоян-қолтық араласа жүріп анықтамасақ, атқаратын жұмыстың нәтиже беруі екіталай. Себебі нақты жастар проблемасының бір сипатта, ал атқарылатын жұмыс мақсаттарының өзге сипатта болуы ықтимал. Ал мұндай қызметтердің барлығын атқарушы тұлға – олармен жұмыс жасайтын маман. Айналып келіп тағы да айтқым келеді, жастармен жұмыс жасайтын маманның кәсіби дайындығының болуы шарт. Оның өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгерген, ситуацияға бейімделе алатын, сын тұрғысынан саралау мен бағалауға құзыры жеткілікті, бәсекеге қабілетті маман болуы керек. Менің төрағалығыммен басталған жоба аясында атқарылған шаралар да, бекітілген станадарт та осындай маман даярлауға бағытталып отыр.
QAZIR: Нұрлыбай, сонда ағымдық проблема, ең өзекті, күрмеуі шешілмеген жағдай қандай?
Нұрлыбай: Жұмыстар атқарылып жатыр, жоспалы, мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардың жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал білікті кадрлардың жоқтығы әлі жойылған жоқ. Осыған орай, проблеманың шешімін біздің ҚБ ұсынып отыр. Бұл ең ұтымды, оңтайлы шешім. Тағы бір айтатын жайт бар: жастарға әлеуметтік осал топ, ықтимал қылмыскерлер, болмаса жастардың барлығы «трудные» дегенді қою керек. Жастар әу заманнан әлеуметтің импульсивті, жаңашыл тобы екені белгілі. Сократ айтқан ғой: «бүгінгі жастар бұзылған деп». Бұл қанша мың жыл бұрын айтылған сөз. Қазіргі жастар да сондай, еліктеу, субмәдениеттің араласуы, таңдау жасаудағы еркіндік бар жастарда. Десек те, желтоқсан оқиғасының ошағы болған да жастардың импульсивтілігі, шыншылдығы емес пе еді? Жастарды дұрыс бағалай білу керек. Жастардың бір беткейлігі мен өжеттіліктері, ұқсастықты ұтымдылыққа айналдыруға ұмтылыстары талай революция жасап, эволюция жетістіктеріне алып келді емес пе?! Шыға салсаңыз қай көшеден де сәнді киінген, өздерінің жан дүниелерін өз еріктерінше киінісімен, шаш үлгісімен, жүріс-тұрысымен көрсетіп жүрген жастарды көресіз. Бұл олардың пікірі, олардың өзгеше болуға дайын екендігін, әр тұлғаның индивид екендігін, заман көшіне ілесіп келе жатқандығын білдіреді. Иә, адамға социум керек, бірақ жастардың әрқайсысының тұлғалық ерекшелігін ерекшелеп, олардың қоғамның қауіпті тобы емес, ресурсы, мүмкіндігі екенін түсіндіру керек. Бақылаудан шығармай, айдаумен жүргізу дегенді үзілді – кесілді тоқтату керек. Жастардың пікіріне құлақ асып, құнды пікір қылып қабылдау керек. Жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау демократиялық мәдениет деңгейін көтереді, жастарды әлеуметтендіруді анағұрлым жемісті етеді. Тек қоғамдық ұйымдар жүйесінде ғана жас ұрпақтың экономикалық, жаңашылдық, шығармашылық белсенділігін жүзеге асыруы ушін барынша қолайлы жағдайлар қалыптасады.
ҚЫСҚА-НҰСҚА
QAZIR: Сіз теріске шығаратын стереотип қандай?
Нұрлыбай: Жастармен жұмыс саласы бұл мемлекеттік қызметке, белгілі лауазымға ілігудегі кезеңдік саты емес. Бұл келіп-кететін жұмыс орны емес. Бұл жан қалауы, ал жаның қалайтын қызметті қалай тастауға болады? Зейнетке де жастар саласынан шығатын шығармын.Өмірімді, уақытымды, білімімді аямай жастармен жұмыс саласының дамуына арнаймын.
QAZIR: Бос уақытыңыз бар ма, тек өзіңізге ғана арнайтын?
Нұрлыбай: Үйде мен әкемін, отағасымын. Жұмыста қызмет етушімін. Достар арасында замандас, жолдас және жанашырмын. Әр жерде, әр ортада өз рөлім бар. Сондықтан әр сәт, әр кез менің өзіме арналған уақыт, мен өзімнің рөлімді атқарып жүрмін.
QAZIR: Ең керемет күн?
Нұрлыбай: Тұңғышым өмірге келген күн, бұрын-соңды сезініп көрмеген күйге бөледі.
QAZIR: Кемшіліктеріңіз бар ма?
Нұрлыбай: Адам болған соң шалыс қадам жасаймыз, шатысамыз. Қателесу қай жанға болсын тән. Кәсіби тұрғыдағы қателікті салыстырсаң жоясың, замани қателіктеріңді мойындап, кешірім сұрай алсаң жоясың.
QAZIR: Ұнайтын түс қандай?
Нұрлыбай: Жайбарақат, көңілге жай жасыл түсті жақсы көремін.
QAZIR: Ең басты үш құндылық қандай?
Нұрлыбай: Мінез, пікір, шығармашылық, тұлғалық ерекшелік арқылы еркіндікті сезіну, инклюзия, сенім.
Сұхбаттасқан: Жаннат Манасбайқызы