Канн кинофестивальінен жүлделі оралып жұлдызы жанған Самал Еслямова түскен фильм елімізде қашан көрсетілетінін «Сиқырлы әлем» айдарынан біліңіз.
Qazir-дің киноман оқырмандары, қала күнін тойлау аясында Алматыда «Almaty Film Festival» Бірінші халықаралық кинофестивальі өтеді. Бұл ауқымды шара отандық кинематографияның тағы да бірнеше қадам алға жылжығанын көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, 15 қыркүйек күні «Айка» кинокартинасының Қазақстандағы премьерасымен фестивальдің шымылдығы ашылмақшы. Фильмнің сюжеті Мәскеудегі қырғыз мигранттарының тағдыры жайында екенін айта кетейік.
Сонымен қатар кинофестивальде Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» фильмінің қазақстандық тұсау кесері өтеді. Фильмнің сюжеті отбасылық жағдайына байланысты ауылдағы жайбарақат өмірін қарбалас қала тіршілігіне алмастырған Салтанат пен Қуаныштың махаббаты туралы.
Фестивальде 15-ші және 19-шы қыркүйек аралығында көрермендер отандық және шетелдік ең үздік фильмдердің режиссерлерімен, актерлерімен кездесе алады. Кино майталмандары Ресей, АҚШ, Қытай мемлекеттерінен келеді деп күтілуде. «Қызыл кілемнен» өтетін, әрине, отандық кино жұлдыздар, ал шеттен шақырылған қонақтардың нақты аты-жөндері алдағы уақытта белгілі болмақ.
Айта кетейік, «Almaty Film Festival» кинофестивальінің Президенті болып сайланған – белгілі режиссер, сценарийші, продюсер Ақан Сатаев. Ол өз сөзінде: «Қазақстан кинематографы бүгінгі күні бұрын-соңды болмаған трансформация дәуірінен өтіп отыр. Көрерменіміз қызығушылық танытатын және елден тыс танылған есімдер көптеп пайда болуда. Almaty Film Festival біздің қаламыздың потенциалын ашады, сондықтан киноөндірістің жаңа мүмкіндіктерін аша алатын түрлі мемлекеттердің киноиндустриясының өкілдерімен ынтымақтастықты дамытуға көзделген» деп айтты.
Материалды дайындаған Мақпал Аманбай.
Фото ғаламтордан және ақпараттар фестивальдің аккаунтынан алынды.