Еуропаның Скандинавия түбегіндегі Осло қаласында тұратын Махмұт Башташ Қазақстан жұртшылығына көптен таныс. Себебі, ол кісі сондағы қазақ мәдени орталығын басқара жүріп, екі ел арасын байланыстырушы дәнекер болып жүрді. Баспасөз беттерінде де өз ойлары мен пікірлерін айтып, алыстағы қандастар жайын жеткізіп жүрді. Бүгінде Норвегияда Махмұт ағаның әулеті тамырын жайып, өсіп өнуде.
«Өзім Түркияда 1956 жылы туғанмын. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Норвегияға келдім. Содан осы қалада тұрақтап қалғаныма 40 жылға жуықтапты», - дейді Махмұт аға.
Алайда, «ер – туған жеріне» дегендей, атамекен – Қазақстанға оралуды да армандайтын көрінеді. Әзірше келіп-кетіп сағынышын басып жүр. Алғаш Норвегия қазақтарының арасынан Қазақстанға табан тіреген этникалық қазақ та осы Махмұт аға екен. Онысын былай еске алады: «Мен шешемнен атажұртымыз Қазақстан туралы көп естідім, әрнені сұрай беретінмін. Тек 1989 жылдан бастап атамекенді бір көрейін деп ниеттендім. Әрі шешем де «бар, атажұртыңды көр, топырағын басып, ел-жұртыңмен таныс» деген соң, Мәскеу арқылы Алматыға ұшып бардым. Осылай Кеңестер одағының қабырғасы қақырар кезеңде атажұртқа келу бақыты бұйырды. Ондағы мақсатым – ежелгі аталар мекені Қазақстанды көру, танысу деген ниет болатын. Сондағы сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес».
Сол сезімнің жетегінде балаларын да қазақы тамырынан ажыратпай, ұлтымыздың тілі, дәстүр-салтын бойына сіңіріп өсірді. Тіпті, жан жары, норвег қызының аты-тегінен бастап, болмыс, ділін - қазақ, дінін – мұсылман етті. Бүгінде қазақшасы судай, салт-дәстүрді ұстанғанда қазақтың кез-келген келінінен кем түспеген Ләйла ханым екеуі қол ұстасып, ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже атанып отыр.
Екеуінің таныстығы жайлы былай еске алады:«Мен Норвегияға келген жылдары тіл білмеймін. Содан курстарға барып жүретін едім. Сол курстарда Ләйланы кездестірдім. Екеуміз танысып әрі қарай жақын аралсып кеттік. 1981 жылы отбасын құрдық. Содан бері тату-тәтті тұрып келе жатырмыз. Ол кісі өзі қазақша сөйлейді. Бала тәрбиесі де қазақша болды. Келіндерім де қазақ қыздары. Салт-дәстүрлерді жақсы ұстанамыз. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді насихаттаймыз. Қазақтың ұлттық тағамы ет асып жемесек, басымыз ауырады. Бауырсақ пісіріп, иіс шығарып тұрамыз.
Баларына атамекен жайлы айтып қана қоймай, көздерімен көріп сезінсін деген мақсатпен,1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Қазақстанға ертіп келді. Осы сапар балаларының есінде ұмытылмастай қуанышты сәт болып қалды.
Себебі, балалары Абылайхан мен Қадыр-Айхан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алған болатын. Осы бір ұмытылмас сәт жайлы Қадыр-Айхан: «Біз ол кезде кішкентай ойын балалары едік. Жан-жақтан көптеген қандастар жиналған үлкен отырыс өтіп жатты. Әкеміз бізді жүзінен мейірім төгілген бір ағаға ертіп барып амандастырды.Ол кісі біздің бетімізден сүйіп, «ұлт үшін еңбек ететін, ұлтыңды сүйетін азамат болып өсіңдер» деп батасын берді. Бұл кісі - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы екен. Сол сәтімізден естелікке фото қалыпты. Соны мақтаныш етіп отырамыз. Ата-анамыздың тәрбиесімен ұлтымызды сүйетін азамат болып өстік, ендігі арманымыз ұлтымызға қызмет ету» дейді.
Елбасынан бата алған Абылай хан тарихшы мамандығын алған. Жары Семра екеуінің Ақерке-Сера атты қызы бар. Бата алған бала Қадыр-Айхан да бүгінде педагог. Оның Айбике атты жары, Сара-Зейнеп атты қызы бар.Ал, кіші ұлы Жүніс- Елісхан жары Жібек екеуі, Бану атты қыз өсіруде. Ол Драмен қаласындағы Ассиден ауданында орналасқан «Рема 1000» супермаркетінің басшысы.
Осылайша Махмут мырза мен Ләйла ханым үш ұлына да қазақтан келіп алып, Норвегиядағы қазақтың бір бөлшегі болып отырған жайы бар.
Жүніс-Елісханды да әңгімеге тартып, Норвегиядағы жастар жайлы аз-кем айтуын өтінген едік.
«Норвегия жастары оқуға және уақытты көңілді өткізуге басымдық береді. Өмірде барлық нәрсені көру керек деген принципті ұстанып, уақытын жеңіл-желпі өткізетіндер де бар. Орта буында«Иппи» дегендер болған. Олар «бізге ештене керек емес, ақша болса болды, өмір алдамшы, сондықтан қысқа өмірді ойын-күлкімен өткізіп, әлемді аралап жүрсек болды» деген қағиданы ұстанған. Қазір бұл үрдіс ақырындап жоғалып жатыр. Еуропада қазір бала туып, жан санын көбейтіп жатқан жастардың саны артуда. Олар алдыңғы буынның қателігін көріп отыр. Оларды қартайған кезде бағатын кісі қалмай қалғанын көріп, одан сабақ алуда.
Дегенмен, азаматтарының бойында мемлекетшілдік рух өте жоғары. «Егер біз өзіміз салық төлемесек, мемлекет қайтып аяғынан тұрады» деп, азаматтық міндетін олар ешкімнің артық-ауыз ескертуінсіз-ақ орындайды.
Мемлекет те азаматтарына жағдайды жақсы жасайды.Оқуға және отбасы жағдайына байланысты жәрдемақылар төлейді. Ер балаларға әскерден кейін үй алуға, жұмыс табуға көмектеседі. Оқитындарға шәкіртақы төленеді, студенттердің жағдайына қарай ай сайын жәрдемақылар төленеді. Жергілікті халыққа жұмысқа орналасу да оңай. Өз азаматтарына 1 бала туса 40-50 мың крон береді, ол 7-8 мың еуроны құрайды. Ол баланы өмірге әкелгеніңіз үшін берілетін қаражат. Бұдан басқа балаңызды 2 жыл ештене алмай тегін қарап береді. Онда аптасына бір рет көріп, денсаулығын қадағалап отырады. Сондай-ақ ай сайын балаға ақша беріп тұрады. Егер отбасында 1 бала болса 1 мың, 2 бала болса 3 мың, 5 балаң болса 7 мың крон деген сияқты. Мұндай жағдай Еуропаның өзге елдеріне де тән.
Жастардың көпшілігі жоғары білімді. Әсіресе техникалық, инженерлік саланы меңгеретіндер көп. Көбінде жастар бұл мамандықты Туренхайм университетінен алады. Заңгер, әлеуметтік сала мамандарына да сұраныс бар. Жастар оқи жүріп жұмыс істейді. Көпшілігі оқуды бітірген соң сол кәсібін жалғастырады.
Мәселен, мен де университетте оқи жүріп кафеде жұмыс істедім. Содан соң осы саладағы сатылардан өтіп, бүгінде үлкен супермаркеттің басшысы болып отырмын.
Қазақ екенімді мақтан етемін, Елбасының үмітін ақтап, ұлтыма қызмет етсем деген арманым да жоқ емес. Мұндағы халық Қазақстанды көп біле бермейді, қазақты таныстыруға әкем көп еңбек етті. Енді біздер соны жалғастырсақ дейміз», - деді Жүніс-Елісхан.
«Бәрі өз қолымызда. Ғылым мен техниканың дамыған кезі ғой. Интернетті ашсаңыз бәрі бар. Онда қалаған кітабыңызды оқып, телеарналарыңызды көріп, радио тыңдап, музыканы үйренуге болады. Бізде үйдегі тамақтарымыздың көбі қазақша. Отбасында ана тілімізде сөйлейміз. Кісінің бір нәрсеге көңіл бөлуі отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Егер барлық ата-анасы кішкене күнінен баласына қазақтың дәстүрі мен мәдениет үйретпесе өскенде олар қазақшылық жолдан шығып кетуі мүмкін. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді бабалармыз тегін айтпаған ғой. Бізді ата-анамыз қазақ етіп тәрбиеледі. Бірде Лондонға құрылтайға барған кезде бір кісі маған,
-Сен қазаққа ұқсамайсын ғой, - деді. Мен оған: - Менің түрім ұқсамаса да, жүрегім қазақ деп соғады, -деп жауап беріп едім, ол риза болды. Иә, біздің жүрегіміз қазақ», - дейді Абылайхан.
Иә, жер бетінің бір түкпірінде, Норвегия жерінде осылайша қандастарымыз өмір сүруде.Олардың саны соңғы жылдары Қазақстаннан, Қытайдан барғандармен көбейіп, 100-ден аса жан басы бар көрінеді.
Қазақ халқының мерекелерін, қасиетті ораза айт, құрбан айтты тойлайды. Наурызды да қалт жібермей, бұл күні бір-бірін шақырып, ет асып, қазан көтеруді де ұмытпайды екен.
«Біз сонау Норвегияда тұрып Қазақстанымыздың әрбір жетістігіне қуанамыз. Қазір бүкіл әлем Қазақстанды таниды. Елдің экономикалық өсуі үшін үлкен қадамға барып жатқан Елбасының бастамасын біздер де қолдап отырамыз. Қанша жерден шетелде тұрғанымызбен жүрегіміз қазақ деп соғады. Алыстағы ағайын әркез тілекші болатынын ұмытпаңыздар» - дейді Махмұд Башташ мырза.
Інжу Алтайқызы