100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, мүгедектерге арналған еліміздегі ең алғашқы спорттық оңалту орталығының ашылуына бастамашы болған, 19 жасында көлік апатынан мойын омыртқаларын қатты зақымдап, арбаға таңылып қалған талдықорғандық Елдос Баялышбаевты Qazir бүгін еркін әңгімеге шақырды. Сонымен, «Жүректе қайрат болмаса» айдарындағы сұхбат сіздерге ой салар деп сенеміз.
Qazir: Елдос, хал-жағдай жақсы ма? Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасынан сенің жетістіктеріңді көріп, қуанып жүрмін. Оқырмандарымызға басынан бастап баяндап берші, өзің жайлы, өзгелердің көзқарастары мен пікірлері туралы, жобаларың жайлы.
Елдос: Сәлем, Жаннат, негізі мен программистпін ғой, бірақ өмірімнің «программасы» өзінше өзгеше, ерекше.
Қол-аяғы қимылсыз жатқан кімге ұнасын. Маңайымдағылардың маған қарағандағы жүздерінде небір қаңғыған ойлардың жылтың қаққанын көргенде әбден аласұрасың. Отбасыма да оңай болған жоқ. Қайтсем де қол аяғымды жиып, басымды көтермекке бел будым. Содан жан-алып, жан беріп үздіксіз жаттығулармен айналыстым, мен алмаған массаж қалмаған шығар. Мүслима апайым менің аяқ-қолыма жан біткенше иледі-ау. Қолы дерт көрмесінші ол кісінің. Екінші анам деймін өзін, Роза апайым, райынан қайтпайтын кісі, менің жолымда аянып қалмады. Алғысым көп ол кісілерге. Жалпы атай берсем алғыс айтар адамдарым аз емес бірақ, менің әрбір жетістігім барлығына ортақ, сондықтан бағынған әр белесті әрқайсысының бағындырған биігі деп айта аламын.
Құдайым қош көріп қол-аяққа жартылай болса да жан бітіп, бетім бері қарай бастады. Қасымдағы ата-анам мен ағамның да қолдауы ұшан-теңіз болды. Кім білген, мені олар іске алғысыз қылып тастағанда қайратымның неге жететінін?! Көкейімде күн-түні өзімнің тағдырластарымның қандай тауқыметте жүргені тұрды. Сонымен, азды-көпті көмек болар деген оймен 2014 жылы оңалту орталығын аштық. Бұндағым баяғы тағдырластарымның құлазыған көңілдеріне сенімнің бір ұшқынын болса да себу еді. Ұзаққа созылған, ұмытылмайтын, ұшы-қиыры көрінбестей болып кеткен менің «күресім» көп нәрсеге түрткі болды емес пе?!
Жан тәттілікке салынып жата бердім, жылдан астам уақыт өтті, өзгерген ештеңе жоқ. Маңдайыма жазылған «программа» осы деп ойлағам, бірақ одан да жалықтым. Жатып алып құрғақ қиялды қармағанша, қам қылайық деп, ағам мен ата-анам көп жүгірді. Сөйтіп еңбектей бастадым, кейіннен «қаз бастым». Басында бағынбайтын биік болып көрінген дүниеге қол жеткізе бастағанымда барлығы өзгеріп сала берді. Әлі есімде, ең алғашқы жаттығу құралын ағам қолдан жасап берген, ол ширатып отыратын «снаряд» болды. Бір баласы оқуда жүрген, бір баласы төсек тартып жатқан әке-шешеде миллиондаған қаржы тұратын тренажер қайдан болсын. Сол снарядтан бастап серпіліп, сел соққан көңіл ақырындап алға жетелей бастады. «Қажетіңді өзің ал, тамағыңды өзің іш, өзің киін, өзің жуын» деп анам жылулық таныта қоймайтын. Бұл да мені қайраудың бір амалы болғанын білмеппін.
Түсіндім, анық түсіндім: мен сияқты ерекше күтімді керек ететіндерге, мүмкіндігі шектеулілерге шынығу арқылы талай белесті бағындыруға болатынын жеткізуім керек. Өздеріне өздері қызмет қыла алатын күйге жетелеуім керек. Олардың ең алдымен «ойларын оңалтуым» керек, жаншылған жігерлерін неге шыңдамасқа? «Асар» міне осындай астаң-кестең болған бүкіл арманымды қайта айшықтап, қайтадан қаз басқан кезімде туды.
Qazir: «Асар» спорттық оңалту орталығына Қазақстанның түпкір-түпкірінен келетіндерді былай қойғанда алыс-жақын шетелдіктер ел кезіп таба алмаған емін іздеп келіп жатыр дейді, сол рас па? Қарап отырсам қыруар жұмыс атқарылған, солар жайлы біраз мәлімет бере кетейік, Елдос.
Елдос: Білесіз бе, бұл жерге тән дауасынын бұрын, жан дауасын іздегендер денені шынықтырудан бұрын ерік-жігерді шынықтыру үшін келеді. 2014 жылы Талдықорған қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп ашылған бұл орталықтың биыл қызмет етіп келе жатқанына төрт жыл болды. Өзіңе, өзгеге, жетістікке сенім болмаса сенің оңалатыныңа сенетін жұрт та шамалы. Құлшыныс құз басына бірақ көтереді, сондықтан шығар, көпшілік ерік-жігерлерін жанып, өзін-өзі жекпе-жекке шақырғандай болып келеді. Бұл басты жетістік. Қалғаны үздіксіз еңбектің, төгілетін тердің, үзілмейтін үміттің еншісінде.
Ашылған уақыттан кейінгі алғашқы екі жылда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс төңірегінде реаблитациядан 260 адам өтті. Жол апатын, көлік апатын, инсультты, ДЦП-ны көргеннің көпшілігі осында келіп, спорттық-оңалудан өтіп жатыр, бас-аяғы төрт жыл ішінде келгендер саны 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы есеп бойынша 350 адамнан астам. Оның ішінде Қырғызстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан келген түрлі топтағы мүгекдектер де бар.
50 жуық адам арбамен келіп, өз аяғымен кетті. Жүздеген адам өзіне өзі қызмет ететін деңгейге жетті. 2011 жылғы қысқы Азиада ойындарының чемпионы, сопорт шебері Евгений Левкин де орталығымызда болып, біраз оңалып қайтты.
Qazir: Елдос, қиыншылықсыз қызмет болмайды. Орталықтың қызметкерлерінің жалақысы, ғимараттың төлемақысы, анау жоба, мынау шара – бұның барлығына қаражатты қайдан алып отырсыңдар? Атқарылып жатқан басқа да жобаларыңмен өзім таныспын, өз аузыңнан көпшілік ести кетсін, айта отыршы.
Елдос: азды-көпті оңалушылардың орталыққа төлейтін ақысы айлық жабуға жұмсалып кетеді. Қалғанын реттестіріп келеміз. Мысалы, 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 3 миллиондық грант бұйырды, оған арнайы «тренажерлар» жасадық. Жаттықтыру құралдарының дайын түрлері самсап тұр ғой, бірақ бізге олардың арнайы түрлері керек болды. Сызбасын ағам мен әкем күн-түні ойластырып, «сварщиктер» құрастырды. Ал жаңа жабдықтарды сынаушының рөлін мен атқардым. Дайын болған әрбір жабдықта алдымен өзім жаттығып, көріп, кемшіліктерін қайта бұзып, қайта толықтырып, бас-аяғы жиырма жабдық дайындадық. Бұл жабдықтардың ерекшелігі бар: бұлшық еттің барлығын қамти алатын, механикалық жабдық болып табылады. Механизмнің іске қосылуы үшін біраз қимыл-қозғалыс жасап, тер төгу керек. Бұл еңбектеудің, қадамдаудың имитациясына келетін механизмдер. Сонда адамның қол-аяғы жабдықтың имитациялық қозғалысы арқылы қимылдай бастайды.
2016 жылы «Бәйтерек» холдингі, ВІ-group және «Болашақ» қауымдастығы қолдаған «Startup Bolashak» конкурсына қатысып екінші орынды иелендім. Мұның нәтижесі ретінде Алакөлде мүгедектерге арналған еліміздегі ең алғашқы және жалғыз мамандандырылған пансионат ашылды.
Ал былтырғы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігінің қолдауымен «Корни травы» бағдарламасы бойынша 26 миллиондық грантты иелендім. Орталығымызға қажетті керек-жараққа, жаттығу құралдарына қол жеткіздік, ал мамандарымыз алынған оңалту және жаттығу жабдықтарымен жұмыс жасау бойынша шетелдік сарапшылардың қатысуымен арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Арасында өткізілген бірнеше қайырымдылық концерттер, шерулер мен түрлі шаралар да бар, санынан жаңылысамын қазір. Жақсылыққа, игілікке жасалып жатқан шаралар болған соң ешбірі көптік етпейді. Жақсылықтың артығы бар ма. Бұның барлығына жетістік деп те емес, кімнің де болсын жігерін шыңдайтын, намысын қамшылайтын құрал деп қараймын. Менің басты жетістігім арбадан толық айнымасам да, адам қатарына қосылғаным.
Qazir: мен білемін, Елдос, «Асар» спорттық оңалту орталығынан өзге “автоеріктілер” қозғалысы бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс жасап келеді. Қазақстанда ғана емес, түгел ТМД бойынша арбалылардан құралған алғашқы «Асар» КВН-шілер тобы да өз белестерін бағындырып жүр, теледидардан түспейді кейінгі кезде.
Қала бойынша үздік кәсіпкер атанғансың, мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға қосқан үлесің үшін «Жаншуақ» сыйлығын да иелендіңдер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хаттары мен түрлі қошеметтен кенде емессің. Жуырда 100 жаңа есімге ендің. Сен көлікті де қазір өзің басқарасың.
Елдос: бұл да әкетіп бара жатқан, әсірелейтін нәрсе емес. Тынымсыз еңбектің түбі. Атқарар іс әлі алда. Бір қадам биіктесем, көкжиектің келесі кезеңі көріне түседі, әлі бәрі алда!
Ал енді арба...Ходунок... қалай айтсам екен... маған еш кедергі жоқ қазір. Мысалы, біреу көзілдірік тағады, біреу сағатсыз үйден шықпайды, міне, бұлар да сол сияқты менің «аксессуарым», әбден үйреншікті. Кім айтып еді, ұмытып қалыппын: «то, что нас не убивает, делает нас сильнее».
Qazir: Дауыл аласа бұтаны алмайды, ол тек биік ағаштың басын шайқамай ма?! Бұл сынақ қой. Алла адам басына өз күшіне сай ғана сынақты жібереді екен. Сынақ сенікі ғана болмапты.
Елдос: Иә, бұл сынақ менің тұтас әлеміме түскен сынақ болды. Ет-жақындарымның қандай күй кешетінін, жолдастарымның жақындығының қаншалықты екенін, ағамның арқауын, әкемнің асқарлығын өлшейтін сынақ болған сияқты.
Анам, Фатима... ол бұрын инженер болатын. Баласы басын көтере алмай, былқ-сылқ етіп жатқанда жұмыс істемек тұрсын, жанын қоярға жет таппайтын. Мені екі айдан соң ауруханадан шығарғанда «шала адам» сияқты болғам, сол кезде жұмысын тастады. Үн қатпайтын, бірақ шырылдап тұрған ана жүрегінің үнсіз айқайын естімей қалу мүмкін емес-ті. Сол кезде менің қолымнан бар келгені – бетіне қарап жымия беру-тін. Жылдар жылжып өте шықты. Анам қазір медицина маманы болып алған, бұл да өз алдына жетістігі шығар, бірақ бұл «жетістіктің» құнының мұндай қымбат боларын ... Орталыққа келушілердің мамасы да болып жүр, медигі де болып жүр.
Әкем, есімі Қайыркен, ағам Саят екеуі күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей менің түгел жобаларымды құшақтап- ап, қала кезіп кететін. Біресе әкімнің алдына, біресе бизнесменнің алдына барып, менің армандарымның орындалуына барынша үлес қосты.
Qazir: тағы бір жетістігің – бұл «Сәби» қорының «Построй свой бизнес» байқауындағы жеңісің. Елу мың доллар болатын жүлдесін сенің жобаңа тағайындады. Қандай да бір себептермен іске аспай қалуы мүмкін бе?
Елдос: Мен не нәрсені болсын «мүмкін емес» дегенге сенбеймін. Омыртқасы сынған, жұлыны зақымданған адамның қайта тұруы түгіл, отыруы мүмкін емес демеп пе еді кезінде?!
Үзілген үміт те жалғанады, жоғалған арман да айналып өзіңді табады, өртенген сезім де бір күні өлмейтін махаббатқа айналады, өмір тек сынақ деп өксіген де бір күні белестен көрінеді. Бәрі мүмкін, тек өзіңмен күресе білсең болғаны. Өзіңді жеңе білмесең, өзгеге не көрсете алмақсың?! Кездейсоқ ештеңе жоқ, барлығын не сынақ, не өтем, не мадақ деп қабылдаймын. Сынаққа төзімдімін және қарсы тұруға дайынмын, өтемге қашан де қанағат деймін, мадаққа ешқашан масайрамаймын.
Ал «Сәби» қорының жүлдесіне сол баспана мәселесін шешпекпін. Оңалту орталығына келушілерге арналған заманауи хостел болмақ, қазір «қағаз» жұмыстары реттеліп жатыр.
Qazir: ендігі «программа»?
Елдос: енді оңалуға бір-бір үміттерін арқалап, «Асарға» келіп жатқандар саны күн сайын артуда, солар бас сауғалайтын баспана тұрғызсам деймін. Тағдырластарымның жүріп-тұруына, қатынауына барынша қолайлы хостел салу - жоспардың келесі тармағы.
Qazir: Біраз еркін көсіліп, көп нәрсе айтылғандай әңгіме болды. Сынақтан адам қашып құтылмаған. Жігерін жанып, жеңілмей келе жатқан, жүзінен күлкісі кетпейтін жігітпен сұхбаттан соң ,жадырап тарастық. Qazir Елдостың әр жобасының жарқ етіп, жүзеге аса беруіне тілектес.
Әңгімелескен Жаннат Манасбайқыз