Елдегі және әлемдегі саяси әлеуметтік, экономикалық және мәдени-рухани оған қоса табиғи құбылыстар жөніндегі де ақпаратты жұртшылыққа дер кезінде жеткізіп, үлкен ғылыми зерттеуді қажет ететін сала- журналистика саласы. Бүгінде сол журналистиканың қара қазанында қайнап, жалындаған отты әр тақырыпқа сай өткір пікірлерімен көсеп жүрген мамандар саны артып келеді. Олардың қатарында аға буын өкілі, бүгінгі замандас және осы саланың шыңына шығып, құдіретін сезінуді армандап жүрген өкше басар бүгінгінің жастары да бар. Журналистиканың дамуына ғылыми зерттеулерімен үлесін қосып жүрген замандас ағаларымыздың бірі- ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлы.
«Журналист болып іздену және шығармашылықпен айналысу адамды тек қана игілікке жетелейді»-деп қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандыққа баға берген Қуандық ағамызды біз де алдағы журналистер күнімен құттықтап, сұхбаттасып қайтқан едік.
-Қуандық Шамахайұлы, сіздің қоғамдағы әртүрлі тақырыптарға қатысты өз пікірлеріңізді білдіріп, сұхбат беріп жүретініңіз белгілі. Тіпті көп жерде өткір сын айтып, ашық жазып та жатасыз. Ол сіздің жан-жақты біліктілігіңізді танытады. Жалпы бүгінде осындай салмақты атағы бар халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлының журналистикадағы жолы қалай бастау алды?
- Мен әу баста журналист болып жаратылған адам шығармын деп ойлаймын. Себебі, осыдан басқа менің қолымнан келер ешбір шаруа жоқ.Бала кезімде жазушы болуды армандайтынмын. Әлем жазушыларының інжу-маржан туындыларымен тым ерте сусындадым, көптеген классикалық шығармаларды ізденіп жүріп оқитынмын. Балалық шағым Моңғол жерінде өтті. Кір жуып кіндік кескен қазақы орта Баян-Өлгий аймағының Байнұр ауылында бастауыш сыныпты ана тілімде оқып бітірдім, кейіннен отбасымызбен әкемнің жұмыс орнының ауысуына байланысты Моңғолияның қиыр шығысындағы шөлейтті аймаққа қоныс аудардық.
Міне менің балалық бақытты кезеңдерімнің көбі сол кішкентай ғана темір жол станциясында өтті. Бір ауыз моңғол тілін білмей барған мен үшін жаңа жердің жаңа мектебінде 4-сыныпқа барғанымда мұғалімдер тарапынан еш жеңілдік берілген жоқ. Тіпті,тіл білмеуімнен алғашында төмен бағалар алып та жүрдім. Ал жыл аяғында өзімнің ізденісім мен жанкештілігімнің арқасында сыныпты жақсы бағамен аяқтадым. Менің тілді тез меңгеруіме себеп болғаны әрине,бірінші-ортаның әсері, екіншіден ол менің қалыңдығы кірпіштей моңғол тілінде жазылған шығармаларды намысқа тырысып ізденіп оқуымда болды. Түсінбесем де қайта-қайта оқи беретінмін. Менің өте тез арада тілді үйреніп алғаныма мұғалімдерімнің өзі таң қалысты. Ал кейіннен сол ұстаздарым маған тіпті мектептің қоғамдық жұмыстарына қатысты мәдени іс-шаралардың сценарийін, өлең-жазбаларын дайындауды сеніп тапсыратын болды. Жаңағы айтып кеткенімдей өзімше поэзияға әуестеніп өлең жаза бастаған едім. Сол кезде сабақ берген мұғалімдерім менен жақсы ұстаз шығады деп айтып жататын. Бірақ менің бала күнгі арманым жазушы болу еді. Кейіннен «жазушы болу үшін журналистиканы оқуым керек»- деп Моңғолия мемлекеттік университетінің журналистикасын тәмамдап, еңбек жолымды моңғол баспасөзінен бастадым. Менің журналистика әлеміне келуім осылай басталды.
-Демек мамандық таңдауда қайта мүмкіндік беріліп жатса, қайтадан осы саланы таңдар едім дейсіз ғой....
- Иә. Мен қайта тусам да дәл осы журналистиканы таңдар едім. Себебі менің техника немесе басқа салаға мүлдем ебім де, қырым да жоқ. Журналист болу әу баста-ақ менің маңдайыма жазылған тағдыр шығар деп ойлаймын. Бірақ анам мені өнер саласының маманы болуымды қалаған болатын. Сол салаға баулып, маған түрлі музыкалық аспаптар да алып беретін. Бірақ, жүрек қалауы болмаған соң, бәрібір музыкант болмадым, балалық шақтан жазу-сызуға жақын болуымнан болар, бүгінде журналистика маманымын.
-Анаңыз туралы айтып өттіңіз.. Жалпы ағайыннан нешеу едіңіздер. Олар қай саланың мамандары?
-Біз отбасында тоғыз баламыз. Олардың көбі гуманитарлық саланы таңдап, бүгінде қарындастарымның барлығы дерлік білім беру орындарында жұмыстарын істеп жүр. Әкем радиотехника саласының маманы болатын. Кейіннен шахтер де болды. Ол кісі өмірден 59 жасында өтті. Ал анам Алла берген 81 жасын жасап, жақында өмірден озды. Жарым Айша Құрманғали Жезқазған өңірінің тумасы. Ол да журналист. Үш баламыз бар. Екі ұл, бір қыз. Ұлдарым техникалық мамандықты таңдап бүгінде инженер болып қызмет атқарып жүр. Ал, қызым әлі мектеп қабырғасында. Оның арманы шет тілін меңгерген тілмаш немесе дипломат болу.
-Қуандық аға, жұбайыңыздың да журналист болып жұмыс істейтінін айтып қалдыңыз. Бір үйдегі екі журналистің жазылған шығармаларына қатысты пікірлері қайшы келіп қалатын кездері бола ма?
-Жоқ. Неге десеңіз біз шығармашылық қызметке келгенде жеке-жеке айналысамыз. Тіпті кейде бір-біріміздің мақалаларымызды жарыққа шыққаннан кейін бірақ көріп жатамыз. Әрине, кейде кішігірім тақырып қоюда ақылдасулар болады.Ал одан әріректегі тұста бір-біріміздің жазбаларымызға аса көп кірісе бермейміз. Ортақ әңгіме әрине, журналистика жайында қозғалып жатады.
-Қуандық Шамахайұлы, бүгінде әріптестеріңіздің арасында «журналист болу үшін арнайы жоғары оқу орнын тәмамдау маңызды емес» деген әңгімелер де айтылып жүр. Оған сіздің пікіріңіз қандай?
-Бұл өте қате пікір. Өйткені практикасыз теория болмайды, теориясыз практика болмайды. Егер әлде кім теориялық білім алмай журналист болам десе, ол адам ескексіз қайыққа мініп, ашық мұхитқа шығып кеткенмен бірдей еш бағыт-бағдарсыз адасып кеткен болар еді. Яғни практикасы қайық болса, ескегін теория деуге болады. Формасыз мазмұн айқындалмайтыны секілді, теориялық білімсіз ешкім де толыққанды маман бола алмайды. Ал, жалаң теориямен де ештеңе тындырылмаса керек. Оны практикада сынақтан өткізбейінше іс ақталмайды.
Журналистика ғылымының өзі теориялық айқындамаларын өмірде жүзеге асыра отырып, жетілдіреді. Жалпы журналистика дегеніміз әмбебап, жан-жақты біліктілікті қажет ететін мамандық. Журналистің қызметі ғылыми зерттеу жұмысымен пара-пар дүние. Неге десеңіз, кей жағдайда белгілі бір нәрсенің сырын ашу үшін, оны халықтың көңіліне қондыру үшін философиялық ой толғау қажет етіледі. Шындықты табу үшін деректерді салыстырасың, қорытасың, сараптайсың. Сондықтан-да журналистика бұл –кешенді түрдегі күрделі ғылым дер едім. Ал ғылым теориясыз болмайтыны әркімге мәлім. Журналистика – шығармашылық қызмет ретінде ішкі түйсіксіз, табиғи дарынсыз тағы да алға баспайды. Міне осы жағдайларды ескерсек, журналист болуы үшін үнемі ізденіп, тың жаңа бетбұрыстарға қадам басып, түрлі саланың бәрін толық меңгеріп кетпесе де, міндетті түрде хабардар болуы талап етіледі.
-Бүгінде жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрсіз. Осы бүгінгі жастардың білімі мен ұстанымдарына деген көзқарасыңыз қандай?
-Аға буынның жастарға көңіл толмаушылығы қай заманда да болған көрінеді. Тіпті, біздің заманымызға дейінгі көне дәуірде солай болған екен. Қос өзен бойындағы тарихи орындарға жасалған қазбадан табылған қыш тақтайшада «Қазіргі жастар адам болмайды» деп жазылған екен. Сонда, адамзат пайда болған дәуірден осындай бірге жасап келе жатқан болып отыр ғой. Біздің дана ойшыл бабамыз Абай да «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп айтып кетті.
Бірақ, өз басым «Мен жастарға сенемін»- деген Мағжан Жұмабаевтың ұстанымын тәуір көремін. Қазірге дейін жастармен күнделікті қарым-қатынастамын. Дәріс беру барысында, олардың ойлары озық, кез-келген жаңа дүниені түсініп-білуге құштар, өз заманының қажетін ақтай алатын жастар екенін көріп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда мен бүгінгінің жастарына көңілім толады, ал, қайта керісінше аға буын өкілдеріне көңілім толмай қалатын сәттер болып жататынын жасырмаймын. Ал қазіргі жастар шыншыл, әділ. Сондықтан мен бүгінгі жастардың ертеңіне сенемін.
-Журналистика саласында кімдерді пір тұтасыз?
-Журналистика саласында тәуелсіздік алғаннан бергі айтар болсам, Марат Қабанбайды пір тұтамын. Оның «Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүргенде әр санында жазылған мақалаларын жібермей оқитын едім. Ал публицистика саласында Мұхтар Мағауинді, жазушылардың ішінде Бердібек Соқпақбаевтың, Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқып, жазушылық шеберліктерін жоғары бағалаймын.
Ал мақала жазуда ойды керемет өрбітіп жазудың хас шебері болған Ғабит Мүсіреповті құрметтеймін. Мұхтар Әуезовтың очерк, жолжазбалары да ғажайып құндылық. Мақала жазуда тілдің тазалығы мен әдеби нормаларының сақталуын біз осы кісілердің шығармаларын оқу арқылы үйренуіміз керек. Қазіргі публицистерден Аманхан Әлім, Қайнар Олжай, Мырзан Кенжебай, Тұрсынжан Шапай секілді көптеген журналистердің жазбаларын тұщынып оқимын.
Ал, эссе жанры бойынша бәріміздің үлгі алатын құнды дүниеміз – Абайдың қара сөздері болуға тиіс.
-Қуандық аға, енді сұхбатымыздың соңында, әріптестеріңіздің төл мерекесіне орай тілегіңізді жеткізсек..
-Жалпы біздің кәсіби мерекеміз өте ерекше тойланады.Енді осыған орай, біз, қоғамның бізден күтетін ақиқатын табуларына, шындықты ешқашан жасырып қалмауға, соны дер кезінде жеткізіп,одан дұрыс ой-пікір тудыра алуға және ұлтымыздың алға зор қадам басып, дамуына үлес қосу үшін барынша адал еңбек етсек деген тілегім бар. Той тойлаумен қатар, ой ойлауды да назардан тыс қалдырмасақ ілгері баса береміз.
-Қуандық Шамахайұлы, біз де сізді алдағы журналистер күнімен құттықтап, сізге шығармашылық табыс тілейміз. Барлық әріптестерімізге өз оқырмандары мен көрермендерінің талғамынан шығатын дүниелерімен көңіл төрінен орын алуына тілектеспіз.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы