Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовтың kazpravda.kz интернет басылымында жарияланған мақаласының ықшамдалған нұсқасын оқырмандарға ұсынып отырмыз.
Қазіргі әлем белгісіздік деңгейінің артуымен, ақпараттың көлемі мен ағынының жоғарылауымен, демек, стандарты емес, тривиалды емес шешімдердің рөлінің жоғарылауымен сипатталады. Жаһандану, IT технологиялардың, коммуникациялардың дамуы шешім қабылдауға тым көп факторлардың әсер етуіне әкелді. Адам бұл туралы әрдайым біле бермеуі мүмкін, шешім қабылдау кезінде арнайы талдау жасамайды – бірақ іс жүзінде солай.
Өткен ғасырда шешуші рөл атқарған басқару құралдарының стандарты жиынтығымен салыстырғанда, корпоративті не мемлекеттік басқару жүйелерінде болсын, эмоционалды және интеллектуалдық көшбасшылық рөлінің артуы кездейсоқ емес. Бұл өз кезегінде көшбасшылықтың ауыртпалығын қабылдауға дайын адамдарды іздеу маңыздылығын анықтайды.
Бұл адамдар кімдер? Әрине, бұл, ең алдымен, өз жетістіктерін үнемі арттырып отыратын таланттар.
Таланттың ерекшелігі – бұл адам өзінің сүйікті саласында жұмыс істей алады, уақытты есептемей ақпаратты сіңіре алады, өз ісін жұмыс не еңбек ретінде қабылдамайды. Ол үшін бұл ғанибет; қанағаттанушылық беретін әрекет.
Қазір таланттарды іздеудің уақыты келді.Олардың әлеуетін ашатын, насихаттайтын кез келді, талант алдындағы қорқыныштан арылатын кез келді.
Таланттар компанияны, мемлекеттік органды, саланы, қоғамды алға жетелейді.Стандартты көшбасшы үшін талант әрдайым ыңғайлы бола бермейді.Ол үнемі сұрақ қояды, тәуелсіз шешім іздеумен айналысады, ұсыныстар жасайды, ол жүйемен үйлеспеуі мүмкін.
Таланттардың проблемасы - оларды құрметтейді, мүмкін оларды жақсы көреді де, бірақ әрдайым түсіне бермейді. Алайда, олардың ойына келетін стандартты емес шешімдер болмысты едәуір алға жылжытады, жаңа шешімдер, жаңа жағдайлар, дамудың жаңа деңгейін жасайды.
Сондықтан қазір мемлекеттік басқару болсын, корпоративтік сектор болсын, адами ресурстарды басқарудағы таланттарды басқару (talent management)бірінші орынға шығып отыр: оған таланттарды іздеу, таңдау, арнайы лифтілер және мансап сатысы жатады. Бірақ бұл үшін талантты адамдардан қорықпайтын, таланттарды қабылдайтын ортаның болуы маңызды. Экономика, саясат, өнер немесе әдебиет болсын, таланттар өздерінің қабілеттерін жүзеге асыра алатын мүмкіндікке ие болуы тиіс.
Таланттар тоқырауды қабылдамайды, сондықтан олар стереотиптерге сәйкес келмейді. Сол себепті оларға көбінесе біржақты қарайды, әсіресе, ол әйел заты болса.
Алайда, тарихи тұрғыдан біздің жерімізде әрдайым талантты әйелдер өздерін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Мен есімдері көпке мәлім Томиристен Айғанымға дейін, Найля Базанова, Патшайым Тәжібаевадан Нағима Айтқожинаға дейін, Дина Нұрпейісовадан Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева, Жания Әубәкіроваға дейін, сондай-ақ, қазіргі Аида Мүслімованың ізін басқан тамаша қазақстандық шахматшыларды мысалға келтірмеймін.
Біздің Ұлытау өңірінің қызы туралы мысал келтіргім келеді. XIX ғасырдың соңында Бидаш есімді қыз біздің ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады. Өткір мінезі мен шешендік қабілетке ие бола отырып, ол әңгімелерде жиі өз пікірін білдірді. Бірде қайын атасы оны сөзбен тойтарады: "Байтал шауып, бәйге алмас деген. Шамалы тартыңқырап отыр". Оған дереу:"Байтал шауып, бәйге алмаса, кезінде Ерденнің асындағы құла байталдың озып алған бір үй жылқысын иелеріне қайтарыңыз" деп жауап берген екен.
Уақыт өте Бидаш күйеуінің ауылында болыс билеушісі болды. Болыс билеушісі ретінде Бидаш әрқашан әділ болды, мәселелерді стандартты емес түрде шешті. Сол жерге келін болып келгенімен, өзге болыс билеушілерінің арасынан дәл Бидаштың есімі халық жадында сақталғаны таңқаларлық жайт емес.
1992 жыл... Мен – Жезқазған облысының әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарымын. Сол кездегі ең ірі іс-шаралардың бірі "Ұлытау үні" фестивалі болды, оның аясында ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың қазылар алқасы жергілікті ақындардан, мәдениет қайраткерлерінен, аға буын өкілдері ақсақалдардан құралды.
Бірде ақтық айтыстың алдында мен байқаусызда біздің ақсақалдар мен қазылар алқасының мүшелері жиналған кабинетке кіріп, финалға шыққан жергілікті ақындардың бірінің материалдық жағдайы күрделі екенін және “Волга” көлігін бас жүлде ретінде берген дұрыс болар еді деген әңгімені естідім. Олар басынан-ақ оған көмектесуді шешкен, өйткені ол "өздерінің" адамы еді.
Сонда мен оларға Бидаш апайдың сөзін еске салдым: “Сіздер Бидаш апайдың сөзін ұмыттыңыздар ма?” Олар: “Қандай сөзін?”деп сұрады. Мен: “Ата-бабаларының бірін еске алу асындағы бәйге кезінде ол, болыс билеушісі ретінде, бәйге-төбеде ерлер арасында отыруға және жарыстарды қадағалауға құқылы болды, бірақ ол киіз үйде қалып, жаңалықты күтті. Сонда оның көмекшісі шауып келіп:“Сүйінші, сүйінші! Біздің ат бірінші келді!”- деп хабарлағанда, “Қап! Барлық тер, атақ пен абырой көт пен көпшіктің астында қалды ғой” деп санын ұрыпты. Бұл туыстық және жерлестікке қарамастан,талантты құрметтеу және мойындау мысалы болып табылады.
Біздің әрқайсымызда белгілі бір әлеует бар. Компания немесе мемлекет, қоғам қандай жағдайда бәсекеге қабілетті болады? Әркімнің ортақ іс пен жеке басы мүддесі үшін әлеуеті іске асырылған кезде. Әйелдер адамзаттың жартысын құрайды, егер біз оларға өздерінің қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермесек, онда біз қоғамның жартысының әлеуетін іске асыруға кедергі келтіреміз. Нәтижесінде, біз олардың әлеуеті ашылуының арқасында бәсекеге қабілеттілігіміздің артуы мүмкіндігінен айырыламыз.
Сонымен бірге, біз түркі немесе мұсылман елміз деп қорқынышымызды ақтаудың да қажеті жоқ.Қараңызшы, керісінше, АҚШ, Францияда емес, атап айтқанда, мұсылман, түркітілдес елдерде көшбасшы әйелдер аз емес: Пәкістандағы Беназир Бхутто, Түркиядағы Тансу Чиллер. Азия әлемінде бұл Филиппиндегі Корасон Акино, Шри-Ланкадағы Сирамаво Бандаранаике, Үндістандағы Индира Ганди. Шығыс ерлері әйелдердің әр түрлі салалардағы, соның ішінде мемлекеттік басқарудағы көшбасшылығын мойындаған мысалдар көп. Бүкіл адамзатты алсақ, Ангела Меркель, мүмкін, ХХІ ғасырдың ең танымал мемлекеттік көшбасшысы. Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн де керемет мысал болар еді.
Бір таланттың жетістіктері бүкіл адамзат үшін маңызды. Жалпы, біз бәріміз Адам ата мен Хауа ананың баласымыз және айналамыздағы талантты адамдарды дамытуға қызығушылық танытуымыз керек. Бүгін біз әл-Фараби, әл-Хорезми, Ибн Сина, Ньютон және Эйнштейн мұраларын да, Софья Ковалевская, Мария Склодовская-Кюридің мұраларын да бірдей пайдаланамыз. Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс және сәл ертерек Стив Джобс бастаған заманауи технологиялардың дамуы алғашқы бағдарламалау тілінің прототипін жасаған Ада Лавлейстің, wifi прототипіне айналған "секіру жиілігі" технологиясын патенттеген Хэди Ламаррдың, сондай-ақ, бүгінгі күні Google негізіндегі іздеу жүйелерінің технологиясын алғаш рет жасаған Карен Спарк Джонстың ашылуларынсыз мүмкін болмас еді.
Таланттар отбасының, ұрпақтың, ұлттың, нәсілдің, жыныстың өкілдері бола отырып, бүкіл адамзатқа тиесілі. Әрбір талант – адамзаттың игілігі. Әрбір дарынды адам – адамзаттың үлкен әлеуеті.
Таланттар әрқашан стандартты емес болып келеді, олар дәстүр шеңберінен шығып отырады - бұл бізді қорқытпау керек. Адамзат тарихындағы барлық көрнекті адамдар қоғамдық, экономикалық, саяси болсын, жүйемен қақтығысқа ұшырады. Олар көріпкелдік қабілетіне ие болды, сондықтан алға ұмтылды, кейбіреулері бұл үшін өмірін қиды, өзгелері үлкен мұқтаждықты бастан кешірді. Бірақ олар талай адамның жанын жылытып немесе адамзаттың дамуына үлес қосып үлгерді.
Қорытындылай келе, белгісіздік, жаһандану және бәсекеге қабілеттілік сын-қатерлеріне жауаптардың бірі–таланттарды таныту мен насихаттау және оларға әділ бәсекелестік жағдайын жасау болып табылады.