Наурыз мейрамының құрметіне «Астана Операда» қайырымдылық акциялар, концерттер мен спектакльдер өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурызды жаңа форматта мерекелеудің тұжырымдамасына сәйкес негізгі мақсат –Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.
Жаңа мерекелік формат аясында театр бір ай бойы қайырымдылық акциялары мен концерттерін өткізуде.
Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты да тартымды іс-шаралар афишасы әзірленген. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Үлкен зал сахнасында 21, 22 және 23 наурыз күндері көптеген жылдар бойы қазақстандық сахнаның сәніне айналған ұлттық музыкалық өнер жауһары – «Қыз Жібек» операсы ұсынылмақ. Танымал дирижер Абзал Мұхитдин мен режиссер Михаил Панджавидзе отандық классиканы жаңа қырынан ұсынды. 3D-технологияларды пайдаланудың арқасында «Қыз Жібек» халықтық лиро-эпостық поэмасы көрермендердің көз алдында жандана түседі: проекцияда көрсетілген керуен көшінің қозғалысы күтпеген жерден сахнада жалғасады. Көздің жауын алар костюмдер, бейнеинсталляциялар, жарық бойынша суретшінің тартымды жұмысы, мінсіз билер, ең бастысы – бәріміз жастайымыздан білетін әрі жақсы көретін музыка, солистердің тамаша дауыстары мен оркестрдің үйлесімді үні «Қыз Жібек» қойылымын ұмытылмастай етеді.
22 наурызда аталмыш операда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаевтың маңызды дебюті орын алады, ол алғаш рет бас партиялардың бірі – Бекежанның рөлінде сахна төріне шықпақ. Естеріңізге сала кетсек, танымал әнші бұған дейін Базарбайдың бейнесін сомдаған. Әртіс осынау тамаша Наурыз мерекесінде өнер көрсету әрі көрерменге қуаныш сыйлау ол үшін құрмет екенін атап өтті.
- Негізгі мақсатымыз – әрбір көрермен спектакльді көргеннен кейін асқақ өнермен қауышубақытын сезінуі үшін залда көтеріңкі көңіл-күй орнату. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, барлық жанұяға бейбітшілік, жақсылық пен амандық тілегім келеді, - деді Жанат Шыбықбаев.
Камералық зал сахнасында мазмұнды да мәнді бағдарламасы бар жарқын концерттер жоспарланған: 22 наурыз сағат 15:00-де «Қош келдің, Наурыз!», 25 наурыз сағат 19:00-де «Наурыз шашу!» музыкалық кеші өтеді. Көрермендер назарына «Астана Опера» театрының опера солистері, оркестр әртістері мен басқа да музыканттардың орындауында қазақстандық авторлардың камералық және вокалдық шығармалары ұсынылады.
Театрдың Үлкен және Камералық залдарында өтетін барлық мерекелік іс-шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.
- Елорданың дидары