«Ақылды адамда иман бар, иманды адамда ғибадат бар» деген сөз бар. Сондықтан адам иманға ұмтылады, ұғым - түсінігін дамытады, жетіледі. Жетілген сайын Аллаға мұқтаждығы артып, көп нәрсені білгісі де келеді. Осыған орай, қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, бүгін Сіздей өмір жолы бай, Ислам ілімінің білікті де білімді маманымен әңгімелесудің сәті түсіп, сөз сұрап отырмыз.
- Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын!
Ислам –Алла Тағаланың мәңгілік болып қалатын жолы, адам баласының өмір сүретін заңы.Аталмыш заң бір заманға, бір мекенге, бір ұлтқа, ұлысқа, не бір белгіленген мемлекетке байланысты емес, бұл дін бүкіл адамзат баласына Алла Тағала тарапынан жіберілген ең соңғы дін.
Алла Тағалаға мыңдаған шүкірлік етіп, тәубе деуіміз керек, себебі Алла Тағала бүгінгі күнде бізге бұл дінді үйренуімізге, үйретуімізге барлық жағдай жасап беріп отыр. Мәселен бұл діннің жолын үйренуге және үйретуге көптеген аяттар мен хадистер жіберілген.
Иман – Ислам дінінің іргетасы, адалдық пен исламдық идеологияны күшейтетін, ой сезімімізді, дүниетанымымызды ислами тұрғыдан қуаттайтын, бұл дүниенің басталуы Жаратушыдан екендігін, бүкіл ғаламның жаратылысы да соның қолында екенін дәлелдейтін ғылым, ол Аллаға келтіру, яғни Алланың барлығына сену деген ұғымды береді.
- Иә, имандылық – ең басты құндылығымыз. Сонау атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «иманды, ырысты» бол деп білдірді. Яғни иманды ырыс пен байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Аталарымыздың айтуынша иман адамның жүрегінде мықтап орын алып, көкірегінде берік сақталуы тиіс. Ендеше, құрметті Қажеке, имандылық тақырыбын тарқата түссеңіз.
- Жүректегі иманның тағы бір пайдасы – ол адам бойындағы ар - ожданды оятып, тірілтеді. Осы ретте, тәрбиелік-ождан, әдептілік- ождан нені білдіреді деген сауалға жауап бере кетейін. Ождан – сол адамның ішкі дүниетанымы, ол адамды нақты бір амал істемес бұрын «Аллаға бой ұсын, Аллаға құлшылық ет, көпшілікке қызмет ет, қиыншылыққа түскен адамға көмектес» деп ескертеді. Қашан бұл адам осы жүректегі айтқандарын, яғни өз ожданының айтқандарын істеп, тапсырмаларын орындаса, содан кейін оған рахмет айтылады. Ол адамда тыныштық, қуаныш пайда болады, яғни ол: «Мен бүгін бір жақсы амал істедім, бір қиыншылыққа түскен адамды құтқардым» деп ойлайды. Осылай, адам бір жақсылық іс жасар болса, оның жүрегінде бір қуаныш орын алады, яғни ішкі дүниетанымы рухани байлыққа кенеледі және де бұлсол адамның діндарлық ожданының имандылық белгілері негізінде пайда болады.
Егерде адам бір жамандыққа кез келсе, бұл діни – ождан оны қорқытады, «Жамандық істеме, бір адамға қиянат жасама, зұлымдық жасама, адамдардың ақысын жеме» деп үгіттейді.
- Түсінікті. Әрбір пенде Алланы көріп тұрғандай Оған құлшылық етуі тиіс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде», - деді. Дей тұрғанмен пендешілікпен бұған күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Осы бір дүдамал уәжге қатысты не айтуға болады?
- Біздің заманымызда мынадай бір оқиға болыпты: Мектепте, 6-шы сыныпта мұғалім сабақ беріп жатады. Ол жас балалардың сана-сезімін бұзу мақсатымен сауалдарын жеткіншектерге қоя бастайды: «Балалар, сендер мына тақтаны көріп тұрсыңдар ма? – Иә, аға, көріп отырмыз, - Ендеше ол бар екен; Ал, мына үстелді көріп тұрсыңдар ма? –Иә, аға, көріп отырмыз, - Ендеше ол да бар екен, себебі көріп отырсыңдар; Мені көріп отырсыңдар ма, балалар? – Иә, аға, көріп отырмыз, - Ендеше мен бар екенмін; Ал енді сендер, құдайды көріп отырсыңдар ма? – Көріп отырғанымыз жоқ, - Ендеше құдай жоқ қой, жоқ нәрсені адам көруші ме еді,- дейді мұғалім маңғазданып және буыны қатпаған, әлі ақылы тола қоймаған балаларға құдайдың жоқтығын өзінше дәлелдегеніне риза болып». Сол кезде оқушылардың арасынан бір бала атып тұрып, сыныптастарына мынадай бір сұрақты тосыннан қойып қалады: «Балалар, сендер осы мұғалімнің ақылын көріп тұрсыңдар ма?Барлығы, Жоқ дейді». Ендеше, мұғалімнің ақылы болмағаны ғой деп ой түйеміз бе, дегенде балалар не дерін білмей, абдырап қалады. Сонда әлгі бала сыныптастарына: «Көрінбейтін нәрсенің бәрін де жоқ деуге болмайтын шығар. Дүниеде бар нәрсенің барлығы адамға көріне де бермейтін шығар, өйткені әрбір нәрсенің көріну шегі бар» деген өз ойын жеткізеді.
- Расында бұл мысал бізге өте құнды дүниелерді баяндайды. Алланы адам көзімен көру әсте мүмкін емес, оны тек түсінікпен, сезіммен, яғни жүректің көзімен көруге болады, ал жүрек иман нұрымен нұрланған болуы керек, сонда ғана Алланы көруге оның шамасы жетеді.
- Өте дұрыс айтып отырсыз. Алла Тағаланы ақылдың көзімен іздеу керек. Мына бір мысалды алып қарайықшы: айталық бір әдемі үй, не сарай салынған екен делік. Біз осы үйді, не сарайды салған адамды көрмей тұрып-ақ, әйтеуір біреудің салғанын білеміз, сезінеміз. Ал оны қалай білуге болады? Әрине, тек ақылдың көзімен ғана. Сол сияқты ғаламның (дүниенің) да бір Жаратушысы бар, яғни Иесі бар. Бірақ Жаратушыны адам көзімен көру мүмкін емес, себебі көздің көруінің шегі бар: көз материяның формасын ғана қабылдай алады яғни көреді. Материяның адам мүшесі қабылдамайтын формасы да бар. Ол ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Материяның ол формасын өріс деп атайды немесе тылсым күш деуге де болады. Ғылым да қазіргі кезде осындай тылсым күштің барлығын мойындап отыр.
- Менің байқауымша әңгіме негізінен құдайға сенбейтіндерге қатысты болып отыр. Ал Аллаға сенетін, оған құлшылық қылатын, Аллаға иман келтіретін адамдардың Алланың барлығына қандай дәлелі бар?
- Алланың барлығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті, олар кітаптарда да келтірілген және бірнеше бөліктерден тұрады.
Тағы бір хикаятта мынадай жайт баяндалады: Бір кісінің құдайдан безген атеист досы болады. Досының жалғыз ұлы бір күндері Алланың әмірімен өте қауіпті ауруға шалдығады. Дәрігерлерге көрсеткенде аурудың жаман екендігі, оған міндетті түрде ота жасалу қажеттілігі анықталады. Дәрігерлер балаға ота жасауға келіскендерімен, оның аман-есен болатындығына ешқандай кепілдік бермейді. Басқа жолы болмаған соң, атеист досы баласына ота жасауға келісім береді. Балаға ота жасайтын күні, оны ішке алып кеткенде, досының есіктің сыртында жылап отырғанын, Аллаға жалбарынып, екі қолын көтеріп: «Иә, Алла, жалғызымды маған қалдыр, менің жағдайыма рахым ет, баламның ауруын, отасын жеңілдет, ауруына шипа бере көр» деп дұға жасап жатқанын байқайды.Кезінде қанша айтса да, түсіндірсе де атеистік жолынан қайтпаған ғалым досына: «Сен құдайға сенбейтін, мойындамайтын едің ғой, енді Аллаға жалбарынып жатқаның қалай?» деп айтқан тұста үнсіз қалғанымен, ол кейін қасында жанашыр болып жүрген досына: «Маған үміт артар жер қалмады, баламның өмірін, оның шипасын, баламның амандығын тілейтін, сұрайтын жерім қалмады. Енді жалғыз жалбарынарым да, сұранарым да, тіленерім де бір Алла болды. Бүгінге дейін мен Құдірет күшін түсінбейтін, білмейтін надан болдым. Алланың барлығына күмән келтіріп жүрген едім. Сондықтан, достым мен енді тек бір Алладан ғана баламның амандығын тілеймін, мүмкін дұғамды, әрі тілегімді қабыл етер» деген өзінің жүрекжарды сөзін жеткізеді. Міне, кімде-кім қайсы бір уақытта бір қиыншылыққа түссе ең бірінші оның ауызына түсетіні бір Алла болады.
- Иә, хакім Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас...» деп әсте бекер айтпаған ғой.
- Дәл солай. Сондықтан жастарымыздың ең басты міндеті Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистері арқылы, не ғылым негізінде Алланың барлығын дәлелдеу үшін білімді болу. Өйткені, олар ХХІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Бұл ғасыр – ғылым ғасыры, білім ғасыры, мәдениет ғасыры.
Өкінішке қарай, біздің кейбір діндарлар түрлі сұрақтар қойылғанда білмей қалса ренжіп, ал білсе оған дұрыс жауап бере алмай, өздерінің дінге деген, исламға деген көңілдері қалып қойып жатады. Нәтижесінде, әлі де дінді мойындай алмай жүрген жастарымыздың құлағына тиісті уағыз жетпейді, жеткен күнде де түйсігіне әсер етпейді.
Түрлі қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың тура жолы – имандылық десек, ол жастарымызға өте қажет.Сондықтан біздің ендігі межелі мақсатымыз ел ішінде имандылық ілімін кеңінен насихаттау. Сізбен болған бүгінгі әңгіменің де өзегі Иман туралы болуы кездейсоқ емес. Себебі, Иман дегеніміз тазалық, пәктік. Тазалық болғанда тек тән тазалығы ғана емес, мәселе көңіл тазалығы, сенім тазалығы, ар тазалығы, ой тазалығы, жалпы айтқанда жан тазалығы деген құндылықтарға саяды.
Алла Тағала баршамызды өмірден иманды етіп өткізуге жазсын! Әумин!
Қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, салиқалы әңгімеңізге көп рахмет! Алла Сізге күш-қуат беріп, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы ретінде жасап жатқан қызметіңізді баянды етсін! Жамағаттың иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін игі істеріңіз мол болсын!
Әңгімелескен Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
- Көне дүние күмбірі