Елінің амандығын ойлаған ердің есімі мәңгі ұмытылмасы хақ. Тараз қаласындағы "Жеңіс" саябағында қазақтың қаһарман ұлы Ғазиз Байтасовтың ескерткіші ашылды. Батырдың ерлігін ұлықтау шарасы, оның туған күніне орай ұйымдастырылған. Асқан ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов, көзі тірі болса, биыл 3 сәуірде 50 жасқа толады екен. Бүгінде оның өзі ортамызда жоқ болғанымен, оның террорлық зұлымдықпен күрес кезіндегі жасаған ерлігі мәңгілік халық жадында.
Естеріңізге салсақ, 2011 жылдың 12- қарашасында Тараз қаласында болған оқиға дүйім жұрттың үрейін алғаны рас. Сол лаңкестік оқиға кезінде жиһатшы Мақсат Қариевтың қолынан 7 бірдей жан жазықсыз көз жұмды. Олардың бесеуі тәртіп сақшылары болса, екеуі сауда дүкенінің сатушысы мен қожайыны еді. Арасында сондай қиын - қыстау сәтте ерлік танытқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов та болды. Сол күні кезекшілікте жүрген Ғазиз Байтасов, хабар келіп жеткен бойда қылмыскер ізіне түседі. Қаланың Қазыбек би көшесіндегі гастроном маңына келіп тоқтаған қылмыскер оңды-солды оқ жаудыра бастайды. Сол сәтте оқиға орнына жеткен Ғазиз көлігінен түсіп, оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді. Өкінішке қарай, қарсы атылған оқтан полиция капитанының өзі де жараланады. Кенет ол лаңкестің қолындағы лақтырғалы тұрған гранатасын көріп, бейбіт халыққа қауіп төнгенін сезеді. Ондай сәтте әр секунд маңызды екені белгілі. Міне сол кезде Ғазиз, жараланғанына қарамай, қаймықпастан қаскөйдің граната ұстаған қолын қыса, денесін жауып, оны жерге құлатады. Содан жарылған қару лаңкестің өзінің көзін жойғанымен, Ғазиз батырдың да өмірін қияды. Міне, халқының өмірін сақтау жолында, өз өмірін құрбан еткен ер ерлігі мен есімі- ел есінде. Елі үшін ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовқа, қайтыс болғаннан кейін, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен "Халық Қаһарманы" атағы берілді. Ғазиз - бұндай атақты иеленген тұңғыш полицей. Жыл сайын батырдың туған күніне орай, Жамбыл облысының Полиция департаменті түрлі іс-шаралар өткізуде. Биыл да кезекті салтанатты шара, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбековтың және Ғазиз Байтасовтың отбасының қатысумен өтті.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 800 ге жуық полиция қызметкері қаза тапқан. ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жыл сайын олардың ерліктеріне арналған «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өткізіліп тұрады.Осылайша, бейбіт күннің батырлары ұмытылмай, ерліктері ұрпақтан- ұрпаққа жете бермек.
Салтанат Сәдібекқызы.
- Жүректе қайрат болмаса