Әр елдің жер-су атаулары сол жердің тарихымен өрілетіні белгілі. Сол секілді бүгінгі тәуелсіз еліміздің де елді-мекендерінің аталуы біздің тарихымыздан сыр шертіп тұруы шарт. Өздеріңізге белгілі, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, еліміздің елді-мекендері мен жер-су атаулары өзгертіле бастады. Алматыны– Алма-Ата, Қантемірді –Кантемировка, сол сияқты Павлодар, Петропавловск, Омск деп қазақ еліне қатысы жоқ атаулар көптеп пайда бола бастады. Міне бүгінгі тәуелсіз елімізде осындай атаулардың тарихи атауын қайтару негізгі бастамаларға еніп отыр. Сондықтан да, соңғы жылдары ономастикалық атауларды жүйелеу жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Осы орайда, Qazir.kz тілшісі ең көп шұбарланған атаулары бар солтүстік аймақтың жер-су атауларын зерттеп- зерделеп жүрген ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызымен сұхбаттасқан еді.
- Ирина Бекзатқызы, рухани жаңғыруға негізделген жұмыстардың бір бағыты өзіңіз тікелей зерделеп, айналысып жүрген тарихи жер-су атауларын қалпына келтіруге бағытталып отыр. Бұл жұмыстарға бүгінгі таңда ерекше көңіл бөлу өте маңызды. Сіздің пайымдауыңызша, бұл бастама қаншалықты жүйелі жүргізілуде?
- Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі арқауы да тарихи сананы жаңғырту, қазақ халқының сан ғасырлық тарихи құндылықтарын жинақтау, сақтау болатын. Бүгінгі күнде елімізді рухани жаңғыртудың маңызды компоненті ретінде тарихи жер-су атауларын қайтару қажеттілігі зор деп есептеймін. Осы мақсатта ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ қазіргі уақытта топонимикалық зерттеулерді жүзеге асыруда. Мұндағы мақсатымыз - тарихи жер-су атауларын нақты тарихи деректер негізінде зерделеп, еліміздегі идеологиялық тұрғыдан ескірген елді-мекен атауларына байырғы атауларын қайтару.
Жалпы ономастикалық, оның ішінде топонимикалық зерттеулер қашан да өзекті мәселелердің қатарында. Себебі, жер-су атаулары материалдық емес мәдени мұра ретінде де, жердің белгілі бір этникалық тиістілігін анықтауда да өте маңызды рөл атқарады. Қазір өздеріңізге белгілі, көршілес мемлекеттер тарапынан территориямызға қатысты түрлі пікірлер айтылуда, бұл тұрғыда тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру мәселесі саяси-идеологиялық мәнге ие десек те болады. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселелер қатарында деп ойлаймын.
- Дұрыс айтасыз, бұндай бастама көршілес ел тарапынан көтеріліп жатқан жер мәселесіне де тосқауыл болар еді. Жалпы, сіздер, осы тарихи жер-су атауларын қайтаруда қандай негіздер мен деректерге сүйенесіздер?
- Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында негізінен архивтерде жұмыс жасалды, мұнда қоныс аудару саясаты кезіндегі түрлі хаттамалар, ведомостволар, есептер мен қызметтік хаттардың көшірмелері алынды. Омбы облыстық тарихи архивінде жұмыс жасау барысында бірқатар картографиялық материалдарға қол жеткіздік. Осындай архив деректерін саралап, салыстыра отырып, қандай да бір қорытынды шығарылады.
- Сонымен қатар, сол жердің көненің көзі саналатын, ақсақал қариялардың да пікірлерімен санасатын боларсыздар?
- Әрине, міндетті түрде далалық этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен, ауыл ақсақалдарымен, өлкетанушылармен, тарихшы, лингвист ғалымдармен, музей қызметкерлерімен сұхбаттасу арқылы аймақтың жер-су атаулары, өңір тарихы жайында материалдар жинақталып, аңыз-әңгімелер жазылып алынды. Өкінішке қарай, көп ауылдарда ескі атауларды, олармен байланысты аңыздарды білетін адамдар қазір өте аз.
- Бүгінде тарихи жер-су атауларына сұранып тұрған қанша елді-мекен бар? Ол туралы жалпы статистика жүргізілді ме?
- Идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар саны әсіресе солтүстік өңірлерде және Шығыс Қазақстан облысында басым десек болады. Олардың статистикасын әр облыстың тіл саясатымен айналысатын басқармалары жасап отырады. Енді мен өзім айналысып жүрген Ақмола облысы бойынша айтатын болсам, облыстағы 600 елді-мекеннің 40%-ы қазіргі таңда өзге тілде аталады.
- Қазіргі кезде сіздер осы солтүстік аймақтардағы жер-су атауларының тарихи атауларын қайтару үшін зерттеу жұмыстарын жүргізудесіздер ғой ?
-Иә, қазіргі зерттеу нысанымыз - Ақмола облысы болып отыр. Себебі, облыс Қазақстанның солтүстігіндегі славян текті атаулар ең көп шоғырланған аумақтардың бірі. Жоғарыда айтып өткендей, архив деректеріне сүйене отырып, облыстың 45 елді-мекеніне байырғы атауларын қайтару туралы Ақмола облысының ономастикалық комиссиясына ұсыныс берілді. Бірақ, өткен жылы уақытша мораторий жарияланған болатын. Соған орай,бұл жұмыстар әзірге тоқтап тұр.
- Мораторий қандай себептерге байланысты жарияланып еді?
- Ұлттық санаққа байланысты 1 жылға жарияланған болатын. Пандемияға байланысты санақ осы жылдың күзінде деп жоспарланып отыр екен, сондықтан мораторий әлі жалғасады деген сөз.
- Бүгінге дейін орысша аталып келген елді-мекендеріміздің көне атаулары қандай ерекшеліктерге байланыстырылып қойылған екен?
- Көбіне сол жердің ландшафт ерекшеліктеріне қарай және адам аттарымен, ру, тайпа атауларымен байланысты аталады.Көп елді-мекен аттары сол жерде орналасқан өзен-көлдердің атауымен аталып отырады. Мысалы Бұланды ауданына қарасты Макинка ауылы архив деректері бойынша «Аютөбе» деп аталған. Картадан көрсек те ауыл орналасқан жерде Аютөбе шоқысы мен ауыл сыртында Аютөбе өзені ағып жатыр.
- Одан бөлек, тілдік дұрыс айтылмауына байланысты да өзгеріске ұшыраған жер-су атаулары көп қой?
- Иә, бір тілден екінші тілге өту барысында сөздің айтылуы мен жазылуын дұрыс орындамаудан да болады.Осының салдарынан құжаттарда немесе ғылыми әдебиеттерде бір атаудың бірнеше нұсқасы кездесіп жатады.Өз кезегінде қазақ жеріне орыс тілінің енуі әсерінен кейбір қазақ атаулары қосарлы атауға ие болған. Мысалы, Бурабай – Боровое, Қотыркөл – Қатаркөл т.б.
- Қазақы атауларға сұранып тұрған елді-мекендеріміз өздеріңіз бастамашыл болып, қолға алып отырған солтүстік аймақтарымызда өте көп емес пе?
- Ұлттық музей тарапынан Ақмола облысының ономастикалық комиссиясына атқарылған жұмыстардың нәтижелері ұсынылды.Қазіргі таңда Ақмола облысының ішкі саясат басқармасымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Олар өз кезегінде халықпен кездесулер ұйымдастыру арқылы тұрғындар арасында елді- мекендерді қайта атау туралы объективті қоғамдық пікір қалыптастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу шараларын жүзеге асыруда.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы.