Қыстың екі айы да артта қалып,ақпанның алғашқы аптасы сырғып өтіп барады. Qazir оқырмандарына аптаның әр дүйсенбісінде тұрақты түрде «Көне дүние күмбірі» айдары бойынша еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енген киелі орындарды таныстырып келеді.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыздың мақсаты- жас ұрпақтың бойына туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Оқырмандарымыздың бұл айдарда берілетін материалдарға деген қызығушылығы жоғары деңгейде екенін апта соңындағы қаралымдардан-ақ байқауға болады. Өтіп бара жатқан аптада «Есік Сақ қорғандары» жайлы мәліметтерді мыңнан аса адам оқыған екен.Атап айтсақ,бұл айдар бойынша бүгінге дейін 39 материал оқырман назарына ұсынылды.
Qazir оқырмандары өткен аптада химик-технолог Маржан Қуанышқызымен «Нарыққа сай тауар шығарып сату да оңай емес...» - деген тақырыптағы сұхбатына қатысты көптеген ой-пікірлерін білдірген еді. Сұхбаттың бұл аптадағы екінші бөлігіне арқау болған отандық өнім түріне қатысты материал да 1298 қаралым жинапты. Отандық өнім: «Оптима» ыдыс жуатын сұйықтығын дүкен сөрелерінен көрген көпшілік оның ерекшеліктері жайлы да таныса алды деп ойлаймыз әрі болашақта үлкен сұранысқа ие болар деген сенімдеміз.
Біздің жүйелі түрде дайындап,аптаның әр бейсенбісінде ұсынатын «Шаһарларға саяхат» айдары да көпшіліктің көңілінен шығып жүргенін байқап,үзбей жалғастырып келеміз. Бұған дейін аталған айдар бойынша еліміздегі 87 қаланың 39-ы туралы 7 ерекшелігін айқындай отырып жариялаған материалдар қаралымы да апта сайын мыңнан асып жығылады.
Ең алғаш Qazir сәрсенбінің сәтті күні оқырманға алғашқы материалы ретінде «Түркістан қаласы» жайлы мәліметтерді жарияласа, араға ай салып халқымыз екінші Мекке атандырған қасиетті шаһар облыс орталығына айналды. Тарихы терең,келешегі кемел қалаларымыз жайлы ғана емес,кезінде атағы дүрілдеп тұрып,кейіннен басынан бағы тайып, шағын қалалар қатарында дамып келе жатқан шаһарлар жайын да назардан тыс қалдырмай келеміз. Өтіп бара жатқан аптада осындай бұрын еркін экономикалық аймақтың көпшілікке танымал болған Қаражал қаласы жайлы мәліметтерді ұсынған едік. Алдағы уақыттарда да «Шаһарларға саяхатымыз» жалғасады. Ақырған аязды ақпаннан кейін көңілге шуақ сыйлайтын көктем келеді. Qazir ойлы оқырмандарына жүректеріне жылылық әкелетін,алдағы күндерге деген сенімді орнықтыратын сөзі мен ісі бір жерден шығатын кейіпкерлермен сұхбаттар тізбегін үзбей жариялай бермек.
Иллюстративное фото - архив редакции.