Бүгін «Көне дүние күмбірі айдарында» елімізге әлем назарын аудартқан әйгілі «Алтын адам» табылған «Есік» қорғаны жайлы мәліметтерді оқырмандар назарына ұсынамыз.
Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері күллі әлемнің назарын өзіне аударған халық өркениетінің жәдігерлері «Есік» қорғанынан табылды. Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырымдай жердегі Есік қаласы маңындағы Есік қорғандары сақ дәуірінің ең көрнекті археологиялық ескерткіші болып табылады. Ол б.э.д. iV ғасырға жатады.
Есік қаласы маңында ертеректе тоналып кеткен 50-ге жуық қорған бар. Мұнда Қазақстанның ең әйгілі археологиялық олжасы – «Алтын адам» табылды. Өзінің аса бай мұрасымен таңқалдыратын сақ ханзадасының бұл қабірі біздің заманымызға дейін тоналмай жеткен Орталық Азиядағы бірден-бір жерлеу орны екенімен де аса құнды.
Есік қаласының солтүстігі, Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі – еліміздің ұлттық брендіне айналған «Алтын адамды» 1969-1970 жылдары көрнекті ғалым, қазақ археологиясында игі ізін қалдырған К. А. Ақышев бастаған археологтар тапты. Қорғандағы қазбалар Қазақстанды б.з.д. V ғ. мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Алтын адам киімі қаптырмалардан жасалған сауыт, саф алтыннан құйылған қару-жарақтар ілінген белдік, жебе ұшты бас киім, «аң бейнелі» әшекейлермен безендірілген. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Осы өңірдегі сақ қорғандарын Жетісу археологиялық экспедициясы арнайы түрде зерттегені белгілі.
Археологиялық зерттеулер обалардың XVIII ғасырлардан бастап тонала бастағанын көрсетеді. Сақ тайпасының көсемі табылған Есік қорымдарынан хабар беретін музей қазақ тарихының көне дәуірінің жәдігер заттарымен ерекшеленеді. Жетісу сақтарының дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, сенімі, мәдениеті қазақ тарихының біртұтас бейнесін қалыптастырды.
Атадан балаға жалғасқан көшпелі дәстүрдің бірден-бір иегері қазақтар екенін дәлелдей түсу арқылы ұрпақтар сабақтастығын дамытады. Ежелгі тайпалардың киелі ойларын бейнелейтін «Алтын адамның» салтанат киімін әрлеген әшекейлер мен ескерткіштегі басқа да артефактілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен орын алды.
Тәуелсіз Қазақстан символына айналған «Алтын адам» – ел тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді. Алтын адам көшірмесі Алматы мен Астана қалаларындағы мұражайға қойылған.
«Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.