Qazir.kz өткен аптада химик-технолог Маржан Қуанышқызы Досмағамбетовамен сұхбатында қазіргі кезде нарыққа сай тауар шығарып сату, отандық өнімдерге деген сұраныс жайлы сөз қозғаған еді. Сұхбат жарияланған күннен бастап 2 мыңнан аса қаралыммен оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Біз бүгін бұған дейін уәде еткеніміздей, Маржан Қуанышқызы өткен жылы өндіріске енгізіп,жақында ғана көпшілікке пайдалануға ұсынылған «Оптима» сериясы бойынша ыдыс жуатын сұйықтық жайлы кеңінен тоқталамыз.
Qazir: - Маржан Қуанышқызы, оқырмандарымыз сіздің шығарған отандық өнімдер жайлы мақаланы оқып қана қоймай,өз пікір-ұсыныстарын да көптеп білдірді.Соның ішінде сіздің ФБ-дағы парақшаңызда Динара Акимбаеваның : «Мен жарық көрген мақалада айтылғандардың барлығын толық түсінбегеніме қысылып та,қынжылып та отырмын. Бұл маған өз ана тілімді үйренуге үлкен құлшыныс туғызып отыр! Біздің елімізде Сіз сияқты өзінің ғылыми еңбегін ана тілінде жариялай алатын білікті маман бар екенін мақтан етемін!»- депті.Осындай өзекжарды ойын жеткізген оқырманымызға ризашылығымызды білдіріп,өткен сұхбатта айтқан ыдыс жуатын сұйықтық жайлы әңгімені жалғасақ...
Маржан Қуанышқызы : - Әрине. Өткен жолы сырты «Фейри» ішінде не құйылғаны түсініксіз өнімдер сатылып, ыдыс жуып жүрген қыз-келіншектердің қолына аллергия тудыратынын айтқан едім.
Qazir: - Неліктен адамдардың қолына аллергия шығады?
Маржан Қуанышқызы: Оның бірінші себебі ыдысы «Фейри» болғанмен , ішіндегі өнім еш жерде тіркелмеген цехтарда дайындалуы мүмкін , адамдар бағасы арзандығына қызығып алады . Өзбекстанмен шекара ашылғалы сондай жалған өнімдер көбейді , өзбек ағайындар айнытпай көшірме жасауға шебер , оларда жасырын цехтар өте көп , себебі өзбектер Ресейде сондай цехтарда жүк тасушы, оператор болып жұмыс істеп көрген . Таразда маған бір өзбек жігіті кездесіп айтты: « кір сабын жасайтын цехта жұмыс істеп жүрмін, өзіме цех ашайын деп едім , химик болсаңыз кір сабын жасау үшін қосылатын химикаттарының атын айтып бересіз бе , цехтың қожайыны химикаттарды өзі қосады , этикеткасын көрсетпейді»- деді .
- Қайдан ашасың , қазір қай жердегі цехта жұмыс істейсің деп сұрасам , «Тараздан ашамын , жұмысты осы Тараздағы цехта істеймін , жұмыс істеу процесін осы цехта үйрендім», деді .
Мен оған: « Егер Теміртауда , Екібастұзда басқа кез-келген қалада ашатын болсаң химикаттардың атын да , қайдан алатыныңды да айтамын , Таразда ашатын болсаң айтпаймын , мен басшыңды танымаймын , бірақ бизнесмен ретінде оның цех ашқан батылдығын құрметтеймін,сондықтан бұл өтінішіңді орындай алмаймын,басқа қалада ашсаң цехыңды көргеннен кейін ойланып айтармын», деп жауап бердім. Менің айтпағым,бренд сапасымен дайындалған өнім арзан болмайды , оны құрайтын химикаттар қымбат тұрады әрі концентрациясы жоғары болады , сонымен бірге алыс шетелден әкелу жолы, құны да арзан болмайды .
«Фейридің» ыдысы Қытайда сатылады, бағасы соңғы шыққандарының қымбат , ертеректегілері арзандау еді. Қытайда «Рахат» , «Баян сұлу»конфеттерінің қорапшалары да сатылады . Сондықтан ыдысын Қытайдан әкеліп, ішіне не болса соны құйып сатуы әбден мүмкін , ондай цехты адресі , телефоны жазылмағандықтан , табу оңай емес.Міне аллергия шығаратын жалған өнім деген осы.Мен бұл сөзіммен сапалы «Фейри» жайлы емес,кейбір соның көшірмесін дайындаумен айналысып жүргендер туралы айтып отырмын.
Qazir: -Сіз аллергия бермейтін ыдыс жуатын өнімді (гель)қалай дайындайсыз , біздің цех ашатын ойымыз жоқ,құпия болмаса айтып берсеңіз?
Маржан Қуанышқызы:- Қазақстанда ондай бәсекелестік жоқ , 90% өнім сырттан әкелінсе , қайдағы бәсекелестік, қайта әр қаладан цех ашып , өнім өндіруді 10%- тен 50%-ке жеткізсек , қанша қаржы ел қазынасында қалып , қаншама адам жұмыспен қамтылса , мен қуанар едім.Енді,ыдыс жуатын гель аллергия бермеу үшін анионды ПАВ қоспаймыз ,( рН -7 ) нейтральды болуын қадағалаймыз , қол жарылмас үшін глицерин қосамыз. Ең бастысы микробтарға қарсы төрттік аммоний қосылысын (ЧАС – четвертичное аммониевое соединение) пайдаланамыз, қасықтарды әр түрлі науқас адамдар аузына салады емес пе , төрттік аммоний қосылысы қасықта қалған микробтарды залалсыздандырады.
Qazir: Сіздің өніміңіздің ерекшелігін қолға аллергия бермейтін әрі майлы ыдысты жақсы жуып кетіретіндігін тұтынушылар біле ме?
Маржан Қуанышқызы:- Біз өнімді үйлердің астында орналасқан шағын минимаркеттерге беріп , сатушыларға сипаттамасын түсіндіріп айттық , бұндай дүкендердің сатушылары клиенттерін жақсы таниды , біз апарған кезде бірден таныстарына айтып, осындай жаңа тауар келді деп көзімізше хабарласты. Осылайша, күннен- күнге сатылым саны көбейіп келеді , кейде өздері осынша әкеліңізші деп тапсырыс та бере бастады . Өткен сұхбатта әлі толық сатылымға шығара алмай жатырмыз дегенім , үлкен супермаркеттерге жібере алмай отырғанымызды айтқым келген . Үлкен супермаркеттердің сатушыларының клиентке тауардың ерекшелігін айтып , түсіндіріп тұратын уақыттары жоқ , әрі олар жиі ауысады , клиенттерді жүзбе- жүз танымайды. Олар арзан бағаға көп алады, бірақ сатылымына сараптама жасап көрсек , минимаркеттерге қарағанда әлдеқайда аз сатады екен. Бәрі уақыттың еншісінде , бірте – бірте көпшілік тауар сапасының жақсы екендігіне көзі жеткен соң , отандық өнімге деген сұраныс артады деп үміттенеміз.
Qazir: - Ыдыс жууға арналған гельден басқа тағы қандай өнімдеріңіз тұтынушылардың көңілінен шығып жатыр ?
Маржан Қуанышқызы: - Түрлі- түсті киімдерді жууға арналған гельге де , сұраныс күннен- күнге артып келеді.Ол туралы келесі сұхбатта тоқталайық. Ой-пікірлерін жеткізіп,отандық өнімге қызығушылық танытып отырған Qazir оқырмандарына ризашылығымды білдіремін.