«Мен шығарылған өнімнің сапасы мен жасалу технологиясына жауаптымын , маркетологтар осы атауды «Оптима» сериясына лайық деп отыр. Бұл сату процесінің өзіндік ерекшелігіне орай қабылданған шешім. Тауарды сату да үлкен өнер , оның да өзіндік тәртіптерін ескермесең , нарыққа сай болмай қалуы әбден мүмкін». Балалар киімін жууға арналған жаңа өнім жайлы Маржан Досмағамбетовамен сұхбаттан толық біле аласыздар.
Qazir: - Маржан Қуанышқызы, жаңа жылдан кейін оқырмандарға жаңа шығарылған өнімдерім жайлы айтып беремін деген едіңіз,қандай көпшілікті қуантар жаңашылдық идеяларыңыз жүзеге асты?
Маржан Қуанышқызы:- Әрине, сіздерге берген уәдемді орындаймын деп алғаш сұхбатты өздеріңізге беріп отырмын. Ең бастысы балалар киімін жууға арналған гель шығардым , ерекшелігі құрамында анионды (ПАВ) беттік белсенді зат жоқ.
Qazir: - Оқырмандарға түсінікті болу үшін тарқатып айтсаңыз?
Маржан Қуанышқызы: -Киімдегі кірді ПАВ беттік белсенді зат қана ерітіп кетіреді , оның бірнеше түрі бар, анионды ПАВ өте өткір , агрессивті өнім, кірді жақсы кетіреді , бірақ кірдің құрамында фосфат ион болса , оңай әрекеттесіп киімнің матасының талшықтарына оратылып , шайылмай киімде қалып кетеді. Бала қозғалып , жүгірген кезде терлейді , киімі ылғал болған сәтте , киімде шайылмай қалған анионды ПАВ , баланың терісінен ішкі органдарына қан арқылы өтіп , ішкі ағзаның бауыр , бүйрегінің бұзылуына әсер етеді.
Qazir: - Кірдің құрамында фосфат ион қайдан пайда болады ?
Маржан Қуанышқызы:- Балалар тәтті сусындар ішіп , торттар , тағысын тағы тәтті тағамдарды жеген кезде киіміне төгіп немесе жұқтырып алады, осы тәттілерге Е338 (добавка) фосфор қышқылы қосылады . Сол баланың киіміне жұққан немесе төгілген тамақтың құрамындағы фосфат ионымен , анионды ПАВ жуу барысында әрекеттесуі әбден мүмкін.
Qazir: - Е338(добавка) зиянды болса , неге қосады?
Маржан Қуанышқызы: - Сусынның қышқылдау дәмін ұнатамыз , сол дәмін келтіру үшін , торттарға немесе мармелад , безеге қоюландыру үшін қосылады , лимон қышқылына қарағанда бағасы арзан , өнім өндірушіге өзіндік құны төмен болғаны ыңғайлы . Жалпы фосфат ион зиянды деп біржақты ойлау дұрыс емес , фосфор адам организміне қажет элементтердің бірі , тек оның қасиеттерін біліп , түсініп орнымен пайдалану қажет . Бұрын Совет үкіметі кезінде АТФ (Аденозин-трифосфат натрия) уколды тамыр арқылы жамбасқа да салды. Өте тамаша дәрілік зат , құрамында аты айтып тұрғандай фосфат ион бар , нұсқаулығында метаболизмді жақсартады , зат алмасу процесіне белсенді қатысып энергия бөледі деп жазылған. Адам организмі белоктан тұратынын білеміз , белоктың құрамының басым бөлігін фосфор иондары құрайды , осы иондар ыдырауы нәтижесінде энергия бөлінеді , сол энергияның көмегімен отырамыз , тұрамыз , жүгіреміз , яғни адам қозғалуы үшін керек энергия осылай пайда болады. Демек осы тұрғыдан фосфат ионды зиянды деп айту қиын.
Qazir: - Киімдегі кірді ПАВ беттік белсенді зат қана ерітіп кетіреді дедіңіз , қазір құрамында ПАВ-ы жоқ дегенді естіп жүрміз , сонда кірді ПАВ қоспай, қалай кетіруге болады?
Маржан Қуанышқызы: - Жоғарыда айттым, ПАВ-тың бірнеше түрі бар деп, агрессивті анионды ПАВ-ты ғана қоспаймыз , оның орнына амфотерлі ПАВ немесе неоногенді (үстүрт) ПАВ , беттік белсенді затты қосамыз. Аты айтып тұрғандай амфотерлі , неоногенді , бұлардың агрессивті әрекеттесетін иондары жоқ , жұмсақ өнімдер. Киімде төгілген тамақтың құрамындағы фосфат ион болса да әрекеттеспейді , себебі бойында бос радикальдар (свободные раликалы) болмаған соң , киімнің матасының талшықтарына оратылмайды. Бірақ кірді жақсы ерітеді , оңай шайылады. Өз басым құрамында ПАВы жоқ (без ПАВ-ов ) дегенге сенбеймін , өнім өндіруші товарды сату үшін(маркетинг) , тұтынушыға дұрыс ақпарат бермейді. Құрамында табиғи ПАВы бар , экваторда өсетін ағаштан , жиналған сабын жаңғағының (мыльные орехи) сөлін қосу, өнімнің бағасын шарықтатып жібереді. Өмір бір орнында тұрмайтыны белгілі , болашақта Мичурин сияқты мықты ботаниктер сол сабын жаңғағы өсетін ағашты Қазақстанға жерсіндіріп өсіруі мүмкін ғой , сонда таза табиғи өнім өндірілетін болады.
Qazir: - Осынша технологияны жасап, өндіріске енгізу үшін ақшаны қайдан аласыз ?Құпия болмаса инвесторыңыз бар ма?
Маржан Қуанышқызы: - Менде инвестор жоқ . Технологияларды жасап , өндіріске енгіземін , сол көрсеткен қызметіме төленген ақшаға , биыл күзде шағындау реактор 0,2 куб.жасаттым. Реакторым шағын болғандықтан, кейбір химикаттарды 1-2 кг салу керек болады , бірақ сол азғантай нәрсе үшін кем дегенде 200кг, алыпсатарлардан бір бөшке алуым керек. Қазақстанда ештеңе өндірілмейді , бәрі импорт . Айтуға оңай , бірақ сол артық өнімдер біраз ақшаны ұстап тұрады.
Qazir: - Осы балалардың киімін жууға арналған өнім қалай аталады , дүкендерге сатылымға шықты ма?
Маржан Қуанышқызы: - Әлі толық сатылымға шығара алмай жатырмыз , лабораториялық зерттеуден өткізіп , сәйкестік сертификатын алдық . Ыдысты Ресейге тапсырыс берген едік , жаңа жылға тап келдік де , тауарды жіберіп үлгермей қалды. Әрі біраз қымбатқа шығып жатыр , тауар арзан болуы үшін үлкен партиямен алу керек,бірақ менің біраз қаржым химикаттарға жұмсалады.
«Оптима» балалар киімін жууға арналған деп жазылады сауда белгісіне, жалпы бұл « Оптима» сериясы мен ыдыс жууға , еден жууға арналған , барлық өнім шығарылады. Мен сапасы мен жасалу технологиясына жауаптымын , маркетологтар осы атауды «Оптима» сериясына лайық деп отыр , бұл сату процесінің өзіндік ерекшелігіне орай қабылданған шешім. Тауарды сату бұл да үлкен өнер , оның да өзіндік тәртіптерін ескермесең , нарыққа сай болмай қалуы әбден мүмкін. Реактор алғалы 10 шақты жаңа өнім шығарып тастадым , солардың ішіндегі біреуі , әрі бірегейі десе де болады , ыдысты қолмен жууға арналған өнім.
Қазір дүкендерде сырты «Фейри» ішінде не құйылғаны түсініксіз өнімдер сатылуда . Ыдыс жуып жүрген келіндеріміздің қолына аллергия бермейтін , оның да құрамында анионды ПАВ жоқ , ол өнім туралы кейінірек баяндайтын боламын.
Qazir: - Бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық химия өнімдері өндірісі сұранысты толық қанағаттандырып отыр ма?
Маржан Қуанышқызы:- Сұраныстың 8-10% і ғана Қазақстандық өндірушілерге тиесілі , бізде кәсіпкерлер кесек кір сабынды жақсы шығара бастады , қалған 90% сырттан әкелінеді.
Qazir: - Онда балалар киімін жууға арналған «Балапанды» бүкіл Қазақстан бойынша таратуға мүмкіндігіңіз бар екен ғой.
Маржан Қуанышқызы: - Әрине , бірақ бүкіл республикаға өзім ғана сатам немесе тендерді бір өзім ұтып алуым керек деген мақсатым жоқ . Егер кімде- кім тұрмыстық химия өнімдерін шығарып , жұмыс орнын ашып , пайда табам десе , технологияны үйретуге болады. Тау қопарардай болып келетіндер бар , бірден 3 ауысыммен жұмыс істейміз , үлкен реактор қоямыз деп , өкінішке қарай сондай азаматтардың аптығы 1-2 аптада басылып , кейін үн - түнсіз қалады . Жалпы жұмыс бастаймын дегендер үшін орташа реактор сатып алып , азғантай өнім өндіріп , бірақ шығаратын өнім түрі көп болғаны тиімді. Аз тауарды сату да оңай , көп нәрсе өтіп болмай , салған ақша қайтарымы болмаса , көңіл күйге де әсер етеді емес пе? Егер саудаң жүріп ,өнімдеріңді шығарып үлгере алмайтындай болсаң ғана үлкен реактор қоюға болады.
Qazir: - Жаңа басталып жатқан істеріңізге сәттілік тілейміз. Өзіңіз айтқан аллергия тудырмайтын ыдыс жууға арналған жаңа өнім жайлы оқырмандарға толық ақпаратты келесі аптадағы сұхбаттың еншісіне қалдырайық.