«Шаһарларға саяхат» айдарынан бүгін Қарағанды облысына қарасты іргесі еліміздің кен рудасын игерумен байланысты қаланған - Қаражал қаласы жайлы мәліметтерді оқырман назарына ұсынамыз.
1. Қала туралы қысқаша мәліметтер. Жаңаарқа ауданының аумағында, Қарағанды-Жезқазған-Қарсақпай теміржолының Атасу-Қаражал тармағындағы темір жол стансасы.Қаланың іргесі темір-марганец кенін игеруге байланысты қаланған. 1950 жылдан кент, 1963 жылдан қала мәртебесін иеленген.
2. Кенді шаһар тарихынан.1942 жылдан Қаражалда Атасу геологиялық барлау экспедициясы құрылады. 1956 жылы Қарағандыға Атасу кені тиелген алғашқы эшелон жөнелтілді. Қаланы құрушы кәсіпорындар болып - « Жайрем кен-байыту комбинаты» ААҚ және «Атасу-кен» ААҚ табылады.
3. Қаланың әлеуметтік нысандары. Қаражалда 2 балабақша, 7 мектеп, қалалық аурухана мен емхана, 9 дәрігерлік амбулатория , 5 кітапхана, кеншілер мәдениет сарайы, кинотеатр, стадион т.б жұмыс істейді. Қала маңында жоғары сапалы радонды бұлақтар мен шипалы балшық қоры бар.
4. Шаһардағы алғашқы ескерткіш. Қаражал қаласында ең алғаш ұлы ақын Абай Құнанбаевтың ескерткіш- бюсті 2017 жылы қойылды. Бұған дейін қалада тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер болмаған. Бюсттің биіктігі 2,5 метр,авторы белгілі мүсінші Игорь Бограмов. Қала тұрғындары шаһарда халқымыздың ұлы ойшыл ақынына арналып қойылған ескерткішті жас ұрпақты ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштікке баулудың белгісі деп санайды.
5. Қала мақтаныштары. Қала әкімінің ресми сайтында көрсетілген мәлімет бойынша шаһардың дамуына үлес қосқан 46 адам «Қаланың құрметті азаматы» атағын иеленген. Олардың қатарында кеншілер,мұғалімдер, дәрігерлер т.с.с қаланың қалыптасу тарихында өзіндік орны ерекше азаматтардың тізімінде шаһарда басшылық қызмет атқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткерлері Қаратай Тұрысов пен Мұханбет Көпеев бар.
6. Қаланың даму бағыты. Жаңа жобалардың бірі қорғасын және мырыш қорытпасын дайын өнім ретінде шығаруды жүзеге асыру бағытында 2020 жылға дейін 100 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған. 2015 жылдан бері «Halliburton» халықаралық компаниясының толық техникалық қолдауымен "Karazhal Opereiting" ЖШС "Барит кенін қайта өңдеу» жобасы сәтті іске асырылуда. Осындай жобалардың іске асырылуы кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпін беріп отыр.
7. Шаһардың қазіргі келбеті. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы негізінде Қаражал қаласына да айрықша көңіл бөлінуде. Қалада 9 мыңнан аса халық тұрады.Шаһар тұрғындарының басты мәселесі - жол қатынасы. Алдағы уақыттарда Қаражал-Атасу бағытындағы жолды жөндеу үшін республикалық бюджеттен 5 млрдтай қаржы қарастырылған. Сонымен қатар келешекте шаһарда 160 орындық заманауи құралдармен жабдықталған спорт кешенін салу жоспарланған.
Қала жайлы ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.