«Көне дүние күмбірі» айдарында оқырмандарымыз үшін еліміздегі киелі орындар тарихынан сыр шертетін материалдар ұсынып келеміз. Бүгін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы нақтылаған 100 жалпыұлттық нысандар тізіміне енген археологияның бренді болып саналатын Ботай қонысы жайлы қызықты мәліметтермен таныс болыңыздар.
Б отай қонысы – энеолит дәуірінің археология ескерткіші. Біздің дәуірімізге дейінгі 4 мыңыншы жылға жататын дала мәдениетінің бастауы, ежелгі адамдардың мекені болып саналады. Ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяқтары тиген бұл өңір ежелгі дәуірлерден елес береді.
Ботай мәдениеті Андрон мәдениетімен тетелес. Ескерткіштің маңыздылығы – қазақтардың ежелгі халықтардың бірі ретінде жылқыны бағзы замандарда-ақ қолға үйреткендігін айғақтайтын жәдігерлердің табылуы.
Расында да, бұл тарихтағы таңғажайып жаңалықтардың бірі еді. Қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Басқа халықтардай емес, қазақтың жылқыны аса қастер тұтатынының да астарында осы жайлар жатқанын аңғарамыз. Осыдан 5-6 мың жыл бұрын бабаларымыздың адамзат өркениетіне тұңғыш көлік құралы – жылқыны әкеліп, бұл түлікті қолға үйреткені шынымен таңқаларлық жағдай. АҚШ, Англия, Германия, Қытай және Иран ғалымдары Ботай мәдениеті жайлы тарихи деректерге негізделген пікірлерін білдіріп, жер астынан табылған адам мен жылқының сүйектерін, қымыз ішетін ыдыстарды терең зерттеп, адамдар бұл өлкеде 5300 жыл бұрын өмір сүрді деген тұжырымға келген. Батыс ғалымдарының бұл айтқан пікірлеріне сүйенсек, тіпті ежелгі өркениеттің бір діңгегі – Грекияның өзі жылқыны біздің бабаларымыздан әлдеқайда кеш қолға үйреткенін дәлелдей түседі.
Ботай қорымы жылқы мен адам арасындағы байланыстың жұмбақ күйінде қалған тұстарын ашуға негіз қалады. 1990 жылдары Кембридж университетінің профессоры Маршал Левин бастаған ғалымдар Ботайға арнайы келіп, өз зерттеулерін жүргізді. Көп ұзамай «Би-Би-Си» ағылшын телекомпаниясының журналистері қазақ жеріндегі ежелгі адамдар қонысы жайлы деректерді әлемге паш етті.
Жылқының адамның ең алғашқы серігі болғанын растайтын тағы бір тұжырым бар. Батыс ғалымдары алғаш кресті Европаға апарушы Еділ патша деп есептейді. Әрине, бұдан Еділ патша шоқынды болды деген ой тумаса керек. Оның апарғаны сол кездегі көшпелі тайпалардың елдік, рулық таңбасы болуы да мүмкін. Өйткені өз арнасын сақ пен ғұннан алатын бүгінгі қазақ руларында креске ұқсас таңба-белгілер көптеп табылады. Мысалы, керей тайпасының таңбасы креске өте ұқсас. Кәдуілгі ашамайдың сұлбасы. Ал, осы тайпаның ашамай деген үлкен бір тармағы тағы бар. Жылқының қолға үйретілгенін былай қойып, оның өз тамағын қар астынан өзі тауып жейтіні ғалымдардың одан әрі қызығушылығын тудырған еді.
«Қазақ жылқысының тарихы» атты ірі энциклопедиялық кітаптың авторы, белгілі этнограф ғалым Ахмет Тоқтабай қазақ жері жылқының отаны екенін ежелгі Ботай қонысы арқылы айта келе, скиф-сақ, ежелгі ғұн-түркі-қыпшақ дәуіріндегі жылқы туралы құнды мағлұматтар тегіс көне дүниенің телегей-теңіз тарихы мен жорықтары, халықтар қақтығысы, әдет-ғұрыптар мен рухани үстемдіктердің текетіресі екенін түгін қалдырмай баяндайды.
Өйткені жылқы тарихы – адамзат өркениетінің қақтығысы. Ботай біз үшін ежелгі адамдар қонысы ғана емес әрі төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып шығарған құнды ескерткіш болып табылады. Бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, мұнда табылған археологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асты. Қазақтың қиыр даласының бір төсінде Жер-ананың бауырында тұмшаланған ежелгі адамдар қонысы – Ботай қорымы қазақ тарихына даңғыл жол салды. Ботай қонысы бүгінгі күні археологияның бренді болып саналады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары кітабынан» .
Фото: ашық ақпарат көзінен.