Философия ғылымдарының докторы, Халықаралық Білім беру Корпорациясының профессоры Қалас Жамаловпен сұхбат «Ұлттың тірегі-дәстүр» айдарында.
ТІЛШІ: Атой сала алаңға шығып, ұранды сөздер айтпай-ақ, үлкен істер тындырып, ұлтымыздың рухани қажетін өтеп жүрген зиялы жандардың бірісіз. Жоғары оқу орындары студенттеріне арнап, қазақ тілінде бірнеше оқулық жаздыңыз. Қазақ тілінде алғаш рет жарық көрген «Әлемдік өркениет іздері :Ежелгі Шығыс» атты тағы бір оқулығыңызды университет студенттері мен магистранттарына, жалпы оқырман қауымға ұсындыңыз. Оны жазуға не түрткі болды?
Қ.Ж.: - Иә, «Ежелгі Шығыс мәдениеті» деп аталған оқулығым жарық көрді. Бұл еңбегімді оқулық дегеннен гөрі, көп жылдан бергі зерттеу жұмысым деген дұрысырақ болар. Бүгінгі Батыс ойшылдары Шығыстың ояну үдерісінің басталғанын, рухани құндылықтарын сақтаған бұл елдердің болашақ өркениет үлгісіне айналуы мүмкін екенін мойындайды. Біз еуроорталық ұғымдар санамызға сіңген, шығыстық дәстүрден, соның ішінде ұлттық ұстанымдарымыздан, ақын, жырауларымыз жырлаған құндылықтардан, рухани бастау, тамырымыздан алшақтап бара жатқан елміз ғой.
Бұрын біздің бала кезімізде қариялар ел басынан өткен қилы замандарды, аңызға айналған пайғамбар, хан, батырлар өмірін, би-шешендердің тапқыр сөздерін, ұтымды билігін кейінгілерге үлгі қып, тәрбиелік мәні мол мәселелерді өрбітетін. Қазір қарттарымыздың бойынан сондай қасиеттерді іздеп, таба алмай, қарным ашады. Көбінесе бас қосқан кезде олардың айтатын әңгімелері - жас кездегі өздерінің пысықтықтары мен сасық қулықтары туралы бос мақтан сөз, атқа мініп, ел билігіне араласқан танымал тұлғалар жайлы өсек-аяң және айтар ауызға да, естір құлаққа да ыңғайсыз әзіл-оспақтар... Сондықтан Шығысқа бет бұру, шығыстық құндылықтарды игеріп, оны ой елегінен өткізу, өзімізді қайта табудың амалы сияқты сезіндім..
Бұл ойды жұрттың бәрі бірдей қолдай қоюы екіталай. Өйткені «Бүгінгі ғылым, техника жетістіктері Шығыс елдерінде емес, ғылымы, техникасы жетілмеген Шығыстан қандай өнеге аламыз» дейтіндердің де табылатыны сөзсіз. Менің айтқым келетіні Шығыс елдері қанша уақыттан бері руханилығын сақтап келеді, дініне берік. Өмір тұтқасына айналар рухани мұралар - арлылық, адамгершілік, ізеттілік, жанашырлық, біреуге қол ұшын беруге дайын тұру, жаңалыққа, жаңашылдыққа ұмтылу, ойлылық іспетті шығыстық құндылықтар бізде де сақталған. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдан бастап пайда болған билікке ұмтылу, пайда, ақша көзін табу секілді Батыс «игіліктеріне» еліктеу де бар. Бүгінгі нарық қатынастары қиындықтарын пайдаланып өз қалталары қамын ойлаған, билік пен ақшадан басқаның бәріне немкетті қарағандардың «өзім білемі» де жеткілікті.
Қазақ тілінің қолданылу аясының тар екені рас, дегенмен, оның тек билік иелері арасындағы қолданысы төмен дегеніміз дұрыс болар. Қанша уақыттан бері бойларына сіңген құлдық психологиядан арыла қою оларға оңай емес.
Қазір қай пәннен болса да жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінде жазылған оқулықтар аз емес. Бірақ, өкінішке қарай, олардың арасында жазылу тілі ауырлары да кездеседі. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілісімен, «Қой үстіне қарғаны жұмыртқалатып» қорғаған докторлық диссертацияны да көзіміз көрген. Студенттер көбінесе, әдебиеттер тізімін берген кезімде, «Ағай, орыс тіліндегі әдебиеттерді қоса бермесеңіз, қазақ тіліндегі оқулықтарды түсіну қиын» деп жатады. Сондықтан оқулық жазған кезде оның ойға қонымды, тілі жеңіл болуына баса көңіл аударамын.
Бұл кітабым Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен, мемлекеттік тапсырыспен шықты. Қазақ тіліндегі оқулықтарды шығару жұмысын ұйымдастыруды қолға алып, жүзеге асырып отырған Қазақстан Жоғарғы оқу орындары Ассоциациясына ризалығымды білдіремін. Бұған дейін де бірнеше кітабым шыққан, оларды да студенттер пайдаланып жүр.
ТІЛШІ: Республикамыздың ең белді, беделді жоғары оқу орындарында көп жылдар бойы ұстаздық етіп келесіз. Алдыңыздан сан мыңдаған шәкірт өтті. Өзіңіздің студенттік кезіңіз бен қазіргі студент жастарды іштей салыстырасыз ба? Олардың бір-бірінен қандай артықшылығы, қандай кемшілігі бар деп ойлайсыз?
Қ.Ж.: - Ойлап отырсам, бала кезден армандап, қиындықпен қол жеткізген сүйікті мамандығымды серік етіп, ұстаздық жолға түскеніме биыл отыз жыл толады екен. Ежелгі гректер «Алдына мақсат қойып, соған жеткен адам ұлы адам» дейді. Ал мақсатқа жетудің қаншама тер төгу мен ұйқысыз түндерден тұратынын тек басына түскендер ғана біледі. Өзімді ешкімнен артықшылығы жоқ, өз орнымдағы адаммын деп ойлаймын. Өмірдің қиындықтары аз емес. Кімнің жақсы өмір сүргісі келмейді?!. Алайда, алтын көрген періште құсап жолдан таймай, тексіздік көрсетпей, кімнің болса да бетіне тура қарай алатыныма, рухымды төмен түсірмегеніме шүкіршілік етемін...
Ең алғашқы еңбек жолым Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалына жас маман ретінде жолдамамен барудан басталған еді. Сарыарқа өңірінде жиырма жыл табан аудармастан еңбек еттім. Балаларымыз өскесін, Алматыға қоныс аударып, кезінде өзім оқыған қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттерін оқыттым. Дәм тартып, Астанаға барып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде де қызмет еткен кездерім болды. Менің айтқым келетіні, ғылыми ортадан шалғай жатқан Жезқазған сияқты шағын қалада болсын, өнер-білімнің орныққан ордасы Алматыда болсын немесе енді ғана бой көтеріп, жан-жақтан ел –жұрт бас қосып жатқан жас қала Астанада болсын, барлық жерде де студенттер күллі Қазақстан халқы бастан кешкен экономикалық, әлеуметтік проблемалардың бел ортасында жүріп, оқып, білім алуда. Біздің студенттік кезімізде күнкөріске жететін шәкіртақымыз, тұратын жайлы жатақханамыз болды. Қысқы, жазғы демалыс кездерінде – жылына екі рет, 50 пайыздық жеңілдікпен, КСРО-ның қай түкіпіріне болса да бара беретінбіз. Пойыз түгілі, ұшақпен де жолға шығушы едік. Ал соны қазіргі жастарға айтсақ, олар үшін ертегі сияқты...Қазіргі студенттердің көбі ата-анасының қаржысымен ақылы оқу орындарында оқып жатыр. Перзентіміз өз қатарынан қалмасын, оқып, диплом алса, түбі әйтеуір соның игілігін көрер деген үмітпен қаншама адам қарызданып-қауғаланып, балаларын қиналса да оқытып жатыр.
Біздің кезіміздегі студенттер оқу бітіргесін, жолдамамен барып міндетті түрде жұмысқа тұратынын, бірер жылда жас маман ретінде пәтер алатынын білетін. Ал қазіргі қарапайым студенттердің көбі оқу бітірген соң келешегі не болатынын білмейді. Бүгінгі жетістігінен жетімсіздігі көп әлеуметтік орта жастар санасының көп бағыттылығына әсерін тигізіп отыр. Бұл ұлттық тәрбие, ұстанымның да бетімен кеткенін, төмендігін көрсетсе керек. Олардың әр түрлі діни секталарға кіруі, түсі сұрықсыз шұбатылған хиджап киюі, қылмысқа баруы, жастардың өзіне-өзі қол жұмсауының астарында әлеуметтік проблемалар жатқаны түсінікті болар...
Біз студент кезімізде бір сарынды, идеологиялық шектеуде өмір сүрдік. Таңдап оқитын арнайы әдебиеттеріміз де болған жоқ. Бірде, қоғамдық пәндердің бірінен емтихан тапсырғанда, «Ницше фашизм идеологы болды» деген (оқулықтан алған) бір ауыз сөзімді естіген оқытушым: «О, сен Ницшені білесің, өте жақсы» деп тәуір баға қойып бергені есімде. Оның атын естігеніміз болмаса, ол кездері еңбектерін оқуға тиым салынды, тіпті кітаптарын көзбен көрген емеспіз. Қазіргі студенттер интернет арқылы қалаған кітабын таба алады. Кітап дүкендері де түрлі кітаптардан қайысып тұр. Бүгінгі студенттерге қызыға қараймын... Өйткені талаптанып, алдарына биік мақсат қойса, жастардың шет елдерде білім алу, білімін тереңдету мүмкіндіктері бар...
Студенттерді кемшіліктерімен жақсы көремін, сенемін. Олар болашақ, бүгінгі «мен, мен...» дегендердің бәрінің орнын ертең солар басады. Қай уақытта да жастар өздеріне тән ерекшеліктерімен көзге түседі. Сондықтан оларды кемшілігі, артықшылығы бар деп бөлгім келмейді. Ежелгі заманда да, аға ұрпақ «жастар бұзылды, ізеті жоқ, тыңдамайды, кері кеткен» деген тәрізді айыптаулар айтқан. Дегенмен сол жастар өмірді жалғастырған, жалғастыра да береді. Абай атамыз айтқандай, «алдынғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, бірін бірі қуалар, бұрынғыдай көрінер»... Тек ағалар өмірінің өнегелі жақтары көп болсын.
Осыдан үш-төрт жылдай бұрын Англияда оқитын, зерттеу жұмыстарымен Қазақстанда жүрген неміс қызымен әңгімелестім. Мұсылман еліне келе жатқандықтан ол, етек-жеңі ұзын көйлектерін алдын ала дайындап ала келіпті. Бірақ көшеде кіндігі ашық, қалай болса солай ебіл-себіл киінген, қазақтың еркетотайларын көргенде, өзінің таң қалғанын жасыра алмай айтып отырды...
Бүгін, жаһандастыру үдерісіне өзіндік құндылықтарын сақтап кірген, өзіндік бірегейлігінен, келбетінен айрылмаған Батыс елдері туралы оқи отырып мен де таңданысымды жасыра алмаймын. Мәселенің бәрі жеке адамда, жастарда, киімде де емес. Қоғамдық проблемалардың шектен шыға асқынуы Ж. Баласағұн айтқан ессіздік мәселесінде жатқан болар. Ол: «Ессіздіктен тек жауыздық туады, Ал жауыздық ізгілікті буады» деген ғой.
ТІЛШІ: Тырнақ астынан кір іздеп, мін теру үшін емес, Қазақстанның келешегіне немқұрайлы қарай алмайтын елжанды адам ретінде қазір қоғамда орын алған олқылықтарды жоюдың жолдары мынау деп айтар нақты ұсыныстарыңыз бар ма?
Қ.Ж.: - Қазақ тарихында ел басқарған көсемдерді қолдап, артықшылығын үлгі ретінде дәріптегендер де, оны сынағандар да жеткілікті. Бұқар жырау: «Жамандықты іздеген, бірін бірі күндеген, сүйткен қалмақ оңбаған, сол қалмақтың жері еді, Үш Қарқара, Көктөбе ит те ұлып қалмаған» дейді. Нақты айтылған, аталы сөз. ХVІІІ ғасырда бір орталыққа бағынған қарымды мемлекет құра білген жоңғар елінің кейінгі басшылары: Лама Доржи, Даваци, Әмірсана арасындағы билікке талас, қырқыс бүтін халықты қырғынға ұшыратты. Көрші, көшпенді, жауынгер қалмақтың ен жайлау, кең қонысында ұлыған ит те қалмай құрып кеткеніне Бұқар жырау өкініш білдіре отырып, осыдан тиісті қорытынды шығаруға меңзеген жоқ па?!.
Әрине елімнің болашағына немқұрайлы қарай алмаймын. Қоғам өмірі салалары бойынша шынайы, объективті талдауларға, зерттеулерге жол ашатын мемлекеттік тапсырыстар керек. Болашақ ерте ме, кеш пе «басшының көрегендігіне», субъективтік пікірге емес, ғылым жетістіктеріне сүйенетін болады. Бұл үлкен проблема. Мұнсыз өмірді елестету қиын.
Бүгінгі ғылым кез- келген елдің өз дамуында жоғарғы жетістіктерге жетіп, қатарға қосылу үшін 25-30 жыл керек екенін көрсетеді. Кейде «біздің ел жас ел, тәуелсіз болғанымызға енді жиырма жеті жыл болды» деген тәрізді сөздер айтылады. Отарлық езгіден құтылғанымызға жиырма жеті жыл болды, болмаса тарихымыз тереңге кетеді. Сондықтан дұрыс, объективті жолмен құрылған қоғамның 25-30 жылда жас та болса, бас елдер қатарына қосыла алатынын естен шығармауымыз керек.
Қоғамда орын алған олқылықтарды жоюдың жолдары мынау деп нақты ұсыныстар айтуға арнайы зерттеу жұмысы керек. Дегенмен, менің ойымша, қазіргі күрделі проблемалардың екі түрлі мәні бар:
Біріншіден, елдің ішкі өзіндік дамуынан туындап отырған қиындықтар. Жұмыссыздық пен кедейліктен қоғамнан өз орнын таппағандардың күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа жақын тұратыны, әлеуметтік қарсылық жолына жеңіл түсетіні белгілі. Сондықтан, кедейлікпен шынайы күрес, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері жетілдірілуі керек;
Екіншіден, объективті түрде пайда болған қиындықтар салдарын бүркемелеу, оған жеткілікті мән бермеу, елемеудің арты өкінішке соқтырады. Өмірге келген наразылықты, іштен тынған қарсылықты шетел миссионерлері, лаңкестік ұйымдардың тиімді пайдаланып, өз қатарларына жастарды көптеп тартуға, қатарларын көбейтуге мүмкіндіктер тудырып отырғанын БАҚ мәліметтері көрсетеді. Бұлар жайлы қазақ қаламгерлері жазудай жазып та жатыр. Бірақ соны естір құлақ болса...
ТІЛШІ: Қаламгерлер демекші...Кезінде ұланғайыр қазақ даласының түкпір түкпіріне еркін тараған көркем әдебиеттің ұрпақ тәрбиесінде алған елеулі орынын ешкім жоққа шығара алмайды. Қарапайым қазақ ауылында туып өскен талай-талай азаматтардың қиялына қанат бітіріп, үлкен өмірге құлаш ұрғызған қазақ әдебиеті қазір бұрынғы беделінен айрылып қалғаны ащы да болса, шындық. Қалай ойлайсыз, қаламгерлер қауымына қайтадан мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалу керек пе, әлде олар рухани тәуелсіз боп, өз күндерін өздері көріп жүре бергені дұрыс па?
Қ.Ж: - Қазақ әдебиеті, соның ішінде кеңес үкіметі дәуіріндегі көркем әдебиеттің де ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы үлкен. Олардың нақты сенімі, ұстанымы болды. Адами құндылықтарға баулыды, жақсылыққа жетеледі, тарихи орта сұранысына сай керемет тәрбиеші ролін атқарды. Әлі есімде, батырлар жыры, аңыз әңгімелер мен ертегілерді ертерек оқысам да, көркем әдебиетпен жақынырақ терең танысуым алғаш, Саттар Ерубаевтың «Бұрылыстар» кітабынан басталыпты. Көркем әдебиетке, кітап оқуға деген сол кезден қалыптасқан құмарлық, мені осы күнге жеткізді десем артық болмас.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы зиялылар халқының мақсат, мүддесін қорғап желдің өтінде жүрді. Жан сақтау амалын ойлап, «Ертөстіктің егеуін жалмауызға» беріп кеткен жоқ. Сондықтан халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, халық оларды риясыз жақсы көрді, үлгі тұтты, ізіне ерді. Бүгін де игі жақсылар, елге танымал қаламгер ағалар бар, дегенмен... Біздің ұлт зиялылары өте жасқаншақ. Иә, бұл үлкен проблема. Ұлт зиялылары неге жасқаншақ?. Өйткені билікке тура тәуелді. Кім меншік иесі болса, сол жасқаншақ емес. Қызметі бар болса жақсы, жоқ болса басы ауырмайды, қайыр сұрап ешкімнің есігін қақпайды. Кім ескіше, мемлекет бар, үкімет жарылқайды деп жүрсе, сол жасқаншақ, жағымпаз. Бар өмірін дәметумен өткізеді. Бар болса беделін сатқаннан басқа амалы жоқ...
Дамыған елдердегі ұстаным : «Мемлекетке қызмет ет, жұмыс істе, бірақ болашаққа негіз, жұмыстан кеткенде сүйеніш болатын істі жасауды ұмытпа». Шығыстың данышпандары үш нәрсені қадір тұтыпты, соның бірі – ешкімге кіріптар болмайтын еркіндік, жеке бастың тәуелсіздігі. Ешкімге емексімей, тәуелсіз болғанға не жетсін... Мен зиялы қауымның рухани тәуелсіз боп, өз күндерін өздері көргенін қалаймын. Әрине бұл айтуға оңай, мұны жүзеге асыру психологиялық қайта құрылуды қажет етеді. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деп те бекер айтпаған болар, бұрынғылар.
ТІЛШІ: Қазір еліміздің теларналарындағы шетелдік фильмдердің қазақ жастарының ұлттық менталитетін өзгертуге ықпал, әсері туралы қандай пікірдесіз?
Қ.Ж.: - Біріншіден, бұны басқа елдер мәдениетімен танысудың бір жолы деп түсінген дұрыс болар. Әрбір кинода сол елдің өзіндік ерекшелігі, ұлттық ұстанымдары, т.б. көрінісін береді. Екіншіден, әрбір киноның көрерменге түсіндіргісі келетін өзіндік жүктемесі, нәзік идеясы бар. Ресей киноларынан үлгі алатын тұстарымыз мол. Олардың қай киносын көрсең де, ұлттық, орыстық ұстанымдар жеңіске жетіп жатады. Сол арқылы кино болашақта ел тұтқасын ұстайтын жекіншектер құлағына мемлекетшілдік идеясын құяды. Біз әр уақытта тек сыртқы ғана емес, ішкі жауларымызды да жеңе білгенбіз деген әсер қалдырады, мақтанышын оятады, жастарының ұлттық сезіміне жылу береді...
Бізде теледидардан тек қылмыс пен дөрекілік, зинақорлық, бір сөзбен айтқанда, ақиқаттың ақ жолынан адастыратын, уландыратын, құдайға да, адамға да керегі жоқ дүниелер дәріптелуде.
Көгілдір экраннан кешкі жаңалықты жүргізушілердің бірі Американың танымал актері ойнаған фильмді қазақ тілінде сөйлетуге 30 миллиондай қаржы жұмсалғанын, әрі осыншама ақшаның бұл кинодан қайтарылымының болмайтынын да айтты. Демек, халық есебінен түскен бюджеттік қыруар ақша желге ұшып кетті деген сөз. Сол киноға деген қоғамда мұқтаждық бар ма еді? «Әңгіме-дүкен тоқтықта»... Бұл ақшаның одан да «Қазақфильм» мұқтажына жұмсалғаны дұрыс емес пе еді?
Тәжікстан мен Өзбекстанда Түркияның кейбір киноларының көрсетілуіне тиым салғаны айтылды, ал әзірбайжандар сырттан келетін кез-келген фильмді көрсетпеуге бел буыпты. Мұндай шешімдер бостан-бос пайда болмаса керек. Менің ойымша, тек біз кереметпіз деп кеудемізді көтере бермей, өзімізбен ділі бір, діні бір, түбі бір көршілес елдердің де жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп отыруымыз керек.
Сұхбаттасқан З.Әмірқызы