«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін Қарағанды облысында орналасқан,атағы республикамызға кеңінен таныс, Елбасының еңбек жолында ерекше орны бар, Теміртау қаласы жайлы деректермен таныстырамыз.
1. Қала тарихынан мәлімет
Теміртау-Қарағандының солтүстік батысында 35 шақырымдай Нұра өзенінің сол жағында орналасқан қала. Ол 1945 жылы 1 қазанда құрылған. Қала жайлы деректерге сүйенсек, бұрынғы Самарқанд поселкасы базасының орнына құрылып, оның орысша аудармасы «Железная гора», мұнда Қазақстан магниткасы деп атайтын Қазақ металлургия зауыты өмірге жолдама алған. Соғыс жылдарында КСРО-ның көптеген өнеркәсіп аудандары жау қолында қалғанда, Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Қарағанды қаласының жанынан металлургия зауытының құрылысы туралы шешім қабылдап, 1944 жылы 31 желтоқсанда Қазақ металлургия зауыты іске қосылған деген мәліметтер бар.
2. Теміртау- ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қаласы.
Теміртау Қазақстанда және одан тысқары жерлерде еңбек жолының едәуір бөлігі өткен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаласы.
1957 жылдың 3 желтоқсанында Қарағанды металлургия зауыты тұңғыш домна пешінің іргетасын орнату салтанаты болып өтті. Комсомол съезі жаңа зауытты Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жариялады. Теміртауға арман қуған мыңдаған жастар ағылды. Егер 1957 жылы 9 мың адам жұмыс істесе, 1958 жылы олардың саны 17 мыңнан асты, солардың 70 пайызы жастар еді. Жүрек қалауымен алып құрылысқа келген жастар арасында болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Қарағанды облысына келген кезде Мемлекет басшысы әрдайым Теміртау қаласына барып, Қазақстан Магниткасының еңбек ардагерлерімен және жұмысшы жастарымен, Қарағанды металлургия институтының оқытушыларымен және студенттерімен кездеседі.
3. Қаланың мәдени тынысы
Теміртау- елімізге ғана емес,республикамыздан өзге жерлерге танымал шығармашылық ұжымдарымен мақтана алатын, мәдениеті жоғары дамыған қала. Шаһарда балалар мен жасөспірімдер театры; тарихи-өлкетану мұражайы, Қалалық мәдениет сарайы; мәдени және демалыс бағы; Нашар еститіндердің Мәдениет үйі, «Ақтау» мәдени бос уақыттарын өткізу орталығы; екі кинотеатр жұмыс істейді. Теміртау қаласының аумағында қалаға ерекше көрік беретін мәдени орындар мен ескерткіштерге тоқталсақ,балалар мен жасөспірімдер театры; Мәдениет үйінің ғимараты; Ұлы Отан соғысында қайтыс болған теміртаулық жауынгерлерге арналған ескерткіштерді ерекше атап өтуге болады.
4.Теміртау- ірі индустриалдық орталық
Қазіргі кезде қала аумағы 29610 га құрайды, онда 175267 адам тұрады. Өзінің экономикалық ерекшелігі бойынша Теміртау қаласы дамыған инфрақұрылымдарымен ірі индустриалдық орталық болып табылады, қалада 1201 кәсіпорын жұмыс істейді. Теміртау қаласының өнеркәсіптік өндірісінің құрылымы бойынша, металлургия өнеркәсібі мен металл өңдеу, химия өнеркәсібі, тамақ және ұн тарту өнеркәсібі, электрэнергетикасы, басқа да металл емес минаралды өнімдердің өндірісі бар.
5. Қаладағы білім ордалары
Теміртау қаласында бір жоғарғы оқу орны: Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті, сонымен қатар медициналық, политехникалық және музыкалық колледждер, «Мирас» колледжі, Қарағанды мемлекеттік университетінің Букетов атындағы колледжі, 4 кәсіби лицей жұмыс істейді.
6. Қаланың спорттық кешендері
2005 жылы «Миттал Стил Теміртау» жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінде баскетболға, волейболға, мини-футболға және гандболға арналған ойын залы, бокс пен күрес жаттығуларын өткізуге арналған залдар, біріктірілген 2 кіші зал жұмыс істейді. Жаттығу үшін нысанда арнайы жабдықталған зал жұмыс істейді.Үлкен залда көрермендер үшін 200 орындық қойылған. Спорт кешенінде су себезгі және киім шешетін орын бар. Спортшылар мен спорт әуесқойлары үшін қалпына келтіру орталығы бар.
2007 жылы қаңтарда «Арго» жеке жүзу бассейні (бұрынғы «Полимер») пайдалануға берілді.Стадионда жеңіл атлетика, футбол, шаңғы тебу бойынша жаттықтырулар жүргізіледі, шахмат-дойбы клубы, мотоклуб, тоғызқұмалақ ұлттық ойын секциялары жұмыс істейді.
7. Қала туралы жалпы мәліметтер
Қаланың орналасқан аумағы- жалпы еңісі солтүстікке, су қоймасына қарай құйқалы қыраттар болып келеді. Оңтүстік жағынан қала биік төбелермен қоршалған, солтүстікте -су қоймасымен, шығыстан Қарағанды металлургиялық зауытымен шектеледі. 2018 жылдың 1қаңтардағы мәліметтер бойынша Теміртау қаласының жалпы жер қоры 30245 гектарды құрайды; ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлер – 2505 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптарының жерлері – 1795 гектар.
Теміртау жайлы ашық ақпарат көздерінен мәліметтер жинақтаған : Раушан Бекмырза