Әдеттегідей аптаның жұма күні ел өміріндегі маңызды мәдени шараларға шолуды ұсынамыз.
Астанада Шыңғыс Айтматов атында көше бар. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астананың сол жағалауындағы енді дамып келе жатқан жаңа ауданда орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
- Елордамызда көшеге ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың атының берілуі бауырлас елдер - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі,ол екі елге тең тұлға, бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Оның шығармаларында екі туысқан халықтың қилы тағдыры мен терең тамыры жатыр, - деді Бақытжан Сағынтаев. Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана көшелерінің біріне ұлы жазушының есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Алматыдан да осындай жағымды жаңалық. Бостандық ауданының Наурыз көшесі әнші Батырхан Шүкеновтің атымен аталады. Алматы мәслихатының шешіміне және әкімдіктің қаулысына сәйкес, қалада 160 көшенің атауы өзгереді.
Сонымен қатар, ақын Фариза Оңғарсынова, «Медеу» тай кешені мен цирк ғимаратының жобасын жасаған архитектор Владимир Кацевтың атына да көше берілмек.
Түркістан Шәмші атындағы ән байқауын өткізді. Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жалғасын тапты. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Байқаудың биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Байқаудың мақсаты - композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Астанада үздік дизайнерлер бас қоспақ. 25 тамыз күні «Astana Designers Awards 2018» премиясының алаңында алыс жақын шет елдерден 500 жуық қатысушы келіп жиналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, номинациялардың тізімі ұлғайып келеді. Мәселен, 2017 жылы жеңімпаздар киім дизайны, веб-дизайн, графикалық дизайн, архитектура, ландшафты дизайн және әшекей бұйымдар бағыттары бойынша анықталған болатын.
«Ұлы дала рухы» ұлттық спорт түрлері фестивалінің Павлодар қаласында өткен іріктеу кезеңіне еліміздің 4 облысынан – Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар командалар жиналды.Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған фестивальге 160 спортшы қатысты. Олар асық ату, қазақ күресі, көкпар және тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен өнерлерін көрсетті. Асық атудан сайыста ШҚО-дан келген спортшылар жеңімпаз атанды, екінші орынды қарағандылықтар иеленді, үшінші павлодарлықтарға бұйырды. Қазақ күресінен бірінші орынға ШҚО командасы, екінші орынға Қарағанды облысы және үшінші орынға Алматы облысы ие болды. Тоғызқұмалақ спорт түрінен павлодарлықтар жеңімпаз болды, олардан кейін жеңімпаздар кестесінде қарағандылықтар орналасты, үшінші орын ШҚО спортшыларына бұйырды. Фестивальдің іріктеу кезеңдері еліміздің 4 өңірінде жүріп жатыр. «Ұлы дала рухы» финалы күзде Астана қаласында өтеді.
Қарағандылықтар Спорт күніне арналған жаппай жүгіру шарасына қатыспақ.
Қазақстанда Спорт күнін тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтеді. Биыл бұл мереке 19 тамызға белгіленді.Бұл күні барлық қалаларда жаппай жүгіру ұйымдастырылады.
Қарағандыда барлық қызығушылық танытқан адамдарды орталық мәдениет және демалыс саябағына шақырады.
Шолуда ұсынылған мәдени шаралар ашық ақпарат көздерінен алынды