«Жүректе қайрат болмаса» айдарының жылдық қорытынды саны жақында Qazir тілшілері іссапарда болған Қарағанды жастарының ой-толғамдарына арналмақ.
Ақерке Әбдікәрімова, Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 3 курс студенті, «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі:
- Осыдан бір жыл бұрын Қарағанды облыстық жастар ресурстары орталығы жанынан «Ұлағат» шығармашыл жастар клубы ашылған болатын. Өлең жазып, көңілдегі көрікті ойымды кестелеп жеткізетіндіктен, өзіме шығармашыл жастармен жұмыс істеген ұнайды. Алғаш клуб жұмысын кім жүргізеді дегенде өзім қол көтеріп, мойныма алған едім.
Алдағы мақсатым ұлтын сүйетін жан ретінде осы орталықтың жанынан тіл курсын ашқым келеді.
Курста тек қазақ жастары ғана емес,мемлекеттік тілді меңгергісі келген өзге ұлт өкілдері де оқи алады.Қазіргі жастарды алып қарасақ тілді шұбарлап сөйлейді,қазақ әліпбиіне тән кейбір әріптерді де айыра алмайды, соның бәріне тосқауыл қою мақсатында,ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін осындай істі қолға алсақ деймін.
Алдын-ала ойластырған жоспарым бойынша курстың мұғалімдері студенттер болғаны дұрыс,өйткені жастар ізденеді,жаңа технологияларды меңгерген, жан-жақты, күнделікті ақпараттарды да назарда ұстап отырады.Курсты арнайы бірнеше топқа бөлеміз, жастарына және тілді білу деңгейіне қатысты. Сонымен қатар,тек қазақша сөйлегісі келетіндерді бөлек,ал грамматикасын үйренгісі келетіндерді басқа топтарға қабылдаймыз.
Тіл үйретуге қатысты әдістемелер мен арнайы шыққан кітаптарды жинап жүрмін. Қайда жүрсем де сол бағыттағы оқулықтарды іздеп тұрамын. Кітапханалардан арнайы көшірмелерін де жасатып алуға болады. Курсты осы жастар ресурстары орталығы ішінен ашамыз деп жоспарладық.
Қарағанды жастардың, яғни студенттердің қаласы. Басқа өңірлердің жастарымен салыстырып қарағанда білім деңгейі еш төмен емес, жоғары әрі ізденгіш. Өзім Өзбекстанда туғанмын. Сол жерде он бес жыл тұрдық. Өз еліме келгесін замандастарымды өзбек жастарымен салыстыра қарасам, тілге, салт-дәстүрді дәріптеуге қарағанда біздің жастарымыздың өзіндік «мені» төмендеу сияқты сезіледі. Өзбекстанда өздерінің ұлттық киімдерін тек мерекелерде ғана киіп жүрмейді,салт-дәстүрлерін де үнемі сақтайды. Өз ана тілдерін өзге тілдердің көлеңкесінде қалдыру деген мүлдем жоқ. Сондықтан мен осы істі қолға алғым келді. Құр сөзбен ана тіліңде сөйле дегенше, ісіммен өнеге көрсетейін дегенмін.
Мен араласып жүрген орта қазақтілді,бірақ орысша сөйлеп жүргендерге шек қоя алмайсың. Алдыңғы толқынның өкінішпен айтқанындай: «Өз тілін біліп барып,өзге тілде сөйлесе сүйініш, өз тілін білмей өзге тілде сөйлесе күйініш деп» . «Серпін» бағдарламасы арқылы осы Қарағандыға оңтүстік өңірден келген жастар таза қазақша сөйлейді,ал жергілікті жастар орысшаға бейімдеу. Осы екі түрлі орта қазір бір-бірінің жүрегіне жол іздеп жүргендей көрінеді маған. Келер жылдағы басты мақсаты - жастарға ана тілімізді үйретуге, тілімізді шұбарламауға өз үлесімді қосу.
Бауыржан Ерман, Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 4 курс студенті: - Жас ақын ретінде облыстық, республикалық байқауларда бәйге алып жүрмін. Біздің клубта ақын да прозамен айналысатындар,биші де басқа да шығармашыл жастар да бар.Біз соларға қолдау көрсетеміз. 150-дей жастың басын қосқан клубта Қарағандының он оқу орнынан студенттер бар, клубтың ең жас мүшесі он жаста. Бізде Қарағандыда жыр мүшайралары арнайы тарихи тұлғалар шығармашылықтарына арналып өткізіліп келеді. Ондағы мақсат-жыраулар поэзиясына үлкен мән беріліп,ұмытылып бара жатқан дүниелерді қалпына келтіру.
Келесі жыл жастар жылы болып жарияланғандықтан,шығармашылығымызды дамытуға мүмкіндік болса деп ойлаймын. Биыл университетте бес ақын жігіт «Бесеудің жыры» атты шығармашылық кешімізді өткіздік. Келер жылы жыр жинағымызды шығарсақ деген жоспарымыз бар.
Ерік Нарынов, Қарағанды облыстық жастар ресурстары орталығының маманы:
- Өзімді шығармашыл жастардың қатарына қосамын.Өлең жазамын,облыстан бастап,республиканың басылымдарына дейін өлеңдерім жарияланып жүр.Жастар жылы дегенде көбісі инвестиция,инновациялық жобалар жайлы айта бастайды ғой. Мен үшін басты назарда әдебиет саласы. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша биыл көптеген форумдар өткізілді. Қай өңірді алып қарасаңыз да жастарының бәрі форумға қатысып жатырмыз деп айтып жатады,теледидардан көрсетіліп жатады. Менің өзімнің ойымша,жастардың барлығын форумдарға жинағанша,оларды осы Орталық Қазақстанның өзінде Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай сияқты тарихи жерлерге экспедицияларға шығарса,туған жердің қадір-қасиетін сезінер еді,жаңашыл жастардың идеясын қолдап, қаржылай көмек берілсе,бір жастың қорғаған ғылыми жобасы басқаларға үлгі, тіпті өндіріске енгізсе жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізер еді,шығармашыл жастың кітабын шығарып берсе,рухани тұрғыдан алға жылжу болар еді... Бітпейтін сансыз форумдардан гөрі санамызды жаңғыртатын жұмыстар жүргізілгені әлдеқайда тиімді емес пе? Жастардың мүмкіндігі мен шығармашылық қуатын,жастық жігерін алашапқын форумдарға емес жаңашыл идеяларын қолдау мен оны дамытуға бағыттаса ғой.
Біздің Қарағандыны алып қарасаңыз қаншама талантты жастар бар,жақында ғана «Дарын» сыйлығын алған Қуандық Рахым, Ұлытаудан шыққан шынайы талант, Сержан Мұсайын Парижге барып ән айтты, Әміренің жолын жалғап. Арқаның қалыптасқан әншілік мектебі бар. Ал ақындарын айта қалсаңыз әріге бармай-ақ Серік Ақсұңқарұлының өзіндік мектебі бар. Сол мектептердің шоғын көсеп жіберсе деп ойлайсың.
Тілші: Сонда қазіргі жастар негізінен нені көксейді?
Ақерке Әбдікәрімова, Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің 3 курсы студенті, «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі:
Қазіргі жастардың арманы –тезірек байысам, бизнес бастасам дегенге көбірек ауып кеткен сияқты.
Кітап оқыған адамның көңіл көкжиегі кеңейеді,жан дүниесі де бай болады ғой, сол себепті «Ұлағат» клубында бір-бірімізге кітап сыйлайтын арнайы күндеріміз бар,сол кітаптарды өзара талқылаймыз. Әркімнің талғамы әр түрлі. Біреу шетел әдебиетін сүйіп оқыса,енді біреулері қазақ жазушыларының шығармаларын ұнатады,бизнесте жолы болған жандардың мотивациялық дүниелеріне де қызығушылық танытатындар аз емес. Жастардың өзіндік ой-пікірлері негізінде ортақ көзқарастар қалыптасады,пікірталастар еркін ой айтуға мүмкіндік береді. Аудиторияның белсенділігін байқай аласыз.
Әлеуметтік желіде қарап отырсам,мен осында бардым немесе осындай тамақ пісірдім дегеннен аса алмайтын жастар көп. Оны құптай алмаймын өз басым.Бір кісі бар әлеуметтік желіге қазақтан шыққан тарихи тұлғалардың суретін қойып насихаттап отырады,олардың елге еткен еңбегінен сұрақтар жасырып,оны тапқан жастарды ынталандырып сыйлық береді. Жастар сол жанның парақшасын жиі қарайтыны,соған қарап ізденетіні қуантады. Өзім әлеуметтік желіге шығармашылық жағымнан өсу үшін өлеңдерімді жариялап отырамын,құрбыларым мен замандастарымның пікірлерін қараймын.
Мақсаттың қос қанаты болатын сияқты,бір жағында материалдық жағдай,екіншісінде рухани жағдай. Қайсы басым түссе,солай қарай ауасың ғой. Меніңше,екі жағын да тең ұстау керек деп санаймын. Кейбір жастарға көңілім толмайтын тұсы-әлеуметтік желілерде жай бір мақтаныш ішкен-жегенін айтып жазылушылар жинайтындар көп,кейбір бағдарламаларда да берер тәрбиелік мәні болмаса да,мені көрдіңдер ме, мен осы елге танымал жүргізушімін ғой деп өзін-өзі жарнамалаудан аспай жататындар аз емес.
Ерік Нарынов, Қарағанды облыстық жастар ресурстары орталығының маманы:
Біздің тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. 27 жастағы жігітті алып қараңызшы. Оның бойында ешқандай мін болмайды деп кім айтады? Оның сол жаста керемет байып кетуіне кім кепілдік бере алады? Бізде анау да жоқ,мынау да жоқ деп түңіле бергеннен не ұтамыз,алға ұмтылуымыз керек. Қазақтың рухы ол-қара өлең.Кез келген ұлттан әдебиетті алып тастасаңыз ол тобырға айналып кетеді.Кәрі құрылық елдерін алып қараңыз.Күнде көтеріліс болып жатқан елдерді көріңіз. Біздің қазақ елі тарихын біледі,әдебиетін сүйеді,тәуелсіздіктің қалай келгенін түсінеді, сондықтан бағалайды.
300 жыл шайқасып,қанша бабаларымыздың қаны төгілген ,олар аңсаған азат,тәуелсіз дәуірге дәл біздің тұспа-тұс келгеніміз неткен бақыт! Өз басым «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан көп үміт күттім,көкейімдегі талай дүниелер орындалар деген сенімде болдым. Егер отаншылдық сезімді арттырғысы келсе,бүкіл республиканың жас ақындарының басын қосып,тарихи жерлерді аралатсыншы, олар қаншама туған жердің құдіретін жеткізетін өлең жазар еді,әлеуметтік желілерге салар еді, оны оқып отырған жандар қызығар еді. Ақпарат дегеніміз адамның санасын өзгертіп жібереді. Бір жыл бойы теледидарды ұлттық нақыштағы дүниелерге толтырып қойсаңыздар халық оған оралады. Сонда ешкім әлеуметтік желілерде «Қалаулыммен» алысып, жастар тәрбиесі ақсап барады деп жаны ауырмайды...
Ұлтты ұлт қылатын әдебиет деп ойлаймын. Қаржыгер экономика жайын айтар,заңгер өз саласындағы мәселені жеткізер,қазір қазақ іші пысса өнердегі жұлдыздардың өмірін талқылаудан аса алмай қалды ғой...Бұл рухани жұтаңданудың шеткі белгілері,оны дер кезінде тоқтату керек. Шығыс философиясында бар ғой,адам білімді болған сайын тілі қысқарады деген,яғни білімді болған сайын өзгені емес,өзін түзеуге тырысады. Қуыс кеуде жандар өзінің білімі мен саяси сауатының аздығынан өзі білмейтін дүниені фб-ға жазады, онда отырған оның деңгейіндегі біреулер оны бөліседі,содан барып тағы біреулердің ішінде дұшпандық немесе көңілі толмаушылық көзқарас қалыптасады.
Мен қазір сізге сұхбат беріп отырмын, маңайымыз тып-тыныш,жарқыраған терезеден күн шуағы төгіліп тұр.Сондай бейбіт заманның берекесін кетіріп алғандар сол жарқыраған күндеріне зар болып отырғанын көріп отырған жоқпыз ба, жер бетінен. Материалдық жағдайды түзейік әрине,бірақ ақшаны көбейткен сайын адамның араны да ашыла беретіні де бар ғой. Қанағат,тәубамыздан жаңылмайық дейтін еді ғой бабаларымыз. Ендеше,рухани жұтаңдықтан арылайық, бізге қазаққа керегі осы рухани жаңғыру еді ғой. Ол-кеудеде жатқан рухты ояту,санаға сілкініс тудыру. Мен шығармашылық жастар өкілдерінің бірі ретінде рухани жаңғырудың құнын түсіріп,кез келген өткізіліп жатқан ірілі-ұсақты іс-шараларға тели беруге қарсымын. Жастар жылында қазақы рухты көтеретін,жастарға темірқазықтай бағдар беретін,кемел келешектің мән-мағынасын ұғындыратын жаңашыл идеяларына қолдау беретін үлкен дүниелердің жүзеге асырылғанын қалаймын.
Қарағандылық жастардың ой-пікірін жеткізген: Базаргүл Сейітжанқызы.