Астанадағы жоғары оқу орындарының арасында тұңғыш рет С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің төрт бірдей білім алушысы бірінші рет қос диплом иегері атанып отыр.
Италияның Милан мемлекеттік университетімен ҚазАТУ дың екі бірдей дипломын қолына алған түлектер, бүгінде өздеріне лайықты жұмысқа да орналасып үлгерген, деп хабарлайды Qazir.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2014 жылдан бергі ынтымақтастық нәтижесінде қол жетіп отырған аталмыш жетістікті ары қарай да дамытуды мақсат еткен білім ордалары 2019 жылға арналған бағдарламаны да әзірлеп қойды. Келесі кезекте білім алушылар санын арттыру көзделуде.
«Ақпараттық жүйелер» мамандығын екі елдегі білім ордаларында бірдей меңгерген түлектерге сұраныс аса жоғары болып отыр. Себебі, елімізде дәл осындай біліктілігі жоғары, шет тілдерін еркін менгерген бағдарламашылар жеткіліксіз көрінеді.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры А.Қ. Күрішбаев «Ақпараттық жүйелер» маманы болып шыққан 4 магистрантқа дипломдарын табыстады. Олар, Жаппарқұлов Қазыбек, Байдулла Қазыбек, Аркен Гүлназ, және Амангелдинова Индира.
Милан Университетінің (Италия) дипломын иеленген жастардың қуанышында шек жоқ. «Біз енді нағыз маман болдық. Қолымызда қос елдің дипломы бар. Жұмысымыз да дайын. Алдағы 2019 жыл жастар жылы болып отыр. Сондықтан біз тәрізді өзге де жастарға жағдай көп жасалады деп сенемін. Енді тек еліміз үшін аянбай қызмет етеміз. Бізге бар мүмкіндікті ұсынған білім ордаларымыздың басшылығына және жетекшілерімізге рақмет айтамыз» дейді, жас түлек Аркен Гүлназ.
Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Абжаппарқызының айтуынша, магистранттардың білім деңгейі өте жоғары. Олардың ақпараттық жүйелер және бағдарламалық құрылымдар саласындағы меңгерген тәжірибелерін көрген жұмыс берушілер бізге бірден хабарласты. Жоғары жалақы ұсынды. Бұл біз үшін аса маңызды жағдай болып отыр, дейді.
Білім ордалары қол жеткізіп отырған жетістік өз жалғасын міндетті түрде табады. Себеп, үміткерлер санының артуында болып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан және жалпы отандық білім беру саласында осындай игіліктер молынан жасалатын болса жастар үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз.