Рахымбек Дәурен. Қарқаралы ауданы Мыңжасар Адикенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің студенті. Бір ауданның өзгеге қамқорлық жасауға әзір, ойлары үндесетін,ізденістен талмайтын жастарын игі істерге бағыттап отырған жігерлі жас. Ал атқарып отырған жұмыстары жайлы сұрай қалсаңыз бірден айтар ойларын алақандағыдай алдыңа жайып салады.
- Осы Қарағанды облыстық жастар ресурстары орталығы жанынан құрылған жастардың волонтерлік корпусының мүшесімін. ЭКСПО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып қатысып, үздік ерікті атандық. Жастар қоғамның қозғаушы күші екенін ескеріп, ауданымыздағы соғыс ардагерлері,тыл ардагерлеріне, тағы жағдайы төмен отбасыларына көмектесу мақсатында жастардың еріктілер лигасын құрған болатынбыз. Қазір соның төрағасымын.
Біздің негізгі мақсатымыз-жастар саясатын жүзеге асыруда әлеуметтік салаға басты назар аудару. Инклюзивті балаларға қолдау көрсету,концерттік бағдарламалар әзірлеу,түрлі іс-шаралармен балалар үйіне де жиі барамыз. Ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жақия атай,өзіміз қамқорлығымызға алған Майра апайымыз бар. Біздің қол-қайыр көмегімізді қажет еткен кезде хабарласады.
Ұйымымызда 215 ерікті бар. Қарапайым ғана бір мысал айтайын. Жақында қысқы отын үшін Майра апайымыздың үйіне 10 тонна көмір түсірілген, соны бізге хабарласып қорасына кіргізіп беруге өтініш жасады. Мен бірден еріктілер тобына хабарласып, 28 ұл бала жиналдық та, 10 тонна көмірді 45 минутта ішке тасып үлгеріппіз. Қараңызшы,біз ұйымшылдықпен ол кісі үшін үлкен мәселе болған жәйтті аз уақытта шештік. Бұған қарап , бізді тек қана қара жұмыс жасайды деп ойлап қалмаңыздар.
Аудандық, облыстық,республикалық ,тіпті мемлекетаралық шараларға да біздің еріктілер қатысып жүр. Осы жастар ресурстар орталығы ұйымдастырған облыстық слетке қатыстық,Зерендіде өткен республикалық жазғы білім беру лагерлеріне бардық. Осындай платформаларда бірге жүргендіктен жастар өте ұйымшыл. Бұрын аудан көлемінде ғана жұмыс істейміз деп ойлағанбыз ғой. Қазіргі таңда мемлекетаралық шараларға дейін қатыса бастадық. Қарағанды облыстық жастар ресурстар орталығы және Астана қаласында волонтерлер желісі бар.
БҰҰ волонтерлар желісімен бірлесе отырып,жұмыстар атқарудамыз. Өткен жыл біздің еріктілер үшін табысты жыл болды. Арменияда өткен жас көшбасшылар мектебі ұйымдастырған шараға ТМД құрамында болған мемлекеттерден 70 адам қатысты. Біздің мақсат білім мен тәжірибе алмасу. Сонда байқағаным, Армения жастары аз мүмкіндікпен көп дүниені жасауға ынталы екен. Біздің жастарға оған қарағанда қаншама көңіл бөлінетіндігін сезіндім. «Мүмкіндік берілді ме–мүлт жіберме» деген ынтамен жұмыс істейтін олардың тың ойлары да көп екен. Кәсіптік бағдар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары ұнады.Болашақта оны өз ауданымызда жүзеге асырамыз. 215 ерікті дегеніңіз - үлкен күш.Мен үшінші курста оқимын. Өзімнің тәжірибемді соңымнан еріп келе жатқан жастарға үйретуім керек. Жастар бізге еліктейді, біздің арнайы киіп жүретін футболкамызға қатты қызығады. Қарағандыда жастардың коворкинг орталығы бар,ал біздің Қарқаралы ауданында ондай орталықтар жоқ. Осындай орталықтар ашылса, қаншама аудандағы жастар бірге жиналып,идеяларымен бөлісіп,еркін пікір алмасар еді.
Ең негізгісі жастар бойында жаңашылдыққа ұмтылу бар. Біздегі жастардың ойлары ерекше.Әсіресе,жастардың өзін –өзі дамытуы бойынша аудандық жастар ресурстар орталығының басшысы Асылан Рахымбергеновтың өткізген тренингтеріне қатысамыз. Ол кісі өте білікті маман.
Тренингтер жастар үшін өте қажет.Ауыл жастары қала жастарына қарағанда ұяңдау,идеялары көп болса да оны қалай жүзеге асыратындарын біле бермейді. Ал,тренингтер арқылы олар өздеріне деген сенімді қалыптастырады,жан-жақты ақпараттармен танысады. Бұрын ойларын жеткізуге батылдықтары жетпей тұратын жігіттер осындай өзін-өзі жетілдіруге бағыт беретін іс-шаралардан кейін тіпті соңына өзге жастарды ерте алатын көшбасшы болып қалыптасады. Ерікті болу деген ол әр адамның өз жүрек қалауымен өзгеге қол ұшын беру,қамқорлық таныту,ол үшін әрине үлкен ерік-жігер керек.
Дәуреннің ойын Qazir оқырмандарына жеткізген: Бибінұр Жансейіт.