«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін Түркістан облысына қарасты өнеркәсіп орталықтарының бірі саналатын Кентау қаласы жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһар облыс орталығы болып саналатын Түркістан қаласынан солтүстік –шығысқа қарай 30 км-дей жерде орналасқан. «Қаратау тәжі» деп аталатын жасыл желекті қала 1955 жылы құрылған. Деректер бойынша бұрынғы атауы Мырғалымсай.
2. Қаланың инфрақұрылымы. Қала тұрғындарына бір мәдениет сарайы,орталық кітапхана мен саябақ,кинотеатр қызмет көрсетеді. Сонымен қатар,екі қалалық газет шығады, жергілікті теледидар жұмыс істейді. Қалада Халықаралық қазақ-түрік университетінің экология,медицина факультеттерінің бөлімдері орналасқан.Білім ордалары қатарында «Дарын» мектептері мен мектеп-гимназия,кәсіптік-техникалық мектеп пен тау-кен металлургия колледжі,агроколледж бар.
3. Кентау- өнеркәсібі дамыған қала. Кентау – Қазақстандағы машина жасау, металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі. Қала экономикасындағы ірі кәсіпорындар: «Трансформатор зауыты» ААҚ – еліміздегі трансформатор жасайтын жалғыз зауыт, «Экскаватор» ААҚ – металл өңдеп, машина жасайды. Барий өнімдерін, түсті металл концентраттарын өндіретін «Оңтүстік түстіметалл» ЖАҚ-қа Кентау байыту фабрикасы, Ащысай металлургия цехы, темір жол цехы кіреді. Мақта-мата өнімдерін шығарады.
4. Шаһарда өмірге келген тұлғалар. Қала халқы бұл топырақтан шыққан елімізге танымал тұлғалар Раймбек Сейтметов,Сейдолла Бәйтереков,Әшірбек Сығай,Асанәлі Әшімов сияқты өнер мен мәдениетке ерекше үлес қосқан азаматтар есімін үлгі тұтады.
5. Ескерткіштер- елдігіміздің белгісі. «Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, шаһарда көрнекті мемлекет қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев пен Сұлтанбек Қожановтың ескерткіші бар. 2-дүниежүзілік соғыста қаза болған жерлестеріне қойылған ескерткіш пен сақ жауынгері бейнеленген «Тәуелсіздік монументі» де өткен күнге құрметпен қарауға үндейтін,жас ұрпақ елдік қасиеттерді ұғынатын орын болып есептеледі.
6. Қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қалада бүгінде 68 мың 617 адам тұрады.Қала әкімінің есебінде аталып көрсетілгендей,2021 жылға дейін қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз табиғи газбен қамту жоспарланған.Ал,«Өңірлерді дамыту - 2020» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2018–2025 жылдары бір типтік үлгідегі 5 қабатты 60 пәтерлі 37 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, тұрғын үйге мұқтаж, кезекте тұрған 2220 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылмақ.
7. Қаланың бүгінгі даму көрсеткіштері. Кентауда 2018-2025 жылдары өнеркәсіп саласында жобалық құны 55,5 млрд. теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. 2018 жылы шағын және орта бизнес саласында 760,0 млн. теңгеге 151 жоба қаржыландырылып, 265 адам жұмыспен қамтылып отыр.Сонымен қатар, туризм саласын дамыту бойынша 2018-2025 жылдар аралығында демалыс орталықтарын ашып, туристік маршрутын дамыту бойынша жұмыстар атқарылмақ.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.