«Шаһарларға саяхат» айдарының осы жылғы соңғы ат басын бұратын қаласы- Түркістан облысына қарасты табиғи байлығы және жер асты минералды суларына бай, шипажайы арқылы да таныс – Сарыағаш.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Сарыағаш қаласы –аудан орталығы және темір жол стансасы. Ресми деректер бойынша қаланың іргесі 1870 жылы қаланған.1939 жылдан Сарығаш ауданының орталығы. Қала мәртебесін 1968 жылы алған.
2. Сарығаш шипажайымен танымал қала. Сарыағаш Өзбекстанның астанасы Ташкенттен 15 шақырым жерде орналасқан.Мұнда ең алдымен табиғи байлығы жер асты минералды емдiк-ас сулары болып табылады. Қала минералды суларымен және курорттарымен белігілі. Асқазан, зат алмасу, нерв жүйесі сырқаттарын емдейтін «Сарыағаш шипажайы» АҚ – Сарыағаш минералды суына негізделген.Сарыағаш ерте кездерден-ақ танымал, себебі Ұлы Жібек жолы осы аймақпен өткен.
3. Қала кәсіпорындары. Шипалы минералды су құятын «Алекс» ЖШС, «Әсем-ай» ЖШС, «Курорт – Барс –2030» ЖШС бар. «Сенім» ЖШС – тігін, тоқыма бұйымдарын өндіретін фабрика, «Айша бибі» ӨК мақта тазарту зауыты, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері жұмыс істейді.
4. Шаһардың инфрақұрылымы. Сарыағаш қаласында 1 қалалық мәдениет үйі, 1 қалалық орталық кітапхана, 2 саябақ, 1 тілдерді оқыту орталығы барлығы 5 мәдени мекеме қала халқына қызмет көрсетуде. Сонымен қатар 58 мектепте дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 4-і мемлекеттік балабақша, 54-і жекеменшік балабақша. Мемлекеттік балабақшаларда – 850 бала, жекеменшік балабақшаларда – 5377 бала тәрбиеленуде.Халықтың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуына 1 спорт ғимараттары және алаңдары бар, оның ішінде 2 стадион, 2 спорт зал, 2 ату тирі, 4 жазғы спорт алаңшалары бар.
5. Қаланың даму бағыттары. Сарыағаш қаласы жергілікті ресурстарды өңдеумен қызмет саласын дамытуға бағытталған өнеркәсіп секторлары арқылы жанданған және қарқынды дамушы өңір орталығына айналған. Сарыағаш қаласы өзінің аймақтағы стратегиялық тиімді географиялық орналасуын жарқын қолданады. Себебі, тоғыз жолдың торабында орналасқан, Сарыағаш қаласы Орта Азияға кірер қақпасының бірі, мұнда ежелгі ірі Жібек жолы өтетін болған. Қазіргі таңда, Сарыағаш қаласында 14 қонақ үй орталықтары қызмет көрсетеді. Қала бойынша 5 тарихи-мәдени ескерткіштер қорғауға жатады. Олардың барлығы қала құрылысы және сәулет ескерткіштері болып табылады.
6. Қаланың көлік байланысы. Сарыағаш қаласы шекара маңында орналасқан, аймақтық транспорт түйіні болып табылады, мұнда Сарыағаш – Шымкент, Сарыағаш – Шардара, Сарыағаш – Жетісай, Сарыағаш – Ташкент автокөлік жолдарының түйіскен қақпасы. Сарыағаш қаласы Өзбекстан Республикасымен, қаланың Құркелес, Қапланбек, Дарбаза ауылдық округтерімен шекараласады және мемлекет аралық 2 кеден бекеттері Қапланбек және Сарыағаш теміржол бекеттері бар.
7. Қаланың бүгінгі келбеті. Жалпы жер аумағы 2902 гектар, оның ішінде 528 гектар егістік жерлер.Халықтың саны – 39758 адам (немесе аудан халқының 13,0 %). Халықтың тығыздығы 23,6 адам/шаршы км. Су объектілерінің көбі ішуге және шаруашылық-тұрмыстық су жүйесі, мелиоративтік және өндірістік қажеттіліктерге пайдаланылады. Қала аумағында жалпы ұзындығы 17 шақырым келетін 2 канал бар. Егістікке пайдаланатын ағын судың 85% Өзбекстан Республикасынан каналдар арқылы жеткізіледі және Келес өзенінен алынады.
Ашық ақпарат көздерінен мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.