Бүгінде бірнеше тілді меңгеріп және оларды өзі біліп қана қоймай сол тілдерді арнайы орталықта үйренемін деушілерге өзіндік әдістемесімен оқытып жүрген корей жігіті Владислав ТЕН.
Владиславтың туған жері өзбекстан елі. Ол сол кіндік қаны тамған жерде өсіп білім алып, ЖОО-нын аяқтап, асқазан-ішек жолдарын емдейтін гастроэнтеролог дәрігері болып жұмыс атқарады. Заманына сай отбасында орыс тілін ана тіліндей меңгеріп өскен корей жігітіне өзінің алдына келген емделуші науқастарымен еркін тілдесу үшін өзбек тілін үйренуге бел буады. Владтың айтуынша өзбек тілін меңгеру қиынға соқпаған. Сонымен қатар ағылшын тілін де өздігінен үйренген азамат бүгінде сол халықаралық тілде судай ағып тұр. Ал қазақ тілін ол, 2010 жылы қазақстанға келгеннен кейін жан-жағын бағамдап, өздігінен үйрене бастайды. Ол үшін қазақ тілін үйретуге арналған көптеген кітаптарды оқыған. Өйткені алғашындағы Владтың қазақстанға келіп, қазақтардың ортасында тұрып қазақ тілін қайтсем де үйренемін деген сенімі керісінше болып шығады. Себебі біздің елде өз ана тілдерін білмейтін қазақтардың көптігі оны таң қалдырған. Бұған қатысты; «Мен тіпті қазақстанда тіл мәселесі бар екенін де білмедім» –дейді кәріс жігіті Владислав ТЕН. Сондықтан , алдына мақсат қойған ол, қазақ тілін де өзі меңгере жүріп, өзгелерге үйретуде.
Міне сол, өзін әзіл- қалжыңы аралас «мамандығым адам тәнін емдейтін дәрігер болғаныммен мен,бүгінде Тіл дәрігерімін»деп таныстыратын көп тілді корей ұлтының жігітін біз де әңгімеге тартқан едік:
-Владислав, сіз бірнеше тілді ешкімнің арнайы оқытуынсыз меңгерген азаматсыз. Жалпы кез-келген тілді оқып-меңгерудегі басты ерекшелік неде?
-Мен айтар едім, ол қазақ азаматтары үшін ең әуелі «мен қазақпын» деген сенімнен бастау алуы керек. Ал жалпы тілді үйренуге қатысты айтар болсам, мен үш түрлі әдісті ұстанамын. Ол менің методикам. Негізі көбіне тілді үйретерде бірінші сөздерді жаттаудан яғни сөз қорынан бастайды. Ал мен бірінші орынға грамматика мен дыбыстық үндестік байланыстарды қоямын. Және ондай оқытуым бойынша нәтижелік көрсеткішім жақсы. Мен айтар едім, ең бастысы адам кез-келген тілде грамматиканы толық меңгерсе сосын сөз қорын көбейтсе, ол сол тілде жақсы сөйлейтін болады.
- Бірақ менің қазір сізбен сөйлесіп отырып байқағаным, сіз қазақ тілінің грамматикасын жақсы білгеніңізбен ойыңызды жеткізуде қиналыңқырап отырсыз....
-ия, ол мәселеде аз уақыт ішінде орны толығады деп ойлаймын. Міне сондықтан- да мен тіл үйренемін дегендердің фундаментін қалап беремін. Сосын әрі қарай, оларды нағыз қазақ тілінің мамандарына тапсырамын
-Ал қазақ тілін үйрену үшін сіз бірнеше оқулықтарды парақтап қарадым, бәрінде бірдей ұқсас методика дейсіз. Сонда сіздің ше қазақ тілін үйретуге арналған дұрыс оқулықтың болмағаны ма?
- Жақсы оқулық жоқ емес бар. Бірақ оларда үйретіп-оқыту форматы саты-сатымен құрастырылмаған. Сондықтан үйренушілер үшін қиынға соғатыны рас екенін байқадым. Оның үстіне орыс тілді қазақтар да басқа ұлттарда бірінші айтар сөзін орыс тілінде ойлайды сосын оны іштей аударады. Сол аралықта олар грамматикасы мен дыбыстық жүйе (фонетикадан) қиналып қалады. Міне басты проблема осы жерде. Мен айтып отырғаным да осы, оқыту әдісінің дұрыс еместігі. Яғни орыс тілінде ойлайтын қазақ тілін үйренушілер үшін дұрыс методиканың жоқтығы.
-Ал тіл меңгеру үшін жас алшақтығы маңызды ма? Сіздің ойыңызша?
-Жоқ мен жасқа байланысты дегенге келіспеймін. Ең бастысы қазақ тілін үйренемін деушілер шын қазақстандық болуы керек!
-Өзіңіздің қазақ елінде тұрып жатқаныңызға қанша жыл болды?
- 8 жылдай уақыт болды. Дегенмен әлі қазақстан азаматтығын алмадым. Бірақ болашағымды осы елмен, жермен байланыстырамын.
-Ал бүгінде қазақ тілін қанша пайызға жақсы білемін деп ойлайсыз?
- Мен грамматиканы 100 пайыз, фонетикасын дыбыстық жүйені 100 пайыз меңгердім деп толық сеніммен айта аламын. Тіпті қазақтар арасынан үндестік заңын білмейтіндер бар. Ал мен оны білемін деп мақтана аламын. Менде тек сөз қоры аз. Оны да уақытқа сай толтырамын деп ойлаймын. Ол әр күн сайын толықтырылып отырады. Себебі қазақ тілі өте бай. Оған бір ғана мысал келтірейін; Қазақтың «Абай жолын» оқысаңыз ондағы сөз шеберлігі мен қорына ешбір елдің әдеби туындыларында жазылған сөз қоры жетпейді.«Сырт көз сыншы»- дейді. Ол яғни бірнеше тілдің қыр-сырын ізденіп, сол тілдің әдебиеттерімен танысып оқып жүрген менің пікірім.
-Жақсы, Сіз үшін елінің патриоты дегендер кімдер?
- Ол қолына лозунг ұстап, бәрі қазақ тілін білуі керек, білмейтіндері елден кетсін немесе түймедейді түйедей етіп саясатты кері ұрандайтындар емес. Нағыз патриот өз елін, тілін шын сүйетін және елі үшін бір іс атқарған азамат болуы керек.Бұл жерде айтар едім ; өзім әлі қазақстан азаматтығын растайтын құжатты иеленбесем де, қазақстан жерінде тұрып жатқан азамат ретінде қазақстандықтарға тіл үйретуде өз үлесімді қосудамын. Осы арқылы мен елдегі тіл мәселесінің аз да болса өз шешімін табуға көмегімді тигіземін деп ойлаймын. Өзімді тіл дәрігерімін деп айтатынымда сондықтан.
-дәрігер болу бала күнгі арманыңыз ба еді? Жалпы отбасыңыз жөнінде де таныстыра отырсаңыз....
-Менің анам балалар дәрігері. Менің дәрігерлікті таңдауыма сол да себеп болған шығар. Қазір анам зейнеттік жаста. Ал әкем құрылыс саласының маманы. Бүгінде өзінің ірі компаниясы бар. Отбасында екі бала болдық. Мен және қарындасым. Әкем мен анам ресей жерінде туып кейін өзбекстанға қоныс аударған. Алдымен қазақстанға әкем келді кейіннен 5-6 жылдан соң мен келдім. Енді ата-анам өмірінің соңына дейін осында тұрады. Мен де олардың жалғыз ұлы ретінде бірге болуым шарт. Жарым татар қызы. Ол да өзбекстанда тұрған. Екі балам бар.
-үйлеріңізде қай тілде сөйлесесіздер?
- Біз орыс тілінде сөйлесеміз. Ол кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған болуы керек. Балаларым да үлкені 6 жаста орысша сөйлейді. Баланың алдымен бір тілде тілі еркін шығуы керек. Олар әлі кішкентай. Бірақ өсе келе өзім қазақ тілін міндетті түрде үйретемін.
- Балаларыңыз туралы айтып қалдыңыз. Енді өзіңіздің осы бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымыз қандай?
-Ол «АДАМ» болу. Ол дегеніміз үлкенді ата-ананы, өзінің ортасын сыйлай білу. Баланың ата-әжеге деген құрметі. Жалпы өзі тұрып жатқан ортасына құрметпен қарау. Міне осыларды баланың бойына сіңіре білу. Ал қалғанын бала өзі есейе келе ұғынады деп ойлаймын.
-Қазақ елінің болашағын сол елдің бір саласының дамуына үлесін қосып жүрген Владиславтың көзімен қалай көреміз?
-жалпы қазақстан жайында мақтансам айтатын жетістіктер өте көп. Ол тарихынан бастап, үлкендігі жағынан 9 орынға ие. Жағрафиясы да өте керемет. Қазақ жерінде кіндік қаны тамған көптеген аңыз тұлғалар бар. Осылай тізе берсек өте көп. Ал саясатқа келер болсақ; мен түсінбейтін тұстары көп шығар. Бірақ жасалған, жасалып жатқан оң істер аз емес. Ең бастысы елдің дамуы оның экономикасымен өлшенеді. Ал ол жағы өзге көршілес елдермен салыстырғанда көп ілгері. Сондықтан, мен болашақтағы қазақстанды биіктен көремін.
-Владислав, алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет. Қазақ тілін дамытуда жасап жатқан жұмысыңыз нәтижелі болсын дейміз.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы